Мереке

Азаматтық қорғау адамдарды құтқарады

19 қазан — Құтқарушы күні

 Егемен еліміздің азаматтық қорғау жүйесі бүгінде үшінші онжылдықтың алғашқы парағын ашты. Осы кезеңде біздер дербес қалыптасу, тәжірибе жинау, жаңғыру кезеңдерінен өттік.

Өткен күн мен бүгіннің арасындағы уақытты саралар болсақ, от пен судың арасында өз өмірлерін бәйгеге тіккен бүгінгінің қаһармандарының күнделікті өмірі қауырт, күрделі екені даусыз. Ағымдағы жылдың тоғыз айында біздің департаменттің аумақтық бөлімшелері барлығы 1729 авариялық құтқару және басқа да кезек күттірмейтін құтқару жұмыстарына шығып, 468 адам өмірін құтқарды, 4088 адам қауіпсіз жерге көшіріліп, зардап шеккен 206 адамға дәрігерге дейінгі алғашқы көмек көрсетілді.

Ағымдағы жылдың басы Ақтөбе облысының құтқарушылары үшін өте күрделі болды, олардың беріктігі бірнеше рет сынға түсті. Аязды және қарлы қыс күре жолдардағы қозғалысты тіпті қиындатып жіберді. Құтқарушылар қар құрсауында қалғандарға күн сайын көмек қолын созды. Екі ауданда бірнеше күнге созылған боран салдарынан аудан әкімдерінің шешімдерімен жергілікті масштабтағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.

Осындай күрделі сәттерде өрт сөндірушілер, құтқарушылар, полиция қызметкерлері, әскери қызметшілер, медициналық қызметкерлер және басқа да мамандар бірлесіп еңбек етті. Сондай-ақ төтенше жағдайлар жөніндегі комиссия, жұмылдырылған органдардың басшылары белсенді қызмет атқарып, алға қойылған міндеттерді дұрыс және жылдам шеше білді. Бастысы — адам өлімі орын алған жоқ. Материалдық және басқа да шығындар барынша азайды.

Қыс мезгілінде барлығы 139 авариялық-құтқару жұмыстары жүргізілді. Нақты айтсақ, 732 адам құтқарылып, 2 989 адам қауіптен жерден шығарылды.

Әрине, проблемалар да кездесті. Дер кезінде қажетті күштер топтары қалыптаспаған кездер болды. Кей кезде тамақтандыруды ұйымдастыру және зардап шеккендерге қолдау көрсету кідіріп қалған жағдайлар да орын алды. Алайда, бұл кемшіліктер тез жойылып, адамдар қажетті нақты көмекке қол жеткізді.

Көктемде су тасқынына байланысты күрделі міндеттер қолға алынды. Бұған алдын ала дайындық жұмыстары жүргізілді. Ақпан айында төтенше жағдайлар жөніндегі облыстық комиссия отырысы өткізіліп, жергілікті атқарушы органдарға су тасу кезеңін қауіпсіз өткізуді қамтамасыз ету мәселесі бойынша нақты тапсырмалар берілді.

Аталмыш кезеңде құтқарушылар жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып 278 мың текше метр еріген қар суын тартып, 6 мың тоннадан астам инерттік материал жеткізілді, жағалауларды нығайту үшін 7 мыңнан астам құм толтырылған қаптар төселді.

Хромтау және Қарғалы аудандары мен облыс орталығында су басу қаупін жою үшін Атырау облысынан келген күштер қосымша көмек көрсетті. Ақтөбелік әріптестерімен бірге олар өзеннің бөгеттерін нығайту үшін инертті материалдар толтырылған қаптарды төседі, арықтар мен су бұру арналарын тазартты. Су қоймаларындағы қауіпті орындарда су деңгейін тәулік бойы бақылап, аздаған өзгеріс байқалған жағдайда жедел әрекет жасады. Қабылданған шаралар нәтижесінде адам өмірі үшін қауіптің алды алынды және материалдық залал болған жоқ.

Ал орын алған оқиғалар статистикасы туралы айтар болсақ, облыста биылғы жылдың алғашқы 9 айы ішінде 43 төтенше жағдай тіркелген. Өткен жылы осы кезеңдегі көрсеткіш — 44 болған.

Жыл басынан бері облыста 421 өрт оқиғасы тіркелді, бұл 2015 жылмен салыстырғанда 21%-ға аз. 52 адам құтқарылып,  3494 адам қауіпсіз жерге шығарылды. Бір жыл ішінде өрт санының азаюы — үлкен кәсіби команданың мақсатты жұмысының нәтижесі. Өрттің алдын алу үшін тынымсыз жұмыс жасалуда. Азаматтардың қауіпсіздік мәдениеті де күннен күнге өсуде.

Нысандардың қолданыстағы талаптарға сәйкестігін растаудың жаңа формасы енгізілді. Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына сәйкес «Азаматтық қорғау туралы» Заңға кейбір өзгерістер енгізілді. Онда бизнеске қысым көрсетуді төмендету мақсатында бақылаудағы субъектінің сараптама ұйымының оң қорытындысын алуы көзделген, осының негізінде аталмыш объект қорытынды мерзімі аяқталғанға дейін тексерулерден босатылады (Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жоспардан тыс тексерулерді қоспағанда). 2016 жылдың 1 қазанына Ақтөбе облысы аумағында 51 нысан тексерістен босатылған.

Өрт қауіпсіздігі мәселелерін шешудің маңызды бағыттарының бірі — еріктілерді қолдау. Бүгінгі күні облыс аумағында 260 ерікті өртке қарсы құралым болса, олар 3331-ден астам тұрғыны бар елді мекендерді қамтиды. 101 өрттің 96-сы ерікті өртке қарсы құралым күштерімен сөндірілген, оның аумағы 1633,6 га құраған. Оның ішінде 924 гектар аумақты шарпыған 39 өрт департамент күштерімен бірлесе отырып ауыздықталса, шамамен 60 га құрайтын 5 өрт еріктілердің қатысуынсыз департамент күшімен сөндірілген.

Адамдардың судағы қауіпсіздігіне келер болсақ, су айдындарындағы оқиғалар саны 27,8% қысқарды. Биылғы жазда 15 адам қайғылы жағдайға ұшырады. Бұл жерде Ақтөбедегі су қоймаларында тұрақты патрульдеу жүргізген құтқарушылар мен жергілікті полиция қызметі қызметкерлерінің күш-жігерінің арқасында өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда көрсеткіштің 3 адамға кемігенін атап кеткен жөн.

Тіршілік қауіпсіздігі бойынша азаматтарды дайындау жұмысы жалғасуда. Жыл басынан бері  басшыларлар, лауазымды тұлғалар мен жұртшылық арасынан 356 адам оқытылды.

Департаменттің аумақтық бөлімшелері жергілікті атқарушы органдармен, азаматтық қорғау құралымдарымен бірлесіп 19 кешенді жаттығу, 41 штабтық, 448 нысандық машықтанулар, 289 тактикалық-арнайы оқу-жаттығулар жүргізді.

Бүгінгі күні гарнизонының құрал-жабдықтармен қамтылуы 60% құрайды.

Бөлімшелердің  арнайы жабдықтар мен заманауи жоғары технологиялық құралдармен жарақтандырылуы жетілдірілуде. 2016 жылы жергілікті бюджет есебінен УАЗ автомобилі мен жол талғамайтын «ТРЭКОЛ» автокөлігі сатып алынды. Осы бағыттағы жұмыс жалғасатын болады.

Департаментте кадр мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді. Гарнизон штаты 958 бірліктен құралған, қазіргі кезде кадр тапшылығы 69 бірлікті құрайды. Бір жылдың ішінде қызметке 126 адам қабылданды.

Алда әлі де міндеттер көп. Ауыз толтырып айтатын да, атқарылатын да жұмыстар жеткілікті. Ең бастысы — алға ұмтылып, күш-қуатымызды арттыру және қайырымдылыққа, көмек беруге дайын болуға негізделген жедел әрекет ету жүйесін жетілдіру.

 Бауыржан СЫЗДЫҚОВ,

азаматтық қорғау подполковнигі,

Ақтөбе облысы бойынша төтенше жағдайлар департаментінің бастығы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button