Құқық

Сот жүйесінің айқын бағыты

Заң

Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырлық тарихында республиканың сот жүйесі саласында  судьялардың алты съезі өтті.

Съезд өткізудің мақсаты және ерекше стратегиялық маңызы — еліміздегі сот жүйесін дамыту, оны қазіргі заманға лайық құқықтық және демократиялық елдердегі әлемдік стандартқа сәйкестендіру болды. Съездің әрқайсысында соттардың соңғы төрт жылында атқарған жұмысы қорытындыланып, алдағы уақыттағы  атқарар межелер белгіленді.

Бірінші съезде «Қазақстан Республикасының Судьялар одағы» қоғамдық бірлестігі құрылды, Судьялар этикасының кодексі мен Судьялар Одағы филиалдарының қағидасы қабылданды.

Судьялардың екінші съезі 1999 жылы 25 қаңтарда Алматы қаласында өтті.

Мұнда сот төрелігін атқару барысында заңдардың дұрыс қолданылуындағы сот корпусының қызметін арттыру мәселесі сөз болды.  Депутаттар Судьялар одағының Халықаралық Орталық Азия судьяларының ассоциациясына және халықаралық «Заңгерлер одағына» мүше болып енуін бірауыздан қолдады.

Сондай-ақ, съезде судьялардың кәсіби біліктілігін арттыру, судьялардың  Конституция мен заңдарды дұрыс қолдануын  қамтамасыз ету және қызметтік борышына адалдықпен қарауына қатаң талаптар қойылды.

Үшінші съезд 2001 жылы 6 маусымда Астана қаласында өтті. Президент  Н.Назарбаев үшінші съезде сөйлеген сөзінде сот корпусын жасақтау демократиялық негізде жүзеге асырылуда екенін, дамыған елдердің үрдісі қалыптасқанын, өйткені халық соттарға сенім білдіріп, өздерінің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру үшін сотқа жүгінуі артқанын, сот реформасының басты мақсаты да осы екенін атап көрсетті. Съезде Елбасы қойған тапсырмасы негізінде соттағы іс жүргізуді оңтайландыру басталды, Жоғарғы Сот соттылығынан бірінші сатыдағы қылмыстық істерді қарау өкілеттігі алынып тасталды.

Елбасының 2003 жылғы желтоқсан айындағы «Қазақстан Республикасында өлім жазасына мораторий жариялау туралы» Жарлығымен республикада өлім жазасын тағайындауға мораторий енгізілді.

Президент  Жарлығымен республикада мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттар, кейін мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттар құрылды. Мамандандырылған соттардың жұмыс нәтижесі мұндай соттарды құру жөніндегі Елбасының шешімінің дұрыстығын және сот жүйесінің бұл құрылымының өміршеңдігін дәлелдеді.

Республика соттарының төртінші съезінің нәтижесі де сот реформасын одан әрі жетілдіріп, судьялар қатарының кәсіби дайындығы жоғары мамандармен толығуына өз үлесін қосты. 2005 жылы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында сот төрелігі институтында Сот академиясының құрылуы осының айғағы.

2007 жылы елімізде алқабилер институты өз жұмысын бастады. Халық арасынан шыққан қарапайым адамдардың аса ауыр дәрежедегі қылмыстық істерді қарауда сот төрелігін атқаруы азаматтардың сот шешімдеріне сенімін арттырды, оларды одан әрі демократияландырды. Қылмысқа қатысты сезікті деп танылған адамға санкция беру құзыреті соттардың қарауына берілуі ел заңнамасын халықаралық құқықтық актілерге біртабан жақындатты. Бұрын алдын ала тергеу орындарымен жіберілген кемшіліктерді, олқылықтарды бірінші сатыдағы сотта жою мүмкін болмаса, бұл өзгеріс соттың қате үкім шығаруын болдырмауға бірден-бір себепші болды.

2009 жылғы 18 қарашада Астана қаласында судьялардың бесінші съезі өтті.

Съезд делегаттары алдында сөйлеген сөзінде Елбасы әділ және адал сот — демократиялық және құқықтық мемлекеттің негізі деп атап көрсетті. «Тәуелсіз Қазақстанның қол жеткізген ең басты жетістігі — соттар мен судьялардың шын мәніндегі тәуелсіздігі. Сондықтан заңдылық пен әділдікті халық соттардан ғана іздейді, сенеді», —  деді Президент.

Президент соттардың жұмысын одан әрі жақсарту, соттағы іс жүргізудегі жариялылық пен мөлдірлікті қамтамасыз ету, судьялыққа кандидаттарға қойылатын талапты одан әрі қатаңдату, судьялардың біліктілігін арттыру және соттарды одан әрі мамандандыру туралы тапсырды. Елбасы қойған тапсырманы орындау мақсатында, сот құрылымдарын одан әрі жетілдіру, соттағы іс жүргізуді оңтайландыру, істерді қарауда созбалаушылыққа жол бермеу, сот қателерін және судьялардың өздерімен заңбұзушылықты болдырмауға қатысты шаралар алынды.

Апелляциялық сатыда сот төрелігін атқару сапасын жақсарту мақсатында сот алқаларында мамандандырылу жүргізілді, сонымен бірге апелляциялық сот алқасының қаулысы жарияланған сәттен бастап күшіне енетіні туралы заң нормасы қолданысқа енгізілді.

Судьялардың алтыншы съезіне  Елбасы Н.Назарбаев халықаралық құқықтық жүйе органдарының басшылары, шетелдік Жоғарғы соттар басшылықтары қатысты.

Съезде Елбасы республика соттарының алдына бес тапсырма қойды: елдегі заң нормаларын халықаралық стандартқа сәйкестендіру (Үкімет пен Жоғарғы Сотқа Азаматтық процестік Кодекстің жаңа жобасын дайындау), сот құрылымын одан әрі жетілдіру, даулар мен келіспеушілікті шешудегі баламалы әдістерді енгізу, сот төрелігінің халыққа қолжетімділік аясын кеңейту, Қазақстанның сот корпусының кәсіби біліктілігін жоғарылату.

Елбасының съезде қойған тапсырмасын орындау мақсатында  Жоғарғы Сотпен заңнаманы одан әрі жетілдіріп, құқықтық нормалардың халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге қатысты көптеген іс-шаралар атқарылды.

Былтыр жыл басынан бастап құқықтық нормалары қазіргі заманғы халықаралық стандарттарға сай келетін, Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу және Қылмыстық-атқару Кодекстері қолданысқа енгізілді.

Өткен жылы 31 қазанда Елбасы Азаматтық процестік Кодекске қол қойды. Кодекс 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді. Азаматтық процестік Кодексте азаматтық дауларды жедел әрі сапалы шешуге кедергі келтіретін тетіктер жаңғыртылып, заман талабына сай жаңашылдықтар қолданысқа енгізілді. Жаңа кодекстегі процессуалдық заң талаптары халықаралық талаптарға сай жүйеленген. Әсіресе, тараптарды татуластыру рәсімдерін одан әрі дамыту мәселесі, соның ішінде дауларды сотқа дейін, соттан тыс реттеу тәртібі, соттағы бітімгершілік рәсімдері кеңінен қарастырылған.

Адвокаттардың кәсіби өкілдігіне жол ашып, тараптардың татуласуына кедергі жасайтын процеске қатысушы жосықсыз адамдарды шектейтін сот медиациясы және партисипативті рәсім енгізілді.

Мемлекетіміз тәуелсіздік алғаннан бері Елбасының бастауымен, нұсқауымен республикада заң үстемдігінің орнауын қамтамасыз ету, халықтың құқығы мен мүддесін қорғау мақсатында сот жүйесі де тәуелсіз елімізбен бірге заман талабына сай жетілуде. Мұның бәрі халықтың Елбасына, сот жүйесіне деген нық сенімі арқасында жүзеге асты.

 

                                А.БАҚЫТЖАНОВА,

                                            облыстық соттың судьясы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button