Ауыл

«Жездібайдың» балы

Мәртөк: бүгінгі шаруалар

 Бүгінгі күні Мәртөк ауданында шаруашылық құрып, табыс тауып отырған шаруалар аз емес. Оның ішінде мал санын көбейтуден бөлек, құс өсіру, бал өндірумен айналысатын кәсіпкерлердің де үлесі мол.

 Хазірет ауылдық округіндегі «Жездібай» шаруа қожалығы екі жылдан бері омарта шаруашылығымен айналысады. Қожалықтың басшысы Мұхамбетқазы Ермағамбетовтің айтуынша, омарташылық — бейнеті көп жұмыс.  Алайда бұл кәсіптің қыр-сырын меңгерсең, тез-ақ үйреніп кетесің. Таза ауада жұмыс жасау, кейін бейнетіңмен жинаған өніміңді сатып, табыс табу — сүйсінерлік іс.

Біздің шаруашылық негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Бүгінгі күні қожалығымызда 300 қой, 150-ге тарта ірі қара, 10 шақты жылқы бар. Сондай-ақ малға жем-шөпті өзіміз дайындаймыз. Қожалықта 5 трактор, комбайн, шөп шабатын техникаларымыз және бар. Жыл артып шаруашылықта мал саны көбейіп келеді. Ал омарташылықпен көбіне балам Темірлан айналысады. Ол қарғалылық омарташы Александр Сенацкийден ара бағудың, бал алудың қыр-сырын үйреніп жүр, — дейді шаруа.

Мұхамбетқазы Ермағамбетовтің негізгі мамандығы — зооинженер. Бұрын Хазірет ауылы  ұжымшар болып тұрған тұста өз мамандығы бойынша жұмыс жасапты. Он жыл бұрын шаруа қожалығын ашқан. Шаруашылықта шаруаға баласы Темірлан қолғабыс етеді. Әсіресе омарташылықпен айналысуды Темірлан биыл өз қолына алған.

— Сырт көзге ара бағу, бал өндіру жеңіл көргенімен, жұмысы, қиындығы көп. Қазір шаруашылықта 11 ара ұясы бар. Ара ұяларын Өзбекстаннан алдырдық. Аралар бал жинау кезінде әлсіреп, кейбіреулері өледі. Сондықтан араға үнемі күтім жасап, баптау қажет. Ол үшін арнайы дәрумендер беріліп, дәрілер себіледі. Қазір қысқа дайындық жұмыстарын жасап, араны күтіп-баптау үшін жертөлені тазалап, дайындап жатырмыз, — дейді Темірлан Баймурзин.

Оның айтуынша, ауыл маңайында гүлдің түрі көп. Жаз шыға шаруашылық маңы гүлдеп шыға келеді. Әсіресе Хазірет аумағында эспарцет, итошаған, күнбағыс жақсы өседі.

  • Егер алқапта шырыны мол өсімдік көп болса, онда алатын өнім де мол болады. Біздің шаруашылық биыл 350 гектар жерге күнбағыс, 50 гектар жерге эспарцет екті. Соның нәтижесінде биыл 500 келі бал жинадық. Негізі аралар бір жерге жиналып, шоғырланып, бір гүлден екінші гүлге қонып, бал жинайды. Әр гүлден сорып алған шырын араның жемсауына түседі. Ара шырынды ұяшықтарына орналастырады. Сонда ғана ол балға айналады. Әзірге бал жинау, оның түрлері туралы көп мағлұмат білмесем де, тәжірибе жинап жүрмін. Біздің өңірімізде омарташылық әлі жақсы дамымаған, — дейді омарташы.

Темірланның айтуынша, мамыр айынан бастап тамызға дейінгі аралықта бал жинау үрдісі жақсы жүреді. Тек аралар жаңбырлы күндері бал жинамайды.

—  Жинаған өнімімізді ауылдағы дүкендерге қойып, көрші, ауылдастарға сатып жатырмыз.  Ауылдағы адамдардың көбі балды  Башқұртстаннан әкелгендерден алады. Олар мың теңгеге сатады. Алайда олардың өнімі біздікіндей таза емес. Негізі балдың түрі көп. Мәселен, шырынды гүлдің қанша түрі болса, сонша түрлі бал болады. Бастапқыда жиналған бал сұйық болады. Кейін тұра-тұра қоюланады, — дейді Темірлан Баймурзин.

Бүгінгі күні тұтынушылар балдың адам денсаулығы үшін пайдасы мол екенін түсінген. Жыл артқан сайын бал өніміне деген сұраныс та жоғары.

Қазір бұл шаруашылық өндірген өнімді Мәртөктің тұрғындары ғана тұтынып отыр. Балдың бір келісі — 2000 теңге. Сондай-ақ биыл шаруашылық өз жерінде өсірген күнбағыстан да мол өнім алыпты. 70 тоннаға жуық күнбағыс жинап, оның 30 тоннасын «Рамазан» дүкеніне, тағы басқа сауда орындарына тапсырған.

  • Балды облыс орталығындағы сауда орындарына шығаруға болады. Алайда ауылдағылар мен ағайындардан ауыспай жатыр. Алдағы жылы бұдан да көп өнім алуға тырысамыз. Жуырда ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күніне орай ұйымдастырылған мерекелік шараға өз өнімдерімізді апардық. Шара барысында облыс басшысы Бердібек Сапарбаев біздің өнімдерімізге қызығушылық танытып, шаруашылық туралы сұрады, — дейді Темірлан.

Айта кетейік, өткен аптада Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күніне орай өткен көрмеде облыс әкімінің орынбасары Мұхтар Жұмағазиев 2017 жылдан бастап  омарта шаруашылығына арнайы субсидия бөлінетінін айтты. Алайда ережеге сәйкес субсидия алу үшін омарта шаруашылығындағыларда 100 омартаға дейін болуы қажет. Мұхтар Жұмағазиев өз сөзінде омартаның санын 50-ге дейін азайтуға ықпал етіп, шаруалар үшін тиімді жағын ескеретінін жеткізді. Демек, алдағы уақытта Темірлан сияқты омарта шаруашылығымен айналысатындар омарталарының санын көбейтсе, мемлекеттен субсидия алуға мүмкіндіктері бар.

  • Алдағы жылы ара ұяларының санын көбейтіп, одан алатын өнімнің де көлемін арттыруға бар күшімді саламын. Ең бастысы, қыстан аман-есен шықсақ болғаны, — дейді омарташы.

Темірланның ендігі мақсаты — болашақта омарта шаруашылығын дамытып, бал жинаудан үлкен межеге қол жеткізу.

  Данагүл ҚАЗИХАН.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button