Ауыл

Мемлекеттік қолдау мал басын көбейтуге жол ашты

Благодар ауылдық округінде мемлекеттік «Сыбаға», «Ырыс», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламаларын жүзеге асыру бойынша мал басын арттыру бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда. 

Мұндағы ауыл тұрғындары мал шаруашылығын атакәсібіміз деп есептейді. Олардың көбісі кезінде осы кәсіптен біраз қол үзіп қалып, енді қайта жалғауға мүмкіндік туып отырғандығын айтады. Мемлекеттің ауыл халқына өз шаруашылығын бастап, дамытуға қомақты көмек көрсетіп отырғаны белгілі. Қазіргі уақытта «Сыбаға», «Құлан»  және «Алтын асық» бағдарламаларына ауыл тұрғындары үлкен қызығушылық танытуда.

«Сыбаға» бағдарламасы бойынша қаржы аналық ірі қара және етті тұқымды жас төл алу үшін  асылтұқымды бұқаларды сатып алуға, негізгі құралдарды жөндеу мен сатып алуға және айналым қаражатын толықтыруға беріледі. Бағдарламаның негізгі мақсаты — етті тұқымды мал басын асылдандыру арқылы ет бағасын төмендету, ет өндіру саласын тұрақты дамытуды қамтамасыз ету үшін тұрғындардың жекеменшігіндегі ірі қара малды сатып алу арқылы мал шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтарды ірілендіру болып табылады.

Соңғы жылдары ірі қара малын дамыту мен сапасын арттыруды көздеген «Сыбаға» бағдарламасы арқылы тиімді несиеге қол жеткізген көптеген шаруашылық құрылымдары оның игілігін көріп, мал басын біршама арттыруға мүмкіндік алды. Округ бойынша «Сыбаға», «Құлан» және «Алтын асық» бағдарламалары аясында мал шаруашылығын белсенді түрде дамытып, мал бас санының артуына үлес қосып отырған жеке шаруашылықтар баршылық. Атап айтсақ, 2012 жылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша «Анисан» шаруа қожалығы мал басын арттыруға 18 миллион теңге несие алып, 150 бас ірі қара алса, 2014 жылы «Ырыс» бағдарламасымен 30 миллион теңгеге 50 бас қара ала сауын сиыр алып, табын қарасын көбейтті. Қазіргі күнде бұл сауын сиырлардың саны 230 басқа жетті.

«Шаруа» шаруа қожалығы мал алу үшін  8,5 миллион теңге несие алып, 24 бас ірі қара және  асылтұқымды бұқа сатып алынды. «Адай» шаруа қожалығы 2011 жылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша, 7,5 миллион теңге несие алып, 50 бас ірі қара алды. «Мешітбай» шаруа қожалығы 2,5 миллион теңге несиеге 14 сиыр, 1 бұқа сатып алды.

Мал басының сапасын арттыру мақсатында  2013 жылда «Сыбаға» бағдарламасы бойынша «Шаруа» шаруа қожалығы 7, «Адай» шаруа қожалығы 7, «Талғат» шаруа қожалығы 2, барлығы 16 бас етті бағыттағы тұқымдық бұқалар алып, жеке тұрғындар малының табынына қосылды.

Өткен жылы «Құлан» бағдарламасы бойынша «Шаруа», «Мешітбай», «Елубай» шаруа қожалықтары жылқы санын көбейту мақсатында несие қаржысына түліктің осы түрін сатып алды.

Биыл «Алтын асық» бағдарламасымен «Нығмет» шаруа қожалығы 14 миллион теңге несие алып, 760 ұсақ мүйізді мал сатып алса,  «Елубай» шаруа қожалығы 7,5 миллион теңге несиеге  288 қой, 14 асылтұқымды қошқар алды. «Талғат» шаруа қожалығы 14 миллион теңге несиеге 98 етті бағыттағы  ірі қара мал алды және де  «Родники» шаруа қожалығы  аталған бағдарлама аясында 15 миллион теңге несиеге 95 етті бағыттағы мал алуды жоспарлауда.

Бүгінгі күнде округ бойынша мал шаруашылығын дамыту, мал тұқымын асылдандыру бойынша мемлекеттік бағдарламалар толық орындалып отыр.

 Н.ДОСОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button