Әлеумет

Ісмер жеңгелердің жұрнағы

Кәсіп

Бірде «Мега шығыс» сауда үйін аралап жүріп, әдемі қазақ ұлттық киімдері ілулі тұрған бутиктің қасынан шығыппын. Әсемдігі бірінен-бірі өтетін ұлттық киімдер көздің жауын алады. Сатушы бойжеткен «мынау — қалыңдық көйлегі, ал мынау — шай құйғанда киетін көйлек» деп таныстырды.

Өзі сондай көйлектің бірін әшекейлеп отырғанын байқадым. «Қыздың көзі қызылда» демей ме, көздің жауын алатын дүниелерді айналшықтап, біраз тұрып, телефонын жазып алдым.

Кейін барып, таныстым, әңгімелестім. Гүлмира Көшербаева — Маңғыстаудың қызы. Жаңаөзен қаласында, отбасындағы төрт баланың кішісі әрі еркесі боп өскен ол 2003 жылы Ақтөбедегі «Қайнар» университетінің экономика факультетіне түсіп, оқуын бітіріп алады. Оқып жүріп, ақтөбелік жігітпен жұбы жарасып, ұзатылады. Өзінің айтуынша, бәрі де содан басталады.

Ол барлық қыздар секілді, қалыңдық көйлегінің ең әдемі болуын қалап, ұзатылу және үйлену тойларына қазақтың ұлттық киімін киіп шыққысы келеді. Анасы Айтбибі тігінші болғасын, киімдердің қалай тігілетінін кішкентайынан көріп өскен, тігін сырына қанық Гүлмира талғампаз боп өссе керек, әрі іздеп, бері іздеп, Ақтөбеден көңілінен шығатын, өзіне қонымды бір ұлттық көйлек таба алмайды. Содан 2006 жылы анасының тігінші құрбыларына қалыңдықтың ұлттық киімін тіккізіп, ұзатылу тойына киіп шығады. Одан жігіттің үйіндегі тойда киеді. Көрген адамдар қалыңдықтың өзіне де, алтынға малғандай ұлттық киіміне де көзайым боп, тамсанады. Тіпті, «қайдан алдың, қайда тіккіздің?» деген сұрақтардың астында қалады. Гүлмира сол кезде халықтың ұлттық киімдерді де бір мезгіл киіп шыққысы келетінін, яғни сұраныс барын түсінеді.

— Былтыр қайын апам ұзатыларда ұлттық киім іздеп едік, таба алмадық. Ол да Ақтаудың тігіншілеріне тапсырыспен тіккізіп киді. Ақтөбеде ұлттық киімдер тігумен айналысатын адамдар өте сирек. Себебі, оны күнде киіп шыға алмайсың. Ал тойларда, Наурыз мейрамында немесе сахнаға киіп шығу үшін адамдар сатып ала бермейді, сағаттап жалға алады. Сондықтан да ательелер көбіне ұлттық киімдерді тапсырыс болмаса,  тіге бермейді. Ал біздер тігіншілердің тігіп бергенін халыққа әшекейлеп, зерлеп, сұранысына қарай қайта өңдеп, безендіріп ұсынамыз. Біздер жалға беретін киімдерді де арнайы тіккізіп, әшекейлеп қоямыз. Ұлттық киімдерді 40 мың теңгеден жоғары бағаға сатамыз. Ал жалға 5-7 күнге береміз, ол кездегі баға 20 мың теңгеден жоғары болады, тұтынушының таңдаған көйлегіне қарай бағасын да келісуге болады, — дейді Гүлмира.

Он саусағы өнерлі жас ісмердің қолынан шыққан әсем дүниелерді көріп, көзайым болдық: жеңсіздер мен камзолдарды, кәжекейлер мен бешпенттерді кестелеп, кейбіріне бағалы аң терілерін салыпты, оюлардың үстінен ірілі-ұсақты моншақтар мен түрлі-түсті шыны түтіктерді (стеклярус) қатар-қатар келістіре жүргізіпті, үйлесімін тауып орналасқан сан алуан тастар да киімнің көркін арттыра түскендей. Қос етекті көйлек пен қамажай көйлектерді де әсемдеп қойыпты. Бұл жердегі бас киімдердің өзі бір әлем. Қыз бөрігі бар, сәукелесі бар және алты қиықты бөрігі бар, әрқайсысы өзінше әдемі. Оның бәрі Гүлмираның көз сүзгісінен —  қайта қарауынан өткен дүниелер, бәрінде де қолтаңбасы бар. Гүлмира осы дүниелердің ішіндегі қамажай көйлек пен қыз бөріктің сұранысқа ие екенін де айтты.

Жасы жетпістің үстіне шыққан қала тұрғыны Айнаш әже — осы жердің тұрақты тапсырыс берушісі. Әжені осы бутиктен кездестірдік, өзі тапсырған дүниелердің қашан дайын болатынын сұрауға келіпті. Байғанин өңірінен қалаға көшіп келген Айнаш әже аудандық ІІ разрядты ательеде 33 жыл тігінші боп жұмыс жасағанын,  кәсіби дағдыдан болса керек, әйтеуір, киімнің тігісіне, матасына, оюларына бәріне де талғаммен қарайтынын айтады. «Осы жердегі Маңғыстау тігіншілерінің қолынан шыққан киімдердің көбіне кестелері мен оюлары көңілден шығады. Сондықтан да осы қыздарыма тапсырыс беремін. Наурызда, тіпті отбасылық тойларда әжелердің ұлттық оюлармен безендірілген киімдерін киіп отырғаны жарасымды емес пе?» — дейді тәжірибелі тігінші.

Бала күнінен тігіншінің құралдарына көзі де, қолы да үйреніп өскен Гүлмира анасына көмектесіп, үйдегі терезе жапқыштың шеттерін тігіп, шалбар мен юбка қысқарту секілді шаруаларды да жасай береді. Ал саудаға шығарып отырған қазақ ұлттық киімдерін өзі тікпейді, тек тапсырыс берушінің қалауына қарай қайта өңдеп, әшекейлеп, «шекпен жауып», халыққа ұсынады. Өзінің «экономист» деген жазуы бар табақтай дипломы бола тұра, өз мамандығымен емес, нарық талабына сай қажет тұсты дөп басып, халық сұранысын қанағаттандыруда.

Асқан төзімділік пен еңбекқорлықты талап ететін кәсіпті таңдаған Гүлмира көз майын тауысса да, әдемілік сыйлап, жұрттың көңілін көтеретін іспен айналысып отыр. «Адам көркі — шүберек» емес пе? Үсті қызылды-жасылды тастармен көмкерілген көйлек ерекше көрік береді. Көркем киімді сұлу қыз кисе, одан сайын тотыдай құлпырып шыға келмей ме? Ал сұлулыққа жаны құштар Гүлмира бұрымдыларға осындай үйлесімділік сыйлағаннан ләззат алады. Әрі сауда, әрі жан қалауы!

Қолына сабақтаулы ине ұстап, киімінің тігісінен сөгіліп кеткен жерін тігіп алатын қыздар азайған шақта Гүлмираның істеп жүрген кәсібі қазақтың әр қызына үлгі болмақ. Ол — Ақтөбенің келіні, қолынан іс келетін ісмер келіншек!

Гүлмираны жүн жуып, оны бояп, түрлі-түсті кілем тоқитын шебер әжелер мен құрақ көрпелер жасап, кесте тігетін, ою-өрнек ойып, оны безендіретін ісмер жеңгелердің жұрнағы десе де болғандай.

***

Етікші Күләш

Өмірде аяқ киім мәселесімен бас ауыртпаған адам кемде кем шығар. Жылдың төрт мезгілінде де адамдар басқа қымбат киім алмаса да, қандай да болсын бір аяқ киім сатып алатыны даусыз. Кейде туфлидің, етіктің тақасы сынып немесе мүжіліп, жыртылып қалып жатады. Әрине, ондайда аяқ киімнің барар жері — жөндеу шеберханасы.

Қаламыздағы Абай даңғылы мен Тургенев көшесінің көне тұрғындары осы аудандағы «Анвар» супермаркетінің жанындағы маңдайшасында «Аяқ киім жөндеу» деген жазуы бар дүңгіршекті жақсы біледі. Мен де іздеп бардым.

Етікшінің бәрі ер адамдар болады деп ойлаушы едім. Олай болмай шықты…

Бізбен әңгімелесуге келіскен Күләш бір қолына аузы ашылған етік, бір қолына біз ұстап, күндегі әдетімен өз жұмысын жасап отырды.

Күләш Садығалинаның мамандығы — техник-технолог. Қаламыздағы «Пушинка» тігін фабрикасында 16 жыл жұмыс жасаған ол бір жылдары қысқартуға ұшырайды. Содан 20 жылдай етік тігіп, аяқ киімдерді жөндеумен айналысқан бауыры Амандық «осы кәсіпті үйреніп алсаң, өз күніңді өзің көресің» деп, ақыл-кеңес айтып, етікшінің жұмысына баулып, үйреткен. Кейін ол ағасы қайтыс болады.

«Құрал-саймандардың бәрі де ағамдікі. Кезінде өзі үйреткен кәсіпті жалғастырып келеміз. Бұл кәсіппен нәпақа тапқанымызға да бес жылдан асып барады. Үш жылдан бері маған ұлым Нұрдәулет көмектеседі. Ал жөндеуге қажетті материалдарды Ресейден алдыртамыз. Кенже інім Кенжеғали Орынборға қатынап, қаладағы аяқ киім жөндейтін етікшілерді материалдармен қамтамасыз етеді. Біз де соған тапсырыс береміз. Ол әуелі осы материалдарды тасымалдаумен айналысып жүрді, кейін аяқ киім жөндеу шеберханасын ашып алды. Біздерден қолдан келген көмегін аямайды. Өзіміз де клиенттерді жоғалтып алмас үшін, арзан материалдарға жоламаймыз», — дейді Күләш.

Етікші кәсібі — маусымдық жұмыс. Көбіне көктем мен күз  айларында тапсырыс көбейеді. Ал қысқа ерте қамданған жұрттың көбі аяғы тоңбас үшін тәуірлеу етік сатып алады, сосын жөндеу жұмыстары да азаяды. Ал жазда халық аяқ киім жөндетпейді. Арзан әрі бір-ақ күндік аяқ киімдерді әлсін-әлсін алмастырады.

Қазір шағын дүңгіршек іші қысқы аяқ киімдерге толы: тақасы сынған, замогы жасамай қалған, табаны ашылған, терісінің түсі кеткен, т.б. Бір бұрышта — қол машинасы, бір бұрышта — шар қайрақ, етікшілер «88» атап кеткен аяқ киім желімі де өз орнын тауып тұр. Аяқ киімдердің исі мен желімнің исі де қолқаны алады, бас ауыртады. Шар қайрақтың шуылының өзі құлақтың құрыш етін жеп, басыңды мең-зең қылады. Алайда көп жылғы еті үйренген кәсіп туралы Күләш ананың өзі: «Әрине, денсаулыққа зияны бар ғой. Сондықтан демалып алып, ауанмен жұмыс жасаймыз. Тіпті, кейбіреулерде желіммен жұмыс істегенде немесе кейбір етіктердің терісі мен жүндерінен аллергия да болуы мүмкін. Біздер үйрендік. Әйтсе де желдеткішті ашып алып, бір мезгіл ішті таза ауаға толтырып алуды да ұмытпаймыз», — дейді.

Жөнделетін аяқ киімнің жұмысына қарай етікші қызметіне 200-500 теңге алады. Күләштің айтуынша, бір күнде ең аз дегенде он шақты етік жөнделеді екен. «Біздің аудан — зейнеткерлер ауданы ғой. Тапсырыс берушілеріміз — әлсіз әлеуметтік топ. Алайда бұрыннан бері танитын болғандықтан, әрі қызметімізге риза болғандықтан болар, әйтеуір, әжелеріміз «қызым, қызым» деп, кейде етіктеріне фамилияларын да жазбай, сеніп, тастап кетеді. Кейбір таныс әжелеріміз «шай ішіңдер» деп, тосаптарын да әкеп беріп жатады», — дейді етікші Күләш.

Күләш ана жолдасының қайтыс болғанын, үш баласының ер жеткенін де айтты. Өздері ескі қалада тұрады. Әйтсе де несібесін осы кәсіптен тауып отырған Күләш ана мен ұлы Нұрдәулет жұмыс уақытының тәртібі бойынша ертеңгі сағат 10.00-де аяқ киім жөндеу дүңгіршегінің терезесін ашады. Тапсырыстың ретіне қарай, жұмыстарын аяқтап, кешкілік үйлеріне қайтады.

Өз тірлігін өздері жасап жүрген осындай ана мен баласын көргенде, «жұмыс жоқ, жұмыссыздық көп» деп байбалам салатындарға «адал еңбекпен тапқан нан тәтті» дегің келеді. Әсіресе, әйелінің мойнына бар жүкті артып қойып, жалқаулыққа бой ұрған кейбір ер адамдарға ой салар.

Қарапайым етікшінің кәсібі — «екі қолға бір күрек» іздеп жүрген жандар үшін де маңдай тер мен адал еңбектің тағы бір үлгісі болмақ.

Бетті әзірлеген Айнұр ЖАЛМАҒАНБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button