Табиғат аясындағы демалыс

Ақтөбе қаласындағы Қазақ саңыраулар қоғамы мәдениет үйі ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Халықаралық жастар күніне орай есту қабілеті шектеулі жастарға арнап, «Жастық әлемі» атты демалыс саяхатын ұйымдастырды.
Жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастырып, олардың қоғамның өзге мүшелерімен қарым-қатынас жасауға септігін тигізіп, өмірге деген ынтасын арттыру, бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында өткізілген шара есту мүмкіндіктері шектеулі жандардың ынтымағы мен ұйымшылдығын көрсетті.
Табиғат аясына шыққан жастардың бір тобы орналасуды реттесе, екінші бір тобы оттың, ал үшінші бір тобы астың қамына білек сыбана кірісті. Түрлі спорттық ойындар (футбол, волейбол, т.б) ойнап, күш сынасып, озып шыққан топ шағын сыйлықтармен марапатталды.
Жаздың әдемі бір күнінде ашық аспан аясында өткен демалыс жастар арасындағы ауызбіршілікті нығайтып, тағылымы терең естелік қалдырды. Бір сөзбен айтқанда, демалыс өте әсерлі болды.
С.БАЙТҰРОВА,
әдіскер.
Ақтөбе қаласы.



