Ауыл

Есесі қайтқан екі несие

«Жұмыспен қамту — 2020 жол картасы» бағдарламасына шалғай ауылдарда да қызығушылық танытушылар бар. Солардың бірі — Әйтеке би ауданының тұрғыны Берік Игіліков. Ол мемлекеттің қолдауымен кәсіпкерлікке ден қойып, өз ауылында «тыңнан түрен салып» отыр.

Берік Үкіметтің тікелей бастамасымен іске асырылған «Жұмыспен қамту — 2020 жол картасы» бағдарламасы туралы былтыр естіп, көп ұзамай соған қатысып көруге бел буады. Аталған бағдарламаның екінші бағыты бойынша несие алуға бекінген ол, әрине, алғашында мамандардың кеңесіне жүгінеді.

— Өткен жылы аудандық жұмыспен қамту орталығының қызметкерлерінен «Жұмыспен қамту — 2020 жол картасы» бағдарламасының ұсынған мүмкіндіктері туралы жан-жақты хабар алып, «Неліктен осыған қатысып көрмеске?» деген ой келді. Сөйтіп, барлық құжаттарымды аз уақыттың ішінде жинақтап, өз ісімді ашу үшін мемлекеттен 1,5 миллион теңге несие алдым. Бұған мен Ақтөбедегі «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының» мақұлдауынан кейін қол жеткіздім.

Ауыл адамы мал бағумен айналыспаса, неге бет бұрады? Әлбетте, жер шаруашылығы. Өзіме бұрыннан таныс салаға маманданайын, соның қыр-сырын шамам жеткенше білейін деп шештім, — дейді Берік Қуанышұлы.

Әйтеке би ауданына қарасты Комсомол ауылының тұрғыны, осылайша, 4 гектар жерге картоп егеді. Өзге халықтар «екінші нанға» балайтын көкөніс түрін өсіруді қолға алған жігіт екі адамды жұмыспен және қамтыды. Шаруасы жүріп тұрған әйтекебиліктің картобы бүгінде өңірдегі көптеген дүкендерге сатылып жүр. Ауылдың дәмінің ерекше болғанынан шығар, оның бақша өніміне қызығушылық танытушылар көп. Мұны түсінген кәсіпкер биыл тағы да мемлекеттің демеуіне ие болады. Ол туралы әңгімелесушіміздің өзі:

—  Өз кәсібімді кеңейту үшін осы жылы 3,5 миллион теңгеге несие алдым. Бұл қаражат егістік жерін 8 гектарға көбейту үшін, тиісінше өнім көлемін молайту үшін жұмсалды. Шүкір, шаруамыз ақырындап жүріп жатыр. Ерінбей еңбек еткен адам түбінде елеусіз қалмайды екен, соған көзім жетті. Осының барлығы мемлекеттің біз секілді жастарға көрсеткен қолдауы деп білемін.

«Жұмыспен қамту — 2020 жол картасы» бағдарламасына алғыстан басқа айтарым жоқ. Ауылымызда осы жобаның арқасында қызық-қуанышқа кенеліп жатқандар қаншама. Мен секілді бұрын-соңды онша таныс емес салаға мойын бұрып, кәсіпкер атанып жатқандар аз емес. Ең бастысы, қолға алған бастамамның сәтті жүзеге асқанына қуаныштымын. Өйткені бұның рақатын мен ғана емес, бүкіл отбасым да көріп жатыр ғой, — деп сыр ақтарды Берік Игіліков.

Шағын несие алудың шарттары:

  1. Жеке ісін ашу үшін бір айдан аспайтын мерзімге дейін, тегін кәсіпкерлік негіздерін оқу курстарынан өту қажет (жол жүруге және тұруға материалдық көмек көрсету, бизнес-жоспар құруға жәрдемдесу);

  2. Шағын несиенің мақсатты пайдаланылуы — жеке ісін ұйымдастыру және кеңейту;

  3. Шағын несие беру мерзiмi 5 жылдан аспайды;

  4. Несиенің ең жоғары сомасы 3 миллион теңгеден аспайды;

  5. Негiзгi борышты өтеу бойынша несие беру мерзімі ұзақтығының үштен бiрiнен аспайтын мерзiмге жеңiлдiктi кезеңнің ұсынылуы (өңірлік комиссияның шешімі бойынша);

  6. Несие тұтынушылық мақсаттарға, бұрынғы қарызды өтеуге және жылжымайтын тұрғын үй алуға берiлмейдi;

  7. Шағын несие сомасын мерзімінен бұрын қайтарған бағдарлама қатысушыларының жеке ісін кеңейту үшін 5 млн теңгеден аспайтын шағын несие алу мүмкіндігі бар.

Өз кезегінде Әйтеке би аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Мұрат Сейтеновтің айтуынша, өлкеде жыл өткен сайын «Жұмыспен қамту — 2020 жол картасы» бағдарламасына қатысушылар саны артып келеді. Ол мақсатта Үкіметтен бөлінетін қаржы да ұлғаю үстінде.

— «Жұмыспен қамту — 2020 жол картасы» бағдарламасының екінші бағыты бойынша ағымдағы жылы өз ісін жаңадан ашатындарға және қолданыстағы бизнесін дамытуға республикалық бюджеттен 220 миллион теңге бөлінді. Қазіргі таңда 108 қатысушыға сомасы 229 миллион теңге көлеміндегі шағын несие берілді. Осының өзінен-ақ ынталы азаматтардың көптігін байқауға болатын шығар. Біз өз тарапымыздан олардың жан-жақты мәлімет алуына, ақпараттық-түсіндірмелі жұмыстың талапқа сай жүргізілуіне мүдделіміз, — дейді Мұрат Сейтенов.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button