Шаруалар шегірткеден зардап шекпейді

Былтырғы жылмен салыстырғанда биыл аймақта үйірлі шегірткенің, яғни итальяндық прустың 45,5 пайызға азаюы байқалады. Мұны мамандар биыл облыс бойынша үйірлі шегірткеге қарсы химиялық улау жүргізілуге тиіс жоспарланған 277100 гектар алқаптың 230 мың гектарының ғана өңделгенімен түсіндірді. Бүгінгі күні облыстың белгіленген аумақтарына шегіртке уы шашылып, жұмыстар толығымен аяқталыпты. Бұл іске жауапты мамандар шаруалардың шегіртке шабуылына алаңдауына ешқандай негіз жоқ екенін нық сеніммен айтып отыр.
Шегірткенің шырылы азайды
«ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Ақтөбе облыстық аумақтық инспекциясы» мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары Ерлан Орынбаевтың айтуынша, аймақтың егіс алқаптарында шегірткеге қарсы химиялық улау жұмыстары 15 шілдеде аяқталған. «Биыл облыс бойынша үйірлі шегірткелер, оның ішінде итальяндық прусқа қарсы 277100 гектар жерге химиялық улау жұмыстары жоспарланған болатын. Оның 199400 гектарын жермен, яғни аэрозолді генератормен, ал қалған алқапты әуе тәсілімен өңдеу көзделді. Алайда, жоспарланған жердің нақты өңделгені — 230 мың гектар. Бұл жерде «неге» деген сұрақ туындауы мүмкін. Себебі, облыс аумағында шегірткенің жыл сайын азаюы байқалады», — деді Е.Орынбаев.
Өңірде шегіртке жұмыртқа салған аумақтарды химиялық тәсілмен улау үшін Астана қаласында тендер өткізіліп, нәтижесінде төрт компания жеңімпаз атаныпты. Биыл да шегірткеге қарсы улау жұмыстарына АН-2 ұшақтары мен жеңіл авиация, сондай-ақ «КамАЗ», «Урал» автокөліктеріне орнатылған аэрозолді генераторлар тартылған.
Биыл аймақта үйірлі шегірткенің жер бетіне шығу дерегі 20 мамырда тіркелгенмен, химиялық улау жұмыстары 1 маусымнан басталды. Итальяндық прус өңірдің оңтүстік аудандары — Ойыл, Шалқар, Байғанинде бірінші болып тіркелген.
— Кейбіреулер «шегіртке байқалған аумақтарға химиялық улау жұмыстарын неліктен он күн кешіктіріп жүргізесіңдер» деп түсінбестік танытып жатады. Бұл жерде біз улау жұмыстарын жүргізудегі ережені қатаң ескеруіміз керек. Яғни, у шашу жұмыстары шегірткенің екінші жасында жүргізіледі. Себебі, шегіртке жер бетіне бір күнде шықпайды әрі оның бірінші жасында улау жұмыстары жүргізілмейді. Олар жер бетіне толығымен он күнде шығып болады. Егер шегіртке анықталған аумаққа бірінші күні-ақ химиялық улау жұмыстары жүргізілсе, 2-3 күннен кейін сол аймақтан шегіртке қайта шығады. Шегірткенің жер бетіне шығу уақыты мен химиялық улау жұмыстарын жүргізу үшін араға он күн салатынымыз — сол. Шегірткенің бірінші жасында, яғни құмырсқаның көлеміндей болған шағында өсімдікке келер ешқандай қауіп жоқ, — дейді Ерлан Орынбаев.
«Ресейлік» шегірткелер келген жоқ…
Оның айтуынша, биыл шегірткеге қарсы химиялық улау жұмыстарына республика қазынасынан 146 млн теңге бөлінген. Шегірткенің көзін жою үшін облыстық, аудандық штабтар құрылып, жұмыс кешенді жүргізіліпті. «Қазіргі уақытта диқандар үшін шегірткеден ешқандай қауіп жоқ. Мұны мен нық сеніммен айта аламын. Бұл орайда біз Ресей Федарациясымен, көршілес Қызылорда, Қостанай, Қарағанды облыстарымен бірлесіп жұмыстар жүргіздік. Шегірткеге қарсы химиялық улауға Астана қаласынан арнайы «Даклоприд», «Комбат» дәрілері бөлінді. Бұл дәрілер аймаққа толығымен жеткізілді», — дейді Е.Орынбаев.
Сондай-ақ, облыста саяқ шегірткеге қарсы күрес жұмыстары да ұйымдастырылған. Биыл аймақта саяқ шегірткенің алдын алу үшін 29 мың гектар алқапқа химиялық улау жұмыстары жүргізілген. Бұл іске жергілікті бюджеттен 30 миллион теңге қарастырылыпты. Осы жылы саяқ шегірткеге қарсы «Имидор» препараты қолданылған. Бұны шегірткенің бұл түріне қарсы химиялық улау жұмыстарын жүргізуде тендерде жеңімпаз болған «Ақтөбе-Құнарлық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі пайдаланыпты. Саяқ шегірткені улау жұмыстары да уақытында аяқталған.
— Жыл басында осы жұмыстарды тыңғылықты ұйымдастыруға байланысты облыстық, аудандық штабтар құрылған болатын. Сәуір айында шегірткені улайтын арнайы техникаларды дайындықтан өткіздік. Сонымен қатар, біз сәуірде ресейлік мамандармен ақпарат алмастық. Бұл істе ресейліктермен арада бірлескен шаралар болды. Бүгінгі күні шегірткеге қарсы химиялық улау жұмыстары барлық ауданда толығымен жүргізілді. Нәтижесінде егіс алқаптары мен жайылымдық, шабындық жерлерге шегірткеден зиян келген жоқ, шаруа қожалықтарынан да шағым түскен жоқ. Маусымдық іске Ресей тарапының да тыңғылықты дайындықпен түскені байқалды. Себебі, осы жылы Ресей территориясынан аймаққа шегірткенің ұшып келу дерегі тіркелген жоқ, — дейді ол.
Е.Орынбаев шегірткенің он жыл сайын азайып, көбейетін уақыты болатынын айтады. Биыл шегірткенің болмауын ол осы жәндіктің азаятын уақытымен тұспа-тұс келуімен әрі химиялық улау жұмыстарының дер кезінде қолға алынуымен түсіндірді.
Елу ерікті егістікте жүр
Мамандардың айтуынша, егінге қауіпті шегірткенің үш түрі болады. Олар — итальяндық прус, азиялық және мароккалық шегіртке. Ақтөбенің егіс алқаптарына итальяндық үйірлі шегіртке үйір. Ал қалған екі түрі еліміздің оңтүстік аймақтарында кездеседі. Айырмашылығы — азиялық шегіртке суды жақсы көреді, қамыста өседі. Ал шегірткенің мароккалық түрі итальяндық прусқа ұқсағанмен, алғашқысы дене тұрқының үлкендігімен ерекшеленеді. «Былтырғы жылмен салыстырғанда биыл аймақта үйірлі шегірткенің 45,5 пайызға азаюы байқалды. Былтыр да, биыл да шегіртке барлық ауданда болды. Алайда республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы мамандары тамыз, қыркүйек айларында шегірткелердің жұмыртқа салған аумақтарына тексеру жүргізеді. Бұл — келер жылға жоспарланған шара. Осындай жұмыстардың нәтижесінде алдағы жылы қанша гектар аумаққа химиялық улау жұмыстарының жүргізілетіні белгілі болады. Қазір аталған орталықтың өңірлердегі мамандары облыстың барлық аудандарында осындай жұмыстар жүргізіп жатыр», — дейді Е.Орынбаев.
Бүгінгі күні аумақтық инспекция тарапынан да шегірткеге қарсы бақылау жұмыстары қосымша қолға алыныпты. Облыста бұл жұмыстарға бес ай уақытша мерзімге 50 адам және 50 техника жұмылдырылған. Еріктілер мамыр-қыркүйек айлары аралығында тынбай жұмыс жасайды. Яғни, олар шегірткенің жер бетіне пайда болу уақытынан жұмыртқа салу кезеңіне дейінгі аралықты бақылауға алып, мәліметті арнайы мамандарға жолдайды. Еріктілер мен олардың жалдамалы техникалары үшін республикалық бюджеттен жалақы төлеу қарастырылған. Ол үшін әрбір ерікті мен өңірлердегі мамандар GPS-навигатор арқылы байланысқа шығады. Заманауи құрылғыны пайдалану, шегірткенің өсу кезеңін түсіндіру үшін елу ерікті сәуір айында арнайы курстан өтіпті.
Карта қыркүйекте әзір болады
Өткен айда облыс әкімдігінде болған селекторлық отырыста аумақтық инспекция мамандарына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев шегірткеге қарсы күрес шараларын жетілдіру әрі бұл бағыттағы жұмысты жүйелі жүргізу үшін өңірде шегіртке дернәсілі болатын аумақтарды картаға түсіру туралы тапсырма жүктеген еді. «Қазір біз шегірткенің пайда болатын нақты аумақтарының картасын жасап жатырмыз. Келер жылы шегірткеге қарсы күрес шаралары осы карта бойынша жүргізіледі. Әрине, бұған дейінгі жылдарда да мұндай карта жасалды. Карта арқылы шегірткенің нақты қай аймақтарда көп шоғырланатынын алдын-ала біліп отырамыз. Барлық ауданның картасы қыркүйек айында әзір болады», — дейді Ерлан Орынбаев.
Мамандардың айтуынша, шегірткенің өмір сүру ұзақтығы — 30 күн. Кей жағдайда зиянкестің бұл түрінің өмір сүру ұзақтығы 1,5 айға созылады. Бұл — күннің ысуымен байланысты құбылыс. Өйткені, шегіртке ыстықты жақсы көреді. «Күн неғұрлым ысыған сайын, шегірткенің жасы да жылдам өседі. Шегірткенің өсу процесі бес жаспен өлшенеді. Егер күн суытса, онда бұл жәндіктің өсу процесі тоқтайды. Күн ысып, топырақ қызса, зиянкес бауырымен жылу алып, дене тұрқы өседі. Бұл — үйірлі шегірткелерге тән қасиет. Сондықтан үйірлі шегірткелер күн ысыған кезде жан-жаққа ұшып, кешқұрым бір жерге жиналады. Сол себепті улау жұмыстары кешкілік, түнгі, таңғы мезгілдерде жүргізіледі. Өйткені, күн температурасы 23 градустан әрі асса, улау жұмыстары тоқтатылады. Өйткені, шашылған у ыстықтың әсерінен жерге түспей кеуіп кетеді. Шегіртке уының әсері 14 күнге дейін сақталады. Егер химиялық улау жұмыстарынан кейін жаңбыр жауса, шашылған уды шәйіп кетеді. Шегірткеге қарсы удың адамға, малға еш зияны жоқ», — дейді мамандар.
P.S. Биыл еліміздің оңтүстік өңірлерінің диқандары шегірткеден қатты зиян шекті. Өмір сүру уақытында 300 шақырымға дейін ұшатын қабілеті бар шегірткеден биыл ақтөбелік шаруалар зардап шекпейді. Мұны мамандар нық сеніммен айтып отыр.
Арайлым НҰРБАЕВА.




