ЖаңалықтарМереке

Ұстаздар мерейі

Жұма күні Мұғалім күні мерекесі қарсаңында Ақтөбе қаласындағы «Салтанат сарайы» мейрамханасында бір топ ұстазға құрмет көрсетілді. Салтанатты түрде өткен жиынға өңір әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты. Сондай-ақ, басқосуға 330 адам жиналды. Қонақтардың арасында ардагер ұстаздар, үздік педагогтер бар.

Жиында алдымен сөз алған облыс басшысы Бердібек Сапарбаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев білім беру саласына ерекше қолдау, көмек көрсетіп жатқанын айтты. Жыл сайын мектептердің материалдық базасы нығайып, апатты, апат алдындағы және үш ауысымды мектептер мәселесін шешуде көптеген игі шаруалар қолға алынып жатқанын әңгімеледі. Сондай-ақ, ол алдағы жылдары облыстағы біраз мектепке күрделі жөндеу жүргізілетінін жеткізді. Бердібек Машбекұлы  өз сөзінде жас ұрпаққа сапалы білім беруде педагогтердің еңбегі зор екеніне, ұлағатты ұстаздардың қандай мақтау, марапатқа, сый-құрметке де лайық екенін айтты.

Мұғалімдік — ең қадірлі мамандық. Өйткені, ұстаздар ұлттың болашағын тәрбиелейді. Әрбір елдің болашағының жарқын болуы, оның білімді, білікті, денсаулығы мықты, мәдениеті жоғары азаматтарына тікелей байланысты. Төл мерекелеріңіз құтты болсын, — деп  облыс әкімі білім беру саласын дамытуға қосқан үлесі үшін 18 педагогке Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар тарту етті. Сондай-ақ, Ақтөбе кооперативтік колледжі, «Сымбат» жеке мектебінің құрылтайшысы Рабиға Тасыбаеваға Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық «Бірлік» алтын медалін табыстады.

Жақында «Үздік педагог-2016» республикалық байқауының қорытындысы шығарылды. Нәтижесінде, біздің облыстың үш педагогі — Ақтөбе қаласындағы №30 орта мектептің химия және биология пәнінің мұғалімі Бибігүл Қазықызы, Байғанин ауданындағы №3 Қарауылкелді орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Лиза Тынышбаева және Ақтөбе политехникалық колледжінің оқытушысы Гүлден Есенғалиевалар үздік атанды. Салтанатты шара барысында, бұл үш педагогке де құрмет көрсетілді. Облыстық және Ақтөбе қалалық білім беру ұйымдары кәсіподақтарының атынан облыстың үздік 30 бастауыш сынып мұғалімі марапатталды. Облыстық білім басқармасы түзету мекемелерінде еңбек ететін 5 тәрбиеші-ұстазға бағалы сыйлық ұсынды. Жалпы шара барысында 60-қа жуық педагогке сый-сияпат тарту етілді.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button