Тәуелсіздікке тарту — театр фестивалі

Театр
ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен Ақтөбеде Т.Ахтанов атындағы драма театрда Қазақстан драма театрларының ХХІV республикалық 5 күндік фестивалі өтіп жатқанынан жұртшылық хабардар. Фестивальдің алғашқы үш күнінде көрермендер назарына 5 спектакль ұсынылды.
Фестивальдің алғашқы күні Петропавлда 2000 жылы ашылған Солтүстік Қазақстан облыстық С.Мұқанов атындағы қазақ музыкалық-драма театры
Қ.Толыбайұлының «Дауылпаз баба — Қожаберген» атты спектаклін көрсетті.
Ел басына күн туғанда қол бастаған батыр, сондай-ақ Есім ханның ескі жолы, Қасым ханның қасқа жолы сияқты сол кездегі Конституцияның жүгін көтерген «Жеті жарғыны» жазған жеті бидің бірі, ХVІІІ ғасырда өмір сүрген Қожаберген жыраудың «Елім-ай» сынды қазақтың басынан кешкен қасіретін жеткізген өлмес дастанын өзек еткен қойылым көрерменін тапты. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық театрдың директоры, фестивальдің қазылар алқасының төрағасы Ерлан Біләл бастаған қазылар алқасы әрбір қойылымнан соң бірден спектакльді талқылауға ойысты. Спектакльдің жетістіктері мен кемшіліктеріне тоқталып, ізденіс үстіндегі жас театрға бағыт-бағдар берді.
Спектакльдің қоюшы режиссері Батырбек Шамбетов:
— Қожаберген жыраудың «Елім-ай» дастанының негізінде Аманжол Зағыпар ақын екеуміз сахналық нұсқасын жазып шықтық. Бұл өзі өткен жылы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналып қойылған дүние, ақтөбелік көрермендер бөтен қабылдаған жоқ. Қазылар алқасының тарапынан айтылған сын-ескертпелерді дұрыс қабылдаймыз, бұл біз үшін үлкен мектеп деп санаймыз, — деді.
Фестивальдің екінші күні Атырау облыстық Махамбет атындағы қазақ драма театрының Ш.Айтматовтың шығармасы бойынша қойылған «Мәңгүрт» спектаклімен басталды.
Қойылымды талқылау кезінде қазылар алқасының пікірлерін де тыңдауға мүмкіндік болды. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы сахна тілі кафедрасының меңгерушісі Дариға Тұранқұлова:
— Бүгінгі спектакльден жақсы әсер алдым. Атырау театрының актерлері айғайлап сөйлеу, сөзді үзіп-жұлқып айту сияқты кемшіліктерден айыққан екен. Актерлерге енді сөзді тірілту, сөзге жан бітіру жағы жетпей жатыр. Жас режиссердің шешімі жақсы, сахнада адамдардың бірде аңға айналып бара жататынын көргенде, қазіргі замандағы адамдардың бір-біріне деген мейірім-шапағаттың азайып, қатігез болып бара жатқанын меңзегені байқалды.
Бауыр еті баласынан айырылып, оны бір көруге зар болған ананың шеккен қасіретін актриса жеткізе алмады, ананың мәңгүрт күйге түскен баласы Жоламанды көрген кездегі кейпі көрермендерін иландырған жоқ. Нағыз көрерменнің жүрегін қозғайтын тұс еді Ана рөлі ашылмады. Атырау театрының актерлеріне шеберлігін шыңдай түсу қажет, — деді.
Ал театр сыншысы, профессор, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының театр өнері тарихы мен теориясы» кафедрасының меңгерушісі Сәния Қабдиева:
— Бұрын республикалық фестивальдерде Атырау театрының спектакльдерін көргенде, қатты қынжылатын едім. Осы жолы толыққанды қойылымды алып келіпті, сіздерді осы жетістіктеріңізбен құттықтаймын. Жанды музыка, актерлердің пластикасы, жер бетіндегі тозақты бейнелейтін сценографиясы ұнады. Актерлер әртүрлі планда ойнайды, бірақ біріншісінен екіншісіне өткенде рөлдердің аражігі ашылмайды. Актерлер өз рөлдерімен әлі де көп жұмыс жасаса екен. Әрбір ым-ишараның өзін нақтылап алу керек.
Қазылар алқасының мүшесі, жазушы, сценарист, журналист Дидар Амантай:
— Атырау театры неге Әбіштің «Күйші» повесін алмады, мәңгүрт мәселесі алғаш рет сол шығармада қозғалды. Қойылымның сценографиясы ұнады. Жалпы бұл режиссерлік қойылым, формалық ізденісін құптаймын. Әуезов театрында режиссер Қайрат Сүгірбеков Франц Кафканың «Құбылыс» шығармасын сахналаған еді. Сол спектакльдің бейнетаспасын қарап көрсеңіздер, одан да біраз сабақ алуға болар еді, — деді.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, республикалық мемлекеттік корей театрының директоры Любовь Августовна:
— Бұл фестиваль ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналып отыр. Алған тақырыптары соған сай әрі жастардың өз істеріне деген сүйіспеншіліктері мен құлшыныстары керемет, — деп жастарды жігерлендірді.
Қазылар алқасының төрағасы, Т.Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясының профессоры Ерлан Біләл қойылымды бастан-аяқ талдап, бірталай кемшіліктерін көрсетіп берді. Соңында:
— Форма іздейміз деп жүріп, Шыңғыс Айтматовтың терең философиялық ойлары мен құнды шығармасының мәнін жоғалтып алмасақ жарады, — деп қорытты. Төрағаның бұл сөзінің астарында көп нәрсе жатқаны айқын.
Кешкілік фестиваль қонақтары мен ақтөбелік көрермендер Т.Ахтанов театрының қазақ труппасында жас режиссер Дина Жұмабаева сахналаған Н.Гогольдің «Үйлену» комедиясын тамашалады.
Қойылымды талқылау кезінде қазылар алқасы тарапынан жас режиссердің атына жылы сөздер айтылды. Жас режиссердің жұмысына, ізденісіне ризашылық білдірді. Дегенмен Ахтанов театрының қазақ труппасы актерлерінің сахна тіліне мән бермейтіндігін, кейіпкерінің жаттап алған сөздерін, көрерменінің құлағына ғана емес, жүрегіне де жеткізе алмағанын, әйтеуір өз сөзімді айтып болсам болды дегендей, бір-бірінің сөзін тыңдамайтынын сынға алды.
Сәрсенбі күні түске дейін фестиваль бағдарламасынан тыс Т.Ахтанов атындағы драма театрдың орыс труппасында костромалық режиссер Татьяна Лукомская қойған Ф.Достоевскийдің «Дядюшкин сон» комедиясы, кешкілік С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрының режиссері Дунай Еспаев қойған «Өкпек жолаушы» драмасы көрсетілді.
Фестиваль туралы материалдардың жалғасын газеттің алдағы сандарынан оқитын боласыздар.
Гүлназ Қамысбаева: режиссураға студент кезімнен ден қойдым
Махамбет атындағы Атырау драма театрында Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекет» романы бойынша «Мәңгүрт» спектаклін қойған режиссер Гүлназ Қамысбаеваны сөзге тарттық.
— Алдымен өзіңізді ақтөбелік көрермендерге таныстыра кетсеңіз.
— Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясынан әуелі актерлік, кейін режиссерлік мамандық алдым. Актерлік шеберлікке Қазақстанның халық артисі, Бәйтен Омаров ұстазым баулыса, театр режиссурасынан майталман режиссер Маман Байсеркенов ұстазым бағыт-бағдар нұсқады.
Өзім Атырау облысының қызымын, отағасым Тимур Қойесов те театр суретшісі, ол да атыраулық. «Мәңгүрт» спектаклінің қоюшы-суретшісі. Актерлік бөлімде оқып жүрсем де, кейбір қойылымдарда режиссердің көмекшісі болып жұмыс жасап көрдім. Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпан» комедиясында Көтібардың бәйбішесі Теңге рөлінде ойнадым әрі режиссердің ассистенті болдым. Бұл спектакль Түркияда өткен студенттік театрлар фестивалінде Гран-при жеңіп алды. Стефан Цвейгтің «Бейтаныс қызға хат» спектаклімен халықаралық «Шабыт» фестиваліне қатысып, ІІ орын алдық. Студент кезде біраз спектакльдерді қойып көрдім. Солардың ішіндегі көрнектісі — дипломдық спектаклім — Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейнесі» драмасы. Оны Атырау облыстық Махамбет атындағы драма театрда қойдым. Қазір ол қойылым осы театрдың репертуарынан берік орын алған, көрермені көп спектакльге айналды десем артық айтпаған болармын. Семей полигонының қасіретті зардабынан жапа шеккен қыздың ғана емес, жалпы халықтың тағдыры көрерменіне ой салғаны анық.
Атырау театрында алғашқы спектаклімнен кейін перзент сүю секілді отбасындағы жаңалықтармен аздап үзіліс жасап, былтырдан бері жұмысқа кірісіп жатырмын. Мен сияқты жас режиссердің өзін сынап көруіне мүмкіндік жасап, театр басшылығы, бас режиссер сенім артты. Шыңғыс Айтматовтың шығармасы бойынша спектакль қойдым.
— Бұл өзі классикалық шығарма әрі кезінде мықты театрларда майталман режиссерлер сахналап жүрді. Жүрексінген жоқсыз ба?
— Әрине, Айтматов сияқты жазушының шығармасына үлкен жауапкершілікпен келдім. Онда көтерілген мәселелер қай уақытта да актуальді болып қала береді. Қазақтың жерлеу рәсіміне қатысты жөн-жоралғыларын білмейтін, білгісі де келмейтін, тек қана ол емес, ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрден мүлде хабары жоқ, бәрін белінен басып, не нәрсені де өзіне қарай бейімдеп алғысы келетін, ұлттық жадын жоғалтқан мәңгүрттер аз ба қазір? Әкесінің өліміне, оның Едіге досына айтып қалдырған « Мен өлсем Ана бейіті қорымына жерлеңдер» деген аманатына Қазанғаптың ұлы Сәбитжан селт етпейді. Ата-анаға, балаға деген қатігездік өршіген осы қоғамда бұл тақырып әбден өзекті. Жас режиссер ретінде мені де, актерлік труппаны да ізденістерге жетелейді.
— Спектакльден кейінгі қазылар алқасы тарапынан айтылған сын-ескертпелерге мән бересіз бе?
— Қазылар алқасының құрамында бөтен адам жоқ, бәрі де қазақтың театр өнерінде өзіндік орны бар тұлғалар. Сондықтан бұл фестивальдегі талқылаулардың бәрі біздер үшін мастер класс, яғни шеберлік сабақтары болып саналады. Біз сол арқылы тәжірибе жинақтаймыз, өзімізді өзіміз қамшылаймыз. Болашақта айтылған әңгімелерден қорытынды шығарамыз деп ойлаймын.
Ерлан Біләл: Фестиваль театр өнерінің деңгейінің өсуіне ықпал етеді
Республикалық фестивальдің қазылар алқасы төрағасы, 90 жылдық тарихы бар М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрдың директоры Ерлан Біләл:
— Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен Ақтөбеде өтіп жатқан Қазақстан театрларының ХХІV республикалық фестивалі ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен орайлас келіп отыр.
Тәуелсіздіктің театр өнеріне бергені де аз емес. Мысалы, осы Ақтөбеде бұрын қазақ драма театры болған жоқ. Сол сияқты Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры, Солтүстік Қазақстан облысынан келіп жатқан Сәбит Мұқанов атындағы қазақ музыкалық драма театры, Оралдағы Батыс Қазақстан облыстық драма театры, тағы да басқа облыстарда ашылған қазақ театрларын, Жастар театрларын Тәуелсіздіктің жемістері деп айтуға болады.
Театр фестивалі қазақ драма театрларын дамытуға, оның кәсіби деңгейін көтеруге ықпал етеді. Сондықтан бізге фестивальдің ұйымдастыру жұмыстарынан гөрі көрермен назарына ұсынылған спектакльдерді көріп, оның аяқалысын, кәсіби деңгейін саралау маңыздырақ.
Фестивальден көп нәрсе күтеміз. Театр адамдары үшін әрі мереке, әрі сынақ деуге болады. Өйткені оған қай театр да үлкен дайындықпен келеді. Театр ұжымдары бір-бірінің спектакльдерін көреді, театр мамандарының спектакльді талқылау кезінде айтқан пікірлерін тыңдайды, өздеріне өздері бір сәт сын көзбен қарайды. Содан қорытынды шығарады. Болашақта бағыт-бағдарларын айқындайды.
«Қай театрдың кәсіби деңгейі қай шамада, жас режиссерлердің аяқалыстары қандай, актерлер өз рөлдерін қалай алып шығып жатыр?» деген сұрақтарға жауап іздейміз. Фестиваль басталғалы біраз қойылымды көрдік, жас режиссерлердің өсіп келе жатқаны, олардың формалық жағынан ізденістерге баруы қуантады.
Қуандық ҚЫСТЫҚБАЕВ: Өзгені көресің, өзіңді көрсетесің
Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының белді актері, халыққа Қазақстан-Ресей бірігіп түсірген «Қасым» көркем фильміндегі Қасым Қайсенов рөлі арқылы жақсы таныс Қуандық Қыстықбаев:
— Республикалық, халықаралық деңгейде өтіп жатқан фестивальдерге қатысу әрбір театр ұжымы үшін аса қажет. Ел көру, жер көру үшін ғана емес. Фестивальге өзгенің өнерін көру үшін, өзіңнің өнеріңді көрсету үшін келесің.
Республикалық театр фестивалінің тек Астана мен Алматы қалаларында ғана емес, аймақтарда өткізіліп жатқаны өте дұрыс деп есептеймін. Ақтөбелік көрермендердің де Қазақстан театрларында қойылып жатқан спектакльдерді қөруіне мүмкіндік туады.
Біздің театр фестивальге ресейлік режиссер Сергей Потапов қойған Антон Чеховтің «Шие» комедиясын әкелді. Актердің міндеті — өзіне тиесілі рөлді барынша шынайы шығару, көрерменіне лайықты өнер көрсету. Менің сомдайтыным — Гаев-Ғайып рөлі.
Талғат ТЕМЕНОВ:
25 жылда 19 театр ашылды
Қазақстан драма театрларының республикалық фестиваліне арнайы келген құрметті меймандардың арасында Қазақстанның халық артисі, профессор, Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі Талғат Теменов те бар. Танымал өнер майталманынан шараға қатысты ой-пікірін, оның халыққа не беретінін, сондай-ақ, аймақтағы актерлердің аяқ алысы және театр өнерінің бүгінгі ахуалы жөнінде сұраған едік.
— Бұл шара ең әуелі ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналғандықтан, оның орны бөлек. Ақтөбеде осымен екінші рет өткізіліп отырған фестивальден күтерім көп. Басқасын былай қойғанда, ағайынды Жұбановтардың елінен ұйымдастыру жұмыстарында жоғары деңгей, өнерге деген тазалықты күтемін. Әрдайым осында келген сайын ерекше толқып, ғажайып күй кешемін. Бұл батыр қызымыз — Әлияның, қазақ өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған Тахауидің (Ахтановты айтады — А.Т.), көптеген ақын-жазушылардың туған жері ғой. Осы орайда Қазақстан драма театрларының ХХІV республикалық фестивалінің өтуіне мұрындық болған Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне, сондай-ақ, Бердібек Машбекұлы бастаған облыс әкімдігіндегі жігіттерге ризашылығымды білдіргім келеді.
Бұл жерге Қазақстанның бірқатар өңірлерінен театрлар арнайы келіпті. Оның әрқайсысының құрамында 10-15 адамнан бар. Яғни сонша адам әріптестерімен тәжірибе алмасады, жаңа әсер алады деген сөз. «Театр тәрбиесі» дегеннен аз-кем хабар алса, соның өзі неге тұрады? Сол үшін Астана, Алматы қалаларындағы өнерге қатысты білім ордаларынан, театрлардан бірнеше кәсіби маман шақырылған, олар көрген-білгенімен бөліседі, ақыл-кеңесін айтады. Біле білген адамға бұның өзі үлкен сабақ, таптырмас өнеге.
Біріншіден, бұл фестиваль біз бен сізге жаңа спектакльдер, жас режиссерлар мен актерлармен танысуға мүмкіндік береді. Осының арқасында біз жаңа леппен кеңінен танысамыз. Екіншіден, театрлар бір-бірінен өзара озық тұстарын үйренеді, сол арқылы кем-кетігін түзейді. Салыстыратын дүниенің болғаны қандай жақсы, соның өзіне қолы жетпей отырғандар қаншама?! Үшіншіден және ең бастысы — өнерпаздардың арасында іштей болса да бәсеке өрбиді, яки көп ұзамай тым болмағанда бір тарапта даму болады…
Театр өнерінің қазіргі жағдайына келсек, меніңше, бәрі өз орнымен келе жатыр. Әрине, бізде Англия, Франция елдеріндегі театрлардай тарих жоқ, бірақ өз сүрлеуіміз бар. Мемлекетіміз қалыптасып келе жатқан 25 жылда жаңа 19 театрдың ашылғанын ескерсек, оның өзі деңгейіміздің төмен екендігін білдірмесе керек. Әлі де бағындырылмаған биігіміз бар, алар асуымыз алда деп ойлаймын. Тек құзырлы органдардың қазақ театрларына деген көзқарасы дұрыс болса деңіз.
Мені бір қынжылтатыны, облыстағы театрларда еңбек етіп жүрген актерлардың көпшілігінде жоғары білім жоқ. Олар негізінен театр жанындағы студияны, болмаса колледжді тәмамдаған. Бұл толыққанды актер болу үшін өте аздық етеді. Осыған тиісінше көңіл бөлінсе, көп ұзамай бәрінің одан да жақсы болатынына күдігім жоқ.
Бір айтарым, бұл — ұлы өнердің мерекесі. Сондықтан біздер, өнер адамдары асыға күтетін фестивальден көтеріңкі көңіл күймен қайтамыз, бұл бізге бір мәдени демалыс болады деп үміттенеміз…
Жазып алған Айбек ТАСҚАЛИ.
Әзірлеген Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.






