Әлеумет

Елбасыға түскен әрбір сұрақ жауапсыз қалмайды!

Кеше «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасы бойынша эфирге шығып, 2 сағат бойы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына тікелей желі барысында түскен сұрақтарға жауап берген облыс әкімі Елеусін Сағындықов осылай деді.

13 қарашадағы тікелей желі кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзіне қойылған сұрақтардың шешімін табу үшін облыс әкімдеріне де тапсырма бергені мәлім. Соған байланысты кеше облыс әкімі Елеусін Сағындықовпен өткізілген тікелей желіге облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық басқармалар мен департаменттер һәм кәсіпорындар басшылары қатысты. Байланысшылар қажет кезінде аудан әкімдерін де тікелей желіге қосып отырды.

Жалпы, Елбасына ақтөбеліктерден әр түрлі сала бойынша 1200-ден астам сұрақ түскен. Сұрақтардың басым көпшілігі тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік сала, бизнес, экология, ауыл шаруашылығы, еңбекпен қамту, жастар саясаты тақырыбын қамтиды. Әсіресе, әлеуметтік қорғау мәселесі бойынша 258 сауал түскен. Ал тұрғын үйге қатысты 188, инфрақұрылым мен көріктендіруге бағытталған 96 сауал қойылған. Халықты мазалайтын жер қатынастарына байланысты 94, құқық және заңдылықтардың орындалуы төңірегінде 71, денсаулық сақтау және білім беруге қатысты, тиісінше, 69 және 68 мәселе көтерілген.

— Елбасы халықтың күнделікті өмірі үшін ең маңызды болып саналатын азық-түлікпен қамтамасыз етуге, оның бағасына аса мән беріп, республика өңірлерінде осы мәселені қатты қадағалауды тапсырған болатын. Бұл халықтың жағдайын ойлау болып табылады, — деді Елеусін Наурызбайұлы.

Облыс әкімі облыстағы азық-түлік қоры және оның бағасы туралы атқарылып жатқан істерді атап өтті. Мәселен, соңғы 5 жылдың ішінде азық-түлік бағасы бойынша тұрақтылық сақталуда. Ең қажетті деп танылып, мониторинг жүргізіліп отырған азық-түліктің 46 түрінің 40 түрі бойынша біздегі баға республиканың орташа көрсеткішінен төмен. Тек сырттан келетін апельсин, мандарин секілді жеміс-жидектер бағасы ғана жоғарылау. Облыс әкімі алдағы уақытта бұл мәселеге де талдау жасалып, жұмыстар жүргізілетінін айтты.

Облыста мал басы да жыл сайын өсе түсуде. Атап айтқанда, мүйізді ірі қара 450 мың, жылқы 70 500 басқа жетті. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, азық-түлікті сақтау қоймаларын көбейту барысында бірқатар істер тындырылды. Соңғы жылдары ашылған «Фриком», «Табыс», «Мал базары», «Батыс», «Олжа» секілді базарлар мен дүкендер осының айғағы.

Елбасына қойылған өткір сұрақтардың бірі мектеп жасына дейінгі балалар мекемелерінің жағдайы еді. Бұл жөнінде Елеусін Сағындықов мәселенің 1995 жылы көтерілгенін, сол кезде балабақшалардың 60 пайызы жеке тұлғалардың қолына өтіп кеткенін айта келіп, қазір олардың бірсыпырасы қайтарылғанына тоқталды. Мектепке дейінгі мекемелерді көбейтуге мән берудің нәтижесінде қазіргі кезде сәбилерді қамту 63,5 пайызға жетті.

Тікелей желіде көтерілген жанар-жағар май проблемасына тоқталған облыс басшысы бұл жұмыспен айналысатындардың бәсекелестікке қабілеттілігін арттыру үшін барлық жағдайлардың жасалғанын айтып өтті. Салыстырмалы түрде алатын болсақ, бізде жанар-жағар май өзге өңірлермен салыстырғанда арзан. Мәселен, АИ-80 бензині — 7, АИ-95 бензині — 5, АИ-96 бензині 3 теңгеге төмен. Қазір облыста екі айлық жанар май сақтайтын қойма бар. Бұған қоса май құю стансаларының өздерінде де бензин сақталады. Келесі жылы 30 мың тонналық қойма ашу жоспарлануда.

Әйтеке би ауданының тұрғыны Гүлдана Қопашева Елбасыға жас мамандардың жұмысқа орналасуы жөнінде мәселе көтерген болатын. Бұл мәселе бойынша Әйтеке би ауданының әкімі Есімқан Есенбаев тікелей желіге шығып, Елеусін Наурызбайұлына мән-жайды түсіндірді. Г.Қопашева жұмысқа орналасу тәртібі бойынша тестілеуден өткенімен, конкурстан өте алмай, резервке алынған. Қазіргі кезде ол аудандық сотқа маман ретінде уақытша қызметке орналастырылған. Оны тұрақты жұмысқа орналастыру мүмкіндігін қарастыру жөнінде аудан әкіміне нұсқау берген облыс әкімі Гүлдана сияқты жастарды білімге құштар болуға, еңбекқорлыққа шақырды. Президенттен көмек сұрап хат жазғандардың бірі Ботакөз Дүйсенованың баласы қатты науқастанып қалған. Астанаға апарып емдетуге жәрдем беруді сұраған Б.Дүйсенованың өтініші бойынша облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Қайрат Сабырға тапсырма берілген. Науқас бала мемлекет қаржысы есебінен тегін емделетін болады.

Осы жерде Елеусін Сағындықов балалар мәселесіне, оның ішінде Президентке қойылған жетім балалар тағдыры бойынша сұраққа тоқталды. Облыстағы балалар үйінен шыққан жастардың бірқатары қанаттары қатайғанша тұратын «Жасөспірімдер үйі» салынды. Соңғы жылдары балалар үйінен шыққандарды тұрғын үймен қамтамасыз етудің нақты жоспарлары жасалды. Баспаналы болып үлгергендері де бар. Мұндай жастарды үй-жаймен қамтамасыз етудің «ақтөбелік моделін» жасау қазірдің өзінде қолға алынды.

Ал Президентке Астанаға барғысы келетінін жеткізген мүгедек жан Марғұлан Жетесовтың да өтініші орындалатын болды. Облыс әкімі тікелей желіге шыққан «Сал ауруына ұшыраған азаматтарды қорғау» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Құралай Бәйменоваға Астанаға бір емес, бірнеше адамның барып, тамашалап қайтуына мүмкіндіктің ұйымдастырылатынын айтты.

Сонымен қатар, заңды тұлғаларда, яғни өндірістік кәсіпорындарда еңбек етіп, жалақыларын ала алмай жүрген жұмысшылардың да мәселесі шешімін табу үстінде. Облыс әкімі тұрғын үймен қамтамасыз ету, несие алу секілді сұрақтарға да жауап қайтарды.

Байғанин ауданының тұрғыны Қарауылкелді селосына газ жүргізудің кешеуілдеп жатқаны туралы сұрақ қойған. Бұл жөнінде әкім тек Қаруылкелді емес, облыстың Алға, Ойыл, Қобда аудандарына да газ тарту мәселесі қаралып отырғанын, ол үшін келесі жылға әрбір ауданға 600-700 миллион теңге қаралғанын айтты. Мұғалжар ауданының Жұрын селосына су құбырын тарту басталатыны, 2011 жылы ауыз сумен толық қамтамасыз етілетініне тоқталды. Сондай-ақ облыстың автомобиль жолдарын жөндеудің де алдыңғы кезекке қойылғанын атап өтті. Тікелей желі барысында басқа да азаматтар өміріне қатысты көтерілген мәселелерге Елеусін Сағындықов тиянақты жауап берді.

P.S. Елбасына түскен сұрақтарға байланысты жауаптарды газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар.

Бердібай КЕМАЛ.

Нұрқанатқа — екі компьютер!

Елбасымен тікелей желі кезінде Байғанин ауданының Алтай батыр аулының мектеп оқушысы Нұрқанат атты бала Президентке өзіне дербес компьютер керектігін өтінген болатын. Осы жерде байланысшылар облыс әкіміне аудан әкімі Бердіхан Кемешовті қосты. Аудан әкімінің жанында Нұрқанат та отыр екен. Елеусін Наурызбайұлы Нұрқанатпен телефон арқылы сөйлесіп, жақсы оқуына, үлкен азамат болып өсуіне тілектестігін білдірді. Сондай-ақ Нұрқанаттың өзіне және апасына бір-бірден компьютер сыйлайтынын жеткізді.

Басқа жаңалықтар

2 Comments

  1. Саламатсыздар ма ?! Елбасына мынадай сұрақ қойғалы отырмын:  Менің жас болмағанмен 11 жыл стажы бар мұғаліммін. Егер ауылда жұмыс орны болса, (жолдасым екеумізге жолдасым жоғары білімді мал дәрігері )жұмыс орны табыла ма ? Үймен қамтамасыз етсе тіпті алақай !

  2. Елдің байқағаны тікелей эфир емес,даярланған.Режиссурасы- рейтингасы мықты әкімге лайқатты емес болды.Баспасөзде ең әуелі өз сауалдарыңызды жібере аласыздар,кейін тікелей эфирде Елбасына өңірден түскен сауалдарға жауап беріледі-деп жаңылдырылдық,ақыры соңғысы болып шықты.Шамасы ,жоғарыдан түскен өзгерту болса керек.Әп баста солай айтылғаны жөн еді.Өйткені әр сұрақтың шешілу деңгейі бар екендігі,тікелей эфирде анық аңғарылып отырды.Ақыры облыс бейнесі іспеттес ,Орскіге баратын тас жол әзір тұра тұрмақ.Жауаптардыңда басымы алда болмақ,істелмек,атқарылмақ?Сонда осы кезге дейін не істегенбіз?Шошқа,тауық еттерінің қажеттілігін бұрын ескемегеніміз қалай?Айлығын бермей отырған /қызметкерлерге/бастықтардың ең болмағанда біреуі Заңмен жауап етілуге тиіс болса да,жалтақтық көрсетілді.Сонда алда да тек Елбасымызға жүгінбекпіз бе?Ақтөьенің айналасындағы салынған үйлердің де әсемсіздігін енді ,екі он жыл өткен соң білгенбіз,әйтеуір,ал Шымкентте олай емес екен,бір типті өте әдемі,олар ойланып жұмыс істегені көрініп тұр.Алдағы дағдарыс ойлағанымызды оңай болдырса,әкім командасы әлсіздеу көрінеді…Тікелей эфирде… телефон бірде-бір шырылдамады-ау ?Сәттілік серік болғай-демекпін.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button