Құқық

Сот жүйесі: Жаңашылдықтар мен нәтижелер

Елбасы бес институттық реформаны жүзеге асыруға арналған «100 нақты қадам»  — Ұлт жоспарында сот жүйесіне қарай жарқын жол ашты. Қазіргі кезде, қандай да бір істі қарау кезінде оның жариялылығын қамтамасыз етіп, соттың ашықтығын көрсету арқылы судьяның беделін көтеру алға қойылуда. Нәтижесінде, азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істер толығымен дыбыс-бейнетаспаларға жазылып, сот мәжілісі мейлінше ашық түрде өткізілуде. Соның арқасында сот мәжілісіндегі тәртіп бұзылмай, сотта айтылған әр сөз, яғни берілген әр жауап, еш өзгеріссіз сақталады. Осыған байланысты, сот хатшыларының да жұмысы жеңілдеп, дыбыс және бейнетаспа пайдаланғандықтан қазір сот отырысы хаттамасы қысқаша түрде жазылатын болды.

Бұрын сот жүйесі бес сатыдан тұрғаны бәрімізге мәлім. Жыл басынан бері бұл үш сатыға қысқарды. Сотқа жүгінуші қазір бірінші сатыда шығарылған шешім мен үкімге келіспеген жағдайда облыстық (немесе оған теңестірілген Қазақстан Республикасының Әскери) соттағы апелляциялық сот сатысына жүгіне алады. Егер екінші сатыдан да қанағаттанбаса және өзінің бұзылған құқығының орны толмады немесе заңға сай сот актісі шықпады деп пайымдаса, Жоғарғы Сотқа жазып, оның кассациялық сатысында өз дауына нүкте қоя алады.

Бұл өзгеріс, біздің пікірімізше, бүгінде елдің көңілінен шығып, өзінің мәнінің зор екендігін қысқа мерзім ішінде дәлелдеді және оның нәтижесі де бар.

Сонымен бірге, сот жүйесіндегі тағы бір оң өзгеріс — көптен күткен, яғни жан-жақты және мейлінше жетілдірілген Азаматтық процестік кодекс былтыр елімізде қабылданып, Мемлекет басшысы тек Жоғарғы Сот жүйесінің ғана емес, Бас прокуратура мен қос палата депутаттары және зиялы қауым алдында осынау құнды құжатқа қолын қоюы, бұл Заңның маңыздылығы мен рөлін көтеру болып саналады және онда жоғарыда айтылған соттың үш сатысының қызметі толығымен қарастырылған. Сондай-ақ, осыған дейін қолданылған ескі азаматтық іс жүргізу заңына қарағанда жаңа кодекске көп өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Сот шешімінің жоғарғы сатыларға шағымдану мерзімі де ұзартылған. Мәселен, бұрынғы заңнамаға сәйкес бірінші сатыда сот шешімі шыққаннан кейін, 15 тәулік ішінде ол бойынша екінші сатыға апелляциялық шағым беріліп үлгерген жағдайда ғана іс қаралса, енді сол уақыт жаңа заңда бір ай мерзімге дейін ұзартылған. Сонымен қатар, онда істерді қысқартып қарауда медиация тәртібін қолдану да бар, яғни екі жақты табыстыру, заң аясында оларды өзара бір оң бітімге, яғни келісімге келтіру көзделген. Бұл заңдылықты сараласақ, баяғы билер  атқарған қызметке дәл келіп отыр деп ойлаймыз. Мұнан да тереңірек үңілсек, қазақта: «Алдыңа келсе әкеңнің құнын кеш», — деген сөз бекер айтылмағандығын аңғартады. Кінәлі болып ол адам алдыңа келді ме, онда сен кешіре біл, бірақ Заң шеңберінен ауытқымау қажет.

Бәрімізге аян, «медиатор судья» деген жаңа ұғым да шықты. Алғашында заңгерлер, жалпы құқықтық деңгейі жоғары, яғни заңды біліп, сыйлап, құрметтей алатын адамдардан топтасқан медиаторлар бөлек болған. Ал қазір, сот процесіне дайындық кезінде екі тарап арасында туындаған дауды қандай жағдайда бітімгершілікпен шешуге болатыны түсіндіріледі. Егер тараптар, дау бойынша түсіністік танытып жатса, басталғалы тұрған сот талқысын (немесе мәжілісін) тоқтатып, үзіліс жарияланып, тараптарға психологиялық қысым болмас үшін судьялық мантияны шешіп, бөлек жеке бөлмеде екі жақты табыстыру қызметі атқарылады. Сол жерде, тараптар медиациялық тұрғыда келіссе, сот мәжілісі жүргізілетін залға барып, үшінші жаққа мән-жай жарияланатын болады. Қазіргі кезде сот саласындағы бұл өзгерістер өзінің тың жемісін бере бастады.

 Шынболат КАДИРОВ,

                Ақтөбе гарнизоны әскери  

сотының төрағасы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button