Әлеумет

Балаға дұрыс тәрбие беріп жүрміз бе?

Ұрпақ

Бала тәрбиесі — үлкен бір ғылым. Дана халқымыз бала тәрбиесіне көп көңіл бөлген. Қазір ата-аналар бала алдындағы міндеттерін дұрыс орындамайды. Ең әуелі олар баланың алдындағы өз міндетін біліп, сол міндетті жеткілікті дәрежеде орындауы тиіс.

Атап айтсақ, ата-ана балаға барын алып беру емес, рухани жағынан тәрбиелеуі керек. Бала жастайынан жақсы мен жаманды ажырата білгені жөн. Өмірдің мәні тек ақша мен байлық деген ойдан баланы арылту қажет. Адами қасиетті бала бойына дарыта білу кез келгеніміздің қолымыздан келе бермейді.

Бүгінгі күні тіршілік қамымен жүріп балаға мүлдем көңіл бөлмейтін, өз машақатымен айналысып балаға тәрбиенің керек екенін ұғынбайтын, тәрбиеде ең бастысы тәртіп деп балаға тым қатал қарайтын ата-аналар көбейіп кетті. Сондай-ақ бүгінгі ата-ана «балаға қатты айтуға болмайды» деп баланың ыңғайымен жүретін болды. Мен өз өмірімдегі осындай жағдайларды ескере жүріп, балаға қойылатын талаптың да, оған берілетін еріктің  де өз шегі болуы керек екеніне көз жеткіздім. Демек, бала мен ата-ана арасында өте тығыз байланыс болу керек. «Баланы жастан» демекші, бала тәрбиесі бесікте жатқаннан басталу керек. «Бала жылады» деп көп көтерсе ол соған дағдыланады.  Мезгілсіз тамақ берсе, соған да үйренеді. «Бесікке байласа жылай береді» деп бесіктен жиі босата берсе, нәресте бесіктен мүлдем шығып алады. Осылайша бала бесіктен белі шықпай жатып өз дегенін жасатуға дағдыланады. Бала үшке толғанда «болады» мен «болмайдыны» білуі тиіс. Бала тәрбиесін бес жастан бастаймын дейтіндер де бар. Бес жаста қазір бала мектепке барады. Сонда мектепке келгенде бала өзіне рұқсат етілетін мен етілмейтінді ажырата алмаса не болғаны?!. Мұғалім оған қалам ұстатып, жазуды үйрете ме, әлде «болады» мен «болмайдыны» ажыратуды үйрете ме?! Осынының ара жігін ажыратып алу керек.

Бала тәрбиесіндегі тағы бір мәселе — оның өзге ортада өз-өзін ұстау мәдениеті. Кез  келген бала өз отбасында, ата-анасының көз алдында жүріп көрсете алмайтын мінез- құлықтарын басқа ортада көрсетеді. Өзге біреуге әлімжеттік көрсету, үлкенге қарсы келіп сөз қайтару сияқты үйде көрсетпейтін мінездерді далаға шыққанда көрсетіп жатады. Мұны ата-ана үйретеді деуге болмайды. Бірақ бұл да тәрбиеден кеткен қателік деуге болады. Ата-ана балабақшамен, мектеппен тығыз байланыста болуы керек. Бірақ сол нәрсеге уақыт тауып, «Менің балам басқа жерде қандай, оның сабағы қалай, өз тобында немесе сыныбында оның ролі қандай?» деп көңіл қоятын ата-ана аз. «Уақыт жоқ, мектептегі баланы қарасам, үйдегі шаруам қалады немесе жұмыстан қолым тимейді» деген сияқты біздің тарапымыздан сылтау көп болып жатады. Сол сылтауларымыз сиресе, ата-ана үшін бала өзінің орнының бөлек екенін, оның болашағы олардың назарында  жүргенін сезінер еді деп ойлаймын.

Бала тәрбиесінде балаға жылы қабақ қандай мөлшерде болса, қатал көзқарас та соншалықты мөлшерде болуы тиіс. Балаға ата-ана тарапынан талап үнемі қойылу керек және оның орындалуы қадағалануы тиіс. «Балаға жаның ашыса, оны аяма» деген де сөз бар. Сол айтылған сөздің мағынасына тоқтап кеткім келіп отыр. Әр балада тәуліктің 2-3 сағаты ғана бос уақытқа бөлінуі тиіс, одан басқасында бала сабақта, үй тапсырмасын орындауда немесе ата-анамен бірге үй шаруасында болуы керек. Бос уақыты көп бала түрлі жаман әдеттерге үйірсектенеді, ең қарапайымы теледидардан мүлдем қарауға тұрмайтын жат нәрселерді қарап, өзіне қажет емес ақпараттарды алары анық жағдай. 12 жастан асқан бала отбасында ата-анасының оң қолы ретінде барлық шаруаға дерлік қабілетті болғаны жөн. Қазіргі уақытта ата-ана емес, бала талап қоюға бейімделген.

Ата-ана баланың алдындағы өз міндетін жоғары деңгейде атқарып отырса, әр нәрсені өз орнымен орындап, содан соң балаға талап қойса, ешбір бала қойылған талаптан бұлтармайды. Егер бала талап қояр болса, онда бұл талап тек баланың қажеттілігін қанағаттандыратын деңгейде ғана  орындалуы тиіс. Бала талабын жеткілікті деңгейде орындау дұрыс емес. Есін білетін баланың бәрі тұрмыс жағдайында адам баласына қажет болатын әрбір нәрсенің қайдан, қалай, қанша еңбектің, қаржының  арқасында келіп жатқанын, оның құнының өтелуі тиіс екенін ұғынып өсуі керек. Үлкендер кішілерге, аяқ астында тегін жатқан нәрсенің жоқтығын, оның бәрі тек еңбек арқылы келетінін, бала санасына жеткізіп отыруға міндетті.

Қорыта айтқанда, бала тәрбиесіне көбірек назар аударайық, ата-аналар! Бала – біздің болашағымыз, еліміздің ертеңі. Білімді, саналы, қабілетті ұрпақ тәрбиелеу ол — біздің қолымызда. Сондықтан баланың бақытын біз әрдайым бірінші орынға қоюымыз керек.

 Ш.БАҚЫТЖАНОВА,

зейнеткер ұстаз.

Әйтеке би ауданы.

Үлгі

ӘКЕ ҒҰМЫРЫ — ҰРПАҚҚА ӨНЕГЕ

Әкеміз, Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген мұғалімі Мейірхан Төкешов бізге өнеге боларлық із қалдырды.

Қарапайым отбасында туып, балалық шағы соғыстың сұрапыл жылдарына тап келіп, қиыншылықты көп көрген әкеміз қиын заманда еңбекке ерте араласты. Атамыз Төкеш Отарұлы 1942 жылы әскерге алынып, отбасында әжеміз Зияда үш ұл мен бір қызды —  Мейірхан, Қуанар, Мирон, Үрзаданы өсіріп, тәрбиеледі. Соғыс уақытында отбасын асырау әжемізге оңай тимеді. Осы жағдайды біліп аудандық оқу  бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істейтін нағашы ағамыз Саймағанбет Сәдірбаев жеті сыныптық Қопа орталау мектебін бітірген әкемді 1942-1943 оқу жылынан бастап үш сыныптық Шабаған бастауыш мектебіне мұғалім етіп тағайындайды. Бұл мектеп үйі Шабағандағы Бәймен Алманов терегі түбінде орналасқан. Әкем сол мектепте 10-нан астам балаға сабақ береді. Бұдан кейінгі жылдары Темірастау орта мектебінде химия, биология пәнінен сабақ бере жүріп, тәрбие ісі жөніндегі меңгеруші, мектеп директоры қызметтерін атқарды.

Өз пәні бойынша мұғалімдерді озық тәжірибелерден өткізуге арналған аудандық педагогикалық оқу-дәрістерге, республикалық, облыстық педагогикалық оқу курстарына қатысып, білімін шыңдаған ол аудандық білім бөлімі мен облыстық білім басқармасынан,  Қазақ ССР-інің Білім министрлігінен Алғыс хат алып, бірнеше мәрте марапатқа ие болған. Сондай-ақ сол кездегі заман талабына сай оқушыларды коммунистік рухта тәрбиелеуде жасаған мінсіз қызметі үшін төрт мәрте облыстық білім басқармасы мен  білім жетілдіру институтының, облыстық кеңес атқару комитетінің Құрмет громатасымен наградталған.

1961 жылы әкем Қазақ ССР-і Білім министрлігінің «Халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісімен, 1969 жылы «Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген мұғалімі» атағын алды. Бұл марапаттаулар әкемізге тегіннен-тегін берілген жоқ. Жасаған жұмысы мен атқарған қызметінің арқасында зор жетістікке жетті. Оның көптеген мақалалары «Қазақстан мектебі» журналында, «Қазақстан мұғалімі», «Коммунизм жолы», «Ырғыз» газеттерінде жарияланды.

Әкеміз ұстаздық еткен жылдарда мектепте сабақ беру әдісі ерекше болатын. Ол оқулықтағы сабақ тақырыбын өзі үйден оқып, ой елегінен өткізіп, берілетін тапсырманың керек жерін оқушыларға түсіндіріп, дәптерге қысқаша конспект ретінде жаздыратын. Соның көмегімен алғыр оқушылар үйге барып дайындалуды көп қажет етпей, келесі күні сол қалпында тақырыпты айтып беретін. Химия сабағында қышқылдар, негіздер, сілтілер тақырыбын өткенде көрнекілік құрал ретінде  шыны ыдысқа тәжірибе жасап, балаларға көрсететін. Ал биология пәнінде кәдімгі тірі тасбақаны әкеліп, оның жұлынын жансыздандыратын тітіркендіру қабілеті жайлы айтып, ішін тіліп, ағзаларын көрсетіп, сабақты қызықты әрі әсерлі етіп өткізетін. Бір байқағаным, мұғалімнің сол кездегі негізгі артықшылығы — сабақтың теориялық жағымен қатар тәжірибе түрінде өтуіне көп көңіл бөлуі.

1979-1986 жылдары әкем Темірастау орта мектебін басқарып жүргенде біраз қиындыққа тап болды. Ол кезде мектеп саманнан салынған ескі пешпен жылитын. Әр мұғалімнің тілін тауып, жағдайын жасауға тура келді. Себебі сол уақытта сағат жетіспесе, не оқу-тәрбие жүйесінде сәл жетіспеушілік байқалса, халық директордың үстінен домалақ арыз жазатын. Талай рет осы жағдайды әкеміз басынан өткерді. Сондай-ақ ол қазіргі Құрылыс ауылындағы Б.Алманов атындағы орта мектепті салдыртуға көп үлес қосты.

Мен әкем мектеп директоры болған тұста алты жылға жуық қарамағында еңбек еттім. Сол жылдары мектепте тәжірибелі ұстаздар менің әкемді мақтап, біздің отбасымызды «Мәкеңнің үйі — ұстаздар отбасы» деп әзілдеп отыратын. Айтса айтқандай-ақ әкеміз бен анамыз 9 қыз, 3 ұл тәрбиелеп өсірді. Бәрімізді оқытып, ұядан ұшырды. Қазір сол балалардың бәрі әр салада қызмет етіп жүр.

Ешкімнің еркіне бағынбайтын уақыт алға жылжып жатыр. Уақыт өткен сайын біз әкемізді сағына еске аламыз. Оның ұстаздық жолда еткен еңбегі мен қызметі ұшан-теңіз. Сондықтан оның қамқорлығы мен жасаған жақсылығын ел-жұрт әліге дейін әңгіме қылып айтып отырады.

Айта кету керек, бүгінгі күні Құрылыста әкеміздің атына берілген көше бар. Сол көшеде анамыз әкеміздің қарашаңырағында тұрып жатыр. Немере, шөбере сүйіп отырған асыл анамыз ұрпақтарына аталарының тағылымды өмір жолын айтып, үлгі етіп отырады. Әкеміздің туғанына 90 жыл толуы қарсаңында айтпақ бір әңгімем осы еді.

Біз сені мәңгі жадымызда сақтаймыз, Әке!

 Сапа ТӨКЕШОВ,

денешынықтыру пәні мұғалімі.

Құрылыс ауылы,

Ырғыз ауданы.

 Дипломмен ауылға

ШАНДЫАШАНЫҢ ДӘРІГЕРІ

 Шандыашалықтарға бүгінгі күні ұядай ғана бөлмесі бар ауылдағы емханада ем-дом көрсетіп, көмек қолын созып жүрген жалғыз қызметкер Жадыра Ибраева бұл ауылға осыдан үш жыл бұрын «Дипломмен — ауылға» бағдарламасы бойынша келген.

Ауыл дәрігерін сөзге тартқанда ол әңгімесін әріден бастады:

— Қазір шеттегі ауылдарда білім саласында 7-8 маман мектепте 4-5 баланы оқытса, дәрігер керісінше, 100 адам болса да бір өзі еңбек етуге тура келеді. Мен қазіргі қызметімді жақсы көремін. Алғаш ауылға келгенімде көктемнің лайсаң кезіне тұспа-тұс  келіп, жүріп-тұрудың өзі қиын көрінді. «Жүре берсең көре бересің»  дегендей, қазір осында келгеніме өкінбеймін. Ауыл адамдарынан ауыл тірлігін үйрендім, жолдасым өзге ұлт өкілі болса да отау құрдық. Бір бала тәрбиелеп отырмыз. Ата-енем шағын ауылда өз еңбектерімен күн көріп отырған жандар. Біз де сол кісілерге еліктеп шаруашылыққа үйрендік. Жолдасым Игорь аудандағы «Бадамша-Сервис» мекемесінің маманы, ауылды ауызсумен қамтып, уақытылы төлем ақысын жинайды. Ауылдағы адамға ол да болса жауапты жұмыс. Жетпегенін жеке шаруамызбен толықтырып, ел қатарлы күн көріп жатырмыз. Ауыл десе ат тонын ала қашатын құрбыларыма айтарым — ауылда да шалқып өмір сүруге мүмкіндік мол, — дейді Жадыра.

Ол 2012  жылы Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина универститеті жанындағы медициналық колледждің емдеу бөлімін бітірген. Қарғалы аудандық ауруханасына жолдамамен келіпті. 2013 жылы осы ауылға маман қажет болған соң ауысыпты.

Оның айтуынша, Шандыашада бүгінде 23 үй бар. 95 адам емханада тіркеулі тұр. Олардың бәрі емханаға келіп, ем алады.

Міне, жалғыз дәрігер қаншама адамға қызмет ететіндігі көрініп-ақ тұр. Оның үстіне ауылдағы жалғыз дәрігер денсаулық саласындағы барлық саладан хабардар болуы керек. Жадыра қазір «Өзге сала мамандары қашан келеді?» — деп күтпейді, келген адамға медициналық көмек көрсетеді. Себебі ол — оның міндеті.

  • Мені аудандық аурухана басшылары қолдап, жағдайымды жасады. Бағдарламадағы талапқа сай жеке үй, көтерме қаржы беріп қолдады. Аз ғана уақыттағы еңбегімді бағалап,  аудандық аурухананың бас дәрігері Берік Жаржанов Алғыс хатпен марапаттады, — дейді Жадыра Ибраева.
  • Бүгінгі күні шағын ауылда бес ұлттың өкілі тұрады. Олар да үнемі Жадырадан көмек сұрап, оны «ақ халатты абзал жан» деп әрдайым құрметтейді. Қазір ауылдағы дәрігер мен халық емхана жабылып қалмаса деп уайымдайды. Егер жабылса, ауылдан 12 шақырымдық жердегі Әлімбетке баруға тура келеді. Қыс айларында бұл екі ауылдың арасында жол қатынасы кей жағдайда жабылып қалады. Қиналған кездері дәрігер мен науқасқа ауылдағы көлігі бар азаматтар көмектеседі. Мәселен, дәрігер Жадыраның жұбайы Игорь ауылдастары үшін күн-түн демей көлігін шығарып, жолға шығады.

Шағын ауылдың дәрігері Жадыра әңгімесінің соңында «Жалпы өзім қатарлы құрбыларыма, жас мамандарға айтарым, ауылды өшіретін де, өсіретін де жастар,  сондықтан ауылдан шыққан құрбылар ауылға оралса келешексіз ауыл деген болмас еді деген өз ойымды да жазып қойсаңыз» деген сауалын жеткізді.

Бақыт ИМАШЕВ,

Қарғалы ауданы.

 Мәселе

ЖАҢАҚОНЫСҚА АВТОБУС ЖҮРСЕ ЕКЕН…

 Жаңақоныс ауылының «Бірлік» аталатын ауданында «Лидер» май құю стансасының сыртында 5-6 жыл бұрын он шақты ғана үй болса, бүгінде ең кемі елу үй бар. Оның көбі — екі қабатты үйлер.

Үкімет «он сотық учаскеге салынатын жеке үйдің инфрақұрылымына азаматтардың қаржы үлесін қосу» мәселесін енді көтеріп жатса, мұндағылар бұл шаруаны алты жыл бұрын бастады. Әуелі көршілер ақша қосып, бір миллион теңге тұратын көнелеу трансформатор сатып алды. Электр бағандарын жеке фирма тұрғызып, сым тартып, жарықты іске қосты. Бәрін осы төңіректің алғашқы тұрғындарының бірі, қаржы маманы, жігіт ағасы Сайлан Үдербаев ұйымдастырды. Трансформатор қуаты шектеулі. Былтыр біткен 15 екі қабатты үйге электр желісін жүргізу үшін Жамбыл облысы, Меркі ауданының бұрынғы әкімі, заң білетін Доқтырбай Әлкенұлы деген азамат анда-мұнда жүгіріп, нәтижесінде қазір «үкіметтің жарығы» тартылып жатыр. Газдың жыры бір бөлек. Оны да жеке кәсіпкер жүргізіп, әрбір отбасы 250 мың теңге төледі. «Ақбұлақ» су құбырының іске қосылғанына бір жылдан асты. Оған дейін әркім 250 мың теңгеге ауызсу ұңғысын қаздырып алды. Электр қуатының бір киловаты — 16 теңге. Осының бәрі он сотық жерге салынған үйіңнің кең ауласына шығып, еркін тыныстап, «айхай, өз үйім» дегеніңде ұмытылып сала береді. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» дегендей, бұл да көршілер бірлігінің нәтижесі.

Алайда  билік көмектеспесе бітпейтін іс әлі де баршылық. Тұрғындар көше жолдарына қиыршақ тасты бірігіп, өздері төсеттірді. Енді Жаңақоныстың басты бір-екі көшесімен автобус жүрсе дейміз. Себебі №21 бағыттағы автобуста ине шаншар орын болмайды. Сондай-ақ, «Төменгі тақтайша» аялдамасында жүргіншілер жол үстіндегі кергіден сүрініп құлап, қарғып өтеді. Күніне ең кемі үлкенді-кішілі 200-ден артық адам осындай «жаттығу» жасауға мәжбүр. «Жолақ» жол жоқ. Мәселені, қала әкімі де шеше алмай келеді. Жаңақоныстың жаңа мектебі ауылдың аурухана жақ шетінде орналасқан. Бергі жағындағы бастауыштың оқушыларына обал-ақ. Кергіден өте алмай, киімдерін бүлдіріп алады. Алдағы уақытта биліктегілер осы мәселелердің шешілуіне атсалысса дейміз.

 

 Айдос ШӨКІШҰЛЫ,

 Жаңақоныс ауылы,

Ақтөбе қаласы.

 

 Қоғам

 ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕСУ — ӘР АЗАМАТТЫҢ ПАРЫЗЫ

 Жемқорлық – қазіргі таңда дүниежүзінде кең етек алған қылмыстың бірі. Мұнсыз адамның ісі өнбейтіндей көрінеді. Мәселен, жұмысқа орналасу үшін құжаттарды тексеру кезінде, тіпті білім саласында да пара беру кең етек алып барады.

Қылмыстың бұл түрі ерте кезден-ақ елімізді шарпыған. Оған дәлел — Абай атамыздың  «Болыс болдым, мінекей, бар малымды шығындап» деген өлең жолдары. Мұнда билік басына келу үшін адамның малын, арын сататыны сөз етілген. Бұл қазіргі таңда да жалғасын тауып келеді.

Қазір біз, аға буын ұрпақтары, елімізде осындай қылмыстың болып жатқандығын көзбен көріп, құлақпен естіп жүрміз. Алайда жемқорлықты жою үшін біз не істеп жатырмыз?

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп қазақ атам айтпақшы, жастар аға буын өкілдерінің жаман ісін көріп қандай тәрбие алып жатыр? Олар жемқорлықпен ұсталып, жазадан құтылып кетіп жатқандарды естігенде «Бұл айтарлықтай қылмыс емес» деген ой туындауы мүмкін ғой. Демек, олар да ағаларының сол қателіктерін жасауы ғажап емес. Ал бұл адамды имандылықтан, адамгершіліктен айырады, өз өміріңе өз қолыңмен балта шапқанмен тең болады.

Өзге адамның өміріне қол сұғу, бүлдіру – үлкен қылмыс. Мұндай лас іс-әрекеттер өлім жазасынан да ауыр жазаға лайықты. Жемқорлық, пара беру ешкімге пайда не абырой әпермейді.

Аталған тақырып аясында осы қылмыспен күресудің бірнеше әдісін ұсынғым келеді.

Біріншіден, еліміз Мәңгілік Ел болуы үшін әрбір азамат жемқорлықпен күресуі қажет.

Екіншіден, балаларына бесікте жатқаннан бастап-ақ адалдықты, ешкімнің ар-намысын таптамауды бойларына сіңіру керек. Себебі, елдің ары қарай өркендеуі сол бесікте жатқан сәбилерден басталады емес пе?!

Үшіншіден, жемқорлықпен істі болған кісінің қылмысы болашақта ұрпағының өміріне әсер ететін болса, ол ешқашан бұл қылмысқа бармайды деп ойлаймын.

 Самал ҚОЖАБАЙҚЫЗЫ,

Бозой ауылы,

Шалқар ауданы.

Түйткіл                                         

 ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ САЛАСЫНДА ӘЛІ ДЕ КЕМШІЛІКТЕР БАР

 Біздің қоғамымызда халыққа қызмет көрсететін салалар көп-ақ. Олардың міндеті — өздеріне тапсырылған шаруаларды мінсіз атқару деп білемін. Алайда, әлі де болса ескерілмей келе жатқан, мән берілмейтін жайлар көп кездеседі.

Мәселен, көлік қозғалысына келейік. Осыдан жиырма-отыз жыл бұрын қазіргі 312- атқыштар дивизиясы көшесімен №2 маршруттың автобустары қатынайтын. Кейін алынып тасталды. Себебі, бұл көше бойындағы бірқатар кәсіпорындардың жұмыс істеуі тоқтап қалды делінді. Ал қазір көше қайта жанданды. Облыстық газ мекемесі, облыстық әскери комиссариат осы көше бойында орналасқан. Көшенің төменгі тұсындағы саяжайларда көптеген тұрғындар тұрып жатыр. Сондықтан бұрынғы №2 маршруттың ізімен автобус қозғалысын жандандырған дұрыс деп білемін.

Екінші бір мәселе халыққа қызмет көрсету орталығына қатысты. Осы орталықтың жұмысында да түзетілуі тиіс кемшіліктер аз емес. Мысал келтірейін.

Менің балам 2004 жылы жер алу кезегіне тұрып, биыл, яғни 2016 жылы «Қанағат» ауданынан №472 учаскеге ие болды. Осыған құжат дайындағанда Тургенев көшесі бойындағы халыққа қызмет көрсету орталығы қызметкері «жеке бас куәлігінің көшірмесі қажет емес» деп, ұсынған қағазымызды қабылдамады. Соның кесірінен жер бөліміндегілер тиісті құжат болмағандықтан деп бізді кері қайтарды. Қайта айналып әлгі орталыққа келдік.

Ендігі бір дерек мынадай. Он алты жасқа толған Жиенмұрат Фариза Бақытжанқызына жеке куәлігін уақытында бермей, әртүрлі сылтаулармен бір айға созғаны да көңілімізде қалып қойды. Менің баламды үйге тіркеуге отырғызу кезінде де нақты сілтеме жасамай, төлем жасау мүмкіндігі орталықтың ішінде болғанына қарамастан, сырттағы банкіге жіберіпті.

Мұның қай-қайсысына да ұсақ-түйек деп қарауға болмайды. Өйткені бәрі де адам үшін жасалып жатыр деп көп айтамыз, ал шын мәнінде солай ма?

 Сағибек ШӨКІМОВ,

Ақтөбе қаласының тұрғыны.

 

 Жанайқай

 АУЫРЫП ЕМ ІЗДЕГЕНШЕ…

 Бүгінде сәл сырқаттансаң, көрінетін жерің — емхана. Ол жерге барсаң дәрігер келген науқастардың бәрін қабылдап үлгере алмайды. Ал бұған кім кінәлі?

Мәселен, бір емханада әрбір терапевт күніге ең кемінде 20-30 науқасты қарайды. Оған ем тағайындайды. Ал оларға екпелерді уақтылы кім жасайды? Науқастанған адам дәріханадан бір дорба дәрі сатып алады, үйіне әкеліп қояды. Оны егетін не ем жасайтын дәрігер, медбике қайда?

Сондай-ақ емдеуші терапевтерге ауыр науқастарды бірден ауруханаға жатқызуға құқық берілмеген. Ауруханаға жату үшін порталға тіркелу керек. Ол болмаса амал жоқ, дәрі-дәрмегіңді апарып, өзің медбике тауып үйіңде жатып емделесің. Әрине, тегін емес.

Ал қалалық емханаларда екпе жасайтын бөлмеге бара қалсаң, ұзын сонар кезекке тап боласың. Сұрансаң, науқастар біріне-бірі көнбей, өздерінің ауруларының «күштілігін» дәлелдеп жөніне кетеді. Оның үстіне емханаға төрт мезгіл егілу үшін кім келе алады? Сондықтан  жүріп-тұруы қиын адамдар үшін медициналық жедел жәрдем сияқты үйге барып егетін, екпе жұмыстарын жүргізетін жедел медициналық жәрдем мекемесін құратын мезгіл жеткен сияқты.

Денсаулық сақтау саласының мамандарының көмегіне жүгінсек, олар тек портал арқылы да ем алуыңа болатынын алға тартады. Ал порталға тіркеліп, онымен ауруханаға жату үшін көп уақыт керек. Ауру ештеңені күтпейді. Кей жағдайда науқасы ауыр адамдар бұл дүниемен қош айтысып жатады.

Бір білетініміз алдағы уақытта елімізде денсаулық сақтау саласында үлкен реформа болатын сыңайлы. Медициналық міндетті жарна төлеу қайтадан пайда болады. Үйден амбулаторлық ем алып жүргендер өте көп. Ем-дом шаралары үйден ойдағыдай жүргізілмейтіні анық. Сол себепті дәрігерлердің тағайындаған ем-домын үйде жатып жасау тек медициналық мамандығы бар адамның қолынан келетінін ескеріп, бөлек бір медициналық мекеме құрылса деген пікірімді білдіргім келеді. Халық алдағы медициналық реформадан үлкен үміт күтіп отыр. Әрине, мұндай ұйымдастыру шараларына көп қаржы кететіні анық. Дегенмен халық денсаулығы мемлекет байлығы екенін ұмытпайық!

 Сәдуақас МАЛАЙДАРОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Ақтөбе қаласы.

                                                                                                                                                                                                                                                                  

Оқырман хаттарын топтастырған Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button