Таным

Блютус. Ол қандай технология?

Блютус («Bluetooth»). Бұл сөз қазіргі заманның мобильді әр адамына таныс. Ұялы телефонның өзге функцияларын дұрыс пайдалана алмайтын адамның өзі келесі адамның қалтафонынан қажет ақпаратты (фото немесе музыка) осы «вluetooth» арқылы өзіне көшіріп алуды тез әрі тәп-тәуір меңгеріп алады. Өте қарапайым. Әрі арзан, ол үшін бірліктерің де кетпейді. Сондықтан да жаңадан мобильді телефон сатып алатын адам оның блютусы болғанын тәуір көреді. Ал осы блютус дегеніміз не, ол қандай технология, оның болашағы қандай? Осы сауалдарға жауап іздеген едік. Оқып көріңіз…

Блютус. Ол қандай технология?

Ағылшын тілінен тікелей аударсақ, «bluetooth» сөзі «көк тіс» дегенді білдіреді. Алайда, bluetooth технологиясы атауының тіс дәрігеріне қатысы жоқ, тарихи түсінбестіктен туған болса керек. 910-940 жылдары өмір сүрген викингтердің дат королі Гаральд Гормсонға ағылшын жылнамашылары «блютус» деген жанама есім беріп, ол  тарихқа скандинавия жерлерін біріктіруші король Гаральд Блютус (Harald Bluetooth) болып енді. Яғни ол Дания мен Норвегияны біріктіруші.

«Көк тісті» аталудың мынадай екі нұсқасы бар. Бірінші аңыз корольдың патологиялық түсті тісі болған десе, екінші нұсқасы шындыққа жанасатындай, «Bluetooth» — викингтердің тіліндегі корольдың лақап аты, король аққұба әрі ашық сары шашты викингтерге ұқсамаған, табиғатынан қара торы, қара шашты болған екен. Осындай генетикалық өзгерісіне қарай Гаральдты «қара» деп, яғни скандинавиялықтар «bletand» атаған. Кейін ағылшын жылнамашылары тіл сындырғысы келмей, корольға қарапайымдылау «Bluetooth» есімін берген.

Ұқсастығы сол, блютус технологиясы телекоммуникация мен компьютерлік индустрияны біріктіреді, сондай-ақ, ол мобильді электроника әлемін де біріктіруші.

1998 жылдың басында компьютерлік және телекоммуникациялық нарықтың ірі компаниялары — Ericsson, IBM, Іntel, Toshiba мен Nokia мобильді құрылғыны сымсыз қосу технологиясын жасау үшін бірікті.

1998 жылдың 20 мамырында «Bluetooth» аталатын технологияны қалтқысыз енгізуді қамтамасыз ететін арнайы жұмыс тобы (SIG — Special Interest Group) ресми таныстырылды.

Кейін бұл топқа 3COM/Palm, Axis Communication, Motorola, Compag, Dell, Qualcomm, Lucent Technologies, UK Limited Xircom компаниялары енді. Қазір топта сымсыз қосу технологиясының қыр-сырын тегін ашу жұмысына қатысатын 1400-ден астам компания бар.

«Bluetooth» тек ұялы телефонға ғана қатысты технология емес. Ол қысқа толқынды пештер, компьютерлер, тоңазытқыш, МРЗ-плеерлер секілді түрлі жоспардағы құрылғыларды қосатын дербес жүйелердің пайдаланатын (PAN немесе private area networks) негізгі бағытына айналып отыр. Блютустың чипін тұрмыстық электроникада да қолдануға болады. Бұл қалтадағы портативті компьютер арқылы немесе мобильді телефон арқылы қысқа толқынды пешке тапсырма беруге болады деген сөз. Сондай-ақ блютусы бар сандық камералар енді көзді ашып жұмғанша суреттерді блютус чипі бар қалтадағы портативті компьютерге жібереді. Сол сәтте бірден көруге немесе қажет кадрларды электрондық пошта арқылы досыңызға немесе туысыңызға мейлінше жедел жіберуге мүмкіндік бар.

Осы технологияның қарапайым әрі тиімділігіне орай көптеген мамандар үй, кеңсе немесе машинаға сымсыз қосу құрылғысы мен шағын локальды желіні құру кезінде блютус технологиясының бәсекелесі жоқтығына сенеді.

Bluetooth технологиясына қосылған аппараттар бір-бірін тікелей көріп тұруды қажет етпейді. Оның адаптерінің радиусы 10 метрлік жерді қамтиды. Bluetooth әлем бойынша лицензиясы жоқ 2.45 Ггц жиілігінде (ISM жолағында — industry, science, medicine, яғни, өнеркәсіптік, ғылыми және медициналық жиілікте қолданылады) жұмыс жасайды.

Блютустың болашағы

Bluetooth технологиясы күн сайын көп жұмыс жасауды талап етеді. Бұл технологияны тек қана пайдаланушылар үшін ғана емес, сондай-ақ құрастырушылар үшін (Pilips Semiconduktors пен Ericsson құрастырушылар үшін bluetooth жиынтығын ұсынып отыр, бұл инженерлерге өнім құрастыруда тиімді  құрал болмақ) қол жетімді ету маңызды. Сондай-ақ технологияны өндіріске икемдеу керек. Сонымен қатар бәсекелес өнімдермен қатар бұл технологияның ұсынылуы, оның кеңінен таратылуы арзанға түседі.

Аризона штатындағы арнайы жұмыс тобының есептеуінше, әлемді блютустың чипімен қамтамасыз ету 2003 жылы 260 миллион бірлікке дейін өскен, ал 2005 жылы бұл көрсеткіштің 3 миллиард бірлікке дейін өсетінін алдын ала жоспарлаған.

Блютус технологиясын одан әрі дамытушылар секундына 6-10 Мбит жоғары жылдамдықпен жұмыс жасайтын барлық керек құрылғысы бар біріккен технология құрастырды.

Блютустың дамуына бірден-бір оң себеп бар, яғни бұл технология лицензиялауға келмейді, оны пайдалану да ақы төлеуді талап етпейді (тегін келісімге қол қоюды талап етсе де). Осындай саясат көп компанияларды осы технологиямен айналысуға тартты. Мобильді телекоммуникация саласының сарапшылары осы жылы bluetooth ұялы телефондардың 80 пайызында болатынын айтып отыр.

Қазір PC-карта мен USB арқылы қосылатын хабарлағыш пайда болды.

«Ericsson» компаниясы bluetooth технологиясын пайдаланып, мобильді телефон үшін құлаққабы бар микрофон шығарды, тұтқаны қолмен ұстамай-ақ, сөйлесе беруге мүмкіндік аласың.

«Toshiba» компаниясы бейнені камерадан компьютерге және тағы бір компьютерге өткізіп, яғни бейнеконференция өткізу үшін «bluetooth» бен МPEG-4 бейнестандартын пайдаланды.

«Intel» компаниясы компьютер файлдарын «bluetooth» радиожелісі арқылы таратуға болатын арнайы бағдарлама құрастырып шығарды.

Күн өткен сайын көптеген компаниялар осы технологияға көңіл бөліп, жаңа қыр-сырын ашып отыр.

Алдағы жылдары енді принтер, клавиатура, тышқан секілді түрлі қосалқы құрылғылар да жаңа технологиямен жұмыс істейтін болады. Сондықтан да

bluetooth-дің болашағын бұлыңғыр деуге әсте болмайды. Қазір осы технология негізінде жасалған құрылғылар белгілі өнім өндірушілердің сауда белгілерімен аталады. Мысалы, «MicroMedical» компаниясы блютус негізінде пациенттің жүрек соғу барысын бақылайтын кардиологиялық аппарат жасау басталғанын мәлімдеді. «British Telekom» компаниясы «bluetooth» стандартын британ поездарына енгізбекші, жолаушылар блютус стандартына қосылған касса терминалынан тек қана билет алып қана қоймайды, сондай-ақ поезд күту кезінде мобильді телефоны арқылы жаңалықтар ала алады.

«Parthus Technologies» компаниясы блютустың көмегі арқылы жіберу процесі үзілген музыкалық файлдарды құрастыра алатындарын хабарлады.

Қызық, ә!

Алғашқы SMS-тен қазірге дейін

Осыдан сәл бұрын sms жіберу қызметі қажет болмады, бірақ кейін қысқа уақыт ішінде көптеген операторларға қосымша табыстың негізгі көзіне айналды.

1991 жылы телекоммуникация саласында стандарт институты мобильді абоненттер станциясы арасында шағын мәтіндік ақпараттар ағынын алмастыру механизмін ұсынды.

1992 жылы желтоқсан айында «Vodafone» компаниясының инженері Нейл Пэпуорс (Neil Papworth) өз телефонынан әлемдегі бірінші sмs-хабарламаны әріптесіне жіберді, онысы «Рождество күнімен!» деген қысқа құттықтау екен. Осыдан соң бүкіл әлем бойынша миллион адамның өмірін өзгертетін технология жарыққа шықты.

Болашағы мол жаңа технология бірден қабылдана қоймады. Қысқа мәтіндік хабарламаларды қабылдап алып, жіберу мүмкіндігін GSM стандартының өзі кепілге алса да, операторлар жаңа қызметті нарыққа шығаруға асықпады.

Себебі де белгілі еді, ол кезде мобильді нарық тек қалыптасып жатты, әлі ешкім түсіне қойған жоқ, жаңа қызметті коммерциялық тұрғыдан пайдаланғанның өзінде, қызығушылық танытқан пайдаланушылар саны да тым аз болды. Халыққа әлі белгісіз жаңа технологияның қосымша шығынын көтеріп, тәуекелге бел байлаған да ешкім болмады. Ол кезде қарапайым мобильді телефонның қызметі сәнді көрінетін, абоненттер де телефонмен сөйлескені үшін қуанып, қомақты қаржыны төлеп отырды.

Шамамен өткен ғасырдың соңында телефон менеджерлер мен кәсібилердің коммуникация әдісінен бұқаралық құрылғыға айналып үлгерді. Сол сәтте sms екінші рет дүниеге келді, мобильді жастар бұл жаңа қызмет арқылы қаражатын үнемдейтінін біліп, байланыс жасаудың өзге түріне көп назар аудара бастады. Салыстырмалы түрде бір sms-хабарламаның құны өте төмен бағаға белгіленіп, көлемді пайда әкелді. Сондай-ақ нарықта да, халық арасында да тез танылды. Операторлар жаңа қызмет түріне белсенді жарнамалық қолдау көрсетіп отырды. Ал 2000 жылы байланыс операторларының қолданушылары біріне-бірі sms жіберу мүмкіндігіне ие болды. Содан бері қазір оқушылардан бастап үлкен кісілерге дейін ұялы телефонның мүмкіндігін пайдаланып, sms қызметі арқылы хабар алмасып отырады.

Әзірлеген Айнұр ЖАЛМАҒАНБЕТОВА.

«Ақтөбенің» сөздігі

Трафик дегеніміз не?

Трафик — белгілі бір уақыт арлығында сервер арқылы өтетін килобайтпен өлшенетін ақпараттардың көлемі.

Компьютерге сырттан қабылдантын мәліметтер кіріс трафик және компьютерден сыртқа шығатыны шығыс трафик болып екіге бөлінеді. Трафик интернет ресурсын пайдаланған кезде де қолданылады.

Беттің әзілі

Ағылшын пәні сабағы. Мұғалім:
— Балалар, кім ағылшын алфавитін ретімен айтып бере алады?
Программистің баласы:
— Мен.
Мұғалім:
— Қане, ретімен айтып шық!
— Q, W, E, R, T, Y, U.., — дейді клавиатурада орналасқан тәртіп бойынша әріптерді атап шыққан бала.

Басқа жаңалықтар

3 Comments

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button