Жылдар жемісі

Еңбек адамы
Жас кезінен өндірістің қызу тірлігіне етене араласып, еңбекқорлығы, табандылығымен, ұзақ жылдардағы іс-тәжірибесінің арқасында Ақтөбе ферроқорытпа зауытының өркендеуіне үлес қосқан жанның бірі — Қайырбек Есмұханов. Қырық жылдан астам уақыт зауытта еңбек еткен ардагер биыл жетпіс жасқа толды.
Қайырбек Сағиұлы — Ойыл ауданының тумасы. Әкесі Сағи ішкі істер саласының қызметкері болғандықтан жиі қоныс аударды. Қайырбек мектепке барар жылы отбасы Хромтау ауданына жұмыс бабымен көшеді. Сол жерде бірінші сыныпқа барған Қайырбек кейін Ақтөбе қаласында орта мектепті аяқтайды.
Алматыдағы Қ.Сәтбаев атындағы қазақ политехникалық институтына оқуға түседі. Жоғары оқу орнын үздік аяқтаған жас маманның алғашқы еңбек жолы Ақтөбе ферроқорытпа зауытының жобалау, құрастыру бөлімінде басталды. Еңбекке қызу араласқан маман бірден істі үйіріп әкетті. Бес жыл осы бөлімде табанды еңбек етті. Жас маманның еңбекқорлығы зауыт басшылығының көңілінен шықты. Кейін зауыт бөлімдеріндегі әртүрлі қызметтерді атқарды.
— Ол уақытта ірі кәсіпорындарда партияның комитеттері жұмыс істейтін. 1984 жылдан бастап сол комитет хатшысының орынбасары болып жұмыс істедім. Ұйымда 600-ден аса коммунист болды. Түрлі ұйымдастыру жұмыстарын атқардық. 1988 жылға дейін өндірістегі партия ұйымдастырған жұмыстардың басы-қасында жүрдім. Кейін партия құлдырай бастаған соң, шаруашылық жұмысқа ауыстым. Зауытта көмірқышқыл шығаратын цех салынып, соған басшылық еттім. Жаңа цехты жабдықтау, шаруаның әрі қарай жандануы үшін бар күшімізді салдық. Тіпті жабдықтар әкелу үшін сырт елдерге де шықтым, — дейді ардагер.
Зауыттағы шаруашылықтың қыр-сырын әбден меңгерген Қайырбек Сағиұлы зейнет жасына шыққаннан кейін де алты жыл шебер болып жұмыс істеді. Өткен жылы ғана құрметті еңбек демалысына шықты.
— Жастық шағымның бір бөлігі зауытта өтті. Ол уақытта жастардың көзқарасы сәл басқаша болатын. Жан-тәнімізбен еңбекке араласып кеттік. Күн-түн демей жүгіріп жүрдік. Ірі өндіріс орны болғандықтан түрлі жағдай, тіпті қайғылы оқиғалар да орын алады. Қауіпсіздікті сақтамағанның салдарынан көз жұмған әріптестерім де болды. Осындай кезде күнде бірге жұмыс істеп жүрген жолдасыңның бір сәтте жоғалып кеткеніне көңілің сенбей, көпке дейін уайымдап жүресің. Бірақ өмір ғой, бәріне үйрендік. Әлі есімде, тоқсаныншы жылдардағы қиын кезде зауыт бір күн жұмысын тоқтатты. Сол сәтте барлық еңбек жолы өндіріспен байланысты болған мен секілді азаматтарға өмір зауытпен бірге тоқтап қалғандай көрінді. Ертеңіне өндіріс іске қосылғанда барлығымыз балаша қуанғанымыз есімізде, — дейді ардагер өткенді еске алып.
Бүгінде Қайырбек Сағиұлы зайыбы Қания екеуі бес қызды тәрбиелеп, өсірді. Қазір қыздары өз алдына отау тікті. Жиен немерелерінің алды жоғары оқу орнында білім алып жатыр. Ардагер қазіргі күніне шүкіршілік етеді.
Кәмшат ҚОПАЕВА.



