АуылБасты жаңалықтар

«Туған жерім — нұрлы елім»: Ақтөбе қаласындағы Ойыл ауданының күндері

Ойылдың балы мен балығы

Сенбі күні «Табыс» коммуналдық базарында Ойыл ауданының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеде аудандағы 308 шаруа қожалығының 40-ы өз өнімдерін жұртшылыққа ұсынды.

Бұл күні жәрмеңкеге 6 тоннаға жуық ет өнімдері әкелінді. Сол сияқты 70 литр бал мен 250 келі балық, 55 келі құлпынай, 330 келі тары-талқан, 140 литр шұбат, құрт май мен сары май, ірімшік халыққа арзан бағамен сатылды. Ешкі сүті мен бөдене жұмыртқасы да саудаға шығарылды. Ойылдағы «Жұмырбай», «Спартак», «Жақып» шаруа қожалықтарының алқабында өсірілген қауын-қарбыз бен көкөніс өнімдерін алуға көпшілік кезекке тұрды.

Тары өсірумен аты шыққан Ойылда бүгінде суармалы тары өсіру ісі қолға алынып жатыр. Бұл іспен 4 шаруа қожалығы айналысады. Жәрмеңкеге осы шаруашылықтар 300 келіден астам тары-талқанды дайын күйінде әкелді. Бұл өнімдер арнайы қорапқа салынып, сыртына тауар белгісі жапсырылған. Биыл ауданда бірінші рет бау-бақша өнімдерін егу ісі қолға алынып, өнімдер жәрмеңкеге әкелінді. Жергілікті өнімдерді халыққа тиімді бағамен сатып жатырмыз, — дейді Ойыл ауданының әкімі Бұлбұл Күзембаева.

Жәрмеңкеде қой етінің келісі 800 теңгеден, сиыр еті — 1000 теңгеден, ал жылқы еті — 1300 теңгеден сатылды.

Ойылда омарта шаруашылығымен бір ғана кәсіпкерлік айналысады. Ол — «Ғалимарданбек» жеке кәсіпкерлігі. Бүгінде елу ара ұясын ұстап отырған кәсіпкердің болашақта жүзеге асыратын жоспарлары көп. Кәсіпкер Ойылдың балын осымен Ақтөбе қаласында ұйымдастырылған жәрмеңкеге екінші рет әкеліп отыр. Ауданда жергілікті балға сұраныс жоғары көрінеді.

Ара өсіріп, бал жинау ісін биыл сәуірден бастап қолға алдым. Бұл істі бастауыма қаладағы дәрігер туысым Мәжит Оспанов себепші болды. Ол кісі халыққа ара балымен, емдік шөптермен ем жүргізеді. Биыл сәуірде Сарыағаш қаласында ара өсірудің қыр-сырын меңгеріп, тәжірибе жинақтадым, сол үшін арнайы білім алдым. Негізгі жұмысымды Екпетал орман шаруашылығында жүргіземін. Өнім көлемін ұлғайту үшін гүл, күнбағыс, жоңышқа сынды өсімдіктердің түрін мол егу керек, — дейді кәсіпкер Ғалимарданбек Есенаманов.

Осы жылы кәсіпкер «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалы арқылы 4,5 миллион теңге несиеге қол жеткізіп, бұл қаражатқа бал жинайтын арнайы техника мен 1,5 миллион теңгеге 50 ара ұясын алыпты. Қостанай қаласында ара ұясының әрқайсысы 30 мың теңгеге бағаланған. Жәрмеңкеде Ғалимарданбек жинаған балдың литрі 2000 теңгеден сатылды.

Ал ойылдық азамат Жаңбыршы Байдуллин өзі өсіретін бөдененің жұмыртқасын жәрмеңкеге шығарды. Он дана бөдене жұмыртқасы 300 теңгеден сатылды. «Ф.Есқалиева» жеке кәсіпкерлігін құрған Ж.Байдуллиннің иелігінде қазір 40 бөдене бар. «Биыл наурызда Ақтөбе қаласынан балапан күйінде сатып алған бөденелерім 42 күннен соң жұмыртқалады. Қазір күніне 10-12 жұмыртқа туады. Бастапқыда өнімді отбасым үшін пайдаландым. Кейін артылғанын сата бастадым. Ауданда бөдене жұмыртқасына сұраныс бар. Алайда бөдененің жемін қаладан сатып алуға тура келеді. Бір қап жем — 4,5 мың теңге тұрады. Бұл құс тартылған, арнайы  дайындалған жемді сүйсініп жейді екен», — дейді Жаңбыршы ата.

Қайыңды ауылдық округінің әкімі Сүйіндік Өскінбаев жәрмеңкеге 3 жылқы әкеліп, малды қаладағы бордақылау алаңдарының бірінде сойғызыпты. «Мал семіз шықты. Еттің келісі — 1300 теңге. Жаңа сойылған етке сұраныс та жоғары болып тұр», — деді округ әкімі.

 

«Көкжар жәрмеңкесі» — Ақтөбеде!

Ойылдықтар облыстық зағиптар және нашар көретін азаматтардың арнаулы кітапханасында «Шын жүректен!» атты қайырымдылық акциясын ұйымдастырды. Ақтөбе қаласындағы Ойыл күндері аясында өткен шарада аудандық өнерпаздар зағип жандарға арнап концерттік бағдарлама ұсынды. Бұл күні аудан әкімдігі атынан қоғам мүшелеріне арнайы сый-сияпат ұсынылды. Қайырымдылық шарасы кезінде бұрынғы Ойыл өңірінің тұрғыны, еңбек ардагері Рахым Қарабалиев демеушілік танытып, зағиптар қоғамына 70 мың теңге көлемінде қаражат берді.

Аудан күндеріне арналған ауқымды мәдени шара — ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев атындағы орталық мәдениет және демалыс саябағында ұйымдастырылды. Мерекелік шарада аудан әкімі Бұлбұл Күзембаева ақтөбеліктерді ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойымен құттықтап, аудандық мәслихат шешімі негізінде ҚР Журналистер одағының мүшесі, жазушы Қарылға Керееваға Ойыл ауданының «Құрметті азаматы» төсбелгісі мен куәлікті салтанатты жағдайда табыстады.

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Тәуелсіздік — тұғырым!» атты мәдени шараны тамашалау үшін саябаққа қала тұрғындары мен қонақтар күндегіден көп жиналды. Әсіресе, Ойылдың он тоғызыншы ғасырдағы көрінісін бейнелеген «Ұлы Жібек жолында жаңғырған Көкжар жәрмеңкесі» театрландырылған көріністі көпшілік тағатсыздана күтті. Көкжар жәрмеңкесіне аудан атынан 300-ден астам өнерпаз қатысып, олар ағылшын, татар, өзбек, иран-парсы, орыс, сыған, үнді секілді сан түрлі ұлт саудагерлерінің бейнесін сомдады. Жәрмеңке өткен алаңда қазақы жасау-жабдығымен үш киіз үй тігіліп, көпшілік ұлттық тағамдардан дәм татты. Киіз үй жанына ұлттық тұрмыстық заттар қойылған, олардың қыр-сыры келгендерге, әсіресе балаларға таныстырылып, пайдалану әдісі түсіндіріліп  жатты.

«Ұлы Жібек жолының бойында, Көкжардың шалғын ойында, қасиетті Ойыл жерінде жәрмеңке басталды!» деп шақырған жаршылардың ізінше Қыдыр ата алаңға шығып, жиналған жұртқа бата берді. Бұдан әрі жәрмеңкенің салтанатын көш-керуен шеруі айшықтай түсті. Ат жеккен арбалы, тең артқан түйелі керуен, сал-серілердің, шетел жиһангерлерінің бейнелері жұртшылықты таң қалдырды.

Ойылдың Ш.Берсиев ауылында туып-өскен, ұзақ жылдар ауданның мәдениет саласында қызмет жасап, бүгінде зейнет демалысындағы Шекер Тауметова Ақтөбеде Ойыл ауданы күндері өтетінін естіп, Ақтаудан асығыс оралыпты:

— Осы тойда көптен көрмеген жерлестерімізді, ұстаздарымызды кезіктіріп, бір марқайып қалдым. Адам баласына осындай бейбітшілік заман, шат-шадыман шақтар мен думанды тойдан артық не керек?! Сонау жылдарда Ойылдың атын шығарған Ұлы Жібек жолы бойындағы Көкжар жәрмеңкесін ұйымдастыру — ойылдықтардың үрдісіне айналды. Мәдениет саласында қызмет еткен уақыттарда біз де осылай керуен шеруін ұйымдастырып, жәрмеңкеге шығатынбыз. Ұмытпасам, 2000 жыл болу керек, ауданымызда Көкжар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Сол кезде мен үнді азаматының рөлін сомдадым. Қасыма қыз баланы ертіп, оны  үндінің әйелі етіп киіндірдік. Тарихтан үнділердің Көкжар жәрмеңкесіне пілмен келгені белгілі. Ал біз жәрмеңкеде түйені пілдің орнына пайдаландық. Пілге орнатқандай, түйе үстіндегі күймені де үндінің салт-дәстүрімен безендіріп, әспеттеп, керуенге ілескеніміз әлі есімде. Керуен шеруін көргенде сол уақыттағы шақтар көз алдыма елестеді. Бұл жолы жәрмеңкеге ұлым өзбек саудагері болып шығады. «Өзбектер әншейін қарап өтпейді ғой, заттарын тыққылап, сатып өтеді. Сондықтан өзбектің осындай қимылын жасап өт» деп балама кеңес беріп келдім. Енді бір сіңілілерім жәрмеңкеде қазақтың қымыран қымызын сатып өтпек. Оларға да «керуен өткен шақта көпшілікке қымыз ұсынып, «қымыран қымыз алыңыздар, ішіңіздер!» деп насихаттап, айта біліңдер  деген ақыл-кеңесімді бердім. Жалпы Ойылдың қандай да бір мәдени іс-шарасы көшімен, керуенімен қызық болады ғой. Сол қызықты жерлестерімнің Ақтөбе жұртшылығына ұсынып жатқаны үшін қуаныштымын, — дейді Шекер апай.

Ойылдағы түрлі мәдени шараларда, әсіресе Көкжар жәрмеңкесі ұйымдастырылған шақта Бибігүл Шындаулетова керуен көшін бастайтын ананың рөлін сомдайды. Осымен бұл рөлді төртінші рет Ақтөбе қаласы төрінде сомдаған Көптоғай ауылдық модульдік кітапханасының кітапханашысы Б.Шындаулетова жәрмеңке кезінде талай түйені өзіне бағындырғанмен, бұл жолы «шатақ» түйеге тап болғанын айтып, ішкі қобалжуын да жасырмады. «Көш келеді, көш келеді!» деп түйенің баяу жүрісімен көшті бастап шығуым керек. Содан кейін керуендер легімен шетелдік жиһангерлер шығып, жәрмеңке алаңында қызу сауда жүргізеді. Бұрын көшті бастап шығатын түйелерім жуас болатын, бұл жолы түйем өзіме бағынар емес. Уайымдап тұрмын, — деген мәдениет саласында отыз жылдан бері еңбек етіп жүрген Б.Шындаулетованың жетектеген түйесі сахна сыртында біраз «өнер» көрсеткенмен, нақ жәрмеңке алаңында «сақалды қолдан бермеді». Қала іргесіндегі Құрашасай ауылынан әкелінген түйемен енді талай көшті бастауға болатындай-ақ. Әсіресе, керуен шеруі кезінде төрт түлікті тамашалаған қала балаларының қуанышында шек болмады. Саудагерлер жәрмеңкеге ешкіні мүйізінен жетектеп, сиыр алып шықты, қой-қошқарлар тағы бар. Жылқы саудасы өз алдына қызып жатты.

Осындай Көкжар жәрмеңкесінің ізі қалған Ойылдың қалалықтарға тартуы мұнымен аяқталмады, бұдан әрі жұртшылық аудан өнерпаздарының «Көкжар әуендері» атты концерттік бағдарламасын тамашалады. Кеште Артур Асанғалиев «Батырлар рухы» әнін орындаса, «Ақ әже» халықтық ансамблінің мүшелері «Туған жер» әнін шырқады, би падишасы Нұрсұлу Тапалованың елінен келген Гүлжан Сағынова «Ойыл толқыны» биімен сахна төріне шықты.

 

Осы заманға лайықталған ұлттық бұйымдар

Ойылдықтар ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығында саябаққа 25 метрлік дастархан жайып, халыққа ұлттық тағамдарды тегін ұсынды. Мәдени шараны тамашалауға келгендер Ойылдың бидай көжесі мен құрт, майынан,  бауырсақ, қымызынан, асылған еті мен ашытылған шұбатынан, ірімшігінен дәм татты. Ұлттық тағамдар дастарханын жаю міндеті — аудандағы барлық мекемеге жүктеліпті.

Бұл күні саябақ алаңында ұлттық қолөнер бұйымдарының көрмесі де ұйымдастырылды. Қолөнер шебері Гүлнұр Асқарова өзінің Ойыл өңірінің перзенті екенін, туған жерден ата-анасы Орынбай Асқаров пен Лида Сахариеваның 1972 жылы Ақтөбеге қоныс аударғанын айтады. Жерлестерін қолдау мақсатында көрмеге қатысқан Гүлнұр қолөнермен он жылдан бері айналысады. Ата кәсіпті анасынан меңгерген ол көрмеге 100-ге тарта өнім түрін шығарды. Оның арасында заманауи үлгіге лайықталып тігілген сырмақтар мен төсеніштер, ұялы телефон салатын оюлы қалташалар да бар. «Бұл шараға анам қатты келгісі келді, жасы ұлғайғасын, оның үстіне ыстықтан үйден шыға алмады. Берсиев ауылында ұзақ жыл шәкірт тәрбиелеген анамнан қолөнердің қыр-сырын үйрендім. Әсіресе, сырмақтың, төсеніштің жиегіне алақұрт тігісін жүргізу — өте күрделі іс. Көрмеге оюлардың шеттері алақұрт тігісімен жиектеліп, көмкерілген сырмақты ала келдім», — дейді шебер.

Ауданда ұлттық киімдер тігумен айналысатын Қалиевтер отбасы өз өнімдерін көрмеге шығарды. Саралжын елдімекенінің тұрғыны Жанат Қожантаеваның, шебер Меруерт Жүсіпованың тіккен бұйымдарын көпшілік қызыға қарады.

Бұл күні ойылдықтардың ұйымдастыруымен спорттық шаралар да өтті. Қол күресі, қошқар көтеру, асық ату, арқан тартысы секілді ұлттық спорт ойын түрлеріне ақтөбеліктер белсенді қатысты.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button