Лаңкестік үшін жаза күшейтіледі
Сәрсенбі күні ҚР Парламентінің Мәжілісі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Заң жобасын депутаттарға таныстыру барысында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Марат Қалқабаев: «Талқылауға енгізіліп отырған заң жобасы Қауіпсіздік Кеңесі отырысында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленді», — деп атап өтті. Оның айтуынша, Ақтөбе мен Алматыдағы соңғы оқиғалар экстремизм және терроризмге қарсы іс-қимыл саласында заңнамаға өзгерістер енгізу қажеттігін көрсеткен. Сондай-ақ, Марат Қалқабаев соңғы уақытта ғаламторда түрлі елдерде терактілер ұйымдастыру туралы сыбайластарына жолданған үндеулердің де көбейіп кеткенін айтты.
Сондықтан экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл, қару-жарақ айналымы және көші-қонды реттеу саласындағы қолданыстағы заңнаманы жетілдіру уақыт талабы болып отыр. Осы мақсатта әзірленген жаңа жоба бойынша, қолданыстағы 5 кодекс және 19 заңға өзгерістер енгізу қарастырылған.
Нақты өзгерістерге келсек, олардың қатарында мынадай шаралар бар:
— террорлық қылмыстар үшін жаза күшейтіледі. Бұл өзгеріс Қылмыстық кодекске енгізіледі. Экстремизм және терроризм үшін сотталғандардың дүние-мүлкі міндетті түрде тәркіленеді, яғни олар барынан айырылады;
— қару-жарақ айналымы мен көші-қон саласындағы тәртіп бұзулар үшін де жауапкершілік күшейтіледі;
— жеке тұлғаларды тіркеусіз тұрғызған үй иелері әкімшілік жауапқа тартылады;
— тир ашу және оның жұмысын жүргізу тәртібін бұзғаны үшін, сондай-ақ жеке күзет ұйымдары қызметкерлерінің арнайы киімін заңсыз кигені үшін әкімшілік жауапкершілік енгізіледі;
— қару-жарақ саудасын және оны сақтауды қадағалау күшейтіледі. Осы саладағы кәсіпкерлік қатаң бақылауға алынатын болады;
— қару-жарақ сататын дүкендердің орналасқан жеріне байланысты талаптар енгізіледі. Қару-жарақты оқтаулы, яғни атуға дайын күйінде сатуға тыйым салынатын болады;
— күзет ұйымдарына қойылатын талаптар да күшейтіледі. Азаматтарды күзетші етіп жұмысқа алудың нақты шарттары пайда болуы да мүмкін. Қару-жарақ, оқ-дәрі және жарылғыш заттар сақталған нысандар күзетшілеріне, бұл нысандарда дабыл қағылған жағдайда, бірден ішкі істер органдарына хабар беру міндеті жүктеледі;
— терроризм мен экстремизмге қатысы бар діни топтар мен бірлестіктердің қызметіне тыйым салынады;
— «Байланыс туралы заңға» өзгерістер енгізіледі. Байланыс саласын қадағалайтын органға кезек күттірмейтін, ауыр және ауыр қылмыстарға апаруы мүмкін төтенше жағдайларда байланыс жүйелері мен тораптарының жұмысын тоқтатып тастай алатын құзырет беріледі;
— Қазақстанның байланыс жүйесінде ІМЕІ-кодтары бірдей абоненттік құрылғыларды пайдалануға жол бермеу мақсатындағы шаралар да қарастырылады. Қазақстанда қолданылатын және кіргізілетін бүкіл құрылғылардың бірыңғай ІМЕІ-код базасы жасалады;
— құрылғыларды пайдаланушылардың абоненттік нөмірімен сәйкестендіру мақсатында тіркеу міндеті енгізіледі, т.б.



