«Үйретуге әрі үйренуге келдік»

29 қыркүйекте облысымызға ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов бастаған жұмыс тобы келді.
Оның құрамында 11 министрліктің, ҰҚК-нің, Терроризмге қарсы республикалық орталықтың, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, ҚХА-ның, ҚМДБ және басқа үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері бар. Барлығы 200-ден астам маман бір ай бойы жергілікті тұрғындармен кездесулер, семинарлар, дәрістер, т.б. шаралар өткізіп, мемлекеттік бағдарламаларды халыққа кеңінен түсіндіреді. Облыстық әкімдіктің, «Атамекен» ҰКП-ның, «Үкімет — азаматтар үшін» мемлекеттік корпорациясының, «Бәйтерек» және «ҚазАгро» холдингтерінің мамандары да осы іске тартылады. Бұл сапар халыққа мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру, өңірдегі ахуалды өз көздерімен көріп, нақты проблемаларды біріге шешу мақсатында, Елбасы тапсырмасы бойынша ұйымдастырылып отыр. Жоба Ақтөбе облысынан бастау алып, басқа өңірлерде жалғасатын болады.
29 қыркүйек күні делегация мүшелері облыс активімен кездесті. Жиынды облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ашып, өңірдің бүгінгі тыныс-тірлігі жөнінде қысқаша баяндады.
— Әлемдегі экономикалық дағдарысқа байланысты біздің кәсіпорындардың өнімдеріне деген сұраныс төмендеді, соған қарамастан, құлдырауға жол берген жоқпыз, — деп атап өтті өңір басшысы.
Ресми мәліметтерге сай, облыс бойынша 530 адам қысқартуға ұшырап, бір мыңнан астам адам уақытша еңбек демалысына жіберілген. Егер жыл басында еңбекақы бойынша қарыз мөлшері 480 миллион теңге болса, қазір едәуір кеміген: 14 миллион теңге қарыз қалып отыр. Облыс әкімі тұрғындарды жұмыспен қамту, еңбекақыны кешіктірмеу мәселелері әрдайым басты назарда екенін айтты.
— Ең маңызды мәселе — қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Ақтөбеліктер қорықпай, үрейленбей, тыныш өмір сүріп жатыр. Біз тұрақтылықты сақтау үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз, — деді Бердібек Сапарбаев.
ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов жиналғандарға сапардың басты мақсаты, бір айға жоспарланған жұмыстардың негізгі бағыттары жөнінде айтты.
— Біздің қатарымызда мемлекеттік органдар қызметкерлері ғана емес, әлеуметтану, филология, психология, дін, медицина және басқа салалар бойынша мықты мамандар, заңгерлер бар. Астанадағы кабинетте отырған қызметкерлер халықтың әл-ауқатын көтеру мақсатындағы бағдарламаларды әзірлейді, бірақ сол бағдарламалардың жергілікті жерде іске асуы қалай, қандай кедергілер бар — бұл жағын біле бермейді. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін халықпен етене араласып, кедергілерді, қиындықтарды бірлесе жеңудің жолдарын табу керек. Біз үйретуге әрі үйренуге келдік, — деді Жақып Асанов.
Сондай-ақ, Бас прокурор:
— Біз мұнда тексеру жүргізу, кемшілік іздеу үшін келген жоқпыз. Біз халықпен жұмыс істейміз. Жол шығындары, мұндағы тұратын орнымыз, тамағымыз — бәрі де мемлекет есебінен қарастырылған. Сондықтан қой сойып, қонаққа шақыруға, табиғат аясында демалыс ұйымдастыруға тыйым салынады. Дастарқан жайған адам да, қонаққа барған адам да жауап беретін болады, — деп ескертті.
Одан әрі Жақып Асанов Тәуелсіздіктің 25 жылында қазақ елінің қол жеткізген табыстары, алда тұрған міндеттер туралы әңгімелеп, кейбір күрделі мәселелер төңірегінде ой-пікірлерін жеткізді. Жиында ҚР Президенті Әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева, сондай-ақ, Ұлттық экономика, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму, Ішкі істер, Дін істері және азаматтық қоғам жөніндегі, Ақпарат және коммуникациялар вице-министрлері сөз сөйлеп, осы сапарда жүзеге асырылатын іс-шаралар жөнінде баяндады.
Атап айтқанда, шағын бизнесті дамыту мақсатындағы шаралар; теріс ағымға түскен жандармен жұмыс; үздік маман-дәрігерлер кеңесін, заңгерлер кеңесін ұйымдастыру; семинарлар, шеберлік сабақтары, мәдени-көпшілік шаралар көзделген.
Жиын соңында сөз алған облыс әкімі ақтөбеліктерді республикалық жұмыс тобының алға қойған мақсат-міндеттеріне түсіністікпен қарап, өз ой-пікірлерін ашық айтып, өткізілетін іс-шараларға белсенді араласуға шақырды.
Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.





