Басты жаңалықтар

Бердібек Сапарбаев: осындай кездесулер барлық аудандарда да ұйымдастырылады

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған бір топ басшы Алға ауданына барды. Бірнеше нысанды аралап, бірнеше жерде халықпен кездесуді жоспарлаған топ құрамында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақтөбе облыстық департаментінің басшысы Марат Ирменов, Ақтөбе облысы бойынша мемлекеттік кіріс департаментінің басшысы Талғат Мамаев, Ақтөбе облысының ІІД бастығы, полиция полковнигі Махамбет Абисатов, аудан әкімі Мавр Абдуллин және облыстық сот, прокуратура өкілдері болды. Алдын ала айта кеткеніміз жөн, осындай топтармен кездесу алдағы уақытта басқа аудандарда да жалғасады.

Биыл Маржанбұлақта 213 адамға жер беріледі

Іссапар биыл ғана күрделі жөндеуден өткен Маржанбұлақ орта мектебін аралаудан басталды.

Облыс әкімі мектепте өтіп жатқан сабақ үстіне кіріп, оқушыларды әңгімеге тартты. «Биыл мектептеріңде не өзгерді? Қандай өзгеріс байқадыңдар?» — деп сұрады Бердібек Сапарбаев, ал оқушылар: «Мектебіміз жаңарды», — деп жарыса жауап берді. «Оқулықтарың бар ма?». «Бар». «Ендеше, жақсы оқуға да жағдай бар. Сабақты жақсы оқыңдар!» — деді облыс әкімі оқушыларға.

Аталған мектептің директоры Табиғат Алдияров облыс әкіміне жаңа кейіпке енген кең де жарық мектептің ішін аралатып көрсетті. Сосын жаңа жылу қазандығына бастап барды. Қазіргі таңда қазандық балабақша, мектеп және әкімдікті жылытуға жарап тұр.

Одан соң облыс әкімі бастаған құқық қорғау органдарынан құралған топ Маржанбұлақ ауылдық мәдениет үйіне жиналған тұрғындармен кездесу өткізді.

— Ең үлкен мәселе — жер. Жерді беру оңай. Бірақ, үй салатын болғасын, жылуы, жарығы, суы болу керек. Оның бәрін қамтамасыз ету үшін көп қаржы керек. Өзіміздің және республиканың мүмкіндігін пайдаланып, Елбасы тапсырмасын орындауымыз қажет. Жақында Астанада Мемлекет басшысының қатысуымен үлкен кеңейтілген мәжіліс болды. Сонда Елбасымыз жеке үйлерді көбірек салу жұмыстарын жалғастырып, соларға керекті инфрақұрылымды жасау жөнінде тапсырма берді. Аудан әкімінің айтуынша, Маржанбұлақ ауылында жер телімін сұраған 8 мыңнан астам арыз бар. Ол арыздардың бәрін жақсылап тексеру керек. Қазіргі таңда облыста жер телімін алуға кезекте тұрғандардың тізімі —  120 мың. Олардың бәрі зерттеліп, қаралды. Оның ішінде кейбірі көшіп кеткен, кейбірі қайтыс болған. Тіпті, біреулері 5-6 рет арыз жазған.  Сол секілді Маржанбұлақтағы тізімді де жақсылап зерттеп, тізімді жаңарту керек. Биыл Маржанбұлақта 213 адамға жер беріледі. Аудан аралаудағы мақсатымыз —  сіздерге құқық қорғау органдарының басшыларымен, өкілдерімен кездесуге мүмкіндік беру. Алға ауданының үш елді мекенінде осындай кездесу өткіземіз. Осы ауданнан бастап отырмыз. Басқа аудандардың барлығында да осындай кездесулер ұйымдастыратын боламыз. Себебі, тұрғындар жұмыстарына, балалар мектептеріне қорықпай, үрейленбей барулары керек, — деді өңір басшысы Бердібек Сапарбаев.

Бұдан соң ауыл тұрғындары сөз алды.

Ауыл ақсақалы Қайыржан Көппағамбетов Алға ауданына қарасты Маржанбұлақты Ақтөбе қаласына қосу туралы ұсынысын жеткізді. Оған өңір басшысы: «Әуелі осы ауылдың тұрғындары болып жиналып, өзара осы мәселеге қатысты бір тоқтамға келіп алыңыздар. Себебі, мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейтіндер, Маржанбұлақ Ақтөбе қаласына қарайтын болса, жалақыларына қосылатын 25 пайыз ауылдық коэффиценттен айрылып қалатындарын айтады. Осыны өзара шешіп алыңыздар. Әйтпесе, Ақтөбе қаласы — агломерацияға жататын қалалардың бірі. Оның үстіне алдағы уақытта миллион тұрғыны бар қалаға айналуы тиіс. Сіздер бір шешімге келсеңіздер, мәселені қарастыруға болады», — деді.

Басқа да көптеген тұрғындар субсидия мәселесін, пайдаланылмай жатқан жер туралы, жайылым жердің жоқтығын қозғады. Бұған қатысты облыс әкімі несие ставкасына қарай субсидия болатынын, бюджеттен бұған қаржы бөлінгенін айтып өтті. Сондай-ақ, Бердібек Машбекұлы пайдаланылмай жатқан жерлер туралы жақсы мәселе көтерілгенін, қазірдің өзінде Алға ауданы бойынша 44 мың гектар, ал облыста 430 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылғанын баса айтты.

Сонымен бірге, Бердібек Сапарбаев Маржанбұлақ ауылындағы балабақша құрылысымен танысты. Мектепке дейінгі мекеме мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында салынып жатыр.  Жобаның құны — шамамен 150-160 млн теңге. Биыл жыл соңына дейін құрылыс жұмыстарының 60 пайызы аяқталып, балабақша 2017 жылдың қыркүйек айында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

 Қарақұдықта жаңа мектеп ашылды

 

Алға ауданына сапары барысында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Қарақұдық орта мектебінің ашылу салтанатына қатысты.

Қазіргі таңда құрамына Тікқайың мен Көктоғай ауылдары кіретін Қарақұдық ауылдық округінің орталығында 1560 адам тұрады. Тоқтамай жауған ақ жаңбырға қарамастан ауыл тұрғындары биыл салынған екі қабатты типтік ғимарат алдына жиналыпты. Жаңа білім беру мекемесінің құрылысына 321 млн теңге бөлініпті. Құрылысты мердігер компания «Бабек-Құрылыс» ЖШС-і жүргізді.

— Мемлекет басшысының тапсырмаларының бірі — әлеуметтік салаға, соның ішінде білім беру мен денсаулық сақтауға назар аудару. Жыл сайын мектептер мен медициналық мекемелер құрылысына қыруар қаражат бөлінуде. Өскелең ұрпаққа барлық жағдай жасалып келеді. Жаңа мектеп құрылысы — соның дәлелі, — деді ауыл тұрғындарын құттықтаған облыс басшысы. Сосын жаңа мектептің ішін аралап көрді.

35 мұғалім жұмыс істейтін мектеп былтыр Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша 89,3% көрсеткішке қол жеткізген. Білім беру мекемесінің материалдық-техникалық базасы қажетті стандарттарға сай. Мектепте 45 орынға есептелген шағын орталық бар.

«СаДиК» пен наубайхана

 Одан соң өңір басшысы «САДиК» шаруа қожалығының қожайыны Николай Карауловтың өнімдерін тамашалады.

Николай 60 гектар су тоғанында балық өсірумен айналысады екен. Балықтың екі түрін көрнекілік үшін аквариумге салып дайындап қойыпты. Сондай-ақ, бау-бақша егетін ол қияр, қызанақ, баклажан, болгар бұрышы секілді барлық көкөністерді көрсетті.

Ол осы өнімдерді Ақтөбе қаласындағы 41-разъездегі көтерме және «Табыс» коммуналдық базарларына көтерме бағамен өткізетінін де әңгімеледі. 35 гектарға картоп еккен ол 700 тоннадай өнім жинауды жоспарлап отыр. Қарбызды кеше ғана 40 теңгеден көтерме бағамен өткізгенін айтты.

Облыс әкімі осы ауылдағы жеке кәсіпкер Рамила Ибрагимованың биыл ғана ашқан наубайханасына бас сұқты. Осыған дейін мемлекеттік қызметте болған, кейін аудандық газеттің тілшісі ретінде танылған  татар қызы Рамила «Алға» газеті жекенің қолына өткен соң, жаңа іс бастауды ойлапты. Ол өзінің нағашы әжесі Габида Гайнудинованың бір кездері наубайханада жұмыс жасағанын, оның тәтті нанын жұрт әлі тамсанып еске алатынын әңгімелеп берді. Рамила сол нағашы әжесінің ісін жалғастыруды көздеп, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 1,3 миллион теңге несие алыпты. Бұл қаржыға цех тұрғызыпты. Енді осы ғимаратты кепілдікке қойып, «Ауыл кәсіпкерлігі» бағдарламасы аясында несие алып, оған қажетті техникалар: қамыр илейтін машина, тоңазытқыш, пештер сатып алыпты.

— Нан-бөлке өнімдерін, тәтті тағамдар, сондай-ақ, татар ұлттық тағамдарын пісіріп, сатамыз. Татардың ушпушмак, чак-чак, уақ бәліш сынды тағамдарын мен дәмді етіп әзірлей аламын. Нанды 80 теңгеден сатамыз. Өтіп жатыр. Ауыл адамдары кейде келіп, тәтті тоқашпен шай ішіп тұрады, қызық көреді. Бұрын-соңды біздің ауылда мұндай болған жоқ, — дейді Рамиля.

Облыс әкімі Рамиланың қолынан шыққан тәтті тоқаштар мен наннан ауыз тиді. Нағашы әжесінен үлгі алған татар қызы Рамиланың нанының дәмі ерекше тәтті десті ауыз тиген жұрт.

Үшқұдық округіне газ жетті

Қазіргі таңда Алға ауданы Үшқұдық ауылдық округінің мың жарымдай тұрғыны көгілдір отын игілігіне қол жеткізіп отыр. Облыс әкімі Үшқұдық ауылындағы газ құбырын салтанатты жағдайда іске қосты.

Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев ауыл тұрғындарын атаулы күнмен құттықтады.

— Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өңірде тұрғындардың жағдайын жақсарту мақсатында шаралар қолға алынып келеді. Су құбырлары жүргізілуде, елді мекендерге газ жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін облыстың барлық аудан орталықтары отынның осы түрімен қамтамасыз етіледі, — деді облыс басшысы.

43 мың гектардан астам аумақты алып жатқан Үшқұдық ауылдық округінің құрамына үш елді мекен кіреді. Округ аумағының 20 346 гектар жері ауыл шаруашылығы мақсаттарында қолданылады. Орталықтандырылған су жүйесі бар, енді көгілдір отын тұтынатын болды. Тек қана округ орталығы Үшқұдық ауылында 1165 адам тұрады. Ауыл арасындағы және Үшқұдық ауылына дейін газ құбырын тарту жұмыстарына бюджеттен 276 млн теңге бөлінген. Тапсырыс беруші —  «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Ақтөбе филиалы.

Сырттағы газ құбырын іске қосқан облыс әкімі Үшқұдықтағы бірінші боп көгілдір отын қосқан үйге кіріп, жасы тоқсанға жақындаған Жұмасия Әлімованы құттықтады. Бұл үйге «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясы соңғы үлгідегі газ плитасын сыйға тартты.

Облыста имамдар жетіспейді

 Өңір басшысы Бестамақ ауылындағы Ақтөбе медресесіне де барып, олардың тыныс-тіршілігімен танысты.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевты қарсы алған медресе басшысы Әбдімүтәлі Дәуренбеков бұл жерде қазір 37 жас оқып жатқанын айтты.

— Биыл бұл медресені 15 түлек бітірді. Оның алтауы «Нұр-Мүбәрак» университетінде білімдерін жалғастыруда. Қалғандары Ақтөбедегі мешіттерде наиб-имам болып жүр. Біздің облыста 62 мешіт бар. Негізі, имамдар жетіспейді. Бізге балалар 11-сыныпты бітіргесін келеді. Екі жыл он ай оқиды. Биыл 9 бала бітіреді, — деді медресе басшысы.

Мұнда оқыған балалар орта кәсіптік білім алып, имам хатиб болып шығады екен. Араб тілін меңгереді. Құран жаттап, намаз оқуды үйренеді. Ықылас болса, Ислам дініне қатысты кітап қоры мол кітапханасы да бар.

Облыс әкімі: «Ислам дінін жамылған дәстүрлі емес бағыт ұстанғандармен қалай күрес жүргізесіздер?» — деп сұрады, бұған Әбдімүтәлі Дәуренбеков: «Үгіт-насихат тобы жұмыс істейді. Осындай жұмыстардың нәтижесінде  дәстүрлі емес бағытта жүрген 20 жастың 16-сы өздерінің теріс жолда жүргенін мойындап кетті. Олардың қазір қайта теріс ағымға қосылған-қосылмағанын білмейміз. Оларды бұл жолдан түбегейлі шығару — ұзақ процесс. Көзқарасы, ұғымы өзгермейінше үгіт-насихат жүргізуді тоқтатпауымыз керек», — деді. Сондай-ақ, «Бұл медресені бітіргендердің өздері теріс ағымға түсіп кетпей ме?» деп сұрады облыс әкімі. Бұған медресе басшысы: «Бұл жерге келген балалар көне классикалық діни кітаптармен оқытылады, сосын біздің балалар кішіпейіл, биязы, әдепті болып шығады. Сонымен қатар, медресе Ақтөбе қаласынан алшақ. Балалардың ойы бұзылмайды. Бұл медресе «Нұр Ғасыр» мешітінің жанынан 2008 жылы ашылды. 2011 жылы бітірген түлектердің 8-і уахаб болып шыққан. Сосын да осы жаққа көшірілді», — деп мән-жайды түсіндірді медресе басшысы.

Бұдан соң өңір басшысы Бестамақ орта мектебінің фойесінде арнайы әзірленген аудандағы ауыл шаруашылық кооперативтерінің жұмыс кестесімен танысты. Одан соң облыс басшысы Бердібек Сапарбаев бастаған топ Бестамақ орта мектебінде тұрғындармен кездесіп, тағы да сол жерге қатысты, теріс ағымда жүргендермен күрес жөніндегі сауалдарға жауап берді. Тұрғындармен дәл осындай кездесу Алға қаласындағы мәдениет үйінде де өтті.

Осы топ Көкұлы Есет батыр кешеніне тағзым етті, Алға қаласындағы облыстық оңалту орталығының, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында ашылғалы жатқан балабақшаның жай-күйімен танысты, сондай-ақ, жеке кәсіпкер Қайрат Қазмағамбетовтің жақында ғана ашқан «Тыныс» кардиологиялық кабинетінде болды.

Айнұр ЖАЛМАҒАНБЕТОВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button