Басты жаңалықтар

Батыс өңірлік медициналық кластер Ақтөбеде дамиды

Ақтөбедегі Аққағаз Досжанова атындағы Конгресс-холда «Кластерлік медицина, мемлекеттік-жемекеншік әріптестік, халықаралық байланыстың дамуы. Өңірлік денсаулық сақтау жаңа күн тәртібінде» атты халықаралық медициналық форум өтті.

Форумға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев және ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің жауапты хатшысы Аида Құрманғалиева,  сондай-ақ, Беларусь, Израиль, Ресей, Түркия, Оңтүстік Кореяның делегациялары, республикалық ғылыми медициналық орталықтардың басшылары, медициналық кластерге кіретін Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстарының бір топ өкілдері қатысты.

 Облыс әкімі мен форумға қатысушы қонақтар әуелі тақырыпқа сай арнайы әзірленген көрмені аралап көрді. Көрмеге соңғы үлгідегі медициналық жабдықтар, хирургия мен травмотологияда таптырмас құралдар, тіпті жергілікті фармацевтикалық зауыттың фитоөнімдері қойылған. Форумға қатысушылардың кейбірін әңгімеге тартқан едік.

— Біздің фармацевтикалық зауыт 2012 жылдың желтоқсан айында «Бизнестің жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында әлемдік тәжірибеде сапа бақылайтын ең бір  маңызды құжат саналатын GMP стандартына сай құрылды. Зауыт шикізаты — өсімдіктер. Мысалы, мия тамырын Қызылордадан аламыз. Кәдімгі табиғи мия тамырынан әуелі майы алынады, сосын ол сиропқа айналады. Мия тамырынан алынған препараттар медицинада тыныс алу жолдарындағы инфекциялық қабыну ауруларына ұсынылады, қақырық түсіруге қолданылады, — деп бізге кәдімгі мия тамырының өзін көрсетті «ТК ФАРМ Ақтөбе» ЖШС директорының сапа жөніндегі орынбасары Зеріп Ақбалаева.

Сондай-ақ, көрмеде «Тауасар груп» ЖШС-ның өкілдері тұрғындар назарына ерекше аппарат ұсынып тұрғанын көрдік. Қолыңды сол аппаратқа енгізіп, бір түймесін бассаң болды, 30 секунд ішінде артериялық қан қысымының өлшемін шығарып береді.

— Бұл — жапониялық «AND» компаниясының кәсіби тонометр негізіндегі автоматтандырылған кешені. Алайда біз қазір тек тонометрдің қызметін ғана көрсетіп тұрмыз. Кешеннің қалған қызметін жасайтын жабдықтарды құрмадық. Яғни, кешен толық жабдықталған жағдайда тек қана қан қысымын ғана емес, сондай-ақ, алкоголь және есірткі тұтынған-тұтынбағанын адамның көзі мен демі арқылы тексеріп беретін мүмкіндігі бар. Аталған кешен рейс алдындағы, кезекті жұмыс алдындағы медициналық тексеріс жұмыстарын жеңілдетеді. Уақытты үнемдейді. Мұндай аппарат елімізде әлі жоқ. Біз енді әкеліп ұсынып жатырмыз. Болашақта емханалар мен ірі зауыттарда болады деп ойлаймыз, — дейді Ақтөбеге алты жылдан бері медициналық құрал-жабдықтар тасумен айналысатын «Тауасар груп» кәсіпорнының коммерциялық директоры Аслан Үмбетияров.

Көрмеде шетелден және көрші облыстардан келген компаниялар да өз өнімдерін көрсетті.

Форум барысында денсаулық сақтау жүйесінің жаңа бағыттары, кластерлік медицина, медициналық туризм мен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясындағы жобаларды іске асыру мәселелері сөз болды. Біздің облыста осы мәселелерді оң шешу мақсатында көптеген іс-шаралар қабылдануда. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын нақты жүзеге асыру аясында аймақтық медицинаны жетілдіру тұжырымдамасы жасалды.

— Өздеріңіз жақсы білесіздер, әрбір мемлекеттің дамуы, болашағы бірден-бір оның білімді, денсаулығы мықты азаматтарына байланысты. Елбасымыз Тәуелсіздік алған жылдардан бастап денсаулық сақтау саласына ерекше көңіл бөліп келеді. Соңғы 15 жыл ішінде бірнеше мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, жүзеге асты. «100 мектеп, 100 аурухана», «Саламатты Қазақстан», қазіргісі — «Денсаулық» бағдарламасы. Осы мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесінде өлім-жітім деңгейі төмендеп, Қазақстан халқының орташа өмір сүруі — 72 жасқа жетті. Қазақстан халқының саны қазіргі таңда 18 миллионнан асып отыр. Тәуелсіздік алған жылдары біздің елде 16 миллиондай ғана тұрғын болды. Елбасы тапсырмасына орай біздің облыста да бірқатар шаруалар атқарылып жатыр. Тек қана соңғы 5 жылда облыстың денсаулық сақтау саласына 200 миллиардқа жуық теңге бөлінді. Өздеріңіз көрген боларсыздар, облыстың емдеу мекемелерінде халықаралық стандарттарға сай келетін жабдықтар тұр. Сол жабдықтардың құлағында ойнайтын білікті мамандар болуы қажет. Ол үшін біз халықаралық тәжірибеге сүйенеміз. Біздің дәрігерлер Корея, Германия, Израиль, Ресей елдеріне шығып, тағылымдамадан өтіп келіп жатыр. Біз өз облысымыздың мүмкіндігін толығымен пайдалануымыз керек. Оның үстіне, Мемлекет басшысы біздің алдымызға «Қазақстандықтар Қазақстанда емделуі тиіс» деген нақты тапсырма қойып отыр. Осыған орай медициналық туризмді дамыту жоспарланып отыр. Біз Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе отырып, облыстың барлық емдеу мекемелері мен Батыс өңіріне дәрігерлер даярлайтын университеттің мүмкіндігін зерттеп-талдап, сосын медициналық кластер құру туралы ұсынысымызды айттық. Ұсыныс қабылданды. Айталық, жыл сайын Ақтөбенің емдеу мекемелеріне көрші облыстардан 8 мыңнан астам тұрғын келіп емделеді. Бұл жерде бізге халықаралық тәжірибе қажет. Біздің өңір республикалық ғылыми орталықтармен және халықаралық деңгейдегі емханалармен ынтымақтастықта жұмыс істейді. Біздің елдің ғалымдары да   қазір әлемдік деңгейде жұмыс жүргізіп жүр. Қазір елімізде бауыр, бүйрек ауыстырылады. Осындай ғалымдар ортамызда отыр, жерлестеріміз — білікті хирургтер Жақсылық Досқалиев пен Серік Ақшолақов, — деді өңір басшысы Бердібек Сапарбаев.

Медкластердің құрылуы аясында облыстағы жетекші емханаларды біріктіретін ірі көпсалалы аурухана — «Aktobe medical center» ауруханасын құру жоспарланып отыр. Сондай-ақ, медкластердің құрамына Ақтөбе қалалық балалар ауруханасы, медициналық жедел жәрдем ауруханасы, «Дару» емханасы, облыстық перинаталды орталық, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті кіреді.

Қазіргі таңда Ақтөбеде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында «Алғашқы жәрдем» ЖШС құны 2,4 млрд теңге болатын Ақтөбе қалалық жедел жәрдем стансасының құрылысын бастады. Сонымен қатар, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік және медкластер аясында облыстық туберкулезге қарсы диспансер, облыстық қан орталығы, облыстық перинатальды орталық, офтальмологиялық аурухана, 2 қалалық емхана, қалалық балалар стоматологиялық емханасы, 11 медпункт, 8 дәрігерлік амбулатория және т.б. нысандардың құрылысы жоспарланып отыр. Осындай кластер құру Батыс Қазақстан өңіріндегі облыстардың медицинасын дамытуға ерекше ықпал етуі күтілуде.

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің жауапты хатшысы Аида Құрманғалиева өз сөзінде биылдан бастап елімізде бұрынғы мемлекеттік бағдарламалардың жалғасы — «Денсаулық» бағдарламасы орындалып жатқанын баса айтты.

— Қазіргі таңда «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру аясында денсаулық сақтау саласына міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізіліп жатыр. Аталған жүйені енгізу ауруды алдын ала анықтауға, қоғамдық денсаулық сақтау қызметін құруға көмектеседі, — деді Аида Құрманғалиева.

Форум барысында Израиль, Беларусь, Ресей, Түркия, Оңтүстік Кореядан келген өкілдер медициналық кластерге қатысты өз ойларын білдіріп, алдағы жоспарларымен бөлісті. Өңірдегі озық медициналық технология трансферті үшін «Кангнам Северанс» клиникасымен, Сеул ұлттық университетінің госпиталімен және Түркияның Hemogens Health Care клиникасымен ынтымақтастық туралы келісім жасалды.

dsc_5693Трансплантация жөніндегі республикалық үйлестіру орталығының басшысы, жерлесіміз, атақты хирург Жақсылық Досқалиев та Ақтөбе облысында медициналық кластер  дамыту жобасын жүзеге асыруға қатысты оң бағасын берді. Оның айтуынша, өңір басшысы осы арқылы ең маңызды міндеттердің тиімді шешімін тауып отыр.

— Медициналық кластер — жоғары деңгейде медициналық қызмет көрсету. Оның негізі — Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті. Бұл оқу орны мықты материалдық-техникалық базаға ие, бұл жерде дәрігерлерді даярлауға мейлінше жағдай жасалған. Бұның бәрі облыстың денсаулық сақтау жүйесінің дамуына оң ықпал етеді. Қазақстанның барлық өңірінде медициналық мекемелердің бәрі мұндай жоғары технологиялық жабдықтармен жабдықталмаған. Тіпті «Синчеон Северанс» клиникасының директоры, профессор Ли Бен Сок  Оңтүстік Кореяда мұндай жабдықтар жоқ деп отыр, — деді Жақсылық Досқалиев. Оның айтуынша, медициналық кластерді дамыту жобасы өте тиімді. Әсіресе, өңірдегі жеке емханалардың дамуына қажет. Олар алатын қосымша қаржыландыру медициналық қызмет түрлерін кеңейтуге мүмкіндік береді, ал фармөндірушілерге жоғары сапалы өнімдер көлемін көбейтуге жағдай жасайды.

— Облыстағы бірқатар мәселе мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту арқылы шешіледі. Елімізде бұл мәселе бұрыннан көтерілді, тіпті біз тәжірибе жинақтау үшін Австралияға барып келдік. Сосын енгізгіміз келді, бірақ біз ойлағандай болмады. Ал Ақтөбеде бәрі оң шешімін тауып отыр. Ең бастысы — адам, қаржы және жабдық  ресурстарын тиімді пайдалану абзал, — деген Жақсылық Досқалиев, сөзін облыс әкіміне сәттілік тілеумен түйіндеді.

Форум соңында өңір басшысы Бердібек Сапарбаев, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің жауапты хатшысы Аида Құрманғалиева, Оңтүстік Кореядағы «Синчеон Северанс» госпиталінің басшысы Ли Бен Сок, MVI Израиль медициналық орталығының басшысы Наталья Хедват және Беларусь елінен келген «МедБиотех»  ғылыми-өндірістік ЖШС басшысы Юрий Палатенколар төрт ынтымақтастық меморандумға қол қойды.

Айнұр ЖАЛМАҒАНБЕТОВА.

\

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button