Күзгі жиын-терін созылып тұр

Науқан
Жауапты шақ
Күздің күніне сенім жоқ. Ол тіпті күздің басы, қыркүйек айы болса да, жайлы бола алмайды. Өйткені жайлы жаз артта қалып, қоңыр күз аяқ салады. Маусымның алдамшы, мазасыз шағы басталады. Кез келген уақытта ауа райы бұзылып, жауын-шашынға ұласуы әбден мүмкін. «Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан» деп, Абай жырлаған күз осы. Күннің райын, қабағын баққан шаруа мұны біліп, ескеріп отырады.
Әсіресе, егінге орақ салған тұстағы жауын-шашынның қолайсыздық әкелетінін ұмытуға болмайды. Сондықтан диқан қауым бұл науқанды әр ашық күнді тиімді пайдаланып, тез, ыждағатты жүргізуге тырысады. Жауын-шашынға ұрынбай, егін орағын уақытында аяқтап, бар астықты қамбаға құйып алу — үлкен олжа.
Бірақ, өкінішке қарай, тап бүгінгі таңда бізде олай болмай отыр. Міне, үстіміздегі қыркүйек айының тоғызынан бері өңірде жауын-шашын басылмай, егінжайда бар техника тұяқ серпе алмай тұр. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Асылжан Әбтиев тап осылай деп мәлімдеді.
Рас, кешелі-бірі күннің көзі көрініп, ашылғандай сыңай танылды. Алайда шаруашылықтарда комбайндар егінжайларға кіре алған жоқ, астықтың ылғалдығын айтпағанда, егіндіктің өзі су, батпақ. Ылғал қыркүйектің жауынды күндерінде нормадағыдан екі есе артық түскен. Орақты бастау үшін әлі де бірер күн күтуге, бөгелуге тура келуде.
Мамандардың баяндауынша, егін орағы басталғаннан бергі аралықта облыс бойынша 340,9 мың гектар дәнді дақыл егісінің 236,7 мың гектары жиналған. Бұл — дәнді дақыл егісінің 69,4 пайызын құрайды. Әлі де биылғы жаңа астықтың үштен бір бөлігі жинаусыз жатыр.
Тап қазіргі сәтте жауын-шашынға ұласып, орақ жұмысына қолбайлау жасағаны болмаса, биылғы жылдың диқан қауымы үшін ерекше қолайлы болғаны белгілі. Көктем, жаз мол жауын-шашынмен өтті. Тіпті астықтың дәні толысатын шілде айында нөсер жауын өтті. Мұндай қолайлы жағдай соңғы он жылда біздің өңірде ұшырасқан емес.
Соның нәтижесінде жаңа астықтың әр гектарынан облыс бойынша орта есеппен 11 центнерден астық жиналуда. Оның ішінде астықтың орташа түсімі Хромтау ауданында — 13,7, Алғада — 11,6, Қарғалыда — 11, Әйтеке биде 10,5 центнерден айналуда. Бұл аз ба, көп пе? Әрине, өткен жылғы облыс бойынша әр гектардан алынған 5,7 центнер астыққа қарағанда көп. Ал табиғаттың биылғыдай жомарт жылы үшін аспанға бөрік лақтырып қуанатындай, әнебір жоғары көрсеткіш емес. Мұны таяуда Мәртөк ауданында болған кезде облыс әкімі де ашық айтты.
Біздің мамандар пәлен жыл бойы егіннің түсімінің төмен болуын қуаңшылықпен байланыстырып келді. Алайда биылғыдай жылдың өзінде де көп шаруашылықтардың жоғары көрсеткішке жете алмауын қалай түсіндіруге болады? Жерде ылғал мол болғанмен, егістікті баптау, дән себу, тыңайтқыш қолдану кездерінде агротехникалық шаралардың қатаң сақталмауы өнімді төмендетіп тұрған жоқ па?
Бұл енді болғанның үстіне бола түссе деген тілектен туып отырған әңгіме ғой. Биылғы шыққан астықты төкпей-шашпай жинап алсақ та аз болмас. Күзгі жиын-терінді жауын-шашынның бөгеп тұрғанын айта келіп, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының осы егіншілік саласына жауап беретін орынбасары қалған егінді он, он екі күнде толық жинап алуға мүмкіндік бар деген сенімде.
— Ауа райын болжау мекемелерінің бізге беріп тұрған мәліметтеріне қарағанда, бір жеті, он күндей ашық болатынға ұқсайды. Біздегі астықты өңірлердің мамандарымен сөйлестім. Олар ендігі жерде астық ылғалды болады деп қарамай, ору жұмысын күні-түні жүргізбек. Өйткені алдағы күндердің қандай болатынын біз білмейміз. Қазір түн салқын. Қалай болғанда да, ыждағаттап, тез арада жаңа астықты жинап алу керек, — дейді маман.
Оның айтуынша, қазір арпа егісін жинау аяқталуға жақын. Негізінен қалып тұрған бидай дақылы, орылатын тары, сұлы егістері бар. Қазір Азық-түлік кооперациясы астықтың бағасын белгілеген. Үшінші класты бидайдың тоннасы — 41 мың теңгеден 50 мың теңгеге дейін. Жаңбырға дейінгі элеваторларға өткізілген астықтың 96 пайызының бағасы тоннасына 50 мың теңгеден бағаланған. Шаруа қожалықтары астықтарын элеваторларға өткізіп, одан әрі сату шараларын жүргізуде. Бұл шаруа Мәртөк ауданында жақсы жолға қойылған.
Ашық күн тілеп…
Облыста биыл астық екпеген аудан жоқ. Барлығы да, ауа райының қолайлы болатынын білгендей, шама-шарқынша егін салды. Әрине, соның ішінде астық шаруашылығымен дендеп айналысатын төрт ауданның жөні бөлек. Егін орағының қазіргі барысын білмек ниетпен осы өңірлердегі мамандармен хабарласқан едік.
Әйтеке би ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Шмит Өтеуов:
— Егін жақсы шықты, енді соны жинай алмай қапылудамыз. Он күннен бері жауын, астықты ора алмай тұрмыз. Айналып үйіріліп жауып, қол байлауда. Биыл 123,9 мың гектар алқапқа дәнді дақыл егілді. Бүгінгі күнге 86 мың гектар жердің астығы жиналды. Орта есеппен әр гектардан 13 центнерден өнім алынуда. Барлық себілген дәнді дақылдың 10900 гектары ғана арпа, қалғаны түгел таза бидай егісі. Сонымен бірге, 400 гектар қырлық тары бар.
Жекелеген шаруашылықтарда астықтың орташа түсімі жоғары. Мысалы, «Алтынсарин» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде дәнді дақылдың әр гектарынан 15 центнерден өнім алынуда. «Бұлақ Агро», «Барс-1» шаруашылықтары әр гектардан 14 центнерден өнім алуға қол жеткізуде. Біздің өңірдің егіншілікпен шұғылданатын белгілі ірі шаруашлықтары — «Құмқұдық», «Комсомол», «Еңбек Агро» ұжымдары да биыл әр гектардан 10-11 центнерден астық орып, бастыруда. Бізді қинап отырғаны, аудан бойынша ірі шаруашылықтардың бірде-біреуі егін орағын аяқтаған жоқ. Аудан бойынша әлі де 37 мың гектар дәнді дақыл жиналуға тиіс. Егер күн ашық болса, 10 күнде бітіреміз.
Астықты серіктестіктер, шаруа қожалықтары қоймалар мен элеваторларға бірден құйып жатыр. «Жайылқан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі биыл Комсомол селосынан қабылдау бөлімшесін ашқан болатын, қазір сол жерден бірден шетелдерге жөнелтуде. Астықтың қабылдау бағасы да жоғары, шаруа қожалықтарын ренжітіп жатқан жоқ. Жаңа астықтың сапасы да жақсы, дән толық, таза.
Жұмысымызды жауын ғана кідіртіп тұр. Сәл мүмкіндік берсе, тиянақтаймыз. Оған күшіміз де жетеді, 155 комбайнымыз бар.
Көкөніс пен картопты да бастап жинадық. Бірақ толық бітіре қойғанымыз жоқ. Барлығы аудан бойынша 449 гектар жерге биыл көкөніс пен картоп егілген болатын. Картоптың бір бөлігі жиналды. Әр гектардан 135 центнерден өнім алынды. 17 гектар көкөніс алқабы жиналып, әр гектардан 155 центнерден, 28 гектар бақша дақылының әр гектарынан 105 центнер өнім жиналды. Әлі бар жинайтын.
Егін орағымен қатар, күзгі егістің агротехникалық шараларын да жүргізіп жатырмыз. 15 мың гектардай сүдігер, 48 мың гектар пар жыртылды. Биыл 12 мың тонна тұқым құйып алуымыз керек еді, қазір 8,5 мың тоннадай тұқым құйылды.
Қарғалы ауданы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Бауыржан Кенжеғұлов:
— Биыл 81,5 мың гектар дәнді дақыл егісі егілген болатын. Бидай — 64,7 мың гектар, қалғаны — арпа, сұлы, тары егісі. Қазір 45,6 мың гектар дәнді дақыл егісі жиналды. Егін орағын 11 тамыздан бастаған едік. Биыл жаңа егіннің түсімі гектарына орта есеппен 11 центнерден айналуда. Ауданның орташа көрсеткішінен жоғары да, төмен де алып жатқандар бар. «Делент» шаруа қожалығы арпа дақылының әр гектарынан 23,4 центнерден, «Сәкен» шаруа қожалығы арпа егісінің әр гектарынан 21 центнерден астық алды. Ал «Велихов» бидай дақылының әр гектарынан 12,7 центнерден өнім алды. «Жосалы Агро» шаруашылығының арпа егісінің түсімі гектарынан 17 центнерден келді.
Бүгінгі күнге егін орағын ұсақ шаруашылықтар ғана аяқтады. Ірі серіктестіктер мен шаруа қожалықтарына әлі де жұмыс көп. Көптен жауын, ауа райы бүгін ғана ашылды. Бірақ жер батпақ, комбайн маңайлай алмайды. Ауданда егін орағына 284 комбайн қатысады. Бірақ мына жер кепкенше кемінде төрт күн кетеді. Содан кейін кідірмей кіріскенде, орақ жұмысы кемінде 20 күнге созылады. Бұл ауа райы ашық болса, егер тағы жауын-шашын болса, созылуы мүмкін. Бір күн жауған жауын орақ жұмысын төрт күнге тоқтатады. Жер кепкенше күту керек, комбайндар егінжайға кіре алмайды.
Тары егісіне де орақ түсті. Бірақ түсім бізді көншітіп отырған жоқ. Көкөніс, картопты да ауа райына байланысты толық жинап ала алмай жатырмыз. Алғашқы қарқында жиналған 85 гектар картоп алқабының әр гектарынан 203 центнерден артық өнім алынды. Биыл көкөніс, картоп егумен 24 шаруашылық айналысты.
Шаруа қожалықтары астықтарын бастап сақтау орындарына өткізуде. Бұрынғы қарыздарынан құтылу үшін сатып жатқандары да бар.
Хромтау ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің бас агрономы Қуаныш Біржанов:
— Қыркүйектің тоғызынан бері жауын жауып тұр. Содан бері бір гектар жер шабылған жоқ. Биылғы біздің салған дәнді дақыл егісіміз — 40 мың 700 гектар. Ал жалпы егіс көлемі аудан бойынша 74 мың гектардан асады. Оның 6 мың гектары — майлы дақылдар, 23 мың гектардан астамы — мал азығындық дақылдар. Кейінгі жылдары бидай мен арпаны шығара алмағасын, мал азығындық дақылдарға басымдық бердік. Өйткені бұл дақылдар қуаңшылыққа төзімді.
Қазір дәнді дақыл егісінің 30 мың гектарға жуығы жиналды. Орташа түсім —13,7 центнер. Әзірге біз облыс бойынша алдыңғы қатардамыз. Кейбір таңдаулы алқаптардан мұнан да жоғары өнім алынуда. Мысалы, «Ақжар Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арпа алқабының әр гектарынан 30 центнерден астық жинады. Тассай ауылдық округінің «Алтын дән-К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бидайы биыл бітік шықты. Бұл шаруашылық 6700 гектар бидай егісінің әр гектарынан 15 центнерден өнім алуға жетті. Біздегі егіншілікпен айналысатын үшінші ірі шаруашылық — «Егін Табантал». Олардың да көрсеткіші жоғары. Ұсақ шаруашылықтардан Құдықсай ауылдық округінде «Толқын» шаруа қожалығы дәнді дақылдың әр гектарынан 12 центнерден, Абай ауылдық округінде «Наурыз» 15 центнерден, «Айнұр» шаруа қожалғы да сондай жақсы астық өсірді.
Майлы дақылдар соңынан жиналады. Қазіргі сәтте бізді қинап тұрған 10 мың гектардың үстінде қалған дәнді дақыл егісі болып тұр. Шамалы жер кепсе, бір жетінің шамасында еңсеретін жұмыс. Техникамыз жарақты, егін орағына қатысып жатқан 80-нен астам комбайндарымыз бар. Оның 24-і шетелдік. Мал азығындық дақылдарға да орақ салдық. Негізінен судан шөбі, түсімі жақсы, 15 центнерден. Бір орып алып, екінші оруға кірісіп жатқан жерлер де бар. Мысалы, «Жантізер» шаруа қожалығы осылай жасап жатыр.
Бізде аудан бойынша 480 гектар картоп, 243 гектар көкөніс салынған еді. Көкөністі уақытында жинап алдық. Картоптан 70 гектардай ғана қалып тұр. Биыл картоптың жылы болды, түсімі жақсы, 130-140 гектардан өнім алынды.
Биыл облыс әкімінің тапсырмасы бойынша суармалық егісті қолға алдық. «АкТеп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бір бөлек малы «Қопа» өңірінде. Осы шаруашылық біздің жерден 250 гектардай суармалы жоңышқа екті. Алғаш рет 300 гектар суармалы жерге тары егілген еді. Бірақ кештеу егілді де, шығымы жоғары болмады.
Мәртөк ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Шамиль Саринов:
— Он күнге жуық орақ жұмысы тоқтады. Әлі 78 мың гектардай егіс алқабы орылу керек. Жауынның қатты болғаны сондай, ашылғанның өзінде егінжайға техника кіре алмайды.Енді бірер күнде оруды қайта бастап көреміз. Арпа егісін орып, бастырып бітірдік. 13 мың гектар арпа егісінің әр гектарынан 13 центнерден артық өнім алынды. «Арлан», «Акбар», «Николай», «Алтай», «Фиалка» шаруа қожалықтары әр гектардан 15 центнерге дейін тәуір өнім алды.
Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.




