Әлеумет

Бұқара

  • Ниет

Құрбан айтпен қатар келген қуаныш

«Құлтас баба» мешітінің имамы Мейрамбек Құрманалин Құрбан айт мерекесі қарсаңында Белқопа орта мектебіне келіп, оқушылармен кездесіп, имандылық, адамгершілік тақырыбында әңгіме өрбітті.

Айт меркесінің мән-мағынасын жан-жақты түсіндірді.

Құрбан айт — мұсылмандардың ұлық мерекесі. Дүйім мұсылмен баласы пайғамбарлардың ісін жаңғыртып, Алла жолында құрбандық шалу арқылы бір-бірін дінге беріктік танытуға шақырады. Құрбандық шалуға жағдайы жоқ кісілерге жасалған бір жеңілдік — Айт күні жуынып, шайынып, тазалану. Себебі, бұл тазалық оларға құрбандық шалғандай сауап әкеледі, — деді мешіт имамы.

Сонымен бірге Құрбан айт мерекесі қарсаңында аулымызда қаншама жылдан бері шешімін таппай келе жатқан телефон қондыру мәселесі оң шешім тапты. Белқопа аулында бірінші кезектегі 28 үйге Қазақстан Республикасы Үкіметінің ауыл-аймақтарды телефон желісімен қамтамасыз ету бағдарламасы шеңберінде құрылғылар орнатылды. Құрбан айтпен қатар келген бұл жаңалық ауыл тұрғындарына зор қуаныш сыйлады. Құрбан айт күні ауылдағы Алланың ақ үйінде құрбандық шалынып, жиналған жамағат айт намазын оқыды.

Ерболсын КӨБЕКОВ,

Белқопа мектебінің директоры.

Әйтеке би ауданы.

  • Жаңғырық

Майдангер жеті қыздың бірі

Біз соғыс туралы кітаптан ғана оқыдық. Бірақ қан майданда отқа оранып, кеуделерін оққа тосқан кейбір жауынгерлердің мәліметтері бізге беймәлім. Әсіресе, майдан шебінде қарша бораған оққа қаймықпай қарсы тұрған қыз-келіншектеріміз туралы дерек аз. Жақында редакциямызға Алға ауданының Бестамақ аулынан Ұлболсын Сұлтанова әжеміз келіп, майдангер жеті қыздың бірі — Бағдагүл Оразбағамбетова туралы сөз етті.

Ұлболсын әже әңгімесін соғыс жылдарындағы ауыр күндерден бастады. Елдің арқа сүйер азаматтары майданға аттанғанда, қыз-келіншектердің ауыр қара жұмыстар жасап, қиындық көргенін айтты.

— Соғыстың қалай басталғаны әлі көз алдымда. Әкем темір жолда жұмыс жасайтын еді. Бірде Мәскеуге қыдырып бармақ болып жолға шықтық. Қай қала екенін білмеймін, әйтеуір, пойыздан түскенімізде радиодан соғыстың басталғаны туралы хабарлады. Вокзалдың іші ығы-жығы. Таң ата аяқ-қолын, басын таңған жаралы жауынгерлерді әкеле бастады. Баламын ғой, соғыстың не екенін білмесем де, жағымсыз хабар екенін сездім. Төрт күн дегенде аулымызға әзер жеттік. Ауылдағы ер кісілердің барлығы  соғысқа аттанғандықтан, қыз-келіншектер, бала-шағалар қара жұмысқа жұмылды. Мен де екі жыл қатарынан темір жолда жұмыс жасадым. Сол уақытта не бары 17 жаста едім. Екі жылдан кейін табельші болып орналастым. Барлық жауапкершілік менің мойныма артылды. Адамдардың барлығы әлсіз, қарындары аш. Қардың суына тұз салып, үлкен ыдысқа қайнатып ішетінбіз. Барлық ауылдың тұрғындары осындай ауыртпалықты бастарынан өткерді.

Соғыс кезінде ер-азаматтармен бірге майданға аттанған қыздарымыз да бар. Жақында «Ақтөбе» газетінде (№137-138) жарияланған «90 қыздың тағдыры немесе Ұлы Жеңістің ұмыт қалған тұстары» атты мақаланы оқыдым. Бұл мақаладағы майдангер жеті қыздың бірі, бүгінде бақилық болған — Бағдагүл Оразбағамбетова. 1943 жылы 18 жасында өз еркімен соғысқа аттанған Әлия мен  Мәншүктің құрбысы Бағдагүл туралы дерек аз.

Мен онымен соғыстан кейінгі жылдары таныстым. Ол ұзын шашты, қара торы келіншек болатын. Біз Алға ауданы «Темірши» кеңшарында бірге тұрдық. Бағдагүл өте ашық, ақкөңіл, әңгімешіл адам еді. Бірақ соғыстың ауыр күндеріндегі басынан өткен оқиғалары туралы бізге тіс жармады. Бәлкім қорқатын шығар дей ме, әлде ауыр күндерді ойына алғысы келмей ме, әйтеуір, бізге өзінің қай жерде майданда болғанын айтпады. Ол ауылдағы үлкен дүкенде сатушы болып жұмыс жасады. Кейін біз екі өлкеге қоныс аудардық. Одан кейін Бағдагүлді көрген емеспін. Бағдагүлдің өмір жолы туралы деректі бала-келіндері білуі керек. Мен көрген-білгенімді айтуға газет редакциясына арнайы келдім, —  дейді Ұлболсын әже.

Қанды қырғын соғыста елін жау қолынан азат етуге қатысқан біздің нәзік жанды қыздарымыз туралы деректер жоқтың қасы. Майдангер қыздар туралы ақпар білетіндер редакцияға хабарласса екен.

Айгүл ЖҰБАНЫШ.

  • Жүрек жылуы

Үрзимат пен гүлсімнің сыйлықтары

Құрбан Айт мерекесі күні жылдағы дәстүрін жалғастырған ақтөбелік Үрзимат пен Гүлсімнің отбасы өткен жұмада Алға балалар үйінің тәрбиеленушілеріне демеушілік көрсетті.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ жүк тасымалдау филиалының басшысы Үрзимат Жүнісұлының зайыбы — жеке шаруасын дөңгелентіп, қоралы малын бағып, көлемді аумаққа егін сеуіп отырған кәсіпкер. Бұл отбасы мұсылмандардың қасиетті мейрамында мемлекет бағымындағы балаларды кезекті рет шаттыққа бөледі.

Алдымен тәрбиеленушілерге қыруар теңгенің ойыншықтарын, сәнді киімдерін табыстаған отбасы мүшелері балалар үйінің ұжымына мақсаттарын айтты.

— Бабамыз салған сара жолдан таймаған дарқан халқымыз қашан да жетімдерін жылатпауға күш салған. Сондықтан да біздің көмегіміз байып-тасығанның белгісі емес. Бұл — Жаратқанға сыйынып, үш баламыздың амандығын ойлап, Алланың бергеніне қанағат қылғандығымыз. Әу бастан, қамкөңіл жандарға аялы алақан қажет екендігін ұққандықтан ғана Алматыда болған кезімнен бастап қарттар үйіне, мүгедек балаларға көмектесіп келемін. Еліміз кемеліне жетіп, кәсіпкерлер аяқтарына нық тұрған уақытта жетімдердің материалдық кіріптарлығы болмауы тиіс, — дейді Үрзимат Махатов.

Қонақтарын құшақ жая қарсы алған балалар үйінің директоры Кенжеғазы Байғазин алдымен қамқоршыларды мекеменің тыныс-тіршілігімен таныстыра келе, риясыз алғысын айтты. Ол жыл сайын Құрбан айт мерекесі қарсаңында демеушілердің әдеттегіден көп болатындығын жеткізді. Мысалы, былтыр осынау мереке күндері балалар үйінің ауласында жетпіске тарта ұсақ мал құрбандыққа шалынған. Әрине, 400-ден аса бала тәрбиеленіп жатқан мекеме үшін бұл көп те азық емес. Алайда балалар үйінің ұжымы мұсылмандардың имандылыққа бет бұрып, мұқтаж жандарға көптеп көңіл бөле бастағандарына қуанышты.

Жұма күні Махатовтар отбасы да осы аулада ата-баба рухына бағыштап құран оқып, арнайы апарған ірі қараны құрбандыққа шалды. Қарапайым отбасының бұл ісі көпке үлгі боларлық. Игілікті істің сауабын айтпағанның өзінде, балалардың нәзік жүрегінен шыққан тілектері Алланың құлағына шалынары анық.

Дидар САҒЫНАЕВ.

  • Пікір

«Ойсылқараны» кім ойлайды?

Бұрынғы Жамбыл атындағы ұжымшардың тарихы тым әріден басталады. Бүгінде бұл мекен Ойсылқара аулы деп аталады.

Табиғаты көз тартар бұл өңір жайлы деректер кейінгі кезде ғылыми-зерттеу жұмыстары мен баспасөз беттерінде жарияланып жүр. Бұған қоса Ойсылқара әулие жайлы халық аузында айтылатын аңыздар да баршылық. Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, Ойсылқара әулие кісі болған. Әулиені  Мұхаммед пайғамбардың  өзі жақын тартып,  жейдесін сыйлағандығы да жиі айтылады.

Ауыл аудан орталығы — Хромтаудан оңтүстік-шығысқа қарай 35 шақырым қашықтықта орналасқан. Мұнда ұзындығы 103 шақырымды құрайтын Ойсылқара өзені бар.  Өзен жайлы ХІХ ғасырдың 80-90 жылдары орыс саяхатшысы И.Бларамберг өзінің зерттеу күнделігіне: «Суы тұщы, жағасын тал-теректер, ну қамыстар, көк құрақтар көмкерген»,— деген жазба қалдырған. Осы өзеннің сол жақ жағалауында 100 метрдей қашықтықта биіктігі 4 метр болатын биік төбе басында «Ойсылқара обасы» орналасқан.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары  облыстық тарихи-өлкетану мұражайының  сол кездегі директоры, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Р.Ілиясованың бастауымен тарихи мұраларды зерттеу мақсатында Ойсылқара өңіріне арнайы экспедиция келген болатын. Зерттеу нәтижесінде Ойсылқара обасы  республикалық дәрежеде маңызы бар тарихи-археологиялық ескерткіштер қатарына алынған.

2005 жылдың 15 шілдесінде әулие басына «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында белгі орнатылып, құлпытас қойылып, ас берілген-ді. Бұдан бұрын оба басына ақтөбелік Ділдара есімді «емші» екі бөлмелі қоржын үй салдырып, өзінше құлпытас қойды. Бірақ бұл қойған құлпытаста қазақша мәтіндегі әлдебір әйел есімі жазылған. Бұл құлпытастың әулие басында неге тұрғаны түсініксіз. Түнемелікке зиярат етіп келушілер бұл жерге де ақтық байлайды. Әулие басында арнайы шырақшы да жоқ. Өткен жылдан бері жап-жас әйелдер «шырақшымыз» деп бұл маңнан жиі көрініп жүр. Оба орналасқан төбенің етегіндегі өзен жағасына жуынатын жер есебінде кірпіштен қалап, шағын үйшік салған. Келушілер осы жерде үстеріне су құйып, сол маңайға 50 теңгеден тастап кетеді. Ол қаражаттың кімнің пайдасына шешіліп жатқаны тағы беймәлім. Республикалық деңгейде қорғауды қажет ететін тарихи ескерткіштің қолжаулыққа айналғанына қынжыласың. Тарих сырын ішіне бүгіп, ашық аспан астында шашылып жатқан тарихи өңірді халық игілігіне айналдыратын уақыт жеткен секілді.

С.АЛМАҒАМБЕТОВА,

тарих пәнінің мұғалімі.

Ойсылқара аулы,

Хромтау ауданы.

  • Байлық

Кітап оқисыз ба?

Осы сауал біраздан бері ойымнан шықпай-ақ қойды. Әңгімелескен қатар құрбыларымның барлығына осы сұрақты қоямын. Олардың арасында да «оқимыз» дейтіндері сирек. Көбісі сауал тастаған өзіме сұраулы жүзбен қарап: «Кітапты қайтейін деп ең. Барлығы да қазір ғаламторда толып тұрған жоқ па? Қазір кітаптың заманы емес, компьютердің заманы»,— деген секілді жауаптар қайтарады. Сонда Ұлы Абай атамыздың «Артық ғылым — кітапта» деген нақыл сөзінің де құны азайғаны ма?

Шындығында бүгінгі жастар кітаптарды іздеп оқымақ тұрмақ, газетте жарияланып жатқан азғантай әңгімелерге де, жаңалықтарға да назар аудармайды. «Жастар» деп барлығына топырақ шашудан аулақпын. Дегенмен, көпшілігіміздің кітаптың бетін ашып қарамайтынымыз шындық қой. Қазақта «Тыңдаушысыз сөз жетім» деген нақыл сөз бар. Қаламгер, жазушы аға-апаларымыз көзінің майын тауысып, том-том кітаптарды өздерінің атақтары үшін жазбаған шығар. Кітап біздей жастар үшін таусылмас қазына, ең үлкен байлық емес пе?

Сіздер қазір жандарыңызға серік етіп жүрген компьтердің ішінен бәрін де таба алатынымызға шүбә келтірмеймін. Бірақ ол неменің ішінде керегі жоқ жайттар да толып жүр, бір жағынан оның денсаулыққа да зияны орасан. Ал кітаптың ішінде керек емес сөз, қажет емес сөйлем болмайды.

Мүмкін өз ана тілімізде жазылған кітаптарды табу, оны сатып алу қиын дейтін боларсыздар. Рас, көшелерде, дүңгіршектерде сатылатын балаларға арналған кітаптардың көпшілігі өзге тілдерде. Бірақ бос уақыттарда кітапханаларға барып, қазақтың  көрнекті ақын-жазушыларының кітаптарын сұрап алып, неге оқымасқа? Білімнің бұлағы, тілсіз ақылман — кітаптан қол үзбейік, құрбылар.

Аманша СМАҒҰЛОВА,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік

университетінің студенті.

  • Ой тастау

Жеңгеңді жөнге сала алмаған ағаң да кінәлі

«Ақтөбе» газетінің №114-115  санында «Бұқара» бетінде жарық көрген Ақтөбе қаласының тұрғыны Мерекенің «Жеңгемдікі дұрыс па?» атты мақаласын кеш оқып қалып, өз пікірімді білдіргім келді.

Оқырманның ойында болса, Мереке мақалада жеңгесінің жағымсыз мінездерін, соның кесірінен кіші ағасы мен әкесінің үйсіз қалғанын көпшілікке наз ретінде жазған болатын.

Мереке, сен мақалаңда үлкен ағаңның қалада екі үйі, кафесі мен дүкені, қымбат көлігі бар екенін айтыпсың. Демек, ағаң ауқаттылар қатарында деп топшыладық. Ал іші тар үлкен жеңгеңнің қара шаңырақты да өз қызының атына аударып, ауылдағы үйді бұздырып, қаладан зәулім үй тұрғызғанын, сөйтіп әкесіне қарап отырған кіші ұлдың баспанасыз қалғанын қынжыла баяндағансың. Әрине, біреудің сыртынан ғайбат сөз айту айып. Сонда да сенің жазғаныңа қарап, «Ондай әйелден құдай сақтасын» дегеннен басқа айтарымыз жоқ.

Дегенмен, шаңырақтың тізгінін әйеліне ұсына салып, соның айтуымен отырып-тұрып жүрген, өз келіншегіне айтқанын жасата алмайтын ағаңда кінә жоқ дей аласың ба? Қанша жерден жеңгеңнің уысындағы намыссыз еркек болса да, туған әкесінің, ұялас бауырының тағдырына алаңдамайтындығына күйінеді екенсің. Қаншама келеңсіздіктерге куә болып отырған сол үлкен ағаң жөн сөзін айта алмайтын, жұбайын жөнге сала алмайтын болса, жеңгеңе өкпелегеннен ештеңе шықпайды. Бұл қатені, ең бірінші, сенің үлкен ағаң ретке келтіруге қадам жасауы керек. Әйтпесе, билік жеңгеңде тұрғанда кіші ағаң да, әкең де, тіпті сен де шайпау жеңгеңнің айтқанымен жүретін, соның айтқанымен демалатын боласыңдар, әлі. Бұл сендерді кеміткенім де, қайрағаным да емес. Тек қазақтың осыншама қауқарсыз, намыссыз ұлдарының ынжықтығына деген өкпем.

Жұмабай ӘБІШЕВ,

Тоғыз стансасы,

Шалқар ауданы.

  • Ілтипат

Мағыналы мерейтой

Жақында Хромтау ауданына қарасты Ақжар аулында  ұлағатты ұстаздар Кеңшілік Тәңірбергенов пен Қуаныш Сәрсембаевалардың шығармашылық кеші өтті. Қос ұстаздың 60 жылдық мерейтойына жұрт көп жиналды.

Кеңшілік Тәңірбергенов пен Қуаныш Сәрсембаеваларды ырғыздықтар жақсы біледі. Өнегелі ұстаздар Б.Алманов атындағы орта мектепте, Қаракөл және Қалыбай негізгі мектептерінде дәріс берді.

Қалыбай аулында жиырма жылдан астам ұстаздық еңбек еткен оларды күллі ауыл қадірледі. Қалыбайдың ауыл болып қалыптасуына, сондағы мектептің өсіп-өркендеуіне Кеңшілік ағаның сіңірген еңбегі зор. Қалыбайлықтар әлі күнге дейін бұл кісінің есімін мақтанышпен айтады. Ол мектеп директоры болған тұста сол кездегі Қалыбай сегіз жылдық мектебі аудан бойынша қай жағынан болмасын алдыңғы қатарлы мектеп болды. Басқасын айтпағанның өзінде, жері сортаң, суы ащы жерге тал-теректен басқа жеміс-жидек егіп, ауданның басқа мектептеріне үлгі болды.  Кейіннен ферма меңгерушісі болған кезде де ол өз ісінің шебері атанды. Тегеурінді тәртіп пен қатаң талап қоя білетін Кеңшілік ағай басқалардан да соны талап ететін.

Қазірде Хромтау ауданының Ақжарында тұратын Кеңшілік ағай мен Қуаныш апай әрқашан ел деп елеңдеп отырады. Соның бір айғағы, осы Ақжар аулындағы Кеңшілік Тәңірбергенов бастаған бір топ ырғыздық отбасы «Ырғыз» аудандық газетін жаздырып алып оқиды. Мұның өзі елге, жерге деген құрметтен туындайды.

Қазір қос ұстаз Ақжар орта мектебінде еңбек етеді.

Тұрсынбек БЕКЖАНҰЛЫ.

  • Тіл

Қазақша жарнамалардағы қателер

Бүгінде заманды жарнамасыз елестету мүмкін емес. Тауарлар мен қызмет түрлері тұтынушыларды өздерінің көздің жауын алар жарнамаларымен арбап, «Бәрі де жақсы боларына, бәрі де сенің қолыңда» екеніне сендіреді. Ал сол жарнамалардың қазақша мәтіндерін оқығанда немесе тыңдағанда күлкіңіз келмей ме?

Жарнамалардың қазақ тіліндегі мәтінінен кететін қателер жайлы бұдан бұрын да талай жазылып, айтылып жүр. Ақтөбе қаласының да көшелерінде кездесетін жарнамалардың қатеге тұнып тұрғанын үлкендер тұрмақ, біз секілді оқушылар да айқын аңғара алады.

Мысалы, Пацаев көшесіндегі АТФ банкі маңдайшасындағы «Бөлімше орталықтың» (орысшасы — «Розничный центр») дұрысы «Бөлшектеу орталығы» болуы керек. Сол секілді бір тұста «Кафесі «Асыл» кафе» деп жазылып тұр. «Асыл» кафесі» емес пе?

«Халық банкінің» бір жарнамасында «Сенімділік — сенім туғызады» деп аударылған сөйлем кездеседі. Орысшасы «Надежность рождает доверие» деген сөйлемді «Үміт — сенім туғызады» деген дұрысырақ шығар.

Жиі кездесетін қателер арасында тәуелдік жалғауының жетіспеуі де сөздің, сөйлемнің мағынасын түбегейлі өзгертіп жібереді. Мысалы, «Дәстүр дүкен» деп жазылған бір көшеде. Соны қатесіз «Дәстүр дүкені» деуге болатын еді. Тағы бір жерде «Кілем-ковры» деп тұр. Кілемнің көптік жалғауы қайда?

Бұл менің көзіме шалынған қателер ғана. Ал негізінде зерттеп, олқылықтарды жөнге салатын болса, жарнамалардың беті қып-қызыл қатеге толар еді. Сонда жарнама дайындайтын агенттіктерде қазақ тілінің маманы болмай ма? Тіл маманы болатын болса, неге осындай қателерге жол береді?

Тіл мәселесі әрбірімізді алаңдатар күрделі мәселелердің бірі екені даусыз. Ал тіл тазалығын сақтау сіз бен біздің ортақ борышымыз екенін ұмытпағанымыз абзал.

Балнұр ТІЛЕГЕНОВА,

№9 мектеп-гимназияның

9-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button