Құқық

Дау мұраты — біту

Заң 

Ұлы бабаларымыздың басты ұстанымына айналған «Дау мұраты — біту» қағидасы бүгінгі заң талабына сәйкес сан түрлі тәсілмен жалғасуда.

Оны 2016 жылдың 1 қаңтарында қолданысқа енгізілген Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің талаптарынан көруге болады. Мысалы, дауды реттеудің соттан тыс тәсілдерінің бірі —– медиация. Оны дамыту үшін елімізде «Медиация туралы» заң қабылданып, Азаматтық процестік құқық жаңартылды.

Мұның өзіндік себебі де жоқ емес. Мәселен, істердің жеке санаттары бойынша дауларды сотқа дейін реттеудің басты артықшылығы — тараптар өз дауларын қысқа мерзім ішінде, материалдық және моральдық аз шығынмен тиімді шешеді. Сонымен қатар, олар өз шарттарында дауды медиатормен, нотариуспен немесе адвокатпен сотқа дейінгі реттеу міндеттілігін қарастыру және бір іс шегінде бірқатар мәселені шешу мүмкіндігіне ие. Әсіресе, мұра туралы ағайындар, көршілер қарым-қатынасы мен еңбек ұжымындағы дауларды қарау кезінде оң ықпал етеді.

Бүгінде медиация, татуластыру институттарының аясы кеңейді. Судьялар бұрынғыдай емес, тараптарға қолданыстағы заң талаптарын, бітімгершілік рәсімдерін  жан-жақты түсіндіреді. Тараптардың бірі дауды тек сотпен шешкісі келсе, енді бірі сот медиациясына немесе медиаторлар көмегіне жүгінуді қалайды. Кейбірі дауды партисипативтік тәсілмен, яғни, адвокаттар арқылы шешкен де оңтайлы.

Бұл ретте, соттарда олардың кез келген шешімі құрметтеліп, талап-тілектері қолдануда.

Азаматттық процестік кодекстің 115-бабында талап қоюдан бас тарту, татуласу немесе дауды медиация, дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім арызды қараусыз қалдыру кезіндегі сот шығыстарын бөлу мәселелері қарастырылған. Талап қоюшы талап қоюдан бас тартқан кезде ол жұмсаған сот шығыстарын жауапкер өтемейді. Сондай-ақ, тараптар бірінші, апелляциялық сатылардағы соттар бекіткен татуласу немесе дауды медиация, партисипативтік рәсімдер тәртібімен реттеу туралы келісім жасасқан кезде төленген мемлекеттік баж толық көлемде бюджеттен қайтарылады.

Бұл, әрине, қазіргі экономикалық дағдарыс кезеңінде, қарапайым халықтың қалтасына да оң әсерін тигізетіні сөзсіз.

Жәнібек СЕЙТЖАПАРОВ,

Мұғалжар аудандық сотының судьясы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button