Басты жаңалықтарӘлеумет

Құрбан айт: кемшілікке — кешірім…

Тарихы

Құрбандық — үлкен тарих, ұлы ғибадат. Құрбан айт мерекесі тарихының тамыры сонау Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар заманынан бастау алады. Құрбан шалу — пайғамбарлар атасы Ибраһимнің (ғ.с.) сүннеті. Алайда, құрбандық дəстүр кейінгі мұхаммади үмбетке де мұра болып қалды. Себебі, Адам (ғ.с.) атадан бастап ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дейін барлық пайғамбарлар діні — біреу. Ол ханиф — Бір Аллаға құлшылық ету діні. Әз-пайғамбарымыз бұл жайында: «Пайғамбарлар аналары бөлек, бірақ әкесі бір бауырлар секілді. Олардың діні (ақидасы, сенімі) бір, ал шариғаты әртүрлі», — деп айтқан. Сондықтан да, Ибраһимнің (ғ.с.) сүннеті бізге жат емес. Шын мəнінде, Алланың досы атанған Ибраһим (ғ.с.) пайғамбарға біз, мұсылмандар, жақынбыз.

Дініміздегі ұлық болған екі айт мерекесінің тарихына тоқтала кетсек, Алла елшісі Мәдинаға келгенде қала тұрғындарының ойын-сауық құратын екі күні болатын. Пайғамбар олардан: «Бұл екі күн қандай күндер?» — деп сұрағанда, мәдиналықтар: «Біз жаһилиет кезінде бұл күндері ойын-сауық құратынбыз», — деп жауап берді. Сонда Алла елшісі: «Расында, Алла бұл екі күнді олардан да қайырлы (жақсы) құрбандық және ораза (айт) күндерімен ауыстырды», — деген екен.

Бір ескере кететін жайт, «мұсылман үшін тек Құрбан айт, Ораза айт мерекелері ғана бар. Одан басқа мереке жоқ» — деген ұғым қате. Елдің ынтымағы мен мерейін асыратын, ұлттық болмыс пен тарихын насихаттайтын мерекелерді атап өтуге шариғатта тыйым жоқ. Керісінше, құпталады.

 Арапа

Құрбан айттан алдыңғы күн — арапа. Бұл — қажылар Арафа жотасында құлшылық ететін күн. Арапа күні қажылық сапарына шықпаған елдегі мұсылмандарға ораза тұту — мұстахаб (жағымды) амал. Әбу Қатада риуаят еткен хадисте: «Арапа күнінің оразасы өткен және келер жылдардың күнәларына кәфәрат (кешірім) болады…» — деп айтылған.

Қазақ халқы арапа күні ертеңгі айтқа қам-қарекетін жасап, құрбандық малын таңдап, аналарымыз айттық дастарқанның әзірлігін жасаған.

Айт күнгі амал

Бұл мереке ең әуелі айт намазын оқумен басталады. Әрбір мұсылман баласы Айт күні таңертең мерекелік құлшылықты жасау үшін ғұсыл құйынып, ең көркем киімін киіп, хош иісті иіссуды сеуіп, мешітке қадам басады. Факиһ ибн Сағд (р.а.): «Расулалла ораза айт, құрбан айт және арапа күндері ғұсыл құйынатын», — дейді. Ал Хасан ибн Әли (р.а.): «Бізге Алла елшісі айт күні тапқан ең жақсы иіссуды себуді бұйырған еді», — деген екен. Айт намазының алдында имамдар жамағатқа ұлық мерекенің сыры мен хикметін түсіндіреді. Мерекелік намаздан соң, жамағат бір-бірін құттықтап, ренжіскендер кешірім сұрасып, бір-бірінің үйіне айттық дастарқанға барады. Сондай-ақ құрбан айтта ата-анамызға, отбасымызға сыйлық беру, оларды қуанышқа бөлеу — үлкен сауап.

 Мұсылмандық міндет

Әрбір жағдайы бар әрі жолаушы емес мұсылманға құрбандық шалу — уәжіп (мұсылмандық міндет). Құран Кәрімде: «Раббың үшін намаз оқы және құрбандық шал», — деген әмір бар.

Шариғатта адамның шамасы келмейтін міндеттемелер жоқ. Өйткені, дін мұраты — адамның ділін түзеу, тұрмысын реттеу. Шариғаттың әрбір әмірі мен тыйымының астарында адамның жеке басына жəне жалпы қоғамға пайдалы хикметтер бар.

Құрбандыққа түйе, сиыр және қой (ешкі де) шалынады. Бұдан басқа мал түрлері құрбандыққа шалынбайды. Өйткені, бұған байланысты Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын), сахабалардан жеткен хабар жоқ. Төрт түлікке қойылатын тағы бір шарт — малдың жасы. Түйе бес жасар, сиыр (бұқа) екі жасар және қой мен ешкі бір жасардан төмен болмауы тиіс. Бірақ, қойдың алты айлық тоқтысы бір жасар қоймен бірге өрісте жайылғанда, алыстан ажырата алмайтындай үлкен болса, ол тоқты құрбандыққа жарайды.

Бір қошқар немесе қой бір кісі атынан шалынады. Ал қара мал немесе түйені жеті кісі бірігіп құрбан етіп шала алады. Жәбир (р.а.): «Біз Алла елшісімен бірге түйені жеті кісі бірігіп және сиырды жеті кісі бірігіп құрбан шалдық», —  деп айтқан. Мұнда ескере кететін жайт, осы біріккен жеті кісінің ниеті құрбандық шалу болуы шарт. Жетеудің біреуі соғым алу секілді мақсатта болса, барлығының түгелдей құрбандығы жарамайды. Жеті кісі құрбан етін салмағына қарап бөледі.

Құрбандыққа жарайтын мал сипатына қатысты Бара ибн Ғазиб (р.а.): «Алла елшісі біздің арамызда тұрып: «Төрт түрлі мал құрбандыққа жарамайды: соқыр екендігі анық болған мал, ауру екені анық көрініп тұрған мал, ақсақ-тоқсақ мал және жілік майы тым аз арық мал», — деген дерек жеткізген.

 Мейірім мерекесі

Құран Кәрімде: «…Одан өздерің де жеңдер және мұқтажға да жегіңіздер», — деген аят бар.

Құрбандық етін үшке бөліп, таратады. Бір бөлігі өзіне қалады, екінші бөлігі ағайын-туыс, көршілерге беріледі, үшінші бөлігі көмекке мұқтаж кісілерге үлестіріледі. Мешіттерімізде жыл сайынғы қалыптасқан дәстүрге сай, құрбандық еті қала әкімдігінен алынған əлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы және жағдайы төмен отбасыларға таратылады.

Осы жылы да Бас мүфтиіміз Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен елімізде Құрбан айт мерекесін айрықша атап өту үшін мешіт аулаларында, мәдени орындар мен қоғамдық ортада арнайы мерекелік әрі қайырымдылық іс-шаралар ұйымдастырылады. Мешіт аулаларына киіз үйлер тігіліп, жамағатқа мерекелік дастарқан жайылады. Ұлттық ойындар мен жарыстар ұйымдастырылады.

Өйткені, Құрбан айт мал сою мерекесі емес. Бұл — халықтың әлеуметтік тұрмысын жақсартуға ынталандыру және жұртымыздың ынтымағын нығайтатын, елдің ауызбіршілігін күшейте түсетін айтулы мереке. Құрбан айт — Жаратқанның бізге тарту еткен мерекесі. Біздер осы бір қасиетті мерекені жыл сайын дәстүрімізбен сабақтастырып, ұлттық нақышта өткізуге күш салып келеміз.

Ұлы құлшылық

Мал иесі жақсы бауыздайтын болса, құрбандықты өз қолымен сойғаны абзал. Өйткені бұл – құлшылық амал. Сондықтан аталған ғибадатты кісі өзі орындағаны жақсы. Ал мал бауыздаудан хабары жоқ болса, қасапшының жанында тұрып, өз көзімен көруі керек. Себебі, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қызы Фатимаға (р.а.): «Тұр, құрбандығыңа куә болып, көріп тұр. Өйткені құрбандықтың ең алғаш тамған қанымен барлық қате-кемшілік кешіріледі», – деп айтқан.

Жабир (р.а.) былай дейді: «Мен Құрбан айт күні Пайғамбармен бірге болдым. Ол кісі (құрбан айт) құтпасын айтып болған соң мінберден түсті. Ол кісіге бір қошқар келтірілді. Пайғамбар малды өз қолымен бауыздап: «Бисмиллаһи, Аллаһу Акбар. Бұл менің және менің үмбетімнен құрбандық ете алмағандардың атынан», — деп бауыздады».

Бірлік мерекесі

Мұсылман баласының барлық ғибадат құлшылығы мен іс-шарасы жамағатпен, бірлікпен атқарылады. Құрбан айт та соның бір айғағы. Бұл мереке исі мұсылманның ынтымағын және ауызбіршілігін тағы да нығайта түседі. «Бірлік бар жерде тірлік бар» дегендей, ынтымағы жарасқан елдің алмайтын асуы болмас. Біз «әһли сүнна уал жамағат», яғни пайғамбарымыздың, көпшіліктің жолын ұстанушы үмбетпіз. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Кімде-кім жамағаттан бір сүйемдей болса да ажыраса, мойнындағы Ислам жібін шешіп тастағаны», — деген.

Хазіреті Омар (р.а.) құтба оқып тұрып, сөзінің арасында Алла елшісінің: «…Жамағатпен болыңдар! Бөлінуден сақтаныңдар! Əлбетте, шайтан жалғыз жүргенмен бірге, шайтан екеуден алшақтау жүреді. Кімде-кім жәннаттың ортасын қаласа жамағаттан ажырамасын…» деген хадисін насихаттаған еткен.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұсылман үмбетін бірлікке шақырып, тура жолға бастап былай деген: «Шын мәнінде, менің үмбетім адасушылыққа жиналмайды (одақтаспайды). Егер қарама-қайшылық көрер болсаңдар (байқасаңдар), басым халықпен бірге болыңдар».

Құрметті мұсылман бауырлар, отандастар! Құрбан айт мүбәрак болсын! Алла Тағала баршамызды айттан айтқа айдан аман, жылдан есен жеткізе бергей! Әмин!

 Серікбай қажы ОРАЗ,

наиб мүфти, «Әзірет Сұлтан»

мешітінің бас имамы.

 Материалдар muslim.kz сайтынан алынды.

Сұрақ-жауап

 ПАЙҒАМБАРЫМЫЗ ҚАЛАЙ ҚҰРБАН ШАЛҒАН?

— Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қалай құрбан шалған? Сол жайлы қысқа да нұсқа айтып берулеріңізді өтінемін.

— Иә, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) құрбан шалған. Сонымен бірге, малды өз қолымен бауыздаған. Ол жайлы бірнеше дерек келтіре кетейік.
Әнас бин Малик (р.а.): «Пайғамбар (с.ғ.с.) мүйізді екі қошқарды құрбандыққа шалды. Екеуін де өз қолымен, бисмилла мен тәкбір айтып, (малдың) бүйірін аяғымен басып тұрып бауыздады», — деп риуаят етеді.

Ал Айша анамыздың(р.а.) риуаяты бойынша: «Алла елшісі (с.ғ.с.) бір қошқарды алдырды. Оның аяғы қара, іші қара, көзі қара (еді). Құрбан ету үшін алдырды. Айша анамызға: «Пышақты алып кел де, оны таспен қайра», – деді. Солай етті. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қошқарды жерге жатқызып, бауыздап: «Бисмилла! Уа, Алла! Мұхаммедтен, Мұхаммедтің отбасынан және Мұхаммед үмбетінен қабыл ет», — деп құрбан шалды». Сондай-ақ, Ибн Омар (р.а.): «Алла елшісі (с.ғ.с.) Мәдина қаласында он жыл тұрды, (әр жылы) құрбандық шалды», — деп риуаят етеді.

 ШЕК БЕРУ ДҰРЫС ПА?

 — Шек беру дұрыс па?

— Еліміздің кейбір аймақтарында қайтыс болған жақындарына арнап Ораза айты мен Құрбан айттан бұрын мал сойып,  туған-туыс немесе ауыл қарияларын асқа шақырады. Бұны  «шек беру» дейді. Шекте қайтыс болған кісілердің аты аталып, аруақтарына Құран бағышталады.

Өлген кісіге сауап болсын деген мақсатпен мал сойып,  құрбан шалу шариғатта да бар. Бұған дәлел, Әбу Дәуідтен келген бір хадисте Әзірет Әлі Пайғамбарымыздың да рухына арнап бөлек бір қой құрбанға шалғаны айтылады. Сондықтан шек беріп, сауабын өлген кісіге бағыштау шариғатқа теріс емес.

Дегенмен, қазіргі кезде құрбан айтынан бір күн бұрын мал сойып, шек беріп, айт күні құрбан шалмайтындар да бар.

Шариғат бойынша, сойылған мал «уәжіп құрбандық» боп есептелуі үшін Құрбан айт намазы басталған уақыт пен айттың үшінші күнгі ақшам намазы аралығында шалынуы керек. Бухари риуаят етілген хадисте: «Кімде-кім айт намазынан бұрын құрбан шалған болса, құрбанын қайта шалсын!», делінген.

Ендеше, арапада шек беру мақсатында мал сойған кісі тұрмысы төмен болса,  Құрбан айты келгенде қайта құрбан шалуының қажеті жоқ. Ал бақуатты кісі айт күнінде қайта «уәжіп құрбан» шалуы тиіс. Арапа күні шек беру мақсатында сойған малы нәпіл құрбаны санатына кіреді.

САУДАЛАСУ КҮНӘ МА?

— Былтырғы жылы арнайы мал байлап сататын көкемізге барғанда, ол: «Құрбандыққа шалынатын мал үшін саудаласуға болмайды», — деп дүрсе қоя берді. Осы турасында шариғатта не делінген?

— Құрбандыққа мал сатып алғанда, сатушымен саудаласуыңыздың шариғат бойынша ешбір ағаттығы жоқ. Маңыздысы — меншігіңізге өткен, құрбандыққа жарамды малды сою.

Құрбан айт кезінде мал бағасы шамадан тыс шарықтап кететіндіктен сатушымен саудаласуға немесе арзандау жер іздеуге құқылысыз. Сол себепті де, әлгібір көкеңіздің айтқанындай, құрбандық малы үшін саудаласу, ниетіңізге зияны тиіп немесе сауабыңызды кемітпейді.

ҚҰРБАНДЫҚ ЕТІН ХРИСТИАН КӨРШІМЕ БЕРУГЕ, БОЛА МА?

Алла жазса, құрбандық шалуға ниетім бар. Соның етін христиан көршіме де берсем бола ма, әлде тек мұсылмандарға беру керек пе?

— Құрбандық етінен өзге дін иелеріне де садақа етіп беруге шариғатымызда рұқсат. Өйткені, Алла Тағала Құран Кәрімде: «Алла Тағала дін үшін сендермен соғыспаған және жұрттарыңнан шығармағандарға жақсылық қылуларыңа, әділдік етулеріңе тыйым салмайды. Расында Алла Тағала турашылдарды жақсы көреді», дей келе, өзге дін иелеріне жақсылық жасауға болатындығын айтуда. Ал құрбандық етін беру де өзгеге жасалған жақсылық болып есептеледі. Демек, оны өзге дін иелеріне берудің ешбір ағаттығы жоқ. Бұл әрекет бір шетінен сауап, екіншіден, өзге діндегілердің Исламға деген жақсы көзқарастары қалыптасуына септігін тигізуі мүмкін.

Ертеректе сахабалар да құрбандық етінен өзге дін иелеріне бергендігі деректерде келтірілген. Мысалы, Тирмизидің хадис жинағында келген риуаятта Мүжәһид былай дейді: «Сахаба Абдулла ибн Амрдің үйінде бір қой құрбандыққа шалынды. Сонда Абдулла ибн Амр: «Көршіміз Яһудиге (еттен) бердіңдер ме? Көршіміз Яһудиге (еттен) бердіңдер ме? – деп сұрады да ары қарай сөзін – Мен Пайғамбарымыздың былай дегенін естідім: «Жәбрайыл маған көршіге жақсылық жасауды көп кеңес еткендігі соншалықты, көршіні де мұрагерлікке кіргізеді ме деп ойлап қалдым», деп өрбітті».

Ендеше, құрбандыққа шалынған малыңыздың етін көршіңіз христианға да берсеңіз, сіз үшін сауап болмақ.

 АЙТ КҮНДЕРІ КІР ЖУУҒА БОЛА МА?

— Өткенде көршім айт күні кір жууға болмайды деді. Шынымен де, шариғатта айт күндері кір жууға болмай ма?

«Тазалық — иманның жартысы…» деген сөз шариғатымызда тазалықтың қаншалықты маңызды екенін білдіреді. Сондықтан да,  тазалықтың ыңғайы сол айт күндеріне сай келіп тұрған кісіге кір жууы күнә емес. Ал халық арасындағы «айт күндері кір жууға болмайды» деген түсінікті ырым немесе шариғи тыйымға баламай, осы күндері келетін қонақтармен жағаластырып кір жумағаны дұрыс деп таныған үлкендердің кеңесі ретінде қабылдаған жөн

.

 

 

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Құрбан айт құтты болсын!
    Құрбандықтарыңыз қабыл болсын!
    Бір Алла тағалаға сыйынатын,
    Екі дүниенің барына сенетін,
    Үш жүздің ынтымағын ойлайтын,
    Төрт құбылаң тең болсын дейтін,
    Бес парызын ұмытпайтын,
    Алтау ала болмаса дейтін,
    Жеті қазынасын сақтайтын,
    Сегіз қырлы, бір сырлы дейтін,
    Ата-бабаларын мақтан тұтатын,
    Тегім Түркі, дінім Ислам дейтін,
    Әбу Ханафи мәсһабына жататын,
    Алаш қаһанұлы Қазақпын дейтін,
    Ел аман, жұрт тыныш болсын!
    Жеріміз бүтін, тіліміз мәртебелі болсын!
    Қазақ елінде қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған заман орнасын! Әумин

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button