Әлеумет

Аңызда ақиқаттың табы бар

Дәстүр

Тәуелсіздік алғалы еліміздің экономикасы жақсарып, сыртқы әлеммен байланысы кеңейді, аты әлемге танылды. Дегенмен жетпіс жылдан астам уақыт кеңестік идеологияның ықпалында болған халқымыздың көптеген ұлттық құндылықтарын жоғалтып, ата дәстүрінен қол үзіп кеткені шындық. Байыптап қарасақ, ұрпаққа берілер тәрбиенің қайнар көзі салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызда жатыр. Бағзы заманнан бүгінге жеткен аңыздарда әр салттың шығу төркіні баяндалады. Ал аңыздарда ақиқаттың табы бар. Әр дәстүрдің тарихында мұсылман баласын ізгілікке, адамгершілікке, имандылыққа шақырған игі мақсат жатыр. Тәрбиелік мәнін жоғалтпаған сондай дәстүрлердің біразын оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік. Өйткені тәрбие дегеннің өзі ұсақ-түйектен басталады.

Қолға су құюдың мәнісі

 Ертеде бір шал мен кемпір болыпты. Екеуі бір перзентке зар болып, күндіз-түні Құдайға жалбарынып, бала сұрайды. Бір күндері зары Құдайдың құлағына шалынып, Алладан аян келді дейді. «Бір ұлды боласыңдар. Бірақ он үшке толған соң балаңды өз дәргейіме қайтып аламын» депті. «Ойбай, сол да болады. Азды күн болса да мауқымызды бассақ» депті шал мен кемпір. Сөйтіп, ұлды болады. Бала есейген сайын қылығы тәтті көрініп, шал мен кемпір мәз болады. Жылдар жылжып өтіп, бала он үшке де толады. Іштерін уайым мүжіген үлкен кісілер тәуекел деп ұлдарының отау иесі болар жасқа толғанына орай садақа береді. Садақаға көп жұрт жиналады. Шалдың жалғыз ұлы келген кісілердің қолдарына су құйып, қызмет қылып, тыным таппайды. Үлкендер балаға риза болып баталарын береді.

Уақыт сырғып өте береді. Бала он төртке толады. Күндіз-түні күмәннан арылмаған шал бір күні Аллаға жалбарынып, баласының тірі жүру себебін сұрайды. Сонда Алладан аян келді дейді. «Сен ел-жұртыңды жинап садақа бердің. Балаң келген кісілердің қолдарына су құйып қызмет етті. Ол кісілер балаңа «көп жаса», «бақытты бол», «өмірің ұзақ болсын» деп баталарын жаудырды. Менің бір атым халық емес пе? Халықтың тілегін жерге тастай алмадым. Балаң ғұмырлы болады!» — депті. Сөйтіп, елдің батасының арқасында әлгі бала ұзақ жасап, үбірлі-шүбірлі болған деседі. Содан бастап балалар үлкендердің қолдарына су құюға, батасын алуға таласатын болыпты. Қолға су құю содан қалыпты. Ал қазіргі қазақтар астарын қайырар-қайырмастан «қолды өзіміз жуамыз» деп дастарқаннан тұрып кетеді…

 Кәдесіз күйеу болмайды

 «Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз күйеу болмайды» дейді халқымыз. Онысы беретін қалыңмалы болмаса да, күйеу бала қалыңдығының құрметіне қайын жұртына бірдеңе ырымдайды дегенді меңзесе керек. Ал қалың мал беру дәстүрі былай пайда болған деседі.

Адам атаны жаратқан соң ұлық Алла оны пейішке кіргізеді. Адам жәннәтта жалғыз жүрмесін деп Алла оның сол жақ бұғана сүйегінен Хауа ананы жаратады. Ояу болса бұғанасы ауырып, жанына батар, қиналғаннан Хауаны жек көріп кетер. Ал қалың ұйқыда жатқанда жаратсам, Хауаның қайдан жаралғанын білмей, жек көріп суып кетер деп әдейі Адамның ұйқылы-ояу кезінде жаратады. Адам оянған соң аппақ нұрдан жаралған, жаулық жамылған сұлу әйелді көріп оған көңілі ауады. Сосын Алладан бұның кім екенін сұрайды.

— Бұл сенің жұбың. Мен оны сенің тәніңнен жараттым, — дейді Алла. Адам ата бұл әйелді өзінің жақсы көріп қалғанын айтып, оған үйленуге Алладан рұхсат сұрайды.

— Үйленуге болады. Бірақ әуелі қалың малын төле, — дейді Алла.

— Иә, Алла, мен оған қалың малын қалай төлеймін? Мендегі бар мүлік өзіңдікі. Тіпті үстімдегі киімді де сен бердің емес пе? — дейді Адам ата. Сонда Алла тағала:

— Ақырдың соңында шығатын сүйікті пайғамбарым, өзіңнің ұрпағың Мұхаммед пайғамбарға он рет салауат айт! — депті де, салауат айтуды үйретіпті. Адам ата он рет салауат айтып, қалың малын өтейді. Сөйтіп, Хауа анаға үйленеді. Сол кезден бастап ер адам үйленгенде келіншегі үшін ақы төлейтін, қалың мал беретін дәстүр пайда болған деседі. Ер адам сапалы топырақтан жаралғандықтан қартайса да өңін бермейді екен, ал әйел еттен жаралғандықтан   боянып, күтінбесе, ажары ерте таяды  деген де әңгіме бар. Ал Адам атадан басталған қалыңдық үшін қалың мал беру дәстүрі әлі жалғасып келеді. Қалың малдың қатып қалған сомасы жоқ, әркім мүмкіндігіне қарай өтейді.

 Көршіңмен тату бол

 Халқымызда «Көрші ақысы — Тәңір ақысы» деген сөз бар. Бұл сөз де тегін айтылмаған. Бізге жеткен аңыз бойынша Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) миғражда бір бейбақтың екінші бір кісіге жабысып, соңынан қалмай жүргенін көреді. Ана кісі қайда барса  да мына кісі «хақымды бер» деп қасынан кетпейді. Пайғамбарымыз қастарына жақындап, әлгі адамнан:

— Ей, бұл кісіде нең бар? Не істеді саған? —деп сұрайды.

— Бұл кісіде менің алынбаған ақым бар, — дейді әлгі кісі.

— Қандай ақы? — деп сұрайды Пайғамбар. Сонда әлгі кісі:

— Бұл менің көршім еді. Алла оған байлық берді, ауласынан ауқатты адамдар арылмайтын. Ал мен өте кедей болдым. Күнде оның есігінен сығалап, телміріп тұрамын, ал ол маған көзінің қиығын да салмайды. Бір үзім нанға зар болып, бала-шағам аш жатқан күндер болды. Алла мұның бір басына дәулетті үйіп-төгіп бергенде оның ішінде кедей-кепшіктің де несібесі бар еді. Бұл байлығын қажетсіз жерге шашып, кедейлерге қарайласқан жоқ. Міне, қияметте екеуміз қатар келіп, одан Алла берген сол хақымды сұрап жүрмін, — дейді.

Пайғамбар бұрынғы байға қараса, ол мүсәпір күйге түсіпті. Бұ дүниедегі көршісіне о дүниеде қарай алмай,  беті қарайып кетіпті. Пайғамбардың алдында жер шұқиды. Пайғамбар:

— «Көрші ақысы — Тәңір ақысы» деген. Көршісіне қарайласпаған, халін сұрамаған адам менің үмбетімнен емес, — дейді де, айналып жүре береді. Пайғамбарымыздың бұл сөзі дүйім елге таралып, кейінгіге үлгі-өнеге болыпты. «Көрші ақысы» деген ұғым сол кезден бастап дәстүрге еніпті.

Жақсы көрші туралы тағы бір мағыналы хикая бар.

Кезінде Ұлықпан хакімнің бір шаһарда екі үйі болыпты. Бірі хан сарайындай үлкен, екіншісі құрқылтайдың ұясындай жұпынылау, шағын ғана баспана екен. Бір күні басқа  қалаға көшпек болған Ұлықпан үйлерін сатпақ болады. Сонда  кең сарайдай үйін арзанға, ал лашығын қымбатқа бағалайды. Үйді алушы бұған түсінбей, мәнісін сұрағанда Ұлықпан хакім айтты дейді:

— Мына үйім лашық болғанымен көршім жақсы адам. Ондай көршіні Алла өзі нәсіп етпесе табу қиын. Сондықтан үйдің құнын емес, абзал көршімнің бәсін қымбатқа бағаладым. Екінші үйім салтанаты жарасқан боз үй. Бірақ көршім нашарлау. Онымен қоңсы қонған кісінің қуанышы аз болады. Ол үйді арзанға сатқан себебім сол.

«Қоныс сайламас бұрын көршіңді сайла» деген мәтел Ұлықпан хакімнен қалған деседі. Діни наным бойынша Алла о дүниеге барғанда «Көршіңмен тату болдың ба?» деп сұрайтын көрінеді. Көршісіне қиянат жасаған адам тозаққа түседі, ал тату болғандар жұмаққа барады деген де бар. Қазақ «ұл өссе ұлы жақсымен, қыз өссе қызы жақсымен көрші бол» дейді.

 Құранды кімге бағыштадың?

 

Осы күндері ел арасында садақа беру, ата-анасына бағыштатып Құран оқыту көбейіп келеді. Бұл, әрине, елдің мұсылманшылыққа бет бұруының көрінісі болса керек. «Өлі жебемей, тірі байымайды» дегендей, аруақты еске алып, Құран оқытып тұрған дұрыс. Өкінішке орай, кейбір жерде Құран оқытқанда марқұмның тек қана аты аталып жатады. Дұрысында Құран оқылып біткен соң «бәленше баласы түгеншеге бағыштадым» деп айтылуы тиіс екен. Құран бағыштағанда марқұм болған адамның әкесінің атын қоса айту дәстүрі былай қалыптасқан деседі.

Әлемге әйгілі Ескендір патша дүниеден өтерінде уәзірлеріне:

— Жер бетінде өлген адамның санына сан жетпейді. Қияметте ат тұяғындай жерден жетпіс мың адам тірілетін көрінеді. Мені адам аяғы баспаған, ешкім жерленбеген жерге апарып көміңдер. Мен көптің бірі емеспін, жарты әлемді билеген сүйегі асыл патшамын. Менің қиямет күні танымайтын адамдармен қатар тұруым жараспас. Алладан әмір болып, махшар алаңына жиналғанда бір өзім бір мекеннен жалғыз тұрып, Алланың алдына дараланып барғым келеді, — дейді. Патша өлген соң уәзірлері мен туыстары адам аяғы баспаған жер іздеп, қырық күн кеңеседі дейді. Ақырында Ескендірді баруы қиын биік таудың ұшар басына жерлепті. Нөкерлері патшамызды тың жерге жерледік деп мәз болып қайтыпты.

Бір күні ұлын сағынған анасы баласының рухымен тілдеспек болып оның моласының басына барып:

— Ескендір! — деп дауыстайды. Жауап жоқ.

— Ескендір, ұлым! — деп анасы тағы айқайлайды. Тағы үн жоқ. Ұлының атын он рет айқайлап атаған анасы ақырында:

— Ескендір Зұлқарнайын! — деп шақырады. Сонда барып аруақ тіл қатады дейді. — Балам-ау, мен бағанадан бері  сені неше рет шақырдым, дыбыс бермедің ғой? Әлде ол жақтағы жағдайың ауыр ма? — деп сұрайды анасы. Жағдайының жақсы екенін айтқан Ескендір:

— Сіз атымды ғана атап шақырғанда мұнда талас басталды. Себебі алақандай ғана жерде есімдері Ескендір аталатын үш жүзге жуық адам жатырмыз. Атымыз аталғанда «мені шақырып жатыр» деп бір-бірімізді жібермей таластық. Ақыры Зұлқарнайынды қосып атағанда барып талас тоқтап, басқалар маған жол берді, — депті. Содан бастап өлген кісіге Құран бағыштатқанда оның әкесінің не атасының атын қосып атау дәстүрге айналыпты.

 Басылымдар бойынша әзірлеген З.ЖАНЫСҰЛЫ.

                                                                                                                                

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button