Малдың жұқпалы ауруы қайдан шығады?
Айтпады деп жүрмесін
Арнаулы орта білімді зоотехник маман ретінде мал шаруашылығында бірсыпыра жыл жұмыс істеген адаммын. Сондықтан өз тәжірибеммен бөлісіп, еліміздің жекелеген аймақтарынан байқалған малдың жұқпалы аурулары туралы әңгімеге араласуды азаматтық борышым деп санаймын. Білгенімізді айтқанның зияны болмас.
Фермада зоотехник болып жұмыс істеп жүрген кездерімде малдың жұқпалы аурулары — түйнеме, аусыл, қарасан, жамандату ауруларына қарсы төрт түлік малға екпе жұмыстарын жүргізгенде басы-қасында жүрдім. Оған қоса оба ауруларына қарсы әрекет ететін Шалқардағы станцияда курстан өтіп, осы саланың В.Гарбузова, Л. Чан-Ван-Чун тәрізді ірі мамандарының тыңдаушысы болғаным бар. Бұл ғалым-дәрігерлер кезінде аталған ауданда жұмыс істеп еді.
Адамзаттың өміріне аса үлкен қауіп тудыратын бұл жұқпалы аурулардың қоздырушысы сүзгіленуші қоздырушы деп аталады. Оның ұсақтығы және өткірлігі сондай, фарфор ыдыстың бір бетіне жұқса, екінші бетіне өте шығады. Оны мамандар бірнеше миллион есе үлкейтіп көрсететін микроскоптар арқылы бүргеден, кенеден анықтайды.
Менің бұл жолдарды жазуыма себепші болып отырған жайт — анада Қарағанды облысының, таяуда Павлодар облысының аудандарынан сойылған малдан сібір жарасы (халық «күйдіргі» деп те атайды) жұғып екі адам қаза тапқан. Осы жағдайды хабарлаған орталық телеарналардың бірі — «бұл сырқат ауру малды сойғанда адам денесінде кесік және тағы да басқа жарақаттар болса жұғады» деп мәлімдеді. Бұлай деу — бұл сырқатты жете білмей айту. Сібір жарасының қоздырғыштары денеде ешқандай кесік немесе басқа да жарақаттар болмай-ақ та, денеге тисе болды, теріден өтіп ауру тудыра береді. Және есте болатын жағдай — аталған жұқпалы аурулардың қоздырғыштары бір кездері сондай аурулар шыққан жердің топырағында жата береді, жойылмайды.
Ел ішінде сырқат малды бірден аңдайтын тәжірибелі мамандар, көзі қарақты шаруа адамдар табылады. Мысалы, аталған жұқпалы ауруға не індетке ұшыраған малды бауыздағанда, қаны сау малдікіндей ұйымайды. Осыған қарап-ақ қарапайым адамдардың ауру малды айыруына болады.
Мұндай аурумен ауырған малдың етін де, терісін де өртеуден басқа амал жоқ. Ауру малдың етін қалың резина қолғап киіп ұстау керек.
Сібір жарасымен ауырған малдың етінен сырқат адамға жұғады. Бұл дер кезінде жедел түрде ем алмаса, кісі өліміне соқтыратын өте қауіпті ауру. Егер аталған мал ауруын жұқтырған адам екі тәулік ішінде дәрігерге көрініп, сырқаты анықталса, медициналық көмек көрсетіп, аман алып қалуға болады.
Малға мұндай ауру қайдан жұғады?
Жалпы жұқпалы аурулар көп жағдайда кене, бүрге сияқты қансорғыш жәндіктер арқылы жұғады. Аң, тышқан, басқа да жәндіктерден қан сору арқылы қоректенетін кене, бүрге, олармен бірге өмір сүру дағдысымен күн көреді. Осыдан ауру жұқтырып өлген мал, аң, тышқан өледі де, қаны суығасын бүрге, кене тастап шығады. Себебі оларға 37-38 градус жылы қан қажет. Сондай сырқат ошағынан тараған кене, бүрге малға немесе аңға қайтадан жармасып шағып, екпе жасау арқылы ауру жұқтырады.
Сондықтан бірінші кезектегі жұмыс — осы жәндіктерді залалсыздандыру болуға тиіс. Шынын айтсақ, бірсыпыра жылдардан бері алыстағы елді мекендер бұл жұмыстарды жүргізуді ұмытты. Кез келген уақытта шыға келуі мүмкін жұқпалы аурулар туралы қазір көпшілік адамдар біле бермейді, сақтанбайды. Ет өнімдерін де арнаулы орындардан алмай, жекелеген шарбақтарда, далалықтарда тікелей сойылған малдардан, жіліктеспелерден саудалап жатады. Мұндай арнаулы зертханалардан өтпеген, мал дәрігерінің бақылауынан тыс малдардың етін алу әр кез адам өміріне қауіпті. Осы жайларды халыққа жеткізіп түсіндіріп жатқан мал мамандарын да көп көрмейміз. Тіпті осы саланың білікті ғалымдарының мақалалары да басылымдарда жариялана бермейді. Жұқпалы аурулардың алдын алу, сақтану үшін мұндай жұмыстар көпшілік арасында ұдайы жүргізілу керек.
Қазір негізінен мал жекенің, шаруа қожалықтарының қолында. Жалпы алғанда малдың саны аз емес, бірақ ірі құрылымдарға бірікпеген, бөлшектеніп отыр. Сол себепті олардың әрқайсында мал маманын ұстау ұсақ шаруашылық үшін тиімді емес. Көпшілік шаруа қожалықтарының басшылары мал маманы емес. Осындай қалыптасқан жағдайлар малдың саулығын тұрақты бақылап отыруға қиындық келтіріп отыр. Рас, мал дәрігері әр округте бар, бірақ олар сонша малды бақылауда ұстап, уақытылы қызмет көрсете алмайды. Мәселен, өзім жұқпалы ауруларға қарсы ауылдарда ветеринарлық қызметтің жүйелі түрде, толық қамтып жұмыс істейтініне күмәнмен қараймын.
Барлық жұқпалы аурулардың белгілі бір жерде ошақтары болады. Ондай жерлерде жайылатын малдарға міндетті түде вакцинациялық екпелер жыл сайын жасалуы тиіс. Әрине, бұл жұмыстар барлық жерде атқарылып жатыр деп есептеледі. Сібір жарасы анықталған Қарағанды, Павлодар облыстарының мамандары да бұл жұмыстарды өткіздік деп ақталуда. Тіпті аурудың шығуы — вакцинаның жарамсыздығынан, не екпе жасалған малдың күйсіздігінен болуы мүмкін деген де болжамдар айтылуда. Бірақ біз ұзақ жылғы тәжірибемізге сүйеніп, бұлай болуы мүмкін емес дейміз.
Біздің ойымызша, шаруашылықтар кооперативтерге біріктіріліп ірілендіріліп, оларда веттехник, зотехник болу керек. Әр шаруашылықтың өз мал дәрігері болуы қажет. Сонда ғана малдың жұқпалы ауруларынан сақтануға болады. Бұл жерде малдың саулығы — адамның саулығы, халықтың амандығы, ұлт қауіпсіздігі екенін естен шығармауымыз керек. Мемлекеттік маңызы бар осы мәселе бойынша бұрын қабылданған заңға осындай шараларды тікелей міндеттейтін өзгерістер мен толықтырулар енгізсе де артық болмас еді.
Бұрын мал дәрігерлерінің жарғысы, ережесі болды, оны бұзған мал маманы қылмысқа тартылатын. Қазір ондай жауапкершілік бар ма, жоқ па, білмеймін?
Малдың жұқпалы ауруларының қоздырғышы шекара дегенді білмейді. Оны жедел ауыздықтамаса, тез таралады. Шет елдердің тәжірибесінде бір сиыр аусылмен ауырса, мыңдаған сиырды қырып өртейді, көзін жояды. Біз де мал ауруларына озық елдердегідей серегектікпен, сақтықпен қарауымыз қажет.
Сәдуақас МАЛАЙДАРОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Ақтөбе қаласы.




Өте қажетті мақала, Күйдіргі ауруының кең таралуы – коррупция, егіге бөлінген дәрілер сатылып кеткен.