Құқық

Әдеп кодексі судьяларды жат қылықтардан сақтандырады

Сот

 Еліміздің тәуілсіздік алғанына биыл ширек ғасыр толады. Әрине, бұл адам баласының ғұмырымен есептегенде әжептәуір уақыт болғанымен, тарихи жылнама өлшемімен алып қарасақ, аса ұзақ мерзім емес. Десек те, «Елге бай құт емес, би құт», «Тура биде — туған жоқ, туған биде — иман жоқ» деп философиялық ой түйген бабалар сөзінің бүгінгінің билеріне берер тәрбиелік мәні мен тағылымы ерекше деп санаймын.

Қазіргі уақытта елімізде жүргізіліп жатқан сот-құқықтық реформалар оң нәтижесін беруде деп айтуға толық негіз бар. Республика азаматтарының әділ сот төрелігіне деген сенімі уақыт өткен сайын артып келеді.

Сот билігінің бұрынғы бес сатыдан қазіргі үш сатыға ауысуы да қарапайым жұрт үшін сот төрелігінің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатындағы оң өзгерістер деп айтуға болады. Өзінің құқығы бұзылды деп ойлаған кез келген азамат алдымен сотқа жүгінетіні заңдылық. Бұл — бүгінгі жүргізіліп отырған мемлекеттік саясаттың оң нәтижесі.

Ал қоғам дамыған сайын судьяның кәсіби біліктілігіне деген талап күшейе түспек. Сонымен қатар, бүгінгі күні судья мәртебесі Елбасының 2000 жылғы 25 желтоқсанда қол қойған «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңымен белгіленгені жұршылыққа аян. Одан бері жылдары аталған заң үнемі жетілдіріліп, судьяның доғарысқа немесе зейнет жасына толуына байланысты оларды әлеуметтік қорғау мемлекет тарапынан үнемі қолдау тауып келеді.

Ата Заңымызда көрсетілгендей, Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек сот қана жүзеге асырады.

Судьялар сот төрелігін жүзеге асыру кезінде тәуелсіз және Конституция мен заңға ғана бағынады. Міне, осының барлығы сот жүйесі мен бүгінгінің билеріне деген үлкен құрмет және жанашырлық деп түсінген абзал. Олай болса, судьялардың кезекті VII съезінің күн тәртібінде «Судьялар тәртібінің қағидалары мен ережелерінің этикалық кодексінің» қаралуының маңызы зор. Қазіргі уақытта аталған кодекстің жобасын талқылау заңгерлер қауымдастығымен қатар, қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктердің де қызығушылығын тудырып отыр десек қателеспейміз. Би болмысы, оның адамгершілігі, оның моральдық-этикалық бейнесі бәрінен жоғары болуы қажет. Неге десеңіз, біздің дана халқымыз әдептілік қағидасын өте ерте заманнан ұстаған және ислам дінін қабылдаған уақытта да мұны ұмытпаған.

Қазақстан Республикасының 2010-2020 жылдарға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасын іске асыруда судья әдебінің жаңа жобасын тұжырымдау, судьяның моральдық-этикалық бейнесін ашып көрсету олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыру, т.б. мәселелер тереңінен тұжырымдалған. Бәрімізді толғандырып отырған осындай келелі жайттар жақында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасы Қ.Мәмидің қатысуымен өткен биылғы жылдың бес айының қорытындысы қаралған Батыс Қазақстан облысы судьяларының кеңесінде жан-жақты талқыланды.

Кеңес барысында сөйлеген сөзінде Қ.Мәми «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына енгізілген реформаларды іске асырудың қорытындысы бойынша сот жүйесі жұмысындағы жағымды өзгерістерге тоқталып, Жоғарғы Сотқа жүктелген барлық 11 қадам іске асырылғанын атап өтті. Жоғарғы Сот төрағасының айтуынша, Судьялар әдебі кодексінің жаңа жобасы әзірленген, ол 2016 жылдың күзінде өтетін Судьялардың VII съезінде қабылданады деп жоспарланып отыр. Өз басым мұны қажетті нәрсе деп санаймын. Судьяның адамгершілік болмысы-бітімі тек әділ шешім қабылдаумен ғана емес, оның бойындағы этикалық әдебімен және отбасындағы қоғамдық ортадағы өзгелерге үлгі болатындай ізгі қасиеттерімен де өлшенуге тиіс. Олай дейтініміз, біз көп жағдайда қазының білімі мен біліктілігіне көңіл аударамыз да, оның ішкі адамгершілік қасиеттеріне мән бере бермейміз. Кейбір судьялардың бойынан байқалып қалатын теріс мінездерді түзетуге осы съезд барысында қабылданатын қазылар қауымының әдеп кодексі көп көмегін тигізбек.

Мемлекет басшысы мен Жоғарғы Соттың төрағасы алқалы сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу, адам тағдырын таразылайтын жауапты қызметке кездейсоқ адамдардың еніп кетпеу жағын мұқият ойластыруды ылғи да қаперге салып келеді. Судьялар съезінде қабылданатын әдеп кодексі бұл олқылықтың орнын толтырып, қазылар қауымының қатарын тек қызметте ғана емес, отбасы мен ортасында да өзгелерге сыйлы, үлгілі мамандармен толықтыруға мүмкіндік бермек. Олай дейтінім, сотқа әділдік іздеп келетін әрбір азамат ең алдымен дауласқан тараптарды бөле жармай, тең ұстап отыратын судьяның парасаттылығы мен ұстамдылығына зер салып қарайды.

Осы тұрғыдан қарағанда жақында өтетін судьялардың кезекті съезінде қаралатын мәселенің маңызы аса зор болып тұр.

                                                                                           Б.ТАЖМҰХАН, 

                                                                                           Ақтөбе гарнизоны

                                                                                            әскери сотының судьясы.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button