Ауыл

Құс өсіруші

Есет батыр ауылының тұрғыны Таңат Қонысбаев тоғыз түрлі құс өсіріп отыр.

 Таңат біздің жаққа Атырау өңірінен көшіп келіпті. Ұзын Тамды мен Шолақ Тамды өзендерінің тоғысар жерінде отырған ауылды шаруаға жайлы қоныс ретінде таңдады. Сатып алған үйі де нақ өзен жағасында орналасқан. Ал қандай шаруамен айналысу керек дегенде, көп ойланбай, құс өсіруге кірісіпті. «Бұл істен бұрыннан да тәжірибем бар еді», — деді бізге.

Бүгінгі күні Таңат 2 мың құс бағып отыр. Ауылдағы барша аулада кездесетін қаз, тауық, үйректен бөлек, Ресейден әкелінген күркетауық балапандары, сондай-ақ, тауықтың бізде сирек кездесетін цесарка, брама аталатын түрлері, бөдене, кептер, тағы басқасы бар, бір сөзбен айтқанда, оның ауласы құстар бағы секілді. Тіпті бірнеше тауыс құстары да бар.

— Цесарка тауығының еті өте бағалы диеталық ет саналады. Оның құрамында май мен су, кәдімгі тауық етінен гөрі, әлдеқайда аз болады. Ал жұмыртқасы А витаминіне өте бай, сондай-ақ ұзақ сақталатындығымен құнды, — дейді Таңат.

Ол балапандарды күзге дейін өсіріп, сосын ет ретінде өткізеді. Осынша құсты жолдасы, іні-келінімен бірге, яғни төрт адам бағады. Болашақта құстар санын көбейтіп, төрт мыңға дейін жеткізгісі келеді.

— Ет өндірісінен бөлек, жұмыртқа сатуға, сонымен бірге балапандар шығарып сатумен айналысуға да болар еді. Бірақ инкубаторлар алу оңайға соқпайды, олар өте қымбат тұрады. Оның үстіне, бізге әлі бірнеше қора-жайлар да керек, — дейді Таңат.

Өз жоспарларын іске асыру мақсатында ол «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасы аясында несие алуды көздейді. Бүгінгі күні 3,5 миллион теңге несие алу үшін тапсырыс беріп отыр.

Таңаттың айтуынша, бұл қаржы инкубатор алуға жетпейді, тіпті өте аз. Алайда ауылдағы үйлер арзанға бағаланатындықтан, әзірге қанағат етуге тура келеді. Аздап та болса, алға жылжи беруді қалайды…

 И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА,

Алға ауданы.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button