Ақтөбеде таңқурай тосабы жасалады

Соңғы уақытта аймақта ауыл шаруашылығының дәстүрлі емес бағыттарын дамытуға көпшіліктің қызығушылық тудырып жүргені рас. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың ақтөбеліктердің алдына қойған тапсырмасының бірі де — осы. Биыл Ақтөбе қаласындағы «Болат ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 10 гектар алқапқа таңқурай егіп, қазір өнімді жинап жатыр.
Полка мен Полана
Қазір аталған серіктестік иелігіндегі 10 гектар алқапқа егілген таңқурайды жаппай жинау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл іске қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы 15 адам жұмысқа тартылған. Олардың арасында есту қабілеті нашар жандар да бар.
Таңқурай алқабы Благодарный селолық округінде орналасқан. Округке қарасты Пригородный-1,2 ауылының тұрғындары, оқушылар да бұл іске өз еріктерімен келіп, атсалысуда.
— Осыдан екі жыл бұрын Польшадан екі фурамен таңқурайдың жас көшетін әкелдік. Бастапқыда таңқурайды екі гектар аумаққа ектік. Өсімдік Ақтөбенің климатын жерсініп, тез тамыр жайып кетті. Сол жылы жақсы өнім берді. Келесі жылы алқапты 6 гектарға кеңейттік. Ал биыл 10 гектар алқапқа таңқурай егіп, мол өнім жинап жатырмыз. Өткен жылы біз 2 тонна өнім жинадық. Биылғы меже — өнім көлемін 10 тоннаға дейін жеткізу, — дейді «Болат ЛТД» ЖШС бригадирі Қаршыға Төлегенов.
Польшадан әкелінген таңқурай сортының бірі — Полка. Бұл — маусым ішінде бірнеше жеміс беретін ремонтантты сұрып. Жергілікті таңқурай маусымда бір-ақ рет жеміс береді. Оның өзі 1-2 аптадан соң тоқтайды. «Қазір қала базарларынан жергілікті таңқурайды таба алмайсың. Бұл өсімдіктің ремонтантты түрі жемісті көп береді. Таңқурайдың бұл түрі — шаруашылықта мол өнімді қалыптастыру үшін, яғни өнімділікті көбейту мақсатында егілген болатын» — дейді Қаршыға.
Таңқурайдың ремонтантты түрі бойынша бір түптен бір келіге дейін өнім жиналады әрі оның жемісі ірі болады.
—Тамыз — таңқурайдың нағыз пісетін айы. Таңқурайдың мол өнім беретін мезгілі де — осы ай. Бұл өсімдік қыркүйектің соңына дейін өнім береді. Өнім жинау науқанын тамыз айының басынан бастадық. Қазір өнімді игеріп жатырмыз. Жұмысшыларға өнім жинауына байланысты еңбекақы төленеді. Ол үшін арнайы норма бар. Әрбір адам күніне 30 келі таңқурай жинауы керек. Егер норманы ойдағыдай орындаса, күніне 2000 теңге төленеді. Қазір бұл іске оқушылар да тартылып жатыр, — дейді бригадир.
Шаруашылық алқабында таңқурайдың полана сорты да егілген. Айырмашылығы — жемістің түрінде, яғни мұның өнімі ұсақ келеді.
Күніне 300 келі таңқурай сатылады
Қазір шаруашылықтың таңқурай алқабында тамшылатып суару әдісі пайдаланылады. Бұл — суды үнемдеу әрі өсімдікті күндіз-түні ылғалда ұстау мақсатында қолға алынған шара.
Бүгінгі күні серіктестік бұл өнімді әкімдіктің рұқсатымен қаланың 12 сауда нүктесінде сатылымға шығарып жүр. Шаруашылықта өсірілген таңқурайдың келісі 1200 теңгеден сатылып жатыр. Серіктестік өкілдерінің айтуынша, бұл нарықтағы бағадан әлдеқайда төмен. Шаруашылықтан көтерме бағамен алып, кейін бұл өнімнің келісін 1500-1600 теңгеден сатып жатқандар да бар. «Күніне 300 келі таңқурай саудаға шығарылады. Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне де өз өнімдерімізді шығарамыз. Таңқурай 250 грамдық контейнер қорапшаларға салынып, сатылуда. Бұл өнім жуылмайды, тек тазартылады», — дейді Қ.Төлегенов.
Қазір шаруашылықтың базасында сыйымдылығы 1 тонналық мұздатқыш тұр. Саудаға шығарылатын өнімдер бір күн бұрын осы мұздатқышта сақталады. Қазір шаруашылық жұмысшылары жаңа өнімді қысқа сақтау жұмыстарымен де қатар айналысып жатыр.
—Таңқурайды қысқа сақтау үшін 18-20 градус төмен температурада қатыру керек. Сонда ғана бұл жаңа қатырылған өнім болып есептеледі. Бүгінгі күні 3 тоннадай өнімді жаңа күйінде қысқа сақтадық.
Жақсы піскен таңқурай оңай жиналады. Алдағы уақытта біз таңқурайды арнайы аппараттың күшімен жинауды көздеп отырмыз. Шетелде өндірілген құрылғы шаңсорғышқа ұқсайды, яғни әбден піскен таңқурайды құрылғы сорып алып, автоматтандырылған әдіспен өз ішінде контейнерге салып, жинақтайды. Қазір бізде таңқурайды әркім әртүрлі жинайды әрі әртүрлі етіп ұстайды. Кейбіреуі жинау кезінде жемісті езіп тастайды. Заманауи құрылғыны пайдалансақ, мұның бірі де болмайды әрі өнім тез жиналады, — дейді Қаршыға.
Шаруашылық өкілдерінің айтуынша, келер жылы таңқурай алқабының көлемі 40 гектарға дейін ұзартылады. «Алқапты кеңейту жұмыстарымен күзде айналысамыз. Ол үшін өзімізде бар таңқурайдың жас көшеттерін егеміз. Жалпы бір шаршы метр жерге 15-20 түп таңқурай егілу керек. Қазір біз сол норманы сақтап отырмыз. Енді артығын алып, өзге жерге отырғызамыз. Плантация көлемін ұлғайту үшін енді Польшадан жас көшеттерді тасудың қажеті жоқ», — дейді шаруашылық өкілі.
Бәсекелесі жоқ шаруашылық
Панабек Бимұратов, Ақтөбе қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
— Қазір қаламызда ауыл шаруашылығының дәстүрлі емес бағытын дамыту ісімен айналысушылардың қатары көбейді. Бүгінгі күні Үкімет тарапынан мұндай шаруашылықтарға мемлекет көмегін беру қарастырылып жатыр. Әрине, оның нормативі қанша болатыны әзірге белгісіз. Министрлік алдына біз ұсынысымызды қойдық. Енді Үкімет тарапынан қолдау керек. Бұл — шығынды көп керек ететін сала. Соның ішінде, қоян, бөдене өсіру, ешкі шаруашылығын дамыту, ешкі сүтін өндіру саласы қалада жақсы дамып келеді.
Осыдан үш жыл бұрын қаладағы «Болат ЛТД» серіктестігі таңқурай өсіру ісін қолға алған еді. Биыл бұл шаруашылық қаржы институттарының бірінен өндірісті кеңейту мақсатында 15 миллион теңге алып, мемлекеттің қолдауына ие болды. Соның арқасында таңқурай алқабы 10 гектарға жетті. Бұл — Қазақстан көлеміндегі ірі алқап болып есептеледі. Мұндай алқапты игеріп отырған шаруашылық әзірге Қазақстан бойынша біреу ғана. Егер бұл алқапты 45 гектарға жеткізетін болса, онда ТМД көлемінде бұларға тең келетін шаруашылық болмайды. Алайда таңқурай алқабын кеңейткеннен кейін мәселелер туындауы мүмкін. Өйткені өнім ойдағыдай өте бермейді, қайтып келетін кездер болады. Сондықтан серіктестік басшылығы таңқурайды қайта өңдеу жұмыстарын қолға алуды жоспарлап отыр. Таңқурай — тез бұзылатын өнім. Жиналған өнімді 1-2 күнде пайдалану керек. Піскен өнімді дер кезінде жинамаса, таңқурай ағып кетеді.
Сондықтан да бұл өнімді қайта өңдеу керек, яғни тосап, джем жасау технологиясы қолға алынбақ. Технологиясына байланысты таңқурайды 1 жылға дейін сақтауға болады. Қазір қала нарығында Еуропа елдерінен, Украина мен Ресейден келген таңқурай тосабы сатылымда тұр. Бұл орайда Қазақстандық өнім әзірге жоқ.
Биыл «Болат ЛТД» серіктестігі суармалы жерлерді қалыпқа келтіру бағдарламасына қатысып, 100 гектарды игеру мақсатында жобалық-сметалық құжат жасады. Қазір осы жобаны қаржыландыру көзі іздестірілуде. Сонымен қатар, бұл шаруашылық Жақсы Қарғалы өзеніне жақын 250 гектар жерге мал азығы дақылдары мен картоп егуге өтінім білдірді. Себебі, Жақсы Қарғалы өзенінің мүмкіндігі мол, суы жеткілікті.
Бұл серіктестік мал шаруашылығымен де айналысады. Бүгінгі күні ет бағытында герефорд тұқымды 200 ірі қара алуға Ресей Федерациясымен келісім жасады.
Ара таңқурайды тозаңдандырады
Польшадан әкелінген таңқурай сортының дәмі жергілікті өнімге қарағанда тәтті болады. Тосап жасаған кезде қантты көп қажет етпейді. Егер жергілікті таңқурайдан тосап жасалса, бір келі өнімге 1,5 келі қант қосылады. Ал 1 келі польшалық таңқурай түріне 1 келі ғана қант қосылатын көрінеді.
Таңқурай күн қызған шақта қызарады. Бұл өсімдікті қатты ыстықтан қорғау керек. Ол үшін шаруашылықта таңқурай алқабы түгелдей торланады.
—Таңқурайдың жас көшеті әбден күш алып кеткенше, күтімді қажет етеді. Бұл өсімдіктерді Польшадан ең бірінші әкелгенде, биіктігі 15 сантиметр болды. Әбден өскен шақта биіктігі 2 метрге жетеді. Күзде таңқурай жемісі толық жиналып болғасын, бұл өсімдіктің бойындағы шырын тамырға түседі. Сол кезде өсімдікті түгелдей қиып тастаймыз. Жер астында тамыры ғана қалады. Егер күзде мұндай жұмыс жүргізілмесе, келер жылы мол өнім алу неғайбыл. Таңқурай алқабы толық күзелгеннен кейін, жердің бетіне органикалық тыңайтқыш тастаймыз. Бұл — келер жылы өнімділікті жоғарылату мақсатында жасалатын шара, — дейді Қаршыға Төлегенов.
Қазір серіктестік өнім көлемін көбейту үшін қосымша омарта шаруашылығымен де айналысады. Бүгінде таңқурай алқабының бойында бал арасының 20 ұясы тұр.
— Ара таңқурай гүлін тозаңдандырады. Шаруашылықта бір омарташы бар. Биыл өнімді жыл болды. Әрине, мұның бәрі күтімге байланысты. Шаруашылықта ара ұяларын биыл бірінші жыл ұстап отырмыз. Алдағы уақытта таңқурай балын өндіру жоспарда бар. Ол үшін араға да жақсы күтім керек. Арасыз таңқурай шаруашылығының өнімділігін көтеру мүмкін емес, — дейді Қаршыға.
Арайлым НҰРБАЕВА.




