Жаңалықтар

«Экспo-2017» көрмесінде қызмет көрсетуі үшін 200 ерікті оқытылады

Брифинг

«ЭКСПO-2017» халықаралық көрмесінде қызмет көрсетуі үшін біздің облыстан 200 еріктіні оқыту жоспарланып отыр. Бұл туралы «Ақтөбе ақпарат» баспасөз орталығында ұйымдастырылған брифингте айтылды. 

Жасы 18-ден асқан кез келген адам арнайы курстарда даярлықтан өтуіне болады. Бұл үшін тамыздың 15-іне дейін «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы «Жас Отан» жастар қанаты төрағасының атына өтініш жазуы керек. Талап: ерікті тез тіл табысқыш, белсенді болуы тиіс. Сондай-ақ, оның ағылшын тілін меңгеруі де ескеріледі. Дегенмен, еріктілердің бәріне бірдей шет тілін білу міндет емес.

Келер жылдың 10 маусымы мен 10 қыркүйек аралығында өтетін халықаралық көрмеге қатысуға ниетті еріктілер аз емес. Қазірдің өзінде 200-ге жуық өтініш түсті, — деді «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Асылжан Бүркіталин.

Еріктілерді даярлау облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының мемлекеттік-әлеуметтік тапсырысы аясында жүзеге асырылады. Арнайы курс тамыз айында басталып, қарашада аяқталады. Еріктілердің оқуына, жұмысына кедергі келмеуі үшін курс сенбі, жексенбі күндері өткізіледі.

Еріктілер Астана қаласы,  «ЭКСПO-2017» халықаралық көрмесі туралы жан-жақты мәлімет алып қана қоймайды, сондай-ақ оларға еріктілік қызмет, алғашқы медициналық көмек, адамдар ағынын басқару, тамақтану және орналастыру секілді арнайы курстар да  өткізіледі. Оларға жергілікті мамандар дәріс береді.

Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әлішер Мәжиттің айтуынша, 93 күн бойы өткізілетін көрме аясында ұйымдастырылатын 3000-нан астам іс-шараларға еріктілер ақысыз қатысуға мүмкіндік алады.

Курстардан өтуге ниетті адамдар 56-07-32 телефонына хабарласуына болады.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button