Әлеумет

Ұлы Абайдың ізімен

Байқау

Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы, Жидебай ауылында мектеп оқушылары арасында XVII республикалық «Абай оқулары» байқауы өтті. Білім және ғылым министрлігі, республикалық ғылыми-практикалық «Дарын» орталығы, Шығыс Қазақстан облыстық білім басқармасы ұйымдастырған шараға еліміздің әр өңірінен 113 оқушы қатысып, оның 19-ы жүлдегер атанды.

Байқау үш бөлім бойынша өткізілді. «Өлең — сөздің патшасы, сөз сарасы»  — Абай мен Шәкәрім шығармаларын жатқа оқу, «Көңілім әнді ұғады» — Абай мен Шәкәрімнің әндерін орындау, «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» — жас дарындардың өз шығармаларын орындауы.

Ақтөбе қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 8-сынып оқушысы Айнұр  Бисеналина  байқаудың «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» номинациясына өз шығармашылығын ұсынды (жетекшісі —қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Марзия Таңжарықова). Мектептегі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Алтынай Димисанова да оқушының байқауда бақ сынауына үлкен көмек көрсетті. Байқауда Айнұр «Абай ақынға арнау» өлеңін оқыды.

Шара барысында жарысқа қатысушылар ұлылар мекені атанған Семейге саяхат жасады. Олар Бөрлідегі М.Әуезов мұражай үйін тамашалады.  Мұражай басында  М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы «Қайтқанда» бөлімінен үзінді қойылып, қатысушыларға дәм ұсынылды. Сырт Қасқабұлақтағы Абайдың туған жеріне аттанған қатысушылар «Үй тастағы» қойылым мен Шілікті кезеңіндегі театрландырылған көріністі тамашалап, Абай мұражайына, Абайтану орталығына саяхат жасады. Сонымен қатар, қатысушылар «Абай-Шәкәрім» кесенелер кешеніне барып, ұлылар рухына тағзым етті.

 Өз тілшіміз.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button