ЖаңалықтарМереке

Негізгі мақсат — әрбір тұрғынға көмектесу, қолдау

Халықаралық мүгедектер күніне орай «Жастық» мейрамханасында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев мүмкіндігі шектеулі жандармен дастарқан басында кездесті.

Облыстық мүгедектер қоғамының төрағасы Ғұбайдолла Бітіковтың мәліметінше, қазіргі таңда облыста 21340 мүгедек бар. Оның 11 мыңнан астамы қалада тұрады.

Ал облыс әкімімен кездесуге жүз шақты азамат шақырылыпты. Кездесудің алғысөзін өңір басшысы өзі айтты.

— Жерлестер, ардагерлер! Өмір болғаннан кейін қуаныш пен сәтсіздік қатар жүреді. Сіздер — сол өмірде кездескен қиындықтарды жеңіп шыққан азаматсыздар. Сіздердің қажырлы еңбектеріңізге, ерліктеріңізге басымызды иеміз. Мемлекетіміздің негізгі саясаты — қандай жағдай болмасын, еліміздің әрбір тұрғынына көмектесу, тұрмысын жақсарту, қолдау. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қандай жұмыстар атқарып жатқанын күнделікті өмірден білесіздер. Халықтың тұрмыс деңгейін жақсартуға бағытталған шаралар біздің өңірімізде де атқарылып жатыр.

Қазіргі таңда облыста 22 мыңға жуық мүгедек тұрады. Мүмкіндігінше мемлекет тарапынан сіздерге материалдық-техникалық көмек беру үшін, сіздердің кедергісіз қоғамда өмір сүрулеріңіз үшін жұмыс жасап жатырмыз. Осы мерекеге орай 785 миллион теңге көлемінде бір реттік материалдық көмек көрсетіліп отыр. Мемлекет тарапынан ғана емес, үкіметтік емес ұйымдар арқылы да көмек беріліп жатыр. Қазіргі таңда Құралай Базарбаева басқарып отырған қоғам секілді өңірде 15 шақты үкіметтік емес ұйым бар. Олардың арнайы топтарға әлеуметтік қызмет көрсетуі үшін биыл мемлекеттік тапсырыс шеңберінде 44,5 миллион теңге қарастырылды. Алдағы жылдары бұл мөлшерді көбейтуге тырысамыз. Ең негізгісі — сіздердің араларыңызда жұмыс істеймін деген адамдарды жұмысқа орналастыру. Соңғы 9 айдың ішінде 415 адам жұмысқа орналасты. Бүгін мерекелеріңізбен құттықтай отырып, сіздерге тағы да рақметімді айтамын. Әрбір отбасыға құт-береке тілеймін, — деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев. Сосын қоғамда белсенділік танытып жүрген санаулы үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілеріне Алғыс хат тапсырды. Көңілді сәтті белгілі әнші Аймұрат Мәжікбаев «Өміріңе немқұрайлы қарама» әнімен көркемдеді. Ал біз осы кешке шақырылғандардың бірі —  І топ мүгедегі Ләззат Иманалинаны әңгімеге тарттық.

— Облыс әкімінің қолдауымен осындай кездесулер жиі өтіп тұрады. Шақырса, қалмаймын. Бұған дейін «Біз сіздермен біргеміз!» жобасы аясында түрлі кештер өткізілді, сондай кездесулерге елімізге танымал әншілер Қайрат Нұртас, Ақылбек Жеменей, «Музарт» және «Нұр-Мұқасан» тобы келіп, көңілімізді көтерді. Ешқандай шағымым жоқ. Мемлекеттің де қамқорлығын сезініп отырмыз. Қазір әлеуметтік қзыметшім бар, аптасына екі рет келіп, үйімді жинастыруға көмектеседі. Инватаксиіміз бар, дүкенге, басқа да жерлерге барғымыз келсе, алдын ала жазылып, шақырамыз, келеді. Арба және гигиеналық заттарды да беріп тұрады. Жолдасым — ІІІ топ мүгедегі. Ақжар-2 елді мекенінде тұрамыз. Ұлымыз 7-сыныпта оқиды. Шүкір, жақсымыз ғой, — дейді Ләззат. Жағдайына шүкірлік еткен оның жолдасы екеуінің жәрдемақысына ғана күнелтіп отырғанын білдік.

Дастарқан басында рухы мықты, жігерлі жандар шүйіркелесіп, әңгімелесіп отырды, естелікке суретке түсті. Одан соң бірінен соң бірі орындарынан тұрып, сөз сөйлеп, құттықтаулар айтты.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button