БілімБасты жаңалықтар

2018 жылы апатты жағдайдағы, ал 2020 жылы үш ауысымды мектептер болмауы тиіс

Облысымыздағы барлық мектептердің 56 пайызы — шағын жиынтықты мектептер. Бұл мектептер түлектерінің ҰБТ қорытындысы бойынша көрсеткіштері, облыс бойынша орташа көрсеткішпен салыстырғанда, төмен болып отыр. Кеше Ақтөбеде өткен облыс педагогтерінің дәстүрлі тамыз кеңесінде өңір басшысы Бердібек Сапарбаев бір мұғалім бірнеше пәннен сабақ беретін шағын мектептерді біріктіру керек екенін айтты. Алдағы уақытта алыс ауылдар балалары үшін интернаттар салынатын болады. Бердібек Сапарбаев облыстық білім басқармасының осы бағыттағы жұмыстарды дұрыс жолға қоюы керектігін баса айтты.

Облыс педагогтарының дәстүрлі тамыз кеңесі биыл «Білімді ел — мәңгі ел»

тақырыбымен өтті. Жиынға облыс басшылығы, Ақтөбе қаласы және аудандар әкімдері, білім беру ұйымдарының басшылары, педагогтер қатысты. Сондай-ақ, ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілі — аталмыш министрліктің Заң қызметі және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Нұрсейіт Байжанов қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Кеңес жұмысы онлайн режимінде аудандарға да таратылды.

Жиналғандар алдымен облыстық білім басқармасының басшысы Сәуле Өмірбекованың баяндамасын тыңдады.

Сәуле Өмірбекова «Мәңгілік ел» құндылықтары жас ұрпақтың тәрбиесі, өресі, білімі арқылы өркен жайып, таралатынын атап өтіп, білім саласын дамытуға мемлекет тарапынан зор қолдау көрсетіліп келе жатқанын айтты. Мысалы, тәуелсіздік жылдарында тек біздің облысымызда ғана 109 мектеп салынып, пайдалануға берілген. Қазіргі күні 6 мектептің құрылысы жүріп жатыр, бұлар жыл соңына дейін аяқталады. Тағы төрт мектептің құрылысы алдағы жылға жоспарланған.

Жалпы, облыста 418 мектеп, 41 колледж бар. 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту көрсеткіші 89 пайыз болып отыр. Басқарма басшысы бүгінгі күні балабақша кезегінде 39 мың бала тұрғанын айтты. Олардың 30 870-і — Ақтөбе қаласы бойынша кезекке тіркелгендер.

Сәуле Өмірбекова жіберілген кемшіліктер мен қателіктерге де тоқталды, соның ішінде мамандар мәселесінің әрдайым назарда ұсталуы керектігі ескеріле бермейтініне қынжылыс білдірді:

— Әр директор мамандармен қамту мәселесінде алдағы бес жылдығын ойлауы,  жоғары оқу орнына түскен жергілікті жастармен байланыс орнатуы тиіс. Ал тәжірибелі мұғалімдер жас әріптестеріне жан-жақты қолдау көрсетуді ұмытпағандары жөн, — деді ол.

Жиында білім берудің жаңа мазмұны жағдайындағы ерекшеліктер, бәсекеге қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру жолындағы жаңа ізденістер, дуальды оқытудың маңызы, мектептен тыс уақытты пайдалы ету жолдары, басқа да мәселелер төңірегінде сөз қозғалып, пікірлер айтылды.

Назарбаев зияткерлік мектебі информатика пәнінің мұғалімі Бауыржан Шоқанов «Облыстағы роботты техниканы дамыту: тәжірибесі мен келешегі» тақырыбында баяндама жасады. 2012 жылы Ақтөбеде республикада бірінші болып роботты техника үйірмесі ашылған. Кейіннен осы үйірме мүшелері ел құрамасы ретінде Бүкіләлемдік олимпиадаға қатысыпты. Бауыржан Шоқанов осы істі әрі қарай дамыту мақсатында  өз ұсыныстарын жеткізді: Ақтөбеде халықаралық жарыс өткізу, жергілікті командалар қатарын көбейту, информатика мұғалімдерін оқыту, шеберлік сабақтарын ұйымдастыру, т.б. Сонымен қатар, үйірмеге қатысу үшін баланың қолында болуы тиіс жиынтық та арзанға түспейді. Бүгінде роботты техника үйірмесі Ақтөбе қаласынан бөлек, Мәртөк ауданында да бар екен.

Ақтөбе металлқұрастыру зауытының директоры Александр Александров өз кәсіпорнының, дуальды оқыту аясында, құрылыс және бизнес колледжі оқушылар үшін тәжірибе орны болып отырғаны жөнінде әңгімеледі.

— Өкінішке қарай, бұрынғы тәлімгерлік институт мүлде жойылған. Қазір оны қайта қолға алуға тырысып жатқан жайымыз бар. Бірақ әзірге бастапқы қадамдардан әрі аса алмай отырмыз, — деді ол.

«Bilim Media Group» ЖШС-ның атқарушы директоры Нұрбек Мәтжани сандық оқыту ресурстарының жайы, таралуы туралы баяндады. Оның айтуынша, қазақ әдебиеті бойынша мектеп бағдарламасында кездесетін барлық шығармалар — 1,5 мың туынды — бүгінде ғаламторға жүктелген. Ұстаздар, оқушылар мен ата-аналар ол шығармаларды kitap.kz сайтынан таба алады. Сонымен қатар, ғаламтордан бұл шығармалардың аудионұсқасын да табуға болады.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің Заң қызметі және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Нұрсейіт Байжанов білім беру саласын қолдау мақсатында мемлекет тарапынан жасалып жатқан істерге тоқталды.

— Қазіргі күні елімізде 7698 мектеп бар, бұл мектептерде 2,5 миллионнан астам бала оқып жатыр. Қосымша білім берумен қамту деңгейі 62 пайызға жетті, — дей келіп, ол алдағы уақытта білім беру саласында кәсіптік-техникалық білім беруді жетілдіру, мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, соның ішінде ғаламтор желісімен қамту, т.б. мәселелерге басым көңіл бөлінетінін жеткізді.

Нұрсейіт Байжанов бірнеше ақтөбелік педагог қызметкерлерге «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі мен Ыбырай Алтынсарин атындағы медальдар табыстады.

Жиынды облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қорытындылады. Өз сөзінде облыс басшысы осы саланың өзекті мәселелерімен қатар, алға қойылған жоспарларға да кеңінен тоқталды. Мысалы, 2018 жылы облысымызда апатты жағдайдағы мектептер, ал 2020 жылы үш ауысыммен жұмыс істейтін мектептер болмауы тиіс. Осы мақсатта жаңа мектептер құрылысы жалғаса бермек. Құрылыс жұмыстарына демеушілер тарту да көзделген. 2016 жылдың басынан бері мемлекетті-жекеменшік серіктестік аясында  23 балабақша ашылған болса, жыл соңына дейін тағы 20 балабақша ашу жоспарланған.

Бердібек Сапарбаев қазіргі күні мектептер жұмысының бір ақсап тұрған тұсы — ата-аналармен, қоғаммен, бұрынғы түлектермен байланыстың дұрыс жолға қойылмағаны екенін атап өтті. Баланың сабақтан тыс уақытын қадағалау, ең алдымен, оны түрлі келеңсіздіктерден сақтау үшін керек. Бала бос уақытын пайдалы өткізу үшін қызықты үйірмелерге, спортқа тарту қажет. Осы орайда облыс басшысы Назарбаев зияткерлік мектебі информатика пәнінің мұғалімі Бауыржан Шоқановтың бастамаларын қолдайтынын жеткізді.

Сондай-ақ, ол мектептің ішкі тазалығы, ауланы көріктендіру жұмыстарына үлкен мән беру керектігін атап өтті.

— Бала үшін мектепте класс бөлмесі, ауланың көрінісі — бәрі-бәрі тартымды болуы керек, — деді облыс әкімі.

ҰБТ қорытындысы бойынша біздің өңірде орташа балл 82,8 болды.

— Орташа балл жылдан-жылға көтерілген сайын, ҰБТ-ға қатысатын түлектер үлесі кеміп келеді. Бұған да назар аудару қажет, — деді облыс әкімі.

Бердібек Сапарбаев «Мейірім» акциясы аясында жетім балаларға қамқорлықты күшейту жолдарын қарастыруды тапсырды.

Сөзінің соңында облыс әкімі мұғалімдер қауымына жаңа оқу жылында табыстар тіледі және өткен оқу жылында айрықша жетістіктерімен көзге түскен білім ұйымдарын марапаттады. Алға қаласының №3 қазақ орта мектебі 19 миллион теңге көлемінде грантқа ие болды. Ақтөбе қаласындағы №23 мектеп-лицей, №25 орта мектеп, Хромтау қаласындағы №6 гимназия, М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернат, т.б. марапатталды. Сондай-ақ, білім саласын жетілдіре түсуге үлес қосып жүрген кәсіпкерлер, оқу орындары басшылары да марапаттарға ие болды. Жиында осы сала ардагерлеріне де құрмет көрсетілді.

 

Индира ӨТЕМІС.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button