Ағылшындар бар-жоғы бір гол соқты

Еуропа чемпионаты
Ақтөбе жанкүйерлері бейсенбі күні зор футбол мерекесін тамашалады. Бұрын Астанада немесе Алматыда өткізіліп жүрген халықаралық кездесулер енді Ақтөбеге келді.
Біздің шаһарымыздың жанкүйерлері еліміздегі ең қызуқанды, ең жанашыр көрермендер екендігін жақсы білетін облыс басшылығы қалалықтарға, олар ғана емес, жалпы облыс тұрғындарына осындай мереке сыйлады. Бұл сыйды жерлестеріміз ыстық ықыласпен қабылдады. Стадионда ине шаншар жер қалмай, жас футболшыларымызға 90 минут бойы 12 мың жанкүйер, әсіресе, «13-сектор» жанкүйерлері көрсеткен қолдау шырқау шекке жетті. Қазақстандағы футбол стадиондарында трибунадағы дүбірдің мұншалықты айбынды болған сәттері көп кездесе қойды ма екен?!
Иә, сонымен қазақстандық жастар құрамасы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде ағылшындық бәсекелестерін Қобыланды батыр атындағы орталық стадионда қабылдады.
Рас, кездесу алдында жас ағылшындардың бас бапкері де, футболшылар да Қазақстанның жастар құрамасы жөнінде ілтипатпен сөйледі. Бірақ бұл тіпті де сескенудің белгісі емес еді. Солай болды да. Ойынның 6-минутында-ақ Нэтан Редмондтың айып алаңына асырған добын Станислав Павлов қорғаған қақпаға Демерай Грей лып еткізіп өткізді де жіберді — 0:1.
Бұдан кейін де сол Грей мен оның әріптестері біздің қақпамызды торуылдаумен болды. Бірақ олар есепті еселеудің мүмкіндіктерін таба алмады. Бұл ретте Станислав Павловтың шеберлігіне ризашылық білдірген жөн.
Әрине, бір гол есебімен ұтылу біздің жігіттеріміздің келешегінен түңілдірмейді. Бұл, бір жағынан, біздің құраманың қорғанысы тәуір екенін мойындатады. Жалпы ағылшындарға көп гол соғарлықтай еркін мүмкіндіктер берілмеді де.
Дегенмен біздің жастарымыздың шабуылдағы әлсіздіктері, жасырып қайтеміз, көзге көрініп тұрды-ақ. Бұл ретте Әлішер Сүлей мен Абат Айымбетовтың, сондай-ақ Рафкат Асланның соққыларын ғана бір қолдың саусақтарымен тез санап шығуға болады. Ал таза есепке жүгінсек, ойын уақытының 76 пайызында доп қонақтардың иелігінде жүрді. Қақпаға тура, жанай бағытталған соққылар есебі де солай.
Дегенмен, қалай болғанда да, қазақстандық жас өрендер футболдың отаны саналатын Англия құрамасынан мықтап соққы жей қойған жоқ. Әзірге осы қалпымызды қанағат ете тұрамыз.
Қазақстан U-21-Англия U-21 — 0:1
Гол авторы: Демарай Грей, 6-минут (0:1).
Ескерту қағазын алғандар: Г.Сартаков, 30-минут, Ә.Сүлей, 38-минут, Я.Вороговский, 44-минут, Д.Жалмұқан, 74-минут (Қазақстан) — Р.Холдинг, 4-минут (Англия).
Қазақстан U-21: Станислав Павлов, Рафкат Аслан, Тимур Рудосельский, Григорий Сартаков, Алтынбек Сапаров, Мирас Тулиев, Максис Федин (Абат Айымбетов, 74-минут), Әлішер Сүлей (Дидар Жалмұқан, 46-минут), Еркебұлан Тұңғышбаев, Берік Шайхов, Ян Вороговский (Қуаныш Қалмұратов, 85-минут).
Аға бапкер Вахид Масудов.
Англия U-21: Фредди Вудмен, Холгейт, Брендан Гэллоуэй, Нэтэниэл Чалоба, Калум Чемберс, Роб Холдинг, Льюис Бейкер, Джеймс Уорд-Проус, Демарай Грей (Тэмми Абрахам, 85-минут), Рубен Лофтус-Чик (Данкан Уотмор, 73-минут), Нэтан Редмонд.
Бас бапкер Айди Бутрод.
Бас төреші: Сергей Лапочкин (Ресей)
6 қазан. Ақтөбе. Қобыланды батыр атындағы орталық стадион.
Ал бұған дейінгі кездесулер төмендегідей есептермен аяқталған болатын:
2 қыркүйек 2015 ж.
Босния және Герцеговина-Қазақстан — 1:2
7 қыркүйек 2015 ж.
Қазақстан-Швейцария — 0:1
9 қазан 2015 ж.
Норвегия-Қазақстан — 2:1
13 қазан 2015 ж.
Англия-Қазақстан — 3:0
25 наурыз 2016 ж.
Қазақстан-Босния және Герцеговина — 0:0
2 қыркүйек 2016 ж.
Швейцария-Қазақстан — 3:0
Осылайша Қазақстан жастар құрамасы соңғы кездесулердің алдында өз тобындағы бес команданың арасында төрт ұпаймен төртінші орында тұр.
Қазір жастарымыз алдағы сейсенбі күнгі ойынға дайындалуға кірісіп кетті. Осы Қобыланды батыр атындағы орталық стадионда 11 қазан күні біздің жастар Норвегия құрамасын қабылдайды. Бұл күні де біздің жанкүйерлеріміз барша жұртқа тағы бір шын жанашырлықтың үлгісін көрсететіндігіне еш күдігіміз жоқ.
Ертай АШЫҚБАЕВ.




