Әлеумет

Аялдамалардың «тағдыры»

Қызмет көрсету саласындағы олқылықтар

Бұл мақала осыдан біраз уақыт бұрын жазылған еді. Бүгінге дейін  өткен түрлі кездесулерде қала, облыс деңгейіндегі лауазым иелеріне толғандырған мәселемнің мән-жайын айтқан болатынмын. Алайда жақында бұл тақырыптың сол баяғы қаз-қалпында екеніне тағы көзім жетті.

Ертеңгісін жаныма немеремді ертіп, қаладағы №3 автобусқа міндім. Жол-жөнекей аялдама атауларының әлегі алдымнан шыға келді. Кондуктор «Киселева» дегенде, мен баяғы әдетіммен: «Балам, аялдама атауларын дұрыс атаған жөн. Ондай аялдама қазір жоқ. Шәмші Қалдаяқов — Республика Гимнінің авторы» дедім. Әлгі кондуктор тәрбиелілігін танытып, ұялып қалды. Есесіне орта жастағы бір қазақ кісі: «Оны бұрын айтсаң қайда қалдың?», — деп шап ете қалды. Сол уақытта автобустағы бір жас жігіт тұрып: «Бұл ағай әрдайым айтып жүреді. Айтуы өте орынды», — деп тоқтатты.

Осыдан кейін бұрын жазған мақаламды баспасөз бетіне жариялағанды жөн санадым.

Аялдама атауларының тағдыры алуан түрлі болады деп осы жасқа келгенше ойламаппын.

Мен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде оқытушымын. Бұрындары жұмысқа жеке көлігіммен қатынайтынмын. Жас келгендіктен кейін қоғамдық көліктермен жүретін болдым. Автобустарға мінген сайын осы олқылықтар алдымнан шыға берді. Менің түсінігімде аялдама, көше атаулары мәслихаттың шешімімен бекігеннен кейін такси, автобус жүргізушілері және автобустардағы кондукторлар жаңа атауларға халықтың құлағын үйретіп, олардың елді мекен өміріне сіңісіп кетуіне септігін тигізеді емес пе?

Олай деуімнің себебі, рейске шығар алдында автобус жүргізушілері мен олардың жолсеріктеріне жауапты лауазым иелері тиісті нұсқау (инструктаж) береді. Демек, барлық өзгерістерден олар хабардар. Ол аз десек, әрбір қоғамдық көлікте маршрут парағы ілулі тұр.

Биыл «Менің Қазақстаным» әнінің туғанына 60 жыл толды. Осы ән дүниеге келгеннен бастап қазақ халқының жерін қорғап келе жатқан, ұранымызға айналған киелі ән. Тарих беттеріне көз жүгіртсек, оның өз тұғырына орнығуы үшін тура 50 жыл қажет болған екен.

1956 жылы Қазақстанның тың игерілген 5 облыс орталығы Целиноград болып Ресейге кетіп бара жатқанда осы ән жарыққа шықты. Кеңес үкіметінің өз дегенін болдырмай тастаған осы ән екенін тарихшылар жақсы білетін болар. Нәтижесінде қабылданып тұрған шешім жүзеге аспады. Бұл ән қазақ ұл-қыздарының патриоттық сезімін оятып, жігерін қайрады. «Менің Қазақстаным»  деп тілі дұрыс шыға қоймаған жас сәби кеудесін соққанда жанары ерекше нұрланып шыға келетініне талай куә болдық.

«Менің Қазақстаным»  2006 жылы заманауи талаптарға сай өңделіп,  өз тұғырына заңды түрде орнықты. Қазақ елінің Әнұраны болып бекітілгеніне биыл 10 жыл толды.

Жұмекен Нәжімеденов ағамыз сөзін жазып, оны Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өңдеді, ал әуені Шәмші Қалдаяқовтікі екені баршамызға мәлім.

Өңір басшыларына мың алғыс. Шәмші ағамызға қаламыздан көше атауы беріліп, бір аялдама атауы да бұйырды. Қарғалы ауданында Ш.Қалдаяқов атындағы ауыл да бар. Иә, Шәмші — қазақтың біртуар ұлы. Сондықтан да мұндай құрметтерге әбден лайық. Ол атын әлемге мойындатқан «Вальс королі». Осылай бола тұра  Ақтөбедегі автобустардың кейбір жолсеріктері Шәмшінің кім екенінен мүлдем бейхабар болып шықты.

Мәселен, биыл қазақ елінің тәуелсіз мемлекет болғанына ширек ғасыр. Сол жылдары туған нәрестелер бүгінде 25 жасқа келіп, түрлі қызметтерге араласа бастады.

Тіл туралы заң 1989 жылы шықты. Ол заңның қолданысқа енгеніне биыл 27 жыл. Шын ниетімен заңға мойынұсынғандар күніне қазақша бір сөз үйренгенде 1×365×27 = 9855 сөз үйреніп алатын мүмкіндігі бар екен. Он мыңдай қазақ сөздерін білетін адам кез келген қарым-қатынаста өзін судағы балықтай сезінері айдан анық.

Ал автобустардағы кондукторларға келер болсақ, олардың бірқатары кеше ғана ауылдан келген, орыс мәдениетінен хабары жоқтың қасы. Екі ауыз сөз орысшасы бар қазақтың қара домалақтары білмесе де білгенсіп, тілдерін бұрап орысша сөйлеп бағады. Ол ол ма, заңда бекітілген аялдама атауларын баяғы елдің бодандықта жүрген кезінде аталған атауларымен атап, адамның зығырданын қайнатып, жүйкесін қоздырады.

Бірде Пушкин аялдамасынан №12 маршруттағы №559 АН автобусына міндім. Тап сол көлікке мінбей-ақ қойғаным дұрыс болады екен. Орындыққа орнығып үлгерместен кондуктордың шаңқылдаған дауысы құлаққа түрпі естілді. Аялдамалардың атауларын барынша дауыстаңқырап атауда. Жарайды, дауысы солай болар деген оймен мән бермей отыра бердім. Әлгі аялдамалардың атауларын жаңылмастан қайталап әлек. Құлағым «Электрон», «Киселева», «Спутник» дегендерді шалып қалды. Бұл қалай болғаны? Қазір «Киселева» деген де, «Спутник» деген де аялдамалар Ақтөбеде жоқ. Ол анық. Себебі маршрут сызбасында «Ш.Қалдаяқов», «Студенттер» аялдамасы деп тайға таңба басқандай жазылып тұр. Шыдай алмай тағы сөйлеп едім, «Шәмшіңді маған айтпа, керек етсең үйіңдегі балаңа айт, мен оны білмеймін, білгім де келмейді», десі бар ма. Мен шыдамадым.

— Айналайын, Республика Әнұранының авторын қорладың ғой. Сотталып кетемін деп қорықпайсың ба? – дедім. Бұдан әрі әңгіме жалғаспай қалды. Себебі мен, өзім түсетін аялдамама жетіп қалыппын.

Иә, естімеген елде көп дегендей жүре берсең көре береді екенсің. Бұдан былай аялдама атауларына ден қоя бастадым. Ш.Қалдаяқов аялдамасының тағдырымен тағдырлас аялдамалар Ақтөбе қаласында жетіп артылады екен.

Мысалы: «М.Мәметова» аялдамасы – «Мега» болып кетіпті, ал «Ғ.Ибатов» аялдамасы – «ДСК» болып орнығып алыпты, «Облыстық филармония» – баяғы «Химигін» ұмыта алмай жүр. Мұндай мысалдарды көп келтіруге болады.

Елім-жерім деп егілген, жүрегін жұдырығына түйіп, қалың қарды төсек етіп, «максимкасын» жастық етіп жастанып жүріп жауына қасқайып қарсы тұрған, елін жаудан азат ету жолында ерлікпен қаза болған батыр апамыз Маншүк кейінгі буын бұлайша қорлайды деп ойламаған болар.

Аялдамалардың атауларының дұрыс аталмауы «Автопарк» ЖШС басшылығы тарапынан да болуы мүмкін деген пікір де жоқ емес. Менің пайымдауымша, жұмыс беруші басшылық қызметтегілердің ішінен біреу кондукторлардың бәріне «Осылай атаңдар» деп күнделікті шегелеп тапсырып отыратын секілді. Біреуге айдар тағып айыптаудан аулақпын, әрине. Дейтұрғанмен, әлгіндей түйткілдің орын алуы әбден мүмкін. Бұл мәселе тереңірек зерттеуді талап етеді.

Осы арада тағы бір сұрақ туындайды. Қалың бұқарамен күнделікті жұмыс жасайтын қызмет көрсету саласындағы қызметкерлер мемлекеттік тілде емін-еркін қарым-қатынас орната алатындай дәрежеде қазақ тілін білуі шарт. Әсіресе соңғы жылдары Ақтөбеде орыс тілін нашар білетін шалғай елді мекендерден көшіп келген  қандастарымыздың саны артқаны байқалады. Қазақша білмейтін сатушыларға, кассирлерге, кондукторларға байғұстардың бар орысшаларын шығындап түсіндіруге бәйек болып, ақ тер-көк тер болып жатқанын көргенде төбе құйқаң шымырлап кетеді. Халыққа қызмет көрсетіп жүрген автобус кондукторлары арнайы дайындықтан өткен бе? Олар өздерінің міндеттері мен құқықтарын біле ме? Заңды белшесінен басуларына, билеттерді біреулерге берсе, енді біреулерге беруді ұмытып кететіндеріне немесе қажет санамайтындарына қарағанда міндеттерінен бейхабар-ау деген ой ұялайды.

«Киселев» және «Спутник» атауларына келетін болсақ, ономастикалық комиссия мүшелері мен қалалық мәслихат депутаттарына айтар ұсынысым бар. Киселев көшесін ерлігі Еуропаны тамсандырған, аты аңызға айналған Қасым Қайсенов ағамыздың атына өзгерту керек деп есептеймін. Себебі осы көше қалалық әскери коммисариаттан бастау алады, ал Қасым аға мұндай құрметке әбден лайық ерлігімен елге танымал халық қаһарманы, қазақ ұлтының  адал перзенті.

Енді «Студенттер» («Спутник») аялдамасы төңірегінде. Бұрынғы «Спутник» дүкені де, кезіндегі студенттер жатақханалары да қазір жоқ. Есесіне қазір ол аялдама маңына өте жақын орналасқан тілге тиек етерлік нысан бар. Олардың бірі 2015 жылы қазан айының бірінші жұлдызында салтанатты түрде ашылған Тілеу батыр атамыздың ескерткіші болса, екіншісі осы ескерткіш Тілеу батыр көшесінің бойында тұр. Сондықтан да «Тілеу батыр» аялдамасы деп өзгерту өзінен-өзі сұранып-ақ тұр.

Қала әкімшілігінің және «Автопарк» ЖШС басшыларының назарына және бір ұсынарым бар.

Біреулер «Нұрдаулет» аялдамасының қақ маңдайына «Океан аялдамасы» деп, бадырайтып жазып қойыпты. Бұны қалайша түсінуге болады? Ақтөбе қаласының кез келген тұрғыны ойына келгенін істей бермек пе?

Тағы бір мысал, үстіміздегі жылдың қыркүйек айының орта шамасы болатын. Мен немеремді балабақшадан алып «Электрон» аялдамасына таяп қалғанмын. Біз жеткенше №12 автобус жүріп кетті. Сол автобустан түскен жасы 40-45 шамасындағы қазақ жігіті маған жолығып:

– Шәмші Қалдаяқов көшесін айтып жібермейсіз бе?, – деді.

–Жаңағы автобусыңнан келесі аялдамадан түскеніңде дұрыс болатын еді. Аялдаманың аты да Шәмші ағаның атында. Енді келесі көшеге дейін ілгері жүресің Ш. Қалдаяқов атындағы көше сол, — деп, жол нұсқап жібердім.

Осы уақытта аялдамалардың атауларының дұрыс аталмауы салдарынан адасушылар да аз еместігіне көзім тағы бір жетті.

Иә, өз көлігіңмен жүрген әлдеқайда тыныш екен. Ең болмағанда осындай заңбұзушылықтарға кезікпейсің. Жолдағы жиі болып тұратын көлік кептелістерін есепке алмасаң, әрине…

 Көшкінбай АХМЕТОВ,

«Парасат-Ғылым» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

                                                           

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button