Ауыл

Шаруасы жайлы шаруашылық

Біздің  ауданның «Құмқұдық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің шаруасы бұрын да бөтен болмайтын. Ал биылғы жылы, негізінен егіншілікпен шұғылданатын серіктестік қолайлы жылда бітік астық өсіріп, жақсы табысқа кенелді. Тіпті жаз жауын-шашынды болғанның өзінде, егер агротехникалық шараларды сақтап, егінді баптамаса, мол өнімге жете алмайсың. Соны білетін құмқұдықтықтар егіншілікте  соңғы үлгідегі агротехникалық шараларды қолданумен келеді. Бұл шаралар биылғыдай жылы жақсы нәтиже берді. Облыстық мәслихаттың депутаты, ауыл шаруашылығы  ғылымдарының кандидаты Александар Федорович Чемоданов ұзақ жылдардан бері басқарып келе жатқан «Құмқұдық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі диқандары жайқалтып егін өсіріп, оны төкпей-шашпай мезгілінде жинап алды.

Бұл шаруашылық бірыңғай егін емес, мал өсірумен де дендеп айналысады. Ауыл шаруашылығының екі саласын тең ұстап келеді.

Қазір серіктестіктің тәжірибелі басшысы  төрт түлікті қысқа қоңды түсірудің қамын жасауда. Келер жыл егісіне қажетті тұқымды қамбаға құйып алды. Соңғы жылдары техника паркін жаңартудың арқасында шаруашылықтың  күш-қуаты артып келеді. Ол қандай жағдайда да көктемгі егіс пен егін орағын дер кезінде аяқтауға, мал қыстату науқанын табысты өткізуге мүмкіндік береді.

Биылғы жылдың берері мол болатыны көктемде, жазда ылғалдың жақсы түсуінен-ақ белгілі болды. Әйтсе де жоғарыда айтқанымыздай, қанша жерден табиғат жомарттық жасаса да, бар шаруасын дұрыс қамдаған адам ғана  табысқа қол жеткізе алады. «Құмқұдық» серіктестігінің биылғы егін жинау орағы науқанындағы адымдары осыны дәлелдейді.

Биыл шаруашылық бойынша 16851 га жерге дәнді дақыл себілген еді. Серіктестік  осы дәнді дақыл алқабын орып, бастырып, әр гектардан 13 центнерден астық жинады. Өңшең үр жаңа комбайндар орақ жұмысын қысқа мерзімде аяқтауға жағдай жасады.

Биылғы орақ жұмысына  10 комбайн кірістірілді. Бұдан бөлек 8 замануи астық жинағыш техника қосылды. Тасымалдау жұмысында 7 «КамАЗ» автокөлігі  және  қос тіркемелі 2 «Кировец» алып тракторы қатыстырылды. Астық жинау, тасымалдау жұмыстарына қажетті техикалар мен тіркемелер жақсы дайындықпен келді. Осының бәрі — дәнді дақыл алқабының ысырапсыз жиналуына жеткізді.

Серіктестік малдың жайын ойлап, 1434 гектар жерге судан шөбін, 600 гектар жерге көпжылдық шөп еккен еді. Бұл мал азығындық дақылдардан биыл тәуір өнім алынды. Бұрынғы себілген 4273 га көпжылдық шөптің де түсімі жоғары болды.

Серіктестік ауылда өтетін қайырымдылық шараларына үнемі қатысып, аз қамтылған отбасыларына демеушілік көрсетіп келеді. Өз қызметкерлеріне де жақсы жағдай туғызып отыр. Шаруашылық қарамағындағы әлеуметтік нысандар тұрғындардың қажетін өтеуде.

 Егенберлі ӘБДІРАЕВ,

Әйтеке би ауданы.      

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button