ЖаңалықтарМереке

Басылымдарға жазылу науқаны басталды!

«Қазпошта» АҚ Ақтөбе филиалының ғимаратында «Басылымдарға жазылу» Ашық есік күні өтті.

9 қазан — Дүниежүзілік пошташылар күнімен орайластырылып ұйымдастырылған шараға пошта қызметкерлері, «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС құрамындағы облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттері мен «Үш таған» журналы, сондай-ақ аймақтағы өзге де жергілікті басылымдардың басшылары, оқырмандар қатысты.

Басылым — қалың оқырманымен құнды

Мерекелік шарада «Қазпошта» АҚ Ақтөбе филиалы директорының орынбасары Қосыбек Бөлекбай жиналған қауымды құттықтады.

Оқырмандардың қатысуымен «Басылымдарға жазылу» Ашық есік күнін жыл сайын дәстүрлі түрде өткізуді әдетке айналдырдық. Бұл 2017 жылға мерзімді басылымдарға жазылу науқанының басталғанын білдіреді. Сондықтан «Қазпошта» акционерлік қоғамы Ақтөбе филиалы мерзімді басылымдарға жазылушылардың Ашық есік күнін ұйымдастыру мақсатында осындай шараларды қалыптастырып отыр. Бұқаралық ақпарат құралдарының ішінде мерзімді басылым — қашанда өзінің қалың оқырманымен құнды. Оқырман сол басылымнан жақсы жаңалықтар күтеді. Сондықтан біз осы науқанның ашылуына байланысты үлкен шараны ұйымдастырдық. Мақсат — тұрғындардың басылымға жазылу белсенділігін арттыру, елімізде шығатын газет-журналдарды насихаттау. Акцияға келген әрбір тұрғын бұл жерде жергілікті, республикалық басылымдар туралы толық мәлімет алады. Шара аясында басылымдарға жазылым жүргізіледі. Сондықтан ақтөбеліктердің осы шараға атсалысқанына қуаныштымыз. Ашық есік күнін ашық деп жариялаймыз, — деді Қ.Бөлекбай.

Басылымдар мен бұқараны байланыстыратын «Қазпошта» АҚ қызметкерлерінің негізгі міндеті —  елімізде және шетелде шығатын газет-журналдарға жазылу, оларды оқырманға жеткізу, тарату қызметтерін тиімді ұйымдастыру.

Мерекелік шарада құрамына облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттері кіретін «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС-ның атынан «Актюбинский вестник» газетінің бас редакторы Мирал Жармұхамбетов сөз сөйлеп, филиал ұжымы мен оқырмандарды мерекемен құттықтады.

Құрметті әріптестер, оқырмандар! Сіздермен әріптес болғанымызға қуанамыз. Әрине, сіздермен бірге талай жылдан бері тізе қосып жұмыс жасап келе жатырмыз. Сіздер арқылы біздің газеттеріміз облыстың түкпір-түкпіріндегі ауылдарға жетіп жатыр. Сол үшін де сіздерге үлкен рақмет. Облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің бай тарихы бар әрі таралымы жағынан да жоғары. Мәселен, бүгінде «Ақтөбе» газетінің таралымы 20 мыңға жақындаса, ал «Актюбинский вестник» газетінің таралымы бұдан аз, шамамен 10 мыңға жуықтайды. Қос газеттің де өз оқырмандары бар. Тағы да айта кетейін, біз сіздер, яғни оқырмандарымыз үшін жұмыс жасаймыз. Сіздердің көңілдеріңізден шығуға тырысамыз. Себебі, біздің басылымдар сіздердің үйлеріңізге қуанышты хабарлар жеткізіп, сіздердің пайдаларыңыз үшін қызмет етсек екен дейміз. Сіз бен біздің достығымыз әрмен қарай жалғасатынына сенімдіміз, — деді М.Жармұхамбетов.

«Басылымдарға жазылу» Ашық есік күніне арналған салтанатта «Үш таған» журналының редакторы Бақыт Жаншаева оқырмандарға жаңа басылым, оның бағыт-бағдары турасында кеңінен таныстырып өтті.

Қазір жаһандану заманы деп жатырмыз, оның үстіне ақпараттар ағыны көп. Талғамы биік оқырман сол ақпараттар ағынынан өзінің жанына жақын, рухани азық болатын, ізгілік нұрын себетін дүниелер іздейтін болды. Соған сәйкес, Ақтөбеде облыс әкімінің қолдауымен рухани-танымдық «Үш таған» журналы биылдан бастап жарыққа шықты. Жаңа басылымның екінші саны баспада басылды, — деп Б.Жаншаева оқырмандарды жаңа журналдың таралымын кеңейтуге атсалысып, жазылуға шақырды.

Сондай-ақ, мерекелік шарада республикалық және жергілікті мерзімді басылымдардың өкілдері де өз оқырмандары алдында сөз сөйледі.

Жәнияның «жазылушылары»

Акция барысында М.Жармұхамбетов пен Б.Жаншаева биылғы жылға облыстық қос газетке жазылуды ұйымдастыру барысындағы елеулі еңбегі үшін «Қазпошта» мекемесінің  бір топ қызметкеріне «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС атынан Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етті.  Олардың қатарында «Қазпошта» мекемесі орталық жедел участогінің қызметкері Ұмсымдық Үргенішбаева, цех бөлімінің басшысы Балсұлу Боранқұлова, сұрыптаушылар Бәтима Ысқақова, Қарлығаш Құсжанова, Күләш Қобланова, Анар Дәкірова, Зәуреш Есенова, Гүләйім Балғазина, Гүлсім Жандәулетова, Серегүл Ұлықпанова, Ғалия Дәкірова, Нұржауған Мұхтарова, Лиза Кенжебаева, Нұргүл Теберековалар бар. Сондай-ақ, қос газеттің марапатына «Қазпошта» мекемесі байланыс бөлімшелерінің пошташылары да ие болды.

«Қазпошта» мекемесінде пошташы болып жұмыс жасағаныма биыл 5 жыл болды. Күннің ыстығы мен суығына қарамастан газет оқырмандарына басылымдарды уақытында жеткізуге тырысамыз. Соңғы кездері облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттері күн сайын шығатын болды, әрқайсысы аптасына үш рет шығатын басылымдардың өз оқырмандары бар. Мәселен, мен қызмет ететін №5 байланыс бөлімі қаланың Мәскеу ауданында орналасқан. Мен сол ауданның көшелеріндегі бірқатар үйлерге, мекемелерге пошта таратамын. Жеке адамдардың дені газет-журналдарды байланыс бөлімшесінен алып кетіп жатады. Кейбір зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерін үйіне жеткізіп беремін. Қазір облыстық газеттерге жазылу науқаны басталды. Оқырмандардың белсенділігі жоғары. Әсіресе, мекемелер тарапынан газетке жазылу ісі көңіл көншітеді. Атап айтсам, Ақтөбедегі көлік, коммуникация және жаңа технологиялар, «Тарлан» колледждерінің ұжымдары облыстық газеттерге көптеп жазылып жатыр. Оқырман мен басылым арасындағы байланысқа дәнекер болатын біздің еңбегімізді ескеріп, құрмет көрсетіп жатқаны үшін «Шамшырақ-Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басшылығына айтар алғысым шексіз, — деді «Қазпошта» АҚ Ақтөбе филиалының №5 байланыс бөлімшесінің пошташысы Жәния Ошаева.

Басты жаңалықтарды «ақтөбеден» білемін…

Ашық есік күні «Қазпошта» мекемесінің бас кеңсесінен «Ақтөбе» газетінің тұрақты оқырманы Әбдіраш Жұмағалиды жолықтырдық. Әбдіраш ата «Ақтөбе» газетін он бес жылдан бері жаздырып оқитын белсенді оқырмандарымыздың бірі болып шықты. Бір қызығы, ақсақал күні бүгінге дейін газетке жазылған жылдардан бергі түбіртектерді жоймай, сақтап келеді екен. Бүгінде тұрақты оқырман облыстық газетті жеңілдетілген бағамен алуға қол жеткізіпті.

Бұрын «Ақтөбе» газеті аптасына екі рет шығатын. Сол кезде аптасына екі рет «Қазпошта» мекемесінің ғимаратына келіп кететінмін. Ал қазір газет аптасына үш рет шығады. «Қазпоштаға» аптасына үш рет келетін болдым. Мекемеге жақын маңда тұрамын. Көп жүрген — денсаулыққа пайдалы. «Ақтөбемді» алып кету үшін асықпай үйден шығып, мекемеге аяңдаймын. Мұндағы қызметкерлер де оқырмандармен сыпайы, әдепті қарым-қатынас ұстайды. Мамандардың тұрғындарға қызмет көрсету ісіне дән ризамын. Ал «Ақтөбе» газеті турасында айтар болсам, бұл басылымның тоқсан жылдық тарихы бар. «Ақтөбе» — өзіміздің төл басылым. Облыспен бірге жасасып келе жатқан газет. Елдің күнделікті тыныс-тіршілігін осы газеттен оқып, біліп отырамын.  Әсіресе, ауыл өмірінің тірлігі, ондағы шаруалардың жайы, мемлекеттен алып жатқан көмектері турасындағы іс-әрекеттерге сүйсініп, осы тақырыптағы мақаланы іздеп оқимын. Сөйтіп, шалғайдағы шаруалардың жұмысына риза боламын, — дейді Әбдіраш ата.

Ақсақал Ақтөбеде жұмыс жасап жатқан республикалық топтың облысқа келгені турасындағы ақпаратты «Ақтөбе» газеті арқылы біліпті. «Астаналық мамандардың мұнда келіп, жұмыс жасап жатқанына көңілім толады. Жастардың діни сауатын арттыру, олардың өзге діннің ықпалында кетпеуі үшін алдын ала насихат-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырып, аудандарға шығуы — жақсы бастама. Әсіресе, орталық органдардан келген мамандардың түрлі сала бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, дәрігерлердің тегін медициналық көмек көрсетуі де  шалғайдағы тұрғындардың жұмысын жеңілдетіп, олар үшін үлкен көмек болды. Ауыл тірлігін ауылда тұратын адам ғана жақсы сезінеді. Ауылдықтардың бейнетін кішкене де болса жеңілдету мақсатында қолға алынған мұндай шаралар өңірімізде жиі-жиі ұйымдастырылып, шарапаты мол істер осылай газет беттерінде жиі көрінсе деймін. Айтпақшы, ұмытып барамын, «Ақтөбе» газетіне бұрын сатирик Төрежан Мәндібайдың сықақ әңгімелері жиі шығатын. Оқырманын күлкіге бөлейтін әзіл әңгімелер басылым бетінде  жиі берілсе деген ұсынысым бар», — деді Әбдіраш Жұмағали.

Ашық есік күнінде пошта қызметкерлері оқырмандардың қатысуымен түрлі шаралар ұйымдастырды. Лотерея билеттері ойнатылды, филиалдың жас мамандары көпшілік алдында бір ырғақта би билеп, көңіл көтерді.

 Арайлым НҰРБАЕВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button