Басты жаңалықтар

Балаңыз қай үйірмеге үйір?

Қазір қоғамда баланы бұзатын тірлік көп. Әлі өз пікірі қалыптасып үлгермеген бала еліктегіш боп келеді емес пе. Осындайда оларды жан-жағына бұрғызбай, жаман әдеттен аулақ болуы үшін өзінің қызығатын нәрсесіне көңілін аударту керек-ақ.

Ата-аналар да балаларының мектептен тыс уақытта бос болмай, пайдалы іспен айналысқандарын тәуір көреді. Сондықтан да балаларының икемдеріне, ыңғайларына қарай өздерінің қалталарына қарап олардың әрқайсысын мектептен тыс ұйымдарға, анығы, үйірмелерге жаздырып жатыр. Биыл жаңадан қандай үйірмелер ашылып жатыр? Қайсысы тегін? Ақылы болса, шамамен қанша теңге болмақ? Әңгімемізді осы туралы өрбітсек…

Қазір облыста 52 мектептен тыс ұйым бар. Оның 13-і — аула клубтары. Осындай мекемелердегі ұйымдарға облыс бойынша шамамен 35600 бала барып, әр бағыттағы түрлі үйірмелерде өз шығармашылықтарын шыңдайды.

— Негізінен, облыс мектептері мен мектептен тыс ұйымдардағы үйірмелер — тегін. Әрине, бұл жерлерде келісімшарт негізінде ұйымдастырылатын да ақылы топтар бар. Айталық, мысалы, аудандарда хореография, вокал секілді үйірмеге немесе ағылшын тілін үйрететін курсқа баратын бала айына 500-1000 теңге шамасында ақша төлейді. Ал облыс орталығында тұратын ата-аналар бір баласы үшін бір үйірмеге айына көп дегенде 5 мың теңге төлейді, — дейді облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Ләззат Рсалина.

Ал қалалық ғылыми-әдістемелік орталық директорының орынбасары Жаңылсын Нұрғалиева:

— Ақтөбенің өзінде 71 мектеп бар. Оның екеуі — кешкі мектеп. Қалған 69 мектептің бәрінде де пәндік, музыкалық, тілдік, қолөнерге баулитын үйірмелердің барлығы тегін. Бұл үйірмелерге  мектепте оқитын 7-14 жастағы оқушылардың барлығы өз қызығушылықтарына байланысты толық қамтылады. Мектептегі өз кестелері бойынша тегін жұмыс істейтін үйірмелердің 50 пайызы — спорттық секциялар. Бұл балаларды спортқа баулып, салауатты өмір салтын насихаттау үшін өте керек. Осындай жастардың қызығушылығы көп үйірмелерді көбейте беруіміз керек. Сонда балалалар басқа жат нәрсеге, жаман әдетке үйір болмайды, — дейді.

Сондай-ақ, Ақтөбе қаласында «Ақжелкен», биыл ашылған «Чемпион» және «Media Pro» аула клубтарын қосқанда 14 қосымша білім беру ұйымы да балаларды бос қоймай, шығармашылыққа баулып келеді.

Биылғы жаңалық — жаңа оқу жылынан бастап Ақтөбе мектептерінде бір сағат робототехника үйірмесі тегін жүргізілетін болды. Бұған қалалық техникалық шығармашылық орталығы басшылық жасайды. Яғни, осы орталықтың бір қызметкері үйірме жетекшілеріне жетекшілік етіп, бағыт-бағдар беріп отырады.  «Робототехника сағаты қаладағы 71 мектептің 80 пайызын қамтып отыр, енгізілетін мектептердің бәрінде де маман бар, олар арнайы оқытылды.  Болашақта осы робототехниканы дамыту мақсатында әр мектепте бір-бір кабинет арнайы мемлекет тарапынан жабдықталады деп жоспарланып отыр. Бюджеттен қаражат бөлінеді» — дейді қалалық ғылыми-әдістемелік орталық директорының орынбасары Жаңылсын Нұрғалиева.

 Кішкентай техниктердің ордасы

Қазір бірдеңеге қызығатын баланың мүмкіндігі мол. Жекелей тоқталсақ, қаладағы 14 мектептен тыс ұйымның бірі — қалалық техникалық шығармашылық орталығы. Болашақ инженерлерге техниканың әліппесін үйрететін орталық арнайы іздеп бармаса таба алмайтын, елеусіздеу жерде ескі ғимаратта орналасқан. Аталған орталықтың әдістеме бөлімінің меңгерушісі Ажар Сексенбаеваның айтуынша, аталған орталық 23 техникалық бағыт бойынша жұмыс істейді. Жаңа оқу жылынан бастап техникаға қызығатын 6-14 жасқа дейінгі 1180 бала түрлі үйірмелерге тіркеліп үлгеріпті.

— Бізге келіп жүрген балалардың 85 пайызы — аз қамтылған отбасының балалары. Үйірмелердің барлығы тегін. Үйірме кестесі баланың оқу уақытына қарап құрылады. Мысалы, бала түске дейін мектепте оқыса, түстен кейінгі топқа тіркеледі. Біздегі үйірмелерге балалар аса қызығушылықпен келеді. Атап айтсақ, ракета, кеме, автомобиль үлгілеу үйірмелерінде балалар жетекшілерімен бірге өздері үлгі жасап шығарады. Радиотехника, картинг, информатика, автоконструктор үйірмелеріне де балалар қызыға қатысады. Сондай-ақ, бисер тоқу, теріден сувенир жасау, әйнекке сурет салу, ғылыми-техникалық үлгілеу үйірмелері де жұмыс істейді. Осындай үйірмелерге қызығатын немесе болашақта инженер-механик болғысы келетін балалар біздің орталыққа келіп, тіркелулеріне болады. Шақырамыз. Бізде мектептен тыс қосымша білім алу тегін. Біздің орталыққа келгісі келетіндер болса, Новатор көшесіндегі 7-үйге келулеріне болады. Есігіміз әрқашан ашық, — дейді Ажар Сексенбаева.

Атап айту керек, 2012 жылы қалалық техникалық шығармашылығы орталығы республикада бірінші болып робототехника үйірмесін қолға алды.  Қазір бұл үйірмені Александр Гончаров жүргізіп жүр. Бір әттегенайы — биыл орталықта робототехниканың әліппесін үйрететін мемлекеттік тілде жүргізетін жетекші әзірге болмай тұр. Бұған дейін болыпты.

Орталықтан тәлім алған шәкірттердің кейбірі қазіргі таңда осы жерде еңбек етіп жүр. Атап айтсақ, Мұрат Қуанышбаев кеме үлгілеуден, Сұлтан Мыңжасаров әуе үлгілеуден қазақ топтарына дәріс берсе, Елена Шпак әуе үлгілеуден орыс тобындағы балаларды баулып жүр.

Тағы бір айта кететін жайт, бір топта 17-20 бала тар бөлмеде жұмыс істейді. Тар бөлмеде жасалып шыққан керемет дүниелерден көрме жасалып, оны келген жұртқа көрсетуге жағдай жоқ. Айтпақшы, сенбі-жексенбі күндері, болмаса мерекелік күндері орталық қызметкерлері мен оқушыларды өздері жасаған кеме-ұшақтарымен бірге Тұңғыш Президент атындағы саябақтан көреміз. Осындайда кішкентай техниктерге сүйсіне қарайды жұрт.

Р.S. Негізі, үйірмелер — әр отбасын көп пәледен құтқаратын тәрбие құралы. Сондықтан да балаңызды үйірмеге жазыңыз. Әрине, қызығушылығын да ескеріңіз…

 Тақырыпқа орай сауалнама

 Ақылы үйірмелерге бергім келеді

Жадыра, Хромтау ауданының тұрғыны:

— Жолдасым екеуміз бес бала тәрбиелеп отырмыз. Шүкір. Біреуі — студент. Қазір екеуі ғана — оқушы. Екеуі әлі кішкентай. Біздің үйдегі екі оқушы мектептегі және мектептен тыс орталықтағы үйірмелерге тегін жазылды. Отағасы — шахтер. Дегенмен, оның айлығы балалардың шай-суы мен киімінен ауыспайды. Айтпақшы, 5-сыныпта оқитын қызым Дөң тау-кен байыту комбинатына қарасты дене шынықтыру-сауықтыру кешеніндегі бассейнге тегін барып жүр. Бассейнге барғанды ұнатады. Қазірде оқу бағдарламасы өте қиын. Сол себепті де ағылшын тілі, математика секілді ақылы пәндік үйірмелерге бергім-ақ келеді. Әттең, қол қысқа. Бұл тек менің ғана басымдағы жайт емес, бірнеше баласы мектепте оқитын ата-ананың бәрі де осылай айтар еді. Оқу үлгерімі дұрыс болуы үшін де пәнді түсініп оқуына көңіл бөлгің келеді. Сондайда кейбір пәндерден қосымша репетитор жалдаймыз. Оның сағаты — мың теңге. Есептей беріңіз, енді өзіңіз…

 Үйірмелер тегін, тек ықылас болса

 Қазина, Байғанин ауданының тұрғыны:

Қазір әжемін. Өз балаларыммен бірге жиендерімді де бағып жүрмін. Биыл бізде бес бала Тобық Жармағамбетов атындағы орта мектепке барады. Отағасы екеуіміз азғантай айлықпен барлығына бірдей, қатарларынан қалдырмай жеткізіп келеміз. Барға қанағат қыламыз. Әсіресе, 4-сыныпта оқитын Рүстем Мирас баламыз — өте жан-жақты. Қатарларының арасында өте зерек. Әрине, мұның бәрі үйірмелерге қатысып, бос уақытын тиімді пайдаланғанының арқасы деп білемін. Түрлі үйірмелерге қатысады. Спорттан футбол, волейбол үйірмелеріне қатысады. Сонымен қатар, «Темірқазық» аула клубының да үйірмелеріне тегін барып жүр. Ауылда балалардың жақсы дамуына жағдай жасалған. Ән саласына барғың келсе Бәкір Тәжібаев атындағы саз мектебіміз бар, спорт саласының шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, күрес, волейбол  үйірмелеріне қатысқың келсе балалар және жасөспірімдер спорт мектебі, балаңызды түрлі шеберлікке баулығың келсе, оқушылар үйі бар. Жыл өткен сайын аудан орталығы көркейіп, дамып өсіп келеді. Балалардың ынта-ықыласы болса, үйірмелер әрі тегін.

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button