Әлеумет

Әлеуметтік желі және жастар

Қоғам

Кез келген мемлекеттің болашағы жастар. Жастардың өмір сүру әдебін, қызығушылығы мен талпыныстарын, жетістіктері мен кемшіліктерін сараптай отырып мемлекеттің болашағын болжауға болады.

Жастардың бүгінгі күні әлеуметтік-экономикалық мәселелері кеңінен талқыланып, шешу механизмдері іске асып жатыр. Дегенмен, біз қарастырған мәселе — жастарға зор пайдасы әрі мол зияны бар — «Әлеуметтік желі мәдениеті».

Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ саяси ғылымдарының кандидаты, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі Р.Бердібаев «Экономика» республикалық апталық газетіндегі мақаласында әлеуметтік желі мәселесінің қоғам дамуына тигізетін кері әсерлерін талдап, шешу жолдарын көрсетеді.   Интернет торабын, әлеуметтік желілерді ауыздықтау мүмкін емес. Алайда, қоғамның дұрыс дамуы үшін, жас ұрпақтың адами келбетіне, денсаулығына, ой-өрісіне келетін зиянды азайту мақсатында:

– отандық әлеуметтік желілерді дамытып, оларға мемлекет тарапынан қолдау көрсету;

–  интернеттің ұлттық ресурстарын, әсіресе қазақ тілінде балаларға арналған ресурстарды дамыту;

–  педагогог ғалымдар тарапынан компьютерлік оқыту формаларын зерттеп, әдістемелік нұсқаулар жасау, сонымен бірге балалар, жасөспірімдер, ата-аналар арасында жүйелі түрде компьютерлік ойындармен, әлеуметтік желілермен аса әуестенудің зияндығы туралы түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру;

– жасөспірімдер арасында ақпараттық мәдениет тақырыбына зерттеулер, арнайы курстар өткізу қажет.

Әлеуметтік желі үйдегі ас тұзы секілді. Күнделікті қолданыста өте қажет, бірақ мөлшерден көп қолданса денсаулыққа зиян. Бір ғана айырмашылығы — ас тұзын қолдану есебі, ережесі, мәдениеті қалыптасқан. Ал әлеуметтік желіні қолдануда бізде есеп те, ереже де, мәдениет те жоқ. Есеп пен ереже болмаған жағдайда мәдениет қайдан болсын. Мүмкіншілігі мол, зияны зор ғаламды торда ұстап отырған ғаламтор әлеуметті ұлттық дамудан айырады. Сондықтан желі қолданушылары үшін әлеуметтік мәдениеттің біркелкі жолын жүйелеп қалыптастыру, оны қоғам санасына сіңдіру жаһандану заманында жастарға жүктелетін маңызды миссия. Себебі әлеуметтік желіні көп қолданушылар да сол жастар.

Әлем бойынша сайттың қолданушылары  50 миллион екен. Бұған дейінгі заманда әлеуметтік желі болған жоқ, сәйкесінше ешқандай әдет, қағида қалыптасқан жоқ. Біздің пайымдауымызша, әлеуметтік желі мәдениеті мәселесін көтеру, шешу жолдарын ұсыну бүгінгі күні өзекті.

Жалпы, «Әлеуметтік желі мәдениеті» деген не? Әлеуметтік желі — ақпарат алмасу, қарым-қатынас жасау және уақыт үнемдеу құралы. Әлеуметтік желі мәдениеті — әлеуметтік желіні қолдану, кез келген әлеуметтік желі қолданушысы қандай әрекетті істеуге болатындығын немесе болмайтындығын айқындайтын, жасағалы отырған жұмыстың шегін белгілейтін жалпы қағидаттарының жиынтығы.

Қазіргі таңда әлеуметтік желінің жастар өмірінің күн тәртібінде алар орны орасан зор. Бұл — қауіп. Қарапайым жас (ол мектеп оқушысы, студент, жас маман) таңертең ұйқысынан тұрған сәттен-ақ әлеуметтік желіге қосылуға мүмкіндік беретін аппаратқа (телефон, планшет, ноутбок және т.б.) қарай беттейді. Содан сабақта, жұмыста, көшеде, үйде де желіде отырады. Түсте, кешке тамақтанғанда, үй тапсырмасын орындағанда, үй шаруасымен айналысқанда жастардың барлығы аталған істермен бірге, әлеуметтік желідегі шаруасынан қол үзбейді. Соңында, негізгі жұмыстары аяқталмайды және назар аударып орындамаған үй тапсырмасын көңіліне толық түймейді. Шәкәрім Құдайбердіұлы: «Еріншектен — салақтық, салақтықтан — надандық, Бірінен-бірі туады, Жоғалар сөйтіп адамдық» дегендей, еріншектікке таң атқаннан жіпсіз байлайтын осы әлеуметтік желі.

Осы орайда әлеуметтік желі мәдениетін қалыптастыруда ең басты ескеретін 3 мәселені ұсынамыз:

  1. Қолдану уақытын белгілеу. Тәулігіне өтетін 24 сағаттың 8 сағатын — күнкөріс жұмысқа, 8 сағатын — ұйқыға, 8 сағатын — өзімізге пайдалы өзге ісімізге жұмсауымыз қажет. Ал әлеуметтік желіні тұрақты қолданушылар 24 сағаттың 6 сағатын — күнкөріс жұмысқа, 6 сағатын — ұйқыға, 6 сағатын өзіне пайдалы деп санайтын өзге істерге, ал қалған 6 сағатын әлеуметтік желіге арнайды. Бұл —қазіргі заманда үйреншікті жағдай.
  2. Ақпарат қабылдау, тарату, түсіну жолдарын үйрететін арнайы курстар ашу. Өйткені жастар ақпараттың 90 пайызын дерлік әлеуметтік желіден алады. Алынған ақпараттың оң, солын ажырата алмай адасып жүреді. Оны желі арқылы таратады. Сонымен өздері адасып қана қоймай, қоғамды адастырады. Сөйтіп, «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді».
  3. Тіл тазалығын реттеу. Тіл сауаттылығының сақталып қалуы үшін әлеуметтік желі қолданушыларына арналған, қарым-қатынас жасау нормаларын үйрететін интернет-нұсқаулық жасау керек.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні деп түйгеніміз, кез келген жас азамат өзінің күн тәртібіндегі әлеуметтік желінің әкелер пайдасын пайымдап, зиянын зерделеп, онымен жүйелі түрде айналысу керек.

 Шапағат АМАНЖОЛ,

халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы,

Қарғалы аудандық филиалының төрағасы.

Райбек САҒАДАТОВ,

«Хромтау тау-кен техникалық колледжі» МКҚК,

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы.

Сенбілік

ИГІ ІСТІҢ БІР КҮНІ

 Шалқар ауданындағы Бозой орта мектебінің 11-сынып оқушылары «Аманғали ахун» орталық мешітінің алаңында тазалық жұмыстарын жүргізді.

Осынау игі істі қолға алған мектеп оқушылары Алланың үйінде өткен сенбілік жұмыстарына белсене атсалысты. Қыз балалар мешіттің ішін жинаса, ер балалар ауласындағы өскен шөптерді жұлды.

— Мұсылманның қасиетті жерін таза ұстауға өз үлесімізді қосу парызымыз. Алдағы уақытта да мұндай сауапты істер жасауды тоқтатпаймыз, — деп оқушылар өз ойларымен бөлісті.

«Аманғали ахун» мешітінің бас имамы Ықылас Оразымбетов жастарға алғысын айтып, батасын берді. Осындай бастамаға қолдау көрсеткен мектеп әкімшілігіне алғысымызды білдіреміз.

 

                                                                                           Самал  ҚОЖАБАЙҚЫЗЫ, 

   Бозой ауылы,

 Шалқар ауданы.

             

Өнеге

 АҚСАҚАЛДЫҚ ПАРЫЗ

 Ауылдан шыққан қара сирақ бала үшін бүтін бір елге жөнді сөзін айтып, тентегін тыйып, жұрттың жақсылығын асырып, жамандығын жасыра білетін қара шалдардың тәлімі қашанда естен шықпайды. Ертеректе ақсақалдары қандай деген сұрақ ешқашан туындамаған еді. Енді бұл сұрақ заман өзгеріп, адамдардың жан дүниесінде елеулі өзгерістер пайда болғаннан кейін алдымыздан шыға беретіндей көрінеді.

Өз басым қазіргі ақсақалдарды жобамен үш топқа бөлемін. Алғашқылары —батасы мен аталы сөзі жұртқа жағымды байсалды жандар. Олардың ауыз әдебиетін ардақтап, жазба әдебиетті қастерлеп, рухани құндылықты бағалай білетіндігі, сәлемді қабылдап, айтқан жүйелі сөздері кейінгілерге үлгі боларлықтай өнеге деп айтуға болады. Мен айтып отырған ақсақалдардың көпшілігі қазақы ауылдарда мекен ететін, арамызда жүрген егде жандар. Екінші топқа мазасыз, жалтақ қарттарды жатқызар едім. Ал, үшінші топты көйлегі көк, тамағы тоқ, қақ- соқпен ісі жоқ қатардағы көп шалдар деп айтуға болады. Қалай болғанда да, қазақ халқы ықылым заманнан бері киелі сөз өнерін қастерлеп, ыстық жүрек төріне шығарған. Би-шешен, ақындардың даңқын шығарып, дүйім жұртқа жайып, көкке көтерілуінің сыры сол көреген қариялардың сөзі болса керек.

Кезінде қазақтың ақсақалдары тоқтау сөз айтып, халық мүддесін көздеуге қол ұшын беріп, еңсесі түскендерді бір ауыз көрегенділік сөзімен жұбатқан.

Қазірде ақын-жазушылардың, ғалымдардың, саясаткерлердің арасында дуалы сөз айта алатындары баршылық. Оны көретін көз, зердеге тоқитын ақыл керек. Яғни, қариялардың өкшесін қуғандардан бастап, мектеп жасындағы балалар көрегендікпен көңілге түйіп, кейінгілерге жеткізе білуді үйренуі керек. Айтқан сөзді құлаққа құйып, көңілге түю де өнер.

Қазіргі заманымызға қарай әкім-қараларға жағынып, күні үшін солардың сөзін сөйлеп, сойылын соғып жүрген қыңыр шалдардың бары да шындық. Мақтаған адамдары орын өзгертсе, даттап та жатады. Ондай жалбақай жанкештілерге «Сақалын сатқан кәріден, еңбегін сатқан бала артық» деген бабалар сөзін еске салғаннан басқа не шара бар?

Сөзімнің соңында айтарым, ақсақал тағылымының тереңінде көрегендік жатады. Қалай дегенде де, ата-баба көрегендігі мен көсем сөзін кейінгілерге жеткізе, ауыртпалық кезінде бірлікке, ынтымаққа, түсіністікке шақыру ақсақалдардың басты парызы.

Бәріміз де жас болып, ақсақалдардың айтқан ақыл-кеңестерін құлағымызға құйып өстік. Соны кейінгілерге жеткізу аманат. Заманымыз жаһанданып, жастарымыз ғаламторға тәуелді болған кезеңде қариялардың айтар сөзі дәмді де әсерлі болуы тиіс.

Иектегі сақалмен ғана емес, арналы ақыл айтар, кісілік келбет, пайымды парасатымен жанды баурайтын қариялар аман болсын деймін. Бейнетсіз ғұмырда қайраттарың таймай жүре беріңдер.

Бақыт ИМАШЕВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

зейнеткер.

 Мәдениет

 ОБЛЫСТЫҚ СЕМИНАР АУЫЛДА ӨТТІ

 

Қарғалы аудандық Мәдениет үйінің ұйымдастыруымен және облыстық халық шығармашылығы үйінің қолдауымен алғаш рет «Жаңашылдық және ұсыныс: жұмыс жасаудың тиімді бағыты» атты ауданаралық семинар кеңес өтті.

Басқосуға облыстағы әрбір аудандық Мәдениет үйінің әдіскерлері, Қарғалы аудандық Мәдениет үйіне қарасты ауылдық клубтардың меңгерушілері және облыс орталығынан келген өкілдер қатысты.

Мақсаты — мәдениет үйлері арасында тәжірибе алмасу, жаһандану заманындағы халықтың мәдениетін көтеру үшін жұмыс жасаудың тиімді әдіс-тәсілдерін пайдалану және Қарғалы аудандық Мәдениет үйінің соңғы екі жылдағы жұмыс нәтижесін көрсету болды.

— Семинарда аудан мәдениетіне жаңашылдық ала келген, іскерлік, ауызбіршілікті ту еткен жастар мен өз ісіне мығым, іскер басшыны көріп көңіліміз сүйсінді. Облыстық шараларды аудандарда өткізу бұрыннан жасалып келе жатқан жүйелі жұмыс болғанымен, ауылда облыстық семинар өткізу көп жылдан бері жоғалып кеткен тың бастама. Жиналған аудандық мәдениет үйінің әдіскерлері мен ауылдық клуб қызметкерлері өздерінің қойын кітапшаларына көп нәрсені түртіп алып жатты. Олар өз ұсыныстарын білдіріп, бұл бастаманы облыс орталығы мен аудандарда жалғастыруды, мәдени шаралардың жаңа түрлері мен әдістерін өзара таратудың бір жолы осындай семинарлар екенін айтып, ұйымдастырушыларға алғыстарын жеткізді. Өз тарапымнан семинар өте сәтті өтті деп айта аламын. Өнерге жанашыр, елге жанашыр осындай азаматтары бар Қарғалы ауданының мәдениеті әрқашан мерейлі боларына сенімім мол, — дейді облыстық халық шығармашылығы үйінің жастармен жұмыс бөлімінің меңгерушісі Алтынгүл Ғұбайдуллина.

Сондай-ақ семинарға қатысқан «Асыл Мұра» жыршылар үйірмесінің жетекшісі, ҚР Журналистер одағының мүшесі Есентүгел Әзи өз ойын білдірді.

— Қарғалы өңірі өзге ұлт өкілдері көп шоғырланған аймақ. Сондықтан да қазақы болмысында өзгешелік басым болған. Мінекей, енді кешегі келелі кеңес оның бәрінің дұрысталып келе жатқанын көзге шұқып көрсетті. Арал, Қарақалпақстан, Ырғыз, Байғанин секілді нағыз қазақы жұрттан келіп қоныс тепкен халық бабадан қалған дәстүрлерімізді, киелі өнерімізді қайта жаңғыртып жатқанының куәсі болдық.

«Ауылдық клубтардағы мәдени іс-шараларды ұйымдастырудағы біліктілік» атты тақырыпта сөз сөйлеген Петропавл ауылдық клубының меңгерушісі Б.Сәрсебаеваның екі тілде нақпа-нақ тәржімалай саптаған сөзі де көпшіліктің көңілінен шықты деп ойлаймын.

Кеңес соңындағы дәстүрлі ән фестивалінің де жөні бөлек. Аудан көлемінен жиылған алты әнші-жыршының кеудесінен төгілген әуезді үн, қоңыр домбыраның күмбірімен қауышып, көптен жырға сусап жүрген Қарғалы өңірі қабағындағы кірбіңді сілкіді. Барға қанағат қылар шүкіршіл елміз ғой. Қарғалы ауданының өнер өрісі Нұржан Есмурзин, Шапағат Аманжол, Мейрамбек Мысаев сияқты парасатты азаматтар барда кеңи түсері сөзсіз.

 

А.ҚАЛИЕВ.

Қарғалы ауданы.

Үлгі

 ІЗГІ БЕЙНЕ

 Екі күннің бірінде туған баласын далаға тастапты, қоғамда тасжүрек аналар көбейді деп жаңалықтардан дабыл қаққанда атам еске түсе кетеді. Олай дейтін себебім, атам мен әжем жастайынан жетім қалған ағайын-туыстың балаларын өз бауырларына басып, ел қатарынан қалдырмай ержеткізген екен.

Атам Ессауи 1942 жылы інісі Қыдырқожа екеуі соғысқа аттанады. Бірақ ол кісі денсаулығының жарамсыздығына байланысты соғыстан ерте қайтып келсе, Қыдырқожа атамыз майданнан оралмай, хабар-ошарсыз кеткен.

Ессауи атам арабша хат танитын, есепке жүйрік, небір жыраулардың жырларын жатқа айтатын ерекше есте сақтау қабілетіне ие кісі болғандығын жиі еститінмін. Атамның сөзбен адамды тоқтата білген шешендік, ақындық өнері де болған. Өкінішке қарай, біршама еңбектері өзі өмірден озған соң, қолды-қолға таралып, сақталмапты. Сондай-ақ бұл кісі бала тәрбиесіне де ерекше көңіл бөлген. Себебі немерелерін де өзі білімге баулып, мектеп ұстаздарымен етене араласып отырған. Жастайынан мешіттен дәріс алған атамыз бес уақыт намазын қаза қылмаған. Колхозда басшылық қызмет еткен жылдары халықтың жайын ойлап, өз малы мен қолындағы барын елмен бөліскен жанның әңгімесі бір бөлек. Есімі Қарабұтақ өңіріне кең жайылған атам туралы естеліктермен қалам тербесем бір мақала аясымен шектелмес. Өз басым ол кісіні көрмесем де, мен үшін жарқын бейнелі жанның ғұмыры оқырман жастарға үлгі болғанын қалаймын.

 

                                                                                                          Гүлзат СӘТТІБАЕВА,

Ақтөбе қаласы.

 

Азамат

 ӘЛІ АТ ҮСТІНДЕ ЖҮРГЕН ЖАН

 

Менің әкем Сабыртай Досмұратов жасы алпысты алқымдаса да, аттан түспеген, барлық өмірін ауылшаруашылық саласына арнаған кісі. Қазір Әйтеке би ауданы Басқұдық ауылы аумағында өзінің «Аспан» шаруа қожалығын басқарады.  

Төскейде малы, төсекте басы қосылатын қазақ халқының ертедегі негізгі тіршілік көзі —  мал шаруашылығы саласы. Ес білген баладан еңкейген қарияға дейін атакәсіпті тіршілігінің өзегіне айналдырып, небір ашаршылық, айтып келмейтін зұлмат жылдары бүтін бір елді осы кәсіп арқылы асырап қалғаны рас.

«Сауып ішсең мың күндік, сойып жесең бір күндік» демекші, күндіз аяқ бүкпей, түнде кірпік қақпай еңбек еткен қазақ халқы төрт түлік мал үшін қыр асып, жазда жайлауға, қыста қыстауда тіршілік еткен.

«Маңдайы терлемегенннің қазаны қайнамайды» деген аталы сөзге басымдық берген дәстүрлі қазақ қоғамы атакәсіпті өмірлік несібеге балайды. Шындығында, қай қоғамда болмасын ертеден желісі үзілмей, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан малшылар қауымының еңбегі ұшан-теңіз.

«Мал баққанға ғана бітеді» демекші, атакәсіпті тіршілігінің тамырына айналдырып, өмірінің отыз жылын мал бағумен өткізген және әлі күнге дейін ат үстінде жүрген менің әкем мақтауға лайық жан.

Себебі кеңестік заманнан бері өзінің отбасын және әулетіндегі барлық ағайындарына, тума-туыс, дос-жарандарына дейін әлі күнге дейін осы кәсібі арқылы көмек беріп, еңбек етуде.

Жыл он екі ай бойы тынымсыз тер төгіп жүрген, асқаралы 60 жасқа толған асқар таудай әкеме қандай жақсылық жасасам да, аздық етеді.

Күнделікті күйбең тірлік кей кезде бізді ойландыра бермейді. Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар хадистерінің бірінде: «Ата-аналарыңды сыйлаңдар, құрметтеңдер, аялаңдар» деген. Ата-ананы ардақтау —  әр перзенттің парызы.

Біз әкеміздің бұл өмірдегі жалғасымыз. Ардақты әкеміздің асқар таудай болып алдымызда аман жүргенінен, оған ұл-қыздары, немерелері тарапынан мысқалдай болса да қуаныш сыйлағаннан артық не бар?!.

 

Фархат ДОСМҰРАТОВ,

Ақтөбе қаласы.

 

Зерде

ЖАМАНШЫҢҒА САЯХАТ

 Тамылжыған табиғат — адамзат жанына табылмас емші. Оның берер сыйы да жетерлік. Жақында Шалқар аудандық тарихи-өлкетану музейінің экспедиция мүшелері жұмыс жоспарына сәйкес Ырғыз өңіріндегі ерекше жұмбағы мол Жаманшыңға саяхат жасады.

Туған жердің сыры ашылмаған жерлерінің тарихымен танысу, тарихи мағлұмат жинау мақсатында барған экспедиция мүшелерін Ырғыз аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Әлібек Іскендірұлы бастаған ұжым қызметкерлері қарсы алды. Таза ауамен тыныстап, бір серпіліп қалғандай болдық. Қазақтың бойындағы кең пейілділік осы шексіз де шетсіз болып көрінетін кең даладан дарыған-ау деген ойға қалдым. Айнала тыныштық, ұшқан құстан басқа ешнәрсе көрінбейтін иен даладағы көрініске таң-тамаша қаласың. Бейне бір суретшінің қыл-қаламынан өрілген туынды сияқты. Саф ауамен тыныстау кереметтің кереметі дерсің.  Жер жұмағы, жан тыныштығы құдды осы жерде сияқты. Бөкенбай шоқысынан бастау алатын жолдың ой-шұқырына қанық жол бастаушылар Жаманшыңға тура жеткізді.

Ырғыз музейінің экскурсия жүргізушісі Ербол Қожабергенұлы Ырғыз өңіріндегі Табын Бөкенбай батыр шоқысы аталатын жердің  тарихы туралы былай әңгімелеп  берді:

— Ырғыз — киелі мекен. Бөкенбай он сегізінші ғасырда өмір сүрген Әбілқайыр ханның сенімді серігі болған. Ырғыз, Сыр бойындағы шайқастарға қатысқан. 1710 жылы жоңғарларға қарсы құрылтай өткен. Сонда Әбілқайыр ханның бас сардары ретінде қазақ туын ұстаған тарихи тұлға болған. Бөкенбай шоқысының биіктігі 140 метр болған деседі.

Бөкенбай шоқысынан өткен соң, Әлібек Іскендірұлы Жаманшың туралы өз білгенін ортаға салды:

— Жаманшың біздің елімізде және шетелдерде ғалымдардың мұқият зерттеу объектісіне  айналып отыр. Кейбір әңгімелерге қарағанда, патшалық кезде бір шетелдік ғалым иргизит тастан Англия ханшайымына алқа жасатыпты дегенді де естігенбіз. Міне, осыдан-ақ Жаманши тастарының қаншалықты құнды екенін аңғаруға болады. Қазіргі таңда да әртүрлі жолдармен шетелдіктер келіп қазба жұмыстарын жүргізіп  кетеді. Бірде Астанадан келген археологтар иргизит тастардың тектиттер екендігін айтса, тіпті кейбіреулері тастардың құрамында  алтыннан да құнды заттар бар екендігін айтады. Қопарылыс кезінде тастар тым тереңдікке кеткен, ал біздердің жинап көріп жүргеніміз тек солардың  шашырандылары. Ырғыз өңірінде Жаманшың, Бөкенбай шоқысы, Мәні әулие сияқты  тарихы мол жерлеріміз көп, — дей келе ауыл қарттарынан естіген аңыз әңгімелерге де тоқталды.

Жаманшың өңірінде тереңдігі 100 метр жерден атқылаған шлактар мен әйнектер әлі күнге дейін сақталып келеді. Қыр басындағы  күнмен шағылысқан әйнектер көзге бірден түссе, қара, жеп-жеңіл тастарға да таңданыспен қарайсың. Яғни атқылаған жер қыртысының арасында балқыған қара әйнек (жаманшинт) және өте ұсақ әйнек үгінділері (иргизит) екен. Метеорит жермен соқтығысып, жарылғанда орасан зор температураның нәтижесінде бізге мәлім емес минералдар пайда болған. Бір таңғаларлығы — олардың құрамындағы кейбір элементтер Ай бетінен табылған. Сондықтан ғалымдар Жаманшың кратерін зерттеуді Айды зерттеумен байланыстырған. Былайша айтқанда, Жаманшың — жер қыртысынан табылған Айдың кішкене бөлігі іспетті.

Міне, осындай тарихы бүкіл әлемге танымал  Жаманшың өңіріне жасалған саяхат барысында экспедиция мүшелері жер байлығын өз көздерімен көріп, Жаманшыңның тастарын жинап, ерекше әсер алып қайтты. Ырғыз аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Әлібек Іскендірұлына біздің Шалқар аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Нағима Шенекұлқызы мол мағлұмат бергені үшін өз ризашылық білдірді.

 

                                            Айгүл ҚУАНЖАНОВА,

 «Музей» бастауыш партия ұйымының  мүшесі,

Шалқар қаласы.

 

 

Тәлім

 ӘРІПТЕСІМ БАР ОСЫНДАЙ

 Қазақ халқының  тарихын, мәдениетін, әдебиеті мен салт-дәстүрін, туған  даласының табиғатын, болмысын насихаттап, ұрпақтың бойына  сіңіретін кітапханашылардың еңбегі ұшан-теңіз.

Бүгінде сол мамандардың бірегейі — бүкіл саналы ғұмырын кітапхана ісіне арнаған Жұмагүл Омарбекова. Кез келген ісіне мұқият қарайтын, жұмыста талапшылдық танытып, жауапкершілікті жоғары қоятын, адамдық пен адамгершілік қасиеттерді ерекше бағалаған білікті маман бүгінде бақытты ана, сүйікті әже.

Жазушы Өтебай Қанахиндей ағамыз дүние есігін  ашқан  Жайсаңбай ауылының қасиетті қара топырағында  дүниеге келген кітапханашы апайдың да өлең, мақала жазатын, ән айтатын қасиеттері бар. «Ой-хой Ырғыз, ойың — өлең, қырың — жыр» атты кітабында  Жұмагүл Омарбекованың «Сыр», «Жаңа ғасыр, жас ұрпақ», «Ана үні» атты өлеңдері жарық көрген. Сонымен қатар «Ырғыз кітапханашылары туралы»  және  «Кітапхана туралы» атты әндері бар.

Әр ұлттың өзіндік ерекшеліктері болатыны белгілі. Біздің тәрбиеміз ананың ақ сүтінен, ана әлдиінен, атаның қасиетті сөздерінен бастау алады Халқымыздың әдет-ғұрпын, дәстүрін, тарихын білу, оны қастерлеу — әрқайсысымыздың борышымыз.

Осыған байланысты Ж.Омарбекованың бастамасымен «Дәстүр-Сән. Дәстүр-Дәм» атты өткізіп келе жатқан шарасының маңызы өте терең. Сондай-ақ облыс көлеміндегі түрлі шараларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр.

Осындай әріптесіміздің бар болғаны біз үшін үлкен мақтаныш. Дара тұлғасы табыстармен толысып, жағымды жаңалықтармен жалғасып келе жатқан әріптесімнің еңбегі абыройлы болып, әлі де қол жеткізер биіктері көп болатынына сенімдімін.

Мәдина КӨБЕКОВА,

Ырғыз аудандық кітапханасының

   баспасөз бөлімінің кітапханашысы.

Оқырман хаттарын топтастырған Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button