Басты жаңалықтарМәселе

Қырылған киіктің орны тола ма?

Табиғат

Аумақ көлемі — 1 млн 60 мың гектар

Біз Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерватында бұған дейін де бір-екі мәрте болған едік. Резерват мекемесі қызметкерлерімен бірге табиғат аясына шығып, аралап көргеніміз де бар. Әйтседе, ол тек бер жағы ғана, бұл аймақпен жете танысу үшін көп уақыт керек. 2007 жылы құрылған бұл аталған мемлекеттік табиғи резерваттың жалпы жер көлемі 763 549 гектарды құрайды. Бұған 1967 жылы құрылған Торғай мемлекеттік табиғи зоологиялық қаумалының 296 мың гектар жерін қоссақ, резерват құзырындағы аумақ 1 млн. 60 мың гектарға жуықтайды. Осынша көлемдегі жер ерекше қорғалатын табиғи аумаққа жатады. Қазақстандағы жер көлемі жағынан ең ауқымды, ерекше қорғалатын бұл табиғи аумақ оңтүстігінде Қызылорда, шығысында Қарағанды, солтүстігінде Қостанай облыстарының жерімен шектеседі.

Бұл резерваттың құрылу себептері, оның алдына қойылған міндеттері бізге бұрыннан белгілі. Басты міндеті — осы өңірдегі ақбөкендерді қорғап, көбейту және далалық экожүйедегі биологиялық алуан түрлілікті сақтау.

Сондықтан жақында осы ауданда іссапарда болған кезде, резерватқа соғып, жеріміздің осы бір ерекше байлығы — ақбөкендерді қорғап, өсірудің жайымен танысуды мақсат еттік. Бізді Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерваты мекемесі директорының міндетін атқарушы Аман Алтынбаев пен осы мекеменің аға ғылыми қызметкері Баян Әбдінәбиқызы құшақ жая қарсы алды. Резерват мемлекеттік мекемесінің көрнекті жерлерін, мұражай, мұрағаттарын аралатып көрсетіп, ұланғайыр даламыздың сәні — киіктерді қорғап, өсіруге қатысты атқарылып жатқан жұмыстармен де таныстырды.

Ежелгі тіршілік иесі киіктердің қазіргі кезде тағы да мүшкіл халге түскенін басшының бір ауыз сөзінен аңғардық. Осы өңірде өсіп-өніп жатқан киіктің нақты саны туралы сауалымызға:

— Биылғы әуе санағы бойынша біздің жердегі киіктің саны — 36 мың. Өздеріңіз білесіздер, өткен жылы көп киік қырылды. Ол ақпарат құралдарында жарияланды.  Егер олай болмағанда, киіктің саны қазір 500 мыңнан шығатын еді. Болған іс болды, ендігі біздің мақсат — осы қалған киікті аман-сау өсіру. Әйтеуір, одан кейін, шүкір, індет, ауру жоқ. Ендігі жерде тек қаскөйлікке (брокеньерлікке) тосқауыл қойып, орынсыз шығындарға жол бермеуіміз керек.  Өткен жылы осындай жөнсіз киік аулап жүрген 8 машинаны ұстадық. Оның ең ірісі — 51 киікті атып алған жерінде қолға түсті. Олар Қызылорда облысының азаматтары болып шықты.  Мұндай шетел көліктерін мініп, мұздай  қаруланған жосықсыз аң аулаушыларды ұстау да оңай емес. Біздің инспекторларымыздың астында «УАЗ» көлігі, шетелдік джиптерден шабандау. Алайда біздің инспекторлар бұрыннан келе жатқан тәжірибелі әрі жер ыңғайын жақсы білгендіктен, оларды құтқармайды, — деді Аман Алтынбаев.

 

Күдік пен сенім

Өткен жылы Бетпақдалада әлі де дәлдікті қажет ететін, қанша жүз мың екені белгісіз, аса көп киіктің қырылғаны табиғат жанашырларын  қатты түршіктірді. Киіктің санының сонша кемігені жанға батып, кімді де болса оның орны қалай толады деген ой мазалағаны және рас. Бірақ резерват мекемесінің басшысы біздің күдігімізді сейілтіп, бір сәт сенім ұялатқандай болды.

— Мен осы салада 2004 жылдан келе жатқан жігітпін. Сол кездерде киіктің саны осындай өте аз болды. Өйткені, 1989 жылы да киіктер тап өткен жылғыдай себепсіз қырылған болатын. Кейін осы резерват құрылып, киіктің өсуіне қолайлы жағдай жасалды. Бұрын ашық-шашық жатқан жерлер қоршалды. Сол қорғалған жерлерде киіктер еркін лақтап көбейіп, тез өсті. Резерват ашылған 2007 жылы Бетпақдала популяциясындағы киік саны бар болғаны 22,8 мың бас болса, 2014 жылы 316 мың басқа жеткен еді, — дейді Аман Алтынбаев.

Бұл әңгімесі арқылы маман киіктің аз жылда тез өсіп-өнетінін меңзейді. Осы мекеменің ғылыми қызметкері Баян Әбдінәбиқызының әңгімесі де осыған саяды. Ол Ырғыз-Торғай даласын мекен қылған киіктер Бетпақдала популяциясына жататын, шекара аспайтын нағыз қазақстандық түр екенін айтады. Киіктер ерекше қорғалатын табиғи аймақтан жылдың төрт мезгілінде ұзамайды. Осы жерде күйекке түсіп, төлдейді, құралайын өргізеді. Ауа райына байланысты қыста оңтүстіктегі Қарақұмға (Қызылорда облысы) солтүстік батысқа (Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы) жайлым ауыстырып отырады.

— Міндетті түрде көктемде біздің осы аумаққа келіп төлдейді. Көбіне Қостерек, Сұңқарқияға, олардан да төменірек жаққа қарай келіп, лағын өргізеді. Биыл Ырғыздың Шалқар теңізін мекендеді. Себебі, масадан қашып, сорға қарай ығысты. Осы көктемде маса ерекше болды, даланы буып тұрды, — дейді ғылыми қызметкер.

Масадан аулақ жерде туған киіктер, ертеңгілік лақтарын сол жерге қалдырып, өздері басқа бағытқа, өріске кетеді екен. Жайылып, бір жерге тұрақтамай,  кешке ғана лақтарына оралып отырады және әрқайсысы өз лағын тауып емізеді. Осындай қасиеттерін байқаған ғылыми қызметкер бұлар өзге лақты бауырына ала бермейтінін өткен жылы киіктер қырылған кезде аңғарған.

Ғалымдардың зерттеуінше, киіктердің төлдеу мерізімі мамыр айының 10-20 аралығында жүреді. Жаңа туған кезде лақтарының дене тұрқы 62 см, салмағы-3,5 кг.шамасында болады.Туғаннан кейін 10-15 күнде отығып, лақтың азығының тең жартысы шөп болады екен.

 

Киіктің соры — қаскөйлер

«Түлкінің қызыл болғаны өзіне сор» дегендей, ақбөкеннің қаскөйлерді өзіне шақырып тұратын тұстары жетерлік. Жеңсік ас, мүйізі дәрі, тұяғына дейін кәдеге жарайды. Киіктің мүйізінің бәсі қара базарларда жоғары. Содан да қолдан қолға тимейді. Қаскөйлерді дала кездіріп, киік атуға итермелейтін де осы.

Киіктің етінің жеңсік, мүйізінің дәрі болатыны, ғылыми қызметкер Баян қызымыз айтқандай, киік 80-нен астам өсімдіктің түрімен қоректенеді.Әсіресе, шөптің кәдімгі жантақ, адыраспан, жалаңаш қызыл мия, шалфей шөп, түйесіңір, жусан сынды дәрілік түрімен бірге, сексеуілдің, көкталдың жапырағын сүйіп жейді. Ал біз әңгімелеп отырған резерват аумағында киікке жұғымды қоректің бәрі бар. Тек осы жерде өсімдіктің 404 түрі өседі. Жыл мезгіліне қарай киіктер қоректенетін шөбін де өзгертіп отыратын көрінеді.

Киіктерді қорғаудың шаралары біздің елімізде осыдан бес-алты жыл бұрын заңмен қарастырылды. Бірақ шынын айтсақ, мұны көпшілік біле бермейді.

Мысалы, киік Халықаралық табиғат қорғау одағының ұйғарымымен «CR» категориясы бойынша қызыл кітапқа енген. ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің 2010 жылғы 10 қарашадағы №704 бұйрығымен еліміздің аумағында киіктерді (ғылыми мақсаттарда пайдалануды қоспағанда) 2020 жылдың 31 тоқсанына дейін аулауға тыйым салынған.

Бұл не деген сөз? Бұл — біздің жерімізде өсіп-өніп жатқан киіктер халықаралық ұйымдардың бақылауында деген сөз.

Өткен жылғы біздің жерімізде киіктердің жаппай қырылуы — халықаралық табиғат қорғау ұйымдарында қатты алаңдатты.

 

Лақтарды шетелдіктер сырғалады

Биыл көктемде киіктер лағын өргізетін кезде, ерекше қорғалатын табиғат аймағына, Ұлыбританияның белгілі профессоры бастаған халықаралық ғалымдар келген. Құрамында 8-9 адам бар осы комиссия, аймақ басында бір апта қос тігіп жатып, ақбөкендердің қазіргі жай-күйін зерттеген. Олардың өрісін, таралу бағытын картаға түсірген. Лақтарына сырғалау жұмысын жүргізген. Әуеге бейне түсірім ұшырып, киіктердің есебін анықтаған.

— Киіктердің санын жобалағанда шет елдік ғалымдар кәдімгідей қуанды. Сірә, өткен жылғы киіктердің қырылғанын білетін ғалымдар, біздегі жағдай мұнан да нашар деп есептеп келген болу керек, — дейді резерват мекемесі директорының міндетін атқарушы Аман Алтынбаев.

Оның айтуынша, еліміз бойынша ең көп киік Бетпақдала жазығында өреді. Ал олардың өткен жылы жаппай қырғынға ұшырауы — еліміздегі ақбөкендердің санын ойдай ойсыратып кемітіп кетті. Еліміздің өзге жеріндегі киіктердің саны өте аз. Үстіртте — 4,9 мың, Оралда — 31,3 мың  киік бар деп есептеледі. Сондықтан үміт әлі де Бетпақдала жазығындағы киіктерде. Ал оны Ырғызда көбейтуге барлық мүмкіндік бар. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан кешегі тоқсаныншы жылдарға дейін бұл маңайда киіктің сонша көп болып, кәсіптік жолмен ауланғанын білеміз. Ырғыздың орталығынан киік етін сойып, өңдейтін арнайы үлкен ет комбинаты салынды. Киік еті Ақтөбе облысының әр ауданының, тіпті алыс ауылдарының дүкендерінде еркін тұрды.

Бетпақдалада 1989 жылы киіктердің жаппай қырылуы, одан соң ұзақ жылдар бойы  қаскөйлерге жөн-жосықсыз аулауға жол берілуі бұл кәсіпшіліктің жабылуына соқтырды. Кәсіпшілік түгілі, Қазақстанда ғасырлар бойы өсіп-өніп келген ақбөкендер құрып кетудің аз-ақ алдында тұрды. Содан қорғауға алынып, енді көбейе бастағанда, өткен жылғы жағдайға ұшырады.

 

67 инспектор және біз

Киіктің санын арттырудың бірден-бір жолы — оны  қорғауды күшейту, осы бағыттағы белгіленген шараларды мүлтіксіз орындау екенін бәріміз білеміз. Қазіргі кезде киікті аулауға заңмен тыйым салынғанын да айттық. Бұған қосымша, өзге де белгіленген шаралар бар. Мысалы, ерекше қорғалған табиғи аймаққа  рұқсатсыз кіргендерге заң тәртібімен ескерту беріледі немесе айлық есептік көрсеткіштің екіге дейінгі мөлшерінде айыппұл салынады.

Сондай-ақ қаскөйге (браконьерге) әрбір атып алынған киіктің текесі үшін 200 айлық есептік көрсеткіш (424200 теңге ), ұрғашы киік пен төлі үшін 150 айлық есептік көрсеткіш (318 150 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Өкінішке қарай, оларды бұл аталған шаралар да тізгіндей алмайды екен. Тек қатаң қылмыстық жазаға тартумен ғана тосқауыл қоюға болады.

Әлемде табиғаттың падишасы саналатын ақбөкендер өсетін жерлер санаулы. Сол санаулының алдыңғы қатарында біздің еліміз тұр. Бұл үлкен жауапкершілік, ертеңгі  болашақ ұрпақтарымыздың алдындағы зор міндет. Осы міндетті Ырғыздағы резерват қызметкерлері, оның 67 инспекторы күні-түні табиғат ортасында жүріп атқарып жатыр. Уыз табиғатты жұтатпай, аң-құсты, оның ішінде дала сәні — ақбөкендерді қорғап, ертеңге ұрпаққа ұластыру, тек резерваттың ғана емес, біздің қоғамымыздың әрбір мүшесінің де парызы.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Ырғыз ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button