Әлеумет

Тау баласы тауға қарап өседі…

Дипломсыз директор

Жасы жетпіске жуықтаса да, жас жігіттің жүгін көтеріп жүрген Төлепбай Сәрсенбаев туралы, сол өңірде туып-өссем де, сырттай ғана білетінмін. Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институты ректорының шаруашылық жұмыстары жөніндегі орынбасары Сәрсенбай Ешпанов Төкеңді жақсы таниды екен, журналист інісіне жазатын адамды білмей жүр екенсің дегенге әкеліп тіреді. Төкеңмен жүздестім. Сұхбаттастым. Зауытында болдым. Адамдармен сөйлестім. Сол Төкең, Төлепбай Сәрсенбаев — Шалқар ауданының Бершүгір аулында «Жаңатас-Ақтөбе» ЖШС директоры.

Төлепбай аға тумысы ақтөбелік болғанмен, Алматыда туып, сонда мектеп бітіреді. Ата-бабасының туған жері — Шалқар ауданындағы Қошқарата мекені. Жасы жиырмаға келгенде ата-анасы ағайыннан ажырап қалады деген оймен бұрынғы астанадан Ақтөбеге алып келеді. Ағайын-туыс, жегжат-жұрағатпен таныстырады.

Дипломсыз директор деп танылған Төкеңнің жоғарғы оқу орнын бітірмеуінің себебі бар. Сонау алпысыншы жылдары, Никита Хрущев заманында, «Бәрін кадр шешеді», «Жастар — жұмысқа!» деген жалаң ұрандардың желеуімен Төкең сегіз класс бітірісімен Алматыдағы автопаркке жұмысшы болып орналасады. Алғыр жігіт пысықтығымен танылады. Жәрдемші болады, моторшы болады. Ақыр аяғында жай жүргізуші автомеханик болып кетеді. Автоколоннаны басқарады. Бершүгірге келген бойда Мұғалжар қиыршық тас зауытына келеді. Зауыт директоры Бөген Жақыпов зауыттың автопаркіне қызметке алады. Бас инженер болады.

Зауыт үлкейеді. Қиыршық тасқа сұраныс көбейеді. Содан бәленбай миллион доллар несие алып, тәуекелге барады. «Тәуекел түбі — желқайық, өтесің де кетесің» деген, Ресейді аралап жүріп, керекті құрал-жабдықтарды іздестіреді. 2004 жылы мамырда жаңадан «Жаңатас-Ақтөбе» ЖШС қиыршық тас зауытын ашты. Ресейдің Кострома қаласынан техникалар алдырды. Жұмысшыдан басқа ештеңе жоқ зауыт осылайша пайда болды. Үлкен ұлы Жолдымұраттың шаруаға қыры бар еді. Соны директор етіп тағайындады. Қанағат атты баласы механик жұмысын атқарды. Алғашқы жылдары орта есеппен 600 мың тонна тас шығарып тұрды. 2005 жылы зауытытың екінші желісін қосып, өндірісті үлкейте түсті.

Дағдарыстың әсері жоқ

Қазіргі кезде айына 1000-1500 вагон немесе 100 мың тонна қиыршық тас жөнелтетін «Жаңатас-Ақтөбе» ЖШС әлемдік дағдарысты сезінбеуде.

Меніңше, дағдарысты желеу етушілер көп, — дейді Төлепбай Сәрсенбаев. — Ондай адамдар дағдарыс арқылы қысқарту, үнемдеу есебінен өздеріне пайда жасағысы келеді. Ал бұл жеке адамдардың отбасына зиян келтіру болып табылады. Әр жұмысшының мойнында қаншама жан бар екенін естен шығармау керек. Дағдарыстың әсері тиді ме? Әсері тиген жоқ. Себебі, екі адамым бар, өнімді өткізумен айналысады. Жол жүреді, іздейді. Шаршап, шалдығу дегенді білмейді.

Зауыт директорының айтуынша, қазіргі кезде тас өнімдері тез өтетін көрінеді. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» транзиттік автожолы салынуда, Каспий мұнай құбыры секілді мемлекеттік маңызды нысандар үшін тас өнімдері қажеттілікке жарап жатыр. Қызылордалықтар басқа жерден сұрамай, Бершүгірдің тасын алады. Өйткені кәрі Оралдың сілеміне жататын Мұғалжар тауы тасының химиялық, физикалық жағынан артықшылықтары бар. Біздің тасты мамандар диапаз деп атайды. Өте қатты. Тағы бір қасиеті — асфальтта суды өзіне сорып алуы өте аз. Көктем-күздің кезінде су бір еріп, бір қатқанда сормаған соң, асфальт сақталады. Тағы бір қасиеті, 2000 градуста ериді, кәдімгі смола сияқты болып қалады. Оны ғарыш ғылымында пайдаланады.

Талапшыл бастық

Төкеңнің жастар туралы өз ойы бар.

— Қазір біздің жасымыздағы адамдар жастардың жаман жағын көп айтады. Менің де жастарға деген көңілім тола қоймайтын. Алайда, байқап қарасам, өзімізден де кемшілік бар екен, — дейді Төлепбай аға. — Кешегі Кеңес өкіметі кезінде тоқырау адам баласының мінез-құлқын бұзып жіберді. Жұмыс істемей, айлық алу мақсат болды. Кеңшарлар мен ұжымшарлар жұмысшылары арасында тракторды қаңтарып қойып, ұйқыға басу орын алды. Сол психологиямен тәрбиеленген кеңестік адамдар қазіргі нарық заманында да мінез-құлқын өзгертпеуге тырысады. Сондықтан да өндіріс басында өзім жүріп, қадағалап отырамын. Үйде жатып басқарған басшы басшы емес. Басшы кәсіпорындағы әр адамның мінез-құлқын, отбасы жағдайын, неге әуестігін, не мазалап жүргенін, қолда бар техниканың жағдайын білуі керек.

Көп адамдар зауытқа шыдай алмайды. Өйткені жұмыс істеу керек қой. Зауытта технологиялық жүйе бар. Бір жерде ақау болса, бүкіл кәсіпорын жұмысы тоқтап қалады. Бір ауысымда 12 сағат па, осы уақыт жұмыс істеуге тиіс. Жылытпа ішіп, темекі тарту, уақытты текке өткізуге жол жоқ. Вагон мерзімінде тиелмесе, теміржолшыларға айып төлеуге тура келеді.

Төкең оқу орындарының ақылы болғанына қарсы екен. Өйткені білім беру сапасы төмендеп кеткен. Институт бітіріп келген жас жұмысқа алу туралы өтініште бірнеше қате жібереді. Алға ұмтылуға асықпайтын жастар да жоқ емес.

Үйретейін, басшылық қызметке жақындатайын десе, қашатын көрінеді. Осындай кемшіліктерге шыдамайтын Төлепбай аға талай адамдарға жаға қоймаған. Сол үшін де оны «Гестапо» деп атап кеткен. Бірақ сол адамдар кейін өздерінің қателіктерін түсініп, кешірім сұраған. Сол азаматтардың бірқатары қазір зауытта еңбек етуде.

— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алға қойған мақсаты — халықтың жағдайын жақсарту, — дейді Төлепбай аға. — Өкінішке қарай, атаулы көмекке мәз болған кейбір адамдар жұмыс істеуге ынтасыз. Әкесінің зейнетақысына, қосымша көмек қаражатына өмір сүріп отырғандар бар. Сондай адамдарды көргенде, жүрегің ауырады.

Қазір «Жаңатас-Ақтөбе» ЖШС-да негізінен жергілікті тұрғындар еңбек ететін көрінеді. Бірақ Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарынан келіп, жұмыс істеп жатқандар да бар.

Бүгінгі күні зауытта 120 адам жұмыс істейді. Жұмысшылар үшін екі жатақхана салынған. Әрбір бөлмеде телевизор қойылған. Үш мезгіл тегін тамақ беріледі. Жалақы — орта есеппен 65 мың теңге. 15 күн сайын бірден беріледі. Бір аңғарғанымыз, Төлепбай аға әрбір жұмысшының отбасы жағдайын, неше баласы бар екеніне дейін біледі екен. Өмір болған соң, түрлі жағдайлар болып қалады. Қажет болса, адамдарға ешқандай пайызсыз, жалақы есебінен жәрдем де беріледі.

Зауыт адамдарына берілетін көкөністі серіктестік өзі өсіреді. Қолдан өсірген өнім әрі арзанға түседі. Сондай-ақ қосалқы шаруашылықта мал өсіріледі. Екі отар қой, 100 шақты сиыр, 20-30 жылқы бар. Жұмысшыларға айына 300-350 килограмм ет кетеді. Мұның бәрі өздерінен.

Зауытта жұмыс істеп жүрген жүргізушілер Жасұлан Мәмбетберген, Мейрамбек Бүркіталин, механик Нұртай Өтегенов, диспетчер Ғалия Жақыповалар жағдайларының жақсы екенін, жалақыны мерзімінде алатынын айтты.

Бүгінде Ынта атты кемпірі екеуі жиырмаға жуық немере сүйіп отыр. Ұлдарын — ұяға, қыздарын — қияға қондырды. Бершүгір аулының көшелерін тегістеу, аз қамтылған отбасыларының балаларын қолдау деген секілді ағайындық жұмыстар да Төкеңнің мойнында.

Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button