Лаңкестік жасамақ болғандар ұсталды

Ұлттық қауіпсіздік комитеті 12-30 тамыз аралығында Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстары аумағында үш радикалды топтың іс-әрекетіне тосқауыл қойғанын хабарлады.
ҚР ҰҚК-нің хабарлауынша, құрықталғандар құқық қорғау қызметкерлеріне шабуыл жасауды, сондай-ақ халық көп шоғырланатын орындарда терроризм актілерін ұйымдастыруды жоспарлаған.
«Топ мүшелерінің тұрғылықты мекенжайларын тінту барысында бірнеше қару және оқ-дәрілер, тротил, қолдан жасалған жарылғыш зат, экстремистік мазмұндағы баспа және аудио материалдар, халықаралық террористік ұйымдардың төлбелгілері алынды.
Бұған қоса, топ мүшелерінің бірінен өз іс-әрекеттерін қаржыландыру мақсатында теңгелік жалған ақшалар, арнайы қағаз, компьютерлік және көбейту техникасы табылды», — деп жазады комитет.
Бұл топ мүшелеріне қатысты ҚР Қылмыстық Кодекстің алты бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары жүргізілуде.
Сот санкциясына сәйкес Батыс Қазақстан облысының 10 тұрғыны және Ақтөбе облысының 11 тұрғыны қамауға алынды. Тергеу амалдары жалғасуда.
Бірнеше күн бұрын ҚР Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің басшысы Владимир Жұмақанов тілшілерге берген сұхбатында елімізде радикалды ағымдарға тыйым салу мәселесі қарастырылатынын айтқан еді.
«Бұл сұрақ қолға алынды, оны жақтап отырғандар да, қолдамай отырғандар да бар. Идеологияға тыйым салу қиын. Дегенмен 2011 жылдан бергі оқиғалардың барлығы салафиттермен байланысты болды. Сондықтан бұл мәселе ең жоғары деңгейде: Мемлекет басшысы мен Қауіпсіздік кеңесінің деңгейінде қаралады деп ойлаймын», — деді ол тілшілерге берген сұхбатында.
СҮГІР ЖЫРАУДЫҢ ҚҰЛПЫТАСЫ ТАБЫЛДЫ
Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданындағы «Өз өлкеңді өзгеден бұрын таны!» ғылыми-өлкетану экспедициясы көне қорымдардағы араб жазулы эпиграфикалық ескерткіштерді зерттеп келеді. Жуырда олар Сүгір жыраудың құлпытасын анықтады.
Экспедиция жетекшісі, өлкетанушы Жәнібек Әбілпейісовтің айтуынша, көне құлпытастардың орнын анықтап, картаға түсіру, суреттеп жазу, фотосуреттер жасау сынды жұмыстар былтыр басталған. Биыл осы іске төте жазуды оқуға төселген мамандар — Қазыбек Құттымұратұлы, Мұратбек Жахатов және Жаңақала музейінің директоры Аманжол Сәлімов тартылып отыр. Экспедиция Байшөрек күтіріндегі Сүгір жыраудың бейіті бар қорымға бір күнін арнады. Сүгір жырау 1868 жылы Кіші жүз қазақтарының «Ел ауа» көтерілісіне қатысқан. Байшөрек жерінде, ата-баба қонысында қалған шаруа Есқали Шымыров төрт түлік малды көбейтіп, тірлігін дөңгелетіп отыр. Қожалығының аты — «Шымыр мешіті». Есқали — атақты Сүгір жырау Мырзалыұлының шөбересі, Шымыр ишанның немересі. Шымыр осы жерде екі мешіт салдырған. Қажылыққа бес мәрте барыпты. Осы жолы Мұратбек Жахатов пен Қазыбек Құттымұратұлы Сүгір жыраудың жоғалдыға саналып келген құлпытасын тауып, мәтінін оқыды. Осылайша, Сүгір жыраудың туған, өлген жылдары мәшһүр болып отыр.
Жалпы, экспедиция мүшелері бес күн ішінде Кенжеғара, Байшөрек, Байбарақ, Қуқұлақ, Базаршоландағы 5 қорымды түгел оқып, нөмірлеп, картаға түсірген.
ӘРІ ЖЫЛДАМДЫҚ, ӘРІ АҚША
Қазақстанда ұялы байланыс операторлары 4G жиілігі үшін мемлекетке 78 млрд теңге төлейді.
Бұл туралы кеше «Кселл» АҚ 4G/LTE желісін іске қосуға арналған баспасөз мәслихаты барысында ҚР Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Сәкен Сәрсенов айтты.
«Өткен жылы желтоқсан айында біз жиілік бөлу туралы шешім қабылдаған едік. Бұл Қазақстан үшін технология тұрғысынан да, қаржы тұрғысынан да өте тиімді. Біз бұл жиіліктерді өте тиімді бағамен саттық. Енді еліміздегі ұялы байланыс компаниялары жыл соңына дейін республикалық бюджетке 78 миллиард теңге төлеулері керек. Бұл соманың 32 миллиард теңгесі төленген», — деді С.Сәрсенов.
Сонымен қатар, ол ұялы байланыс операторларының 2020 жылға дейін елімізде 500 адамнан көп тұратын елді мекендердің барлығын қамтулары керектігін айтты.
«Кселл» АҚ мамандарының айтуынша, 4G/LTE желісінің арқасында деректерді секундына 100 Мбит көлемінде беруге болады.
Компания 2016 жылдың соңына дейін Қазақстан халқының 30 пайызын осы желімен қамтуды жоспарлап отыр.
27 ҒАСЫР БҰРЫН…
Еліміздің шығысынан табылған қорғанда сақ патшасы жерленген болуы мүмкін.
Шығыс Қазақстандағы Зайсан ауданының Шілікті деген жерінен б.з.д. VII ғасырға жататын қорым табылды. Диаметрі 88 метр болатын қорғаннан жерленген адам сүйектері ғана емес, 350-ден астам алтын бұйымдар шыққан.
Тарихшылар қорғанды сақтардан қалған деп есептейді, ал таза алтыннан құйылған қымбат бұйымдар мұнда жерленген адамдардың ақсүйектер әулетінің өкілдері екеніне дәлел.
Тарих ғылымдарының докторы Әбдеш Төлеубаев: «Меніңше, бұл жер — сақ тайпаларының ең атақты, ең құрметті, ұлы адамдары жерленген орын. Бұл жерде сақ тайпаларының патшасы жерленген болуы керек. Археологтар мұнда әлі көп зерттеу жүргізеді. Шілікті жазығында ерте темір дәуіріне жататын көптеген таңғажайып ескерткіштер шоғырланған», — дейді.
Зерттеушілердің айтуынша, мұнда 50 шақты қорған бар, қазір соның төртіншісі қазылып жатыр. Жауын-шашыннан қорғау мақсатында, қазылған қорғандар күмбездермен жабылады. Болашақта бұл орынды туристік орталыққа айналдыру көзделіп отыр.
ҚАЖЫЛЫҚ САПАРҒА АТТАНДЫ
Исламның бес парызының бірі — қажылыққа бару болса, биыл осы парызды өтеуге елімізден үш мыңнан астам азамат аттанады.
ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Шымкент әуежайынан қажылыққа аттанғандардың алғашқы легін шығарып салды. Бұл жөнінде ҚМДБ-ның баспасөз қызметі хабарлады.
«Қажылық — жауапкершілігі мен марапаты шексіз құлшылық. Шамасы жеткен әрбір мұсылман баласына қажылық ғибадаты парыз болғандықтан, оны орындаушы, ең бірінші, Алланың сый-сияпатына кенеледі. Қажылық ғибадатын ықыласпен орындаған адамның күнәларының кешірілетіні жайлы хадисте: «Кімде-кім қажылық парызын өтеу барысында бос әрі жаман сөзден, сондай-ақ, үлкенді-кішілі күнәлардан бойын аулақ ұстаса, анасынан жаңа туғандай пәк болып қайтады» делінген», — деді Дінбасы Ержан қажы Малғажыұлы.
Шымкентте ұйымдастырылған игі шараға, сондай-ақ, Сауд Арабия Карольдігінің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Горм Сайд Малхан қатысып, азаматтарға сәт сапар тіледі.
Биыл Қазақстан азаматтарын қажылық сапарға халықаралық «Flay Nas» әуе компаниясы тасымалдайтын болды. ҚМДБ-ның Қажылық миссиясына наиб мүфти Серікбай қажы Ораз төрағалық етеді.
Әуежайдағы салтанатты рәсімде елге танымал әншілер мен ақындар ән-жырдан шашу шашып, ғибратты толғаулар орындалды.
БУРАБАЙДА ДЕМАЛЫП ЖҮР
Ресейліктер ТМД аумағындағы курорттар арасында Бурабайға ерекше қызығады.
Бұл RoomGuru.ru іздеу сервисі арқылы анықталған. Атап айтқанда, биылғы 1 маусым мен 31 тамыз аралығында жүргізілген іздеулер қорытындылары бойынша, ТМД аумағындағы ресейліктерді ерекше қызықтыратын бес курорт белгілі болды. Олардың қатарында Бурабайдан басқа, Қырғызстандағы Ыстықкөл, Белоруссиядағы Нарочь, Әзербайжандағы Лянкарань және Армениядағы Севан курорттары бар.
RoomGuru.ru-дің мәліметтері бойынша, өткен жылмен салыстырғанда биыл ТМД аумағында демалған ресейліктер қатары он пайызға артқан. Бурабайға, ресейліктер арасынан, негізінен, Мәскеу қаласы мен айналасының, сондай-ақ, Оңтүстік Орал, Шығыс Сібір өңірлерінің тұрғындары көбірек келеді.
АЛАУ ҰСТАУШЫ 1000 БАЛА
Бүгін ХХVIIІ Бүкіләлемдік қысқы Универсиаданың алауын ұстаушыларды іріктеу басталады.
Бұл туралы 31 тамызда Алматыда 2017 жылғы қысқы Универсиаданы ұйымдастыру және өткізу бойынша Дирекцияда өткен баспасөз мәслихаты барысында жария етілді. Баспасөз мәслихатына Рио-де-Жанейро Олимпидасының чемпионы Дмитрий Баландин қатысты.
Дирекция жетекшісі Наиль Нұров Олимпиада чемпионына 2017 жылғы ХХVIIІ Бүкіләлемдік қысқы Универсиаданың елшісі екенін растайтын сертификат пен алау ұстаушы формасын салтанатты жағдайда табыс етті. Алау ұстау үшін Баландиннен басқа, 999 студент іріктеліп алынбақ.
«Алау ұстаушы атану үшін 17-28 жас аралығындағы ең үздік студенттер таңдалады. Олардың арасында тек үздік оқитын студенттер ғана емес, жас ғалымдар, әлеуметтік өмірге белсене қатысатын студенттер және басқа да жастар болуы мүмкін. Негізі, басымдық спорт, ғылым және мәдениет саласында өзін көрсеткен студенттерге берілді», — деді Н.Нұров.
Бүгін, яғни 1 қыркүйектен бастап, эстафетаға қатысуға ниет білдіргендер almaty2017.com сайтына кіріп, сондағы сауалнаманы толтыра алады. Байқау қорытындысы 2016 жылдың 16 желтоқсанында шығады.
Айта кетелік, қысқы Универсиада алауы эстафетасы 2017 жылдың 25 қаңтарында бастау алады.
ИБРАГИМОВИЧ — ГОЛОВКИННІҢ ЖАНКҮЙЕРІ
«Манчестер Юнайтед» командасының шабуылшысы Златан Ибрагимович қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкиннің жанкүйері болып шықты.
Ол өз командаласы Уэйн Рунимен бірге Геннадий Головкин және Келл Брук арасындағы жекпе-жекті тамашаламақ.
10 қыркүйекте «Манчестер Юнайтед» командасының футболшылары Головкин мен Бруктың арасындағы жекпе-жекті тамашалау үшін «Манчестер Ситимен» болатын матчтан кейін жолға шығып, Лондонға арнайы келмек. Бұл жекпе-жек Астана уақытымен 23.00-ге жоспарланған.
Ибрагимович футболшы ғана емес, таэквондошы да болып шықты. Ол — таэквондодан қара белбеу иесі. Ал спорттағы үлгі тұтатын тұлғаларының бірі ретінде Мұхаммед Әлиді атаған.
Темекі тұқылын тастағаны үшін
2 КҮНГЕ ҚАМАЛДЫ
Ақтауда темекі тұқылын көшеге лақтыра салған ер адам екі күнге қамауға алынды.
«Сот азамат А.-ның 15-шағын аудандағы 10-үй жанында темекі тартып, темекісін көшеге лақтыра салғанын анықтады», — делінген баспасөз хабарламасында.
Ол ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 434-бабы, 1-бөліміне сай кінәлі болып табылған, сөйтіп, екі күнге қамауға алу туралы қаулы шығарылыпты.
Сот отырысында А. өз кінәсін мойындады. Қаулы күшіне енді.
inform.kz, e-history.kz, vesti.kz, 24. kz сайттары материалдары бойынша әзірленді.






