Ауыл

Құс өсірген Нұрлыбек

Бүгінде мемлекеттік бағдарламаның игілігін көріп отырған кәсіпкерлердің бірі — мәртөктік Нұрлыбек Табанов. Ол биылғы жылдан бастап қаз бен үйрек өсіруді қолға алған.

Кәсіпкер «Жұмыспен қамту — 2020 жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 3 миллион теңге несие алған. Осы қаржыға 150 қаз бен 640 үйректің балапанын, жем-шөп сатып алыпты. Бүгінгі күні ол үйректерін ауылдастары мен сауда орындарына сатып, табыс тауып отыр.

  • Мемлекет Елбасының тапсырмасымен шағын және орта кәсіпті өркендетудің түрлі бағдарламаларын жасап, халыққа ұсынып келеді. Аталған бағдарламалар біз сияқты өз кәсібін ашып, табыс тапқысы келетіндерге үлкен мүмкіндіктер беріп отыр. Сондықтан қазір аз пайызбен ешқандай қиындықсыз шағын несие алып, өз шаруашылығын құрып жатқан кәсіпкерлер көп. Сол үшін Елбасына айтар алғысымыз шексіз, — дейді ол.

Нұрлыбек бұрын кеденде 15 жылдай қызмет жасаған. Кейін өзі кәсіп ашуды мақсат етіпті. Үш баласы бар. Қазір ол ағасы Бисенғали екеуі қаз, үйрек өсіріп, оларды күтіп, бағады.

  • Қазір қолымызда 150 қаз, 300 үйрек бар. Жаздан бері 340 үйрек саттым. Жем-шөбін жергілікті шаруашылықтардан сатып аламыз. Жаз бойы қаз-үйректі аудан орталығынан 15 шақырым жердегі Ақсу ауылындағы бір шаруашылықтың базында ұстадық. Енді күн суытқан соң аулама әкеліп бағуды құп көріп отырмын. Қаздарды әлі де бір айдай жемдеп, ұстаймын. Содан соң жәрмеңкелерге, базарларға апарып сатамын, — дейді шаруа.

Қаз бен үйрек – қиындыққа төзімді, табиғатқа тез бейімдел­гіш құстар. Оларды өсіру үшін алдымен орын-жай сайлап алу қажет. Алайда кәсіпкер бүгінгі күні оларды бір жерге ұстайтын жылы орынның жоқтығын айтады.

Қар түскенше әлі уақыт бар. Бір амалын тауып, оларға жылы орын дайындау керек. Әзірге қаз-үйрек далада жүр. Күніне үш рет тамақтандырамыз. Арпа, бидай, сұлы береміз. Құстың еті, қауырсыны мен мамығы пайдалы ғой. Оның үстіне қаз бен үйрек күй талғамайды. Әрі қаз майын үсік пен күйікті емдеуде пайдаланады. Ал оның майлы сорпасының дәмі тіпті керемет, — дейді кейіпкеріміз.

Кәсіпкер бір үйректі 2000-2500 теңгеге сатып жатқанын айтады. Тапқан табысына келесі жылы тағы да қаз бен үйректің балапанын сатып алмақ.

  • Несиені бір жылға дейін төлемеймін. Осы уақыт аралығында құс өсірудің жайын біліп, кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеріп жатырмын. Алдағы уақытта құстың санын көбейтіп, аудандағы құс шаруашылығын дамытуға өз үлесімді қосқым келеді, — дейді Нұрлыбек Табанов.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button