Әлеумет

Құрбан айт қабыл болсын, мұсылман жұрт!

Әлемнің барша мұсылман халқы үшін ұлыс мерекесі — Құрбан айттың алғашқы күні, қасиетті жұма күні жұрт қала мешіттеріне ағылды. Айт намазына асықты.

«Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінде болғанымызда Қазақстан мұсылмандары діни бірлестігінің облыстағы өкілі, мешіттің бас имамы Бауыржан Есмахан айт намазы алдында шариғаттан уағыз айтты.

Облыс әкімі Елеусін Сағындықов іссапарда болғандықтан, мұсылман қауымын Құрбан айтпен құттықтауға облыстық мәслихаттың хатшысы Балғали Ордабаев келді.

— Біздің облысымыз экономикасы тұрақты дамып келе жатқан облыстардың бірі. Облыста көптеген жақсы істер, оның ішінде дін, рухани тазару мәселесінде айтарлықтай шаруалар тындырылуда, — деді Балғали Құрманғалиұлы. — Соның бір парасы — өткен жылы ғана пайдалануға берілген мына еңсесі биік «Нұр Ғасыр» мешіті. Бір қуанатынымыз, соңғы жылдары имандылыққа бет бұрғандар саны, әсіресе, жастар қатары көбейіп келеді. Аудан орталықтарында, ауылдарда көкірегі ояу азаматтар мешіттер салуда. Билік тарапынан алдағы жылы діни медресе ғимаратын салып, жанынан ислам мұражайын ашу жоспарда бар.

Облыстық мәслихат хатшысы барша жұртты мерекемен құттықтап, жақсылық, бақыт, елге амандық тіледі.

Бұдан кейін мешітке жиналғандар Құрбан айт намазына сапқа тұрды. Намазға жығылды. Халықтың көп жиналғаны сондай, үш жарым мың адамға есептелген зәулім мешітке келгендер сыймай қалды. Олар далада төселген төсеніштер үстінде тұрып Аллаға құлшылық етті.

Бұдан кейін көпшілік құрбандық шалу үшін үйлеріне тарасты. Ал мешіт жанында қалып, құрбандық шалушылар өте көп болды. Құрбандық шаламын деушілер үшін ауылдардан мал алып келгендердің де саудасы жүрді. Дегенмен, айта кету керек, биыл мал сатушылар бағаны көтермеді. Үш жасар ірі ісекті 16 мың теңгеге беріп жатқанды көрдік. Бұрын айт мейрамын желеу етіп бағаны шарықтатып жіберетін. Мұның әбестік екендігі туралы «Ақтөбе» газеті талай жазған болатын. Бұл күні қой әкеліп сатып тұрған Қазыбек Ғаниевті сөзге тарттық. Қой бағасын көтермеу себебін сұрадық.

— Ойыл ауданының Саралжын аулынан келдім, — деді Қазыбек. — Айтайын дегенім, айт күні құрбандық шалу үшін адамдар қалай да алады деп бағаны көтеруге болмайды. Халықты қинап неге керек? Бұл имандылыққа жатпайды. Жұртты ренжітіп алған пұлың сіңе де қоймайтынын түсінуіміз керек. Бір жастағы тоқтыларды 8-10 мың, одан үлкендеу қойларды 12-13 мың теңгеден сатудамын. Халық ризашылықпен сатып алуда.

Машинамен соншама қой әкеліп тұрғанға Қазыбектің жеке қожалығы бар шығар деп ойлағанбыз. Сөйтсек, жеке малы екен. Ауылда мал өсіріп, нәпақасын тауып отырған Қазыбек сияқты шаруаларға қалай риза болмассың.

Көпшілікпен бірге құрбандық шалып, өзінің мұсылмандық парызын орындағандырдың бірі Темірғали Сақиев деген азамат:

— Мал бағасы биыл көтерілмеген, — деді. — Бұл да біздің халқымыздың діни санасы, рухани тағылымы өскенін көрсетеді. Өзім Оңтүстік Кореяның «Адаойл» компаниясының осындағы филиалының директоры болып жұмыс істеймін. Мен де замандастарым секілді соңғы жылдары бес уақыт намазымды оқып келемін. Құрбандық шалуды парызым деп санаймын. Бүгін екі қой сатып алдым. Бірін мешітке тапсырамын, екіншісін жетім-жесір, жоқ-жітік жандарға таратамын.

«Нұр Ғасыр» мешітінің бас имамы Бауыржан қажы Есмаханға жолыққанымызда былай деді:

— Алла Тағала осы айтты баршаңызға мүбарак етсін. Міне, мүмкіндігі барлар құрбандық шалуда. Хадж сүресінде былай делінген: «Маған сіздердің шалған малдарыңыздың еті де, қаны да жетпейді, маған жететіні сіздердің тақуалықтарыңыз, яғни жүректеріңіздегі ниеттің дұрыстығы». Сондықтан біреуден қорқып немесе біреуге көрсету, мақтаныш үшін емес, тек Алланың ризалығы үшін құрбандық шалуымыз керек. Шалған ниетімізді үшке бөліп, бір бөлігін азық ретінде алып қалуға болады. Бір бөлігін тума-туыс, көрші-көлемге садақа ретінде беруге болады, бір бөлігін мұқтаж кісілерге таратуға болады. Егер өз еркімен барлығын да мұқтаж кісілерге таратып жіберсе, өте үлкен сауап болады. Құрбандығымызды қабыл етсін! Құрбандық шала алмағандардың ниеттерін қабыл етсін!

Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button