Ауыл

Аңызға толы мыс мекен

Өлкетану

 Көктау ауылы — Хромтау ауданының солтүстік-шығысында, қырат-қырат белдердің арасында, Ор өзенінің жағасында орналасқан. Ауылдың аты айтып тұрғандай, бұл жердің табиғаты ертеден шөбі шүйгін жайылымымен танымал болған.

Өлке тарихымен жақынырақ танысу үшін Көктаудағы 2012 жылы ашылған Нұрлы көш орта мектебіне барғанбыз. Мектептің жас директоры Эльмұрат Болатов бізді мектеп музейіне бастап барды. Осы мектептің тарих пәнінің мұғалімі Жансүгір Төлеубаев бізге өлкетануға қатысты қызықты деректерді жүйеленген шағын музей қорына сілтеме жасай отырып, әңгімелеп берді. Мұнда қола дәуірі, орта ғасыр, кеңес дәуірі, қазіргі кез, бәрі қамтылған. Мектеп оқушыларының сабақтан тыс уақытта мектептің арнайы автобусымен өлке аралауға шыққанда осы өңірден тапқан құмырасы, ескі үтігі, садақ ұштары — бәрі музей сөресінде тұр. Бір бұрышта нумизматикамен айналысатын оқушылардың тиын-теңгелері, ақшалары тұр жиналып.

Тарих пәнінің мұғалімі бізге осы ауылдық округ аймағынан Андронов мәдениетінің ескерткіштері табылғанын айтты. Өткен жүзжылдықтың ортасында Ленинград зерттеу орталығынан адамдар келіп, осы өңірде қазба жұмыстарын жүргізіп, олар осы жерді мекендеген ежелгі адамдар туралы деректер тауыпты. Осы өлкеден табылған жәдігерлердің бейнелеріне қарап отырып, кейбірінің қола дәуірінің алакөл кезеңіне жатқызуға болатынын да айтып берді.

— Ал орта ғасырға келетін болсақ,  Көктаудың жоғарғы жағында Қалқантөбе деген жер бар. Сол жерде ата-бабаларымыз қалмақтарды қырып, қалқан құрған. Ал қалмақтар Ор өзенінің бойымен қашып, Қопа маңында тағы қырылған. Сол жерде Қалмаққырған деген жер бар. Әрмен қарай қашқан қалмақтарды Балқаш маңында Абылай хан күтіп алған. Содан еліне үштен бірі барған деседі. Дәл осы жерге сырттан келіп, ешкім тексерген жоқ. Мен республикалық басылымдарға жазып жүрмін. Айтпақшы, Көшемсай деген азамат соғысы болған жер бар. Кезінде Көшем деген байдан осы жерге сырттан көшіп келгендер жерін тартып алған. Содан Көшемсай аталып кеткен, — дейді Жансүгір Төлеубаев.

Тарихқа сүйенсек, мыс мекеннің тарихы 1961 жылы геологиялық экспедиция Орта Ор өлкесінің батысында, Тастыбұлақтың маңында ірі мыс кенішін тапқан кезден басталады. Кеңес билігі тұсында табылған кен орнын игеруге тиісті қаражат табылмай, бұл жұмыс ұзақ уақытқа тоқтап қалыпты. Мыс қоры мол кенішті игеру Тәуелсіз Қазақстанның үлесіне тиіп, 2006 жылы бұл жерде «Ақтөбе мыс компаниясы» кен-байыту комбинаты құрылды. Оны Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі келіп, іске қосты. Үш жылдан соң екінші комбинат ашылды. Қазір бұл жерде 500-ден астам адам еңбек етіп жүр.

Одан әрі тарих пәнінің мұғалімі Жансүгір Төлеубаев өңірдің аңыз-әңгімелерге толы екенін айтып, бір-екеуін әңгімелеп берді.

— Ауыл маңында жазық далада екі тас мүсін бар, — деді бізге мектеп музейіндегі суретті көрсетіп. — Соған қатысты ел арасында мынадай аңыз бар. Бұл екі тас мүсінді халық Сымтас немесе ғашықтар тасы деп атайды. Ертеректе бір байдың көркіне ақылы сай қызы болыпты. Қыздың сұлулығын естіп, жан-жақтан сері жігіттер келеді. Алайда, қыз олардың біріне де мойын бұрмапты. Сөйтіп, бір күні қыз жылқышы жігітті кездестіріпті. Қыз бен жігіт екеуі бір көргеннен бір-біріне ғашық боп қалады. Содан кездесіп жүріпті. Екеуінің кездесіп жүргенін біреулер қыздың әкесіне жеткізеді. «Жылқышы жігітке қызымды бермеймін» деген бай қызын басқа жігітке атастырып қояды. Қыз қанша қарсылығын білдіргенімен, әкесі алған бетінен қайтпайды. Сөйтіп, сұлу жігітіне болған жайтты айтып береді. Байдың шешімімен келіспеген жігіт қызға: «Сені алып қашамын, маған ересің бе?» дейді. Сөйтіп, уәделескен екеу таң ата қашпақшы болады. Таң бозарып атқанда жолға шығады. Қос ғашықтың қашып кеткені туралы хабар әкеге жетеді. Ызаланған әке жігіттерін ертіп, екеуін іздеуге шығады. Бұл кезде қыз бен жігіт бір төбенің басында демалып отырады. Сол жерге жетіп барған әкесі қызын алып кеткісі келіп, қолынан сүйрей бастайды. Байдың бұл қылығына шыдамаған жылқышы жігіт бір жігіттің қолынан қамшыны жұлып алып, қарсылық білдіреді. Осы кезде қамшы сілтеген жігіттен қаймыққан әке ауылына бос қайтады. Содан қыздың шешесі күнбатысқа қарап, әкеге еріп келмеген қызына теріс бата беріпті. Айлар, жылдар өте келе, ғашықтардан хабар болмапты. Ал ел арасында ананың дұғасы қабыл болып, ғашықтар тасқа айналып, сол жерде қатып қалыпты деген аңыз бар. Содан халық бұл екі тасты «Сымтас», кейде «Ғашықтар тасы» деп атап кеткен, — дейді Жансүгір Төлеубаев. 

Ор өзенінің бойында тау дейтіндей тау емес, үлкен жартас бар, оны жергілікті халық «Келіншектау» дейді екен. Мұны да осы мектеп музейін аралап жүргенде естідік. Аңызға сүйенетін болсақ, осы маңда ертеректе өте ауқатты кісі өмір сүріпті. Ол бір күні ай десе, аузы бар сұлуға үйленіп, отыз күн ойын, қырық күн тойын өткізеді. Бір күні көрші-көлем жаңа түскен келіншектің қолынан шай ішкісі келеді. Соны сезген келіншек шелегін алып, Ор өзеніне бет алады. Еркелей ағып жататын Ор өзенінің сылдыры мен мөлдірлігі тамсантпай қойсын ба? Ғажап суретті тамашалап тұрған келіншек шелегін суға сала бергенде, өзен түбінен үлкен жайын шыға келіп, келіншекті құйрығымен қағып түсіріп, жеп қойған деседі. Сол сәттен бастап бұл жерді «Келіншектау» деп атап кеткен екен.

Айнұр ЖАЛМАҒАНБЕТОВА,

Хромтау ауданы.

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button