Ауыл

Шынардың көрпесіне Түркиядан тапсырыс түсті

«Ауыл кәсіпкерлігі» бағдарламасы аясында 1,3 миллион теңге несие алып, шағын шеберхана ашқан Шынар Дәулетова Түркия елінен тапсырыс алды.

Шынар — Қарағаш селолық округінің орталығы Самбай ауылының тұрғыны.

Өз шеберханасын ол бауыры Айнұрмен бірігіп ашып отыр. Апалы-сіңлілі тігіншілердің ата-аналары да — ауылға танылған шебер жандар, анасы құрақ құрап, көрпе тігіп, қыздарын жастайынан осы іске баулыса, әкесі ұста, ағаш шебері ретінде танылған. «Ана көрген тон пішер» дегендей, анасынан үйренген кәсіпті Шынар енді қызына үйретпек, оны да шеберханаға тігінші етіп алуды көздеп жүр. Бұл үшін арнайы курсқа жіберіп, оқытып та алған.

Мемлекеттен берілген несиеге ол жаңа тігін машиналарын сатып алды. Бұрынғыдай көне машина емес, жаңа техникамен жұмыс істейтініне ерекше қуанышты. Біз барғанда, үйінің бір бөлмесінде машинамен құрақ көрпелер тігіп отыр екен.

Қазақы оюлармен құлпыртып, жайнатып қойған көрпелерге қарап, бірден қыз жасауы болар деген ойға келдік.

— Иә, көбіне қыз жасауына —  құрақ көрпелер, жастықтыс, төсек жаймаларына тапсырыстар түседі. Қызыл-жасыл оюлы көрпелердің бірін бір танысымыз Түркияға ала кеткен екен. Ол жақтағылар қатты қызығыпты. Сөйтіп, енді Түркия елінен де оюлы көрпеге тапсырыс түсіп отыр, — дейді тігінші.

Олар тек ауылдастарынан ғана емес, облыс, аудан орталықтарынан да тапсырыстар алады. Әсіресе, Наурыз, Жаңа жыл мерекелері кезінде ұлттық киімдерге, шыршаға арналған костюмдерге тапсырыс көп болады. Сондай-ақ, Шынар мен Айнұр мектеп формаларын тігуге де әзір.

Олар өз істерін одан әрі дамыта түскілері келеді. Үлкендерге арнап ұлттық киімдер, әйелдер сөмкелерін тігіп көруді жоспарлайды. Самбайлық шеберлер тіккен оюлы сөмкелер биылғы жазда аудан орталығында өткен кәсіпкер әйелдердің облыстық форумы қатысушыларына кәдесый ретінде таратылыпты.

 И. ЖАЙМАҒАМБЕТОВА,

Алға ауданы.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button