Әлеумет

Еріктілер қоғамының мерекесі

Биыл Ақтөбе облыстық Қызыл Крест қоғамына 70 жыл толды.

Қызыл Крест және Қызыл Ай халықаралық қозғалысы — әлемдегі ең ірі әрі беделді гуманитарлық ұйым. Ол әлемнің әр түрлі елдерінде, қарулы қақтығыстардың, табиғат апаттары мен басқа да нәубеттің салдарынан адамдар қасірет шегіп жатқан барлық жерлерде миллиондаған зәру жандарға көмек көрсетеді. Халықаралық қозғалыстың құрамына Қызыл Крестің халықаралық комитеті (қарулы қақтығыстар аймақтарында іс-қимыл жасайды), Қызыл Крест және Қызыл Ай қоғамының халықаралық федерациясы (бейбіт уақытта және табиғат апаттары кезінде іс-қимыл жасайды) кіреді.

Әлемнің 200 елінде Қызыл Крест пен Қызыл Ай ұлттық қоғамдары жұмыс жасайды. Жыл сайын халықаралық Қызыл Крест және Қызыл Айдың негізін қалаған Анри Дюнаның туған күні —  8 мамыр күні бүкіл әлемде Халықаралық Қызыл Крест және Қызыл Ай күні атап өтіледі.

Жоғарыда айтып кеткеніміздей, биыл Ақтөбе облыстық Қызыл Крест қоғамына 70 жыл толды. Осы мерекелі күн қарсаңында біз облыстық Қызыл Ай қоғамының төрағасы Нұрлан Үдербаймен сұхбаттасқан едік:

— Қазақстан Республикасының Қызыл Ай қоғамы — Қызыл Крест және Қызыл Ай Қоғамының құқықты иеленушісі болып табылады. Кейіннен Елбасының 1992 жылдың 17 сәуіріндегі 720-шы  Жарлығына сәйкес, ол Қызыл Ай және Қызыл Крест қоғамдық бірлестігі болып аталды.

2003 жылдан бастап бұл бірлестік Қызыл Ай Қоғамы болып бекітілді. Облыстық Қызыл Ай қоғамы филиалының қаржылық тұрақтылығы тұрғындар мен мемлекеттік және коммерциялық құрылымдар, қайырымдылық көрсетуші мекемелер арасында үлкен беделге ие. Біз жасап жатқан жұмыстарды газеттерден оқып, теледидардан көріп жатқан боларсыздар.

Біздің қоғамымыз мемлекеттік құрылымдармен, үкіметтік емес ұйымдармен мұқтаждық көмек көрсету жолында тығыз қарым-қатынас орнатты.

—    Қоғам мақсаты қандай?

—    Қоғамның негізгі мақсаты — адамның азап шегуі жағдайларының шама келгенше алдын алу, жеңілдету, біздің принципіміз бойынша  ұлты, нәсілі, жынысы, діни нанымы, тілі, таптық тегі мен саяси нанымына қатысты ешкімді кемсітпейтіндей өзара сыйласу ортасын қалыптастыру.

Қызыл Ай қоғамының Жарғысының негізін есепке алсақ, Қоғамның мәні мен мақсаты мынау: Женева Конвенциясында ескерілген барлық салаларда соғыстың барлық азаматтық және әскери құрбандары үшін мемлекеттік медициналық құрылымдарға көмектесе отырып, қарулы қақтығыстар туындаған жағдайда әрекет ету және бейбіт уақытта осыған дайындалу, соғыс және төтенше оқиғалар құрбандарына шұғыл көмек көрсетуді ұйымдастыру, халықаралық гуманитарлық құқықтың негізін халыққа жеткізу, соғыс әрекеттеріне қатысуды тоқтатқан, тұтқынға алынған, жараланғандарды, соғысқа тікелей қатыспайтын тұлғаларды, сондай-ақ санитарлық қызметшілер, санитарлық мекемелер, көлік және құрал-жабдықтарды қорғау, қамқорлыққа алу, республика азаматтарының және сол кезеңде ел аумағында болған шетел азаматтарының  эвакуацияда, концлагерьлерде және геттода болғанын растайтын мәліметтерді іздестіру, сондай-ақ қарулы қақтығыстар, табиғи және басқа да төтенше жағдайлар  салдарынан бір-бірінен қол үзіп қалған жақын туыстарды іздестіру, халықтың осал топтарына гуманитарлық, медициналық-әлеуметтік, басқа да көмек ұйымдастыру және көрсету, т.б. Біздің қоғам, сондай-ақ, Ақтөбе облысы тұрғындарының осалдығын зерттеу жұмыстарымен де айналысады, осы тұсқа біз баса мән береміз.

— Бұл қыруар жұмыстарды кімдер атқарады?

— Қызыл Ай қоғамы — гуманитарлық, қоғамдық, ерікті ұйым. Қоғамның 15 554 мүшесі бар, 300 волонтер бар, соның ішінде 90-ы —  белсенді. Олардың көбі —  республикалық жарыстардың жүлдегері, халықаралық жастар лагерьлеріне қатысушылар.

Бұрын бізде қайырымдылық медбикелері жұмыс жасады. 1968 жылдан бастап қайырымдылық медбикелері ставкалары бекітіліп, олар көптеген жұмыстар атқарды. 1988 жылы олардың саны 40-қа жетті. Әр медбикеде өз қамқорына алған адамдардың тізімі болды. Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, мүгедектерге, жалғызбасты қарияларға әр түрлі медициналық көмек көрсетіліп,  дәріханаға барып дәрі-дәрмек алып, тамақтандырып,  мүгедектік алу құжаттарын дайындап, кей қарияларды мүгедектер үйіне орналастырды. Сонымен қатар үй жинастыру, жөндеу жасау, дүкенге баруды да өз мойындарына алды. Бірақ Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі қиыншылықтарға байланысты бұл жұмыс 1996 жылы тоқтатылды.

1992-2009 жылдар аралығында Ақтөбе облыстық Қызыл Ай қоғамы Швеция, Швейцария, Германия, Жапония, Нидерланды, АҚШ, Біріккен Араб Әмірлігі елдерінен гуманитарлық көмек алды. Облыстың емдеу мекемелері 100 мың АҚШ долларына дәрі-дәрмек, медициналық  аспаптар, балаларға сүт, 800 мың долларға жағдайлары нашар, аз қамтылған тұрғындарға азық-түлік, көрпе, төсек-орын, сабын, киім, аяқ-киім, т.б. берілді.

— Нақты қандай шаралар іске асырылды?

— Нақты айтар болсақ, 2002 жылдың мамыр айында Жамбылда жер сілкінісі болғаны естеріңізде шығар. Сонда біздің қоғамымыз бірінші болып теледидар, баспасөз арқылы халыққа үндеу тастап, көптеген хаттар жіберілді. Ақтөбе облыстық Қызыл Ай қоғамының бастамасымен зардап шеккендерге 239 745 теңге ақшалай, 300 кг. киім-кешек, аяқ киім, төсек-орын беру арқылы көмек көрсеттік.

2003 жылы Қызыл Ай қоғамының бастамасымен «Судан құтқару» бағдарламасы басталды. Бағдарлама жаз бойы жүргізілді. 30 судан құтқаруға арнайы дайындалып үйретілген волонтер-студенттер құтқарушылармен бірігіп демалу аймақтарында жұмыс жасайды, көмек көрсетіп, апаттың алдын алу шараларын қарастырады.

2005  жылдың қыркүйек айында Атырау облысының Доссор, Мақат поселкелерінде құйын жаңбыр болды. Көмек ретінде оларға киім-кешек, азық-түлік апарылды.

Айта кету керек,  біздің Қызыл Ай қоғамы Батыс Қазақстан өңіріндегі (Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе) төтенше жағдайларда тез қимыл, іс-шара қолдануды жүзеге асыратын аймақтық орталық болып табылады. Қала шетінде өз қоймамыз бар, қоймамызда төтенше жағдайлар орын алған кезде берілетін киім, аяқ-киім, төсек-орын, гигиена құралдары сақталады. Жыл бойы сұранысқа байланысты аз қамтылған, жағдайлары нашар тұрғындарға қоймамыздан швед Қызыл Кресінен алынған, қолданыста болған киім, аяқ-киім береміз.

1998-2000 жыл аралығында біздің қоғам облыста бірінші болып аз қамтылған, жағдайлары нашар 1500 тұрғынға 3 077 750 теңгеге қайырымдылық асын ұйымдастырды.

2006 жылдан бастап біздің комитет «АралСи» бағдарламасын жүзеге асырды, ол Ақтөбе облысының Арал аумағындағы 3 ауданын қамтыды — Шалқар, Мұғалжар және  Ырғыз аудандары. Бағдарламаның негізгі мақсаты — туберкулез, ВИЧ/СПИД, жыныс жолымен жұғатын жұқпалы аурулардың  алдын алу, содан қалай сақтануды үйрету. Осы бағдарлама аясында әр ауылда Қызыл Ай қоғамының бұрышы ашылды. Мұғалжар ауданының Жұрын поселкесінде 5 құдық тазартылып, жөндеу жұмыстары жасалып, айналасы қоршалды.

Араб мемлекетінің Қызыл Ай қоғамының қолдауымен Ақтөбе қаласында және облыста тұратын асыраушысынан айырылған 147 отбасы 2006 жылдан бастап 1 балаға ай сайын 50 доллар көлемінде көмек алып келеді. Үш жылдан бері барлығы 28 миллион теңгеге көмек берілді.

Түрлі мерекелер барысында аз қамтылған, жағдайлары нашар отбасыларға көмектер көрсетіледі. Одан басқа жекелеген адамдарға да көмек беріледі. Мәселен, 2 жыл бойы «Әлия» аулының тұрғыны Айым Күмісқалиға, әкесінің қайтыс болуына байланысты, 45 мың теңге көлемінде жыл сайынғы тамақтану ақысы төленсе, Бегалы аулының тұрғыны, әже-атасының тәрбиесіндегі жетім бала Еламан Әбутәліповті жылы киіммен, аяқ-киіммен қамтамасыз еттік. Екеуі де облыстық М. Құсайынов атындағы мектеп-интернатының дарынды оқушылары.

Осындай көмектерді тізбелеп айта беруге болады. Теңгеге шаққанда, 1992-2009 жылдар аралығында облыстық Қызыл Ай Қоғамы қала және облыс тұрғындарына 850 мың АҚШ доллары көлемінде көмек көрсетті.

Өндіріс орындары мен фирмалармен бірлесіп жетім балалар мен тұрмыс деңгейі төмен отбасыларға көмек көрсету мақсатымен «Логотип» акциясы өткізіліп келеді. Акцияға орай бағдарлама жасалды, яғни өндірісте шығарылатын өнімге Қызыл Ай қоғамының белгісі орналастырылып, әр өнімнің үстінен түскен 1 теңге қорға түсіп, мақсатпен жұмсалып келеді. Осындай өндіріс орындарының бірі «Агросервис Инвест» иодталған минералды суы, Ақтөбе кондитер фабрикасының «Бұлбұл» конфеті, т.б. Бізге қол ұшын созатын кәсіпкерлер, қарапайым қала тұрғындары көп. Олардың барлығына алғысымды білдіргім келеді.

Биыл  3 желтоқсанда халықаралық волонтерлер күніне орай, Қызыл Ай қоғамына 70 жыл, Сольферино шайқасына 150 жыл, Женева Конвенциясына қол қойылуына 60 жыл, Қызыл Крест және Қызыл Ай халықаралық федерациясына 90 жыл толуына арналған қайырымдылық кешін өткіздік. Қайырымдылық кешінде жиналған қор аз қамтылған, жағдайлары төмен отбасыларға көмек ретінде беріледі.

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, газет арқылы Ақтөбе облыстық Қызыл Ай Қоғамы атынан бүкіл волонтерларға, демеушілерге, облыс, қала, аудан әкімдіктеріне алғысымды білдіргім келеді.

М.ТАБЫН.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button