Ауыл

Шағын фермалар көбейіп келеді

Малдың, құстың кейбір түрлерін өсіру, қоян шаруашылығы, омарташылық біздің өңіріміз үшін жат болып келген еді. Кәсіптің бұл түрлері облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынды. Шынын айтсақ, осыдан бір жылдай бұрын бұл шаруалар жай сөз, әңгіме деңгейінде ғана еді. Ал қазір бұл кәсіпшіліктің түрлері аймақта кеңінен қанат жайып, өз нәтижесін бере бастады.

Сүтті ешкі өсіру кеше ғана тың мәселе сынды көрінсе,  қазір олай емес.  Бүгінде облыстың 12 ауданының 9-ында ешкі фермалары бар. Олар 608 сүттік бағыттағы ешкі ұстап отыр. Мәртөк ауданының тек бір шаруашылығы 100-дің үстінде ешкі сауады. Ақтөбе қаласының, Алға, Темір мен Қарғалы аудандарының селолық округтерінде мал шаруашылығының осы түрімен шұғылданатын тұрғындар көбейіп келеді.

Шағын фермалар құрудың қатарында, ауылдарда құс шаруашылығы дамуға бағыт алды. Бүгінгі күні тұрғындар қаз өсіруді жақсы қолға алды. Соның нәтижесінде облыста қазір қаздың саны 15,2 мыңға жетті. Іс жүзінде мұның жарыдан артығы Мәртөк ауданының құс фермаларында өсіріліп отыр. Оның 7 мыңы үш шаруашылықтың иелігінде. Аса бағалы жеңсік ас саналатын қаз өсіру кәсібі Байғанин, Алға және Темір аудандарында тәуір жолға қойылған. Темірліктер қазбен бірге, үйректі де көптеп өсіруде. Осы ауданның 16 шаруашылық аулаларында бір жарым мың үйрек бағылады.

Облыс әкімінің өңір үшін дәстүрлі болмай келген шаруашылықтардың түрлерін дамыту талабын мәртөктіктер бірден қолдады. Облыс бойынша 2930 күркетауық өсіріліп отырса, соның 1660-ы осы ауданның бір фермасында бағылуда.

Әсіресе, бұл ауданда омарта шаруашылығының қысқа мерзімде тез қаулап өскенін айтпай кетуге болмайды. Бал арасын өсірумен бұл ауданда қазір 11 шаруашылық айналысады. Оларда 200 бал арасы ұясы бар.

Ал Ақтөбе қаласы селолық округтерінің тұрғындары бөдене өсірумен әуестенуде. Осындағы тек екі бөдене өсірілетін фермада 11 мың құс бар. Бұл кәсіп түрінің артуы бөдененің жұмыртқасының тұтынушылар арасында айрықша сұранысқа ие болуымен байланысты. Қоян шаруашылығы да негізінен осы қалада дамып отыр. Облыс бойынша өсіріліп отырған қоянның үштен бір бөлігі қаланың селолық округтеріндегі  тұрғындарға тиесілі.

Ауыл шаруашылығының  дәстүрлі емес бұл салалары біздің өңірімізде  соңғы жылдары ғана  белсенді түрде қолға алынды. Ал оның нәтижелері көріне бастады. Демек, бағыт дұрыс, көп кешікпей бұдан да жоғары табысқа жететінімізге сенім мол.

 А.ШҰҒАЕВ.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button