БілімБасты жаңалықтар

Жаңа мектептер, түлектер тартуы және ақ тілек-көгершіндер

Заречный-3 ауылының енді өз мектебі бар!

 1 қыркүйек күні облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Ақтөбе қаласындағы бірқатар мектептерде болып, алғашқы қоңырау салтанатына қатысты.

Алдымен облыс әкімі Заречный-3 ауылы тұрғындарының қуанышын бөлісті.  Бұрын бұл ауылдың тұрғындары балаларын көрші ауылдағы мектепке апарушы еді. Енді мұнда 600 орындық жаңа мектеп бой көтерді. 1 қыркүйек күні оқушылар, ұстаздар қауымы мен ата-аналар, ауыл тұрғындары жаңа мектептің ашылуы мен жаңа оқу жылының басталуына арналған салтанатты жиында бас қосты.

Жиында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев құттықтау сөз сөйледі:

— Еліміздің ертеңгі азаматтары — балаларымыз жан-жақты білімді болып өсуі керек, озық ілімді игеруі, заманға ілесуі жағынан олар басқа елдердегі қатар-құрбыларынан кейін қалмаса дейміз. Сондықтан да білім беру саласын дамытуға, білім ордалары құрылысына әрдайым көңіл бөлінеді. Тәуелсіздік жылдарында елімізде 1700 жаңа мектеп ашылыпты, соның 109-ы — біздің өңірде ашылған мектептер. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қабылданған «Болашақ» бағдарламасы арқылы жастарымыз шетелдердегі ең алдыңғы қатарлы оқу орындарында білім алып жүр, — деп атап өтті ол.

Салтанатты жиыннан кейін, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова бастаған қонақтар жаңа мектеп ғимаратын аралап көрді. Жалпы аумағы 4043 шаршы метр болатын мектептің құрылысын «Интерстиль» ЖШС жүргізген. Құрылыстың аяқталу мерзімі биылғы жылдың соңына жоспарланған екен, бірақ құрылысшылар ертерек тапсырып отыр. Жарық та кең класс бөлмелерінен бөлек, мәжіліс залы, екі бірдей спорт залы бар. Асхана, медициналық кабинет пен кітапхана да қазіргі заманғы құрал-қондырғылармен, жиһаздармен жабдықталған.

Ал оқушылар мен ата-аналар қуанышында шек жоқ.

— Былтыр мектеп табалдырығын аттаған немерем Нұрайды Заречный-4 ауылындағы №55 мектепке апаруға тура келген еді. Енді жақын жерден мектеп ашылғанына қуаныштымыз. Аллаға шүкір, елімізде, өңірімізде жұрт көңілінен шығатын істер жасалып жатыр. Ең бастысы, аспанымыз ашық болсын деп тілейміз, — дейді ауыл тұрғыны Бағила Оңайбаева.

«Сымбат» мектебі де жаңа ғимаратқа көшті

Сондай-ақ, Ақтөбедегі «Сымбат» жеке мектебі де жаңа оқу жылын жаңа ғимаратта қарсы алып отыр. Жаңа ғимарат құрылысы қаланың Батыс-2 ауданында мемлекеттік-жекеменшік серіктестік бойынша жүргізілді. Мектеп физика-математика бағытында білім береді, оқушылардың үш тілді терең меңгеруіне күш салынады.

Алғашқы қоңырау салтанатына орай мектеп оқушылары ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған концерттік бағдарлама әзірлепті, сонымен қатар, аспанға «25» саны жазылған шарлар ұшырды.

Облыс әкімі құттықтау сөзінде «Сымбат» мектебінің құрылтайшысы Рәбиға Тасыбаеваның еңбегін атап өтті.

— Қазақ халқы өз қыздарының мықтылығымен мақтана алады. Тарихқа үңілсек, есімі аңызға айналған Тұмар патшайымнан бастап, сандаған тұлғаларды көреміз. Кешегі Әлия, Мәншүк сынды батыр қыздар — сол Тұмар патшайымның ізбасарлары болса, бүгінгі күні де ел тәуелсіздігін баянды ету жолында аянбай тер төгіп, үлкен еңбек сіңіріп жүрген қадірлі аруларымыз бар. Оларға құрметпен қарап, елге сіңірген еңбектерін жас ұрпаққа үлгі етіп көрсете білу керек, — деді Бердібек Сапарбаев.

Еліміздегі алғашқы зертхана

Сонымен қатар, облыс әкімі Ақтөбедегі №3 орта мектеп пен №32 мектеп-гимназиядағы алғашқы қоңырау салтанатына қатысты. №3 орта мектеп ұжымы да биылғы оқу жылын жақсы жаңалықпен қарсы алып отыр. Осы мектептің 25 жыл бұрынғы түлегі, «Maximus» ЖШС директоры Қайрат Мәйтеков «Туған жерге тағзым» акциясы аясында мектепке 135 миллион теңгеге жөндеу жұмыстарын жүргізіп, химия кабинетін жабдықтап берген. Бұған қоса, Қайрат Мәйтеков пен осы мектептің тағы бір түлегі, кәсіпкер Әлімбек Сейдуллаев шебер сөйлеп үйренуге арналған арнайы зертхана жабдықтарын, 30 томдық «Britannica» энциклопедиясын сыйға тартыпты. Бұл зертхана — «Britannica» технологиясы бойынша жабдықталған еліміздегі алғашқы зертхана.

№32 мектеп-гимназия үшін де биылғы оқу жылы — ерекше жыл. Бұл оқу орны — Тәуелсіздіктің құрдасы, 1991 жылы Ақтөбедегі қазақ тіліндегі алғашқы мектеп-гимназияның ашылу салтанатына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, ақ жол тілеген еді. Мектеп ұжымы мен оқушылары мұны әрдайым есте ұстайды, тек қана үздіктер қатарында болуға тырысады. Биылғы мерейтойлық, яғни 25-ші алғашқы қоңырау салтанатына олар айрықша әзірленген, әсіресе, оқушылардың өздерінің ақ тілектерін айтып, аспанға ақ көгершіндер ұшырған сәті әсерлі шықты.

 Индира ӨТЕМІС.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button