Құлпынай, баклажан, үйеңкі шырыны және бал өнімі

Ойылдықтар қазаққа таңсық өнімдерді өндіруге ден қойып отыр
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Ойыл ауданына жұмыс сапарымен барды. Егіс алқаптарында болып, астық жинау науқаны барысымен танысқан өңір басшысы ойылдық диқандардың тары дақылына деген құлшынысын, сондай-ақ, көп кезіге бермейтін бақша өнімдерін, құлпынай өсірудегі жетістіктерін атап өтті.
Сапар барысында оған аудан әкімі Бұлбұл Күзенбаева еріп жүрді.
Тары мен арпа мол
Өңір басшысы алдымен Атырау, Батыс Қазақстан облыстарымен шектес жатқан, ауданның ең шалғай ауылдары саналатын Қарой және Сарбие ауылдарында әлеуметтік нысандарды аралап, жұртшылықпен кездесті, сондай-ақ, Қарой, Сарбие ауылдық округтері аумағындағы егіс және бақша алқаптарында болды.
Қарой ауылдық округі аумағындағы «Әділет» шаруа қожалығының ұжымы бірнеше жылға созылған құрғақшылықтан кейін, биыл ғана жақсы өнімге қол жеткізіп отыр. Көктемде олар Қорғаноба алқабында 150 гектар жерге — арпа, 50 гектар жерге тары егіпті.
— Арпаның әр гектарынан, орташа алғанда, 10 центнерден, ал тарыдан 12 центнерден өнім алдық. Бірнеше жыл қатарынан құрғақшылыққа ұрынған едік. Биылғы астықтың бітік шығуына, бір жағынан, жаздың жаңбырлы болуы септігін тигізсе, екінші жағынан, тұқым себу науқаны кезінде жер жырту, өңдеу шараларына барынша мұқият қарадық. Тұқым «Степное» шаруашылығынан алынды. Алдағы уақытта біз егіс көлемін ұлғайтқымыз келеді. Әрине, Ойыл ауданының жері егіс егу үшін қолайлы аймақ болып есептелмейді. Дегенмен, кезінде мұнда бір ғана «Жетікөл» кеңшарының өзінде 20 мың гектарға дейін егін егілген жылдар болған. Халықтың әл-ауқатын көтеру мақсатында егін шаруашылығын дамытудың маңызы зор. Сондықтан біз егін мәселесінде жылдан-жылға, ақырындап болса да, алға жылжып отыру жайын қарастырмақпыз, — деді шаруа қожалығының басшысы Сәкен Займолдин.
«Әділет» шаруа қожалығының мол астығы осы маңдағы ауылдар тұрғындарына да үлкен қуаныш сыйлады. Өйткені, мал азығын арзан бағаға сатып алуға мүмкіндік туып отыр. Шаруа қожалығы тұрғындарға мал азығындық арпаның әр қабын 1000 теңгеге беріп жатыр. Бұл базардағы бағадан 1,5 есе арзан.
Қорғанобадағы тары алқабын аралап көрген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та мұндағы шаруаларға ризашылығын білдірді:
— Тары дақылын халқымыз ырыстың, молшылықтың көзі ретінде бағалаған. Біздің бала кезімізде диқандар осы дақылға көбірек көңіл бөлетін. Тары піскен кезде, оны жинауға қолымызға орақ алып, балалар да атсалысушы едік, — деді облыс басшысы.
Ол жергілікті диқандарға алдағы жылдары егіс көлемін ұлғайта түсудің тиімді екенін айтты:
— Әдетте, — деді облыс басшысы,— жаңбырлы жаз бір жылмен шектелмейді, әрі қарай ұласады. Сондықтан келер жылы егіс көлемін ұлғайтуды жоспарлау керек.
Өңір басшысы Сарбие ауылдық округі аумағындағы «Жақып» шаруа қожалығының алқаптарында да болды. Мұнда биыл 100 гектар жерге — тары, 14 гектар жерге бақша өнімдері егіліпті.
Қарой және Сарбие ауылдарындағы отбасылық-дәрігерлік пункттер, клубтар, балабақшалар мен мектептерді аралай жүріп, облыс басшысы олардың материалдық-техникалық базасы, қысқы отын жайы, мамандармен қамтылуы сынды мәселелерге ерекше көңіл аударды. Сондай-ақ, Сарбие ауылындағы Сапақкөл орта мектебінде жас ұрпақ тәрбиесіне қатысты тың бастамалар барын атап өтті.
Облыс әкімімен кездесу барысында ауыл тұрғындары, негізінен, жолдың нашарлығы, газ және ауызсумен қамту мәселесі төңірегінде сөз қозғады.
Сарбие ауылы тұрғындарымен кездесу қорытындысында Бердібек Сапарбаев:
— Ауылдық жерлерде тұрғындар тарапынан өтініштер әдетте, жол, газ және ауызсу мәселелері төңірегінде өрбиді. Қазіргі күні Сарбие ауылын ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жол, газ мәселелері де бірте-бірте шешімін табатыны анық. Себебі, өздеріңіз көріп отырғандай, ауыл тұрмысында жылдан-жылға алға жылжу бар. Ең бастысы — біз ауызбіршілігімізді жоғалтпай, қол жеткен табыстарымызды еселей түсу мақсатында ынтымақ пен татулықты сақтай білуіміз керек. Қай мемлекетте де, қай қоғамда да алға озған, дамыған салалармен қатар, кейіндеп, кенжелеп қалған салалар болады. Біз өзіміздің кемшілігімізді көбірек айтып, тырнақ астынан кір іздеуге бейім болмасақ екен деймін. «Жақсы сөз — жарым ырыс» дегендей, жақсылықты көбірек насихаттап, ал кемшілік-қателіктерімізді түзеуде бір-бірімізбен тіл табысып, бірге іс-әрекет етейік. Бірлік пен ынтымақ қана жарқын болашақ кепілі болмақ, — деді. Ауыл ақсақалдары да осы сөзді құптап, өз пікірлерін ортаға салды.
Жергілікті кәсіпкерлердің 20 миллион теңгелік көмегі
Сапар барысында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Ж.Жүсібалиев атындағы Ойыл қазақ орта мектебінде өткен аудандық білім беру қызметкерлерінің тамыз кеңесіне қатысты. Кеңес алдында өңір басшысы білім ордасының ауласына ұйымдастырылған аудан мектептерінің көрмесін қарап өтті. Бұдан кейін тамыз кеңесі басталды. Алғашқы болып баяндама жасаған аудандық білім бөлімінің басшысы С.Сүлейменов биыл 23 мектепте алғашқы қоңырау соғылатынын, 2016 жылы мектептерді жөндеуге мемлекеттік бағдарлама арқылы ақша бөлінгенін, соның арқасында бұрынғы апатты мектептердің жақсы шешімін тапқанын айта келіп, қазір «Жақсыбайкөл» негізгі мектебі мен Жамбыл орта мектебінің жөндеуді қажет ететіндігіне тоқталды.
— Сіздің бастамаңызбен өтіп жатқан «Туған жерге тағзым!» акциясының көмегімен жергілікті кәсіпкерлерден жиынтығы 20 миллион теңгеге көмек көрсетілді, — деді сөзін облыс әкіміне бағыштаған Саян Сапарұлы. Оның баяндамасында түрлі халықаралық, республикалық байқауларға ауданнан 1051 бала қатысып, 261 баланың жүлделі орынға ие болғандығы айтылды.
Кеңесте «Көптілділік — білім берудің жаңа сатысы» тақырыбында баяндама жасаған ардагер ұстаз Қ.Суқашева мұның заман талабы екендігін жеткізді. Ал «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша қазір Ш.Берсиев атындағы орта мектептің бастауыш сынып оқытушысы болып қызмет етіп жатқан жас маман Р.Насырова мемлекет тарапынан жас мамандарға жасалып жатқан көмекке өзінің ризашылығын жеткізді. Ал облыстық ғылыми-тәжірибелік орталықтың директоры Н.Әбішева аудан мектептерінің жетістіктеріне тоқталып өтіп, алдағы уақытта аудан балаларын Ақмола, Қарағанды облыстарының тәжірибесін үйренуге жіберу керектігін айтты. Облыс басшысы бұл ұсыныспен келісетіндігін, бала оқытудағы заманауи әдістерді облыс мектептеріне тарату қажеттігін айтып өтті.
Кеңес үстінде ардагер ұстаз, білім қызметкерлері кәсіподағы Ойыл аудандық комитетінің төрағасы Б.Бектұрғанов «Дипломмен ауылға» жолдамасын тапсыру үшін мінбеге шығып, бес жас маманға жолдама табыстады. Өз кезегінде жас маман Н.Дәулетқалиев облыс әкімі мен ұстаздарға алғыс айтты. Бұдан кейін Бердібек Машбекұлы бірқатар білім мекемелеріне гранттар тапсырды.
Кеңес жұмысын қорытындылаған облыс басшысы Ойыл ауданының жағдайында ауданның өңір бойынша алтыншы орын алуы үлкен жетістік екенін айта келіп, алдағы уақытта апатты жағдайдағы, сабақ үш ауысымда оқытылатын мектептердің, қамыстан салынған мектептердің болмайтынын, 2020 жылға дейін бұл мәселелердің толық шешілетіндігін жеткізді. Ол балалардың білім деңгейінің сапасын көтеру керектігін, ауданда 260-қа жуық бала балабақша кезегінде тұрғандығын, мемлекеттік-жекеменшіктік серіктестікті дамыту қажеттігін, қосымша білім берумен айналысу жөнін айта келіп, интерактивті тақтаны мектептерде пайдаланудың маңыздылығына, жаңалықтарды тиімді пайдалану керектігіне, мектеп, ата-ана, қоғам және билік болып бала тәрбиесімен жұмыла айналысудың тиімділігіне тоқталды. Бердібек Машбекұлының назарынан ата-анасыз қалған балалардың жағдайы, ауданның өздерінен мектеп бітірген шәкірттерді бақылап отыру керектігі, еліміздің Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай балаларға тәуелсіздіктің қадірін ұқтыру керектігі де тыс қалмады. Сөзінің соңында өңір басшысы мәслихатқа қатысып отырған барша білім қызметкерлеріне жаңа табыстар тілеп, олардың жұмыстарына ризашылық білдірді.
Мұның қалай, «ОксиБилд»?
Бұдан кейін Б.Сапарбаев 140 орындық «Балдырған» балабақшасының жөндеу жұмыстарымен, аудан орталығындағы «Туған жерге тағзым» акциясының аясында пайдалануға берілген балалардың спорт және ойын алаңымен танысты. Одан әрі облыс басшысы ауданға тартылып жатқан газ құбырының барысымен танысып, газ тарату пунктіне барды. Онда «ҚазтрансгазАймақ» АҚ Ақтөбе облыстық филиалының құрылыс және күрделі жөндеу бөлімінің басшысы Баянет Шарапиевпен және газ тарату учаскесінің басшысы һәм осы газ құбырына жауапты «ОксиБилд» құрылыс компаниясының өкілімен кездескен Бердібек Машбекұлы газды тарту мен пайдалануға беруде шабандық танытып отырған «ОксиБилд» компаниясының жұмысын сынға алып, бұлай бола берсе келісімнің үзілетінін ескертті. Бұрын Ырғыз ауданына да газ тартқан осы компанияның әлі күнге дейін ырғыздықтарға газ бермей отырғандығы баса айтылды.
Осыдан кейін «Ойыл-Құлпынай» ЖШС-на ат басын тіреген облыс басшысы серіктестік директоры Расул Ерсейітовпен әңгімелесті. 2014 жылы желтоқсанда облыстық кәсіпкерлік палатасы облыс әкімдігімен бірлесіп өткізген «Атамекен-стартап» мемлекеттік гранты үшін болған байқауда облыс кәсіпкерлері арасынан жеңімпаз болып танылған Расул биыл 1,5 гектарға құлпынай егіпті. Дәстүрлі емес егінмен тәуекел етіп айналысып жатқан Расулдың бет алысы жақсы. Ол құлпынайдың алғашқы шыққан жемісі бұршаққа ұрынғанын, мына пісіп жатқанның екінші буынды жеміс еккендігін, бұған қоса баялыш (баклажан), тәтті бұрыш, қызылша, черемуха екендігін айтып өтті. Жас кәсіпкер үйеңкі егіп, одан шырын өндіріп, бақтан жиылған алмадан да компот қайнататын құрғақ жеміс дайындапты. Ол келесі жылы көкөніс өнімдерін сақтайтын қойма, жылыжай салғысы келетінін, шырын дайындайтын цех ашқысы, алма бағын өсіргісі келетіндігін жеткізді. 2015 жылы «Жаңабаз» елді мекенінен 4,8 гектар жерді жалға алған Расулдың еккен егіні өнім беріп жатыр. Ол облыс басшысы бастаған қонақтарға өзі өндірген қайың және үйеңкі шырындарын ұсынды.
Облыс басшысы «Ғалимарданбек» ЖШС-ның директоры Ғалимарданбек Есенамановтың шаруашылығында болды. Онда өсіріліп жатқан аралардың, өндірілген балдың жағдайымен танысты. «Араның есте сақтау қабілеті күшті, сондықтан балаларға бал беріп тұрған дұрыс» — деп бастаған Ғалимарданбек өзі өндіріп жатқан балдың құрамында глюкозаның екі-ақ пайыз екенін, сонысымен сапалы болып тұрғанын айтты. Биыл 1 тонна, жүз килодай ара балын жинаған Ғалекең алдағы уақытта өнім көлемін көбейтпек.
Өңір басшысы сапарының соңында С.Мусин басшылық ететін Ойыл орман шаруашылығының тәлімбағында (питомнигінде) болып, өсіріліп жатқан ағаш түрлерімен танысты. Долана, қарағаш, үйеңкі, шаған секілді ағаш түрлерін өсіріп, сатып жатқан тәлімбақ кәдімгідей көркейіп тұр. Облыс әкімі алдағы уақытта ағаш түрлерін көбейту қажеттігін ескертті.
Индира ӨТЕМІС,
Зәкіржан КӘЛКЕНБАЙ,
Ойыл ауданы.

































